Сіз мындасыз:

Тәуелсіздік пионерлері
Тәуелсіздік пионерлері

Тарих — өткен өмірдегі айнамыз, болашаққа аманат. Қоғам дамуының негізгі жетекші күші қоғамдық сананы ояту десек, оған тоқсаныншы жылдардағы «Азат» азаматтық қозғалысы зиялыларының әлеуметтік-саяси ойларының ықпалы: ұлттық сана-сезімінің қайта жаңғыруының, қазақ ұлттық идеологиясының қалыптасуының, тәуелсіз мемлекеттің демократиялық даму жолын анықтауының жаңа кезеңдерін қалыптастырды.

Партияның басында ұйымдастырушылары болып қоғам қайраткерлері: С.Ақатаев, М.Есеналиев, М.Шорманов, Ж.Қуанышалин. Б.Дәрімбеттер жүрді. Саяси жүйені көппартиялық етуді, «Тәуелсіздік декларациясын» (14.10.1990)  жариялаған да осы «Азат» қозғалысы азаматтары болатын. Сондай-ақ, 1991 жылы қыркүйек айының 13-16 аралығында еліміздің Батысынан (Орал облысынан) автономия жариялап, территориямыздың бір бөлігін бөліп әкетпек болған неоколаниалист орыс-казактарының сепараттық әрекеттеріне қарсы көтерілген «Бүкілқазақстандық наразылық акциясын» ұйымдастырған да осы «азаттықтар» болатын. Оралдағы жер даулаған орыс сепаратистеріне қарсылық білдіріп, еліміздің 12 облысынан «азаттықтар» жиналды.

Мәскеуде болған 1991 жылғы 20 тамыз төңкерісі күні Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы барлық қазақстандық саяси партиялардың арасынан да алғашқы болып әйгілі ТЖМК бүлігін «антиконституциялық төңкеріс» деп қабылдап, республика Президентінен, Жоғарғы Кеңестен еліміздің егемендігі мен территориялық тұтастығына Мәскеу тарапынан болуы мүмкін кез келген агрессияға жол бергізбеуді, қазақстандық қоғамдық-саяси партияларды тек қана Қазақстанның өз заңдарына сүйене отырып жұмыс жасауға шақырып, Қазақстан Республикасы Президентінің елімізде ешқандай төтенше жағдай енгізілмейтіндігі туралы ұстанымын қолдайтындығын білдірген өз мәлімдемесін таратты. Қазақ елін егемендікке алып келген «Конфедерация» идеясын сол кездегі барлық саяси ағымдар ішінен алғаш болып көтерген де «Азат» (Ж.Қуанышалин).

Ақтөбе, Ақтау, Атыру, Орал және Қызылорда «азаттықтары» халқымыздың денсаулығына ауыр зардап әкелген экология мәселесінде халықаралық «Семей-Невада» антиядролық қозғалысы аясында Семей полигонын және Ақтөбе облысы, Байғанин ауданындағы «Қалдайбек», Атыраудағы «Тайсойған», Ордадағы (Орал облысы) «Нарын» полигондарын жаптыруға, Байқоңыр мен Арал мәселелеріне де  араласты. 27.10.1991ж. «Возрождение» аралын жабу жөнінде Үндеу қабылдады. Сондай-ақ, азаттықтар осы жайларды көтерген «Азғыр полигоны құпиясы» (21.07.1991), «Қалдайбек қасіреті» (11.09.1992), «Полигон» (17.10.1992), «Семей полигонының жабылуына 1 жыл» атты деректі фильмдер түсірді. Сол жылдары облыс орталықтарындағы қазақ мектептерінің санын көбейту жұмыстары да «азаттықтардың» үй-үйді жаяу жүріп аралаған бастамасымен қолға алынғанын да ешкім жоққа шығара алмас. «Азаттықтар» әлеуметтік екі жақта қанаудан туындаған 1989 жылғы Жаңа Өзен көтерілісінің, 1990 жылғы Кенқияқ толқуының басы-қасында да жүрді.

Солай бола тұра, 90-жылдары алғашында «Алдаспан» қоғамдық ұйымы, кейіннен «Азат» азаматтық қозғалысы аясында «Тәуелсіздік тартысына» тікелей араласқан ақтөбелік тарихи қайраткерлер өкінішке қарай, осы уақытқа дейін қоғам тарапынан ескерусіз қалып келеді. Олар: Серік Ерғали, Естай Жайлыбаев, Сейілхан Мұстафин, Қайырбек Тоқтаров, Сұлтанбек Тәшкенбаев, Көшкінбай Ахметов, Айт-
қали Италиев, Гүлсамал Аймаханова, Бекарыстан Мырзабаев, Молдабек Мырзағұлов, Оразбай Жұматов, Сәбит Сүлейменов, Кәрімхан Қиқымбаев, Серік Сапарғалиев, Мұхамбетияр Аманғалиев, Нұркен Уайдин, Күләш Ибрагимова, Айша Омарова, Зоя Бралова, Зура Ықсанғалиқызы, Мария Құрманғалиева, Әсима Дүйсенбина және т.б.  «Атажұрт»
қоғамдық ұйымын құрып, шетелдегі қазақтар көшіне қозғау салғандар да осы ақтөбелік «азаттықтар». Олар ата-бабалар рухын тәу етіп, ел тұтастығын сақтап қалу үшін қандай оқиғаға болса да бастарын тікті. Нақтырақ айтсақ, бұл азаматтар жаңа Қазақстан демократиясының «алғашқы пионерлері» десек те болады.

Бір өкініштісі, соңғы жылдары барлық жерде тәуелсіздік тұсында «әу» демек түгілі, бұтақ басын сындырмаған шен-шекпенді шенеуніктерді марапаттау дәстүрге айналып барады. Тіптен, сондайлардың қатарында кейіннен көз қыстының кебін киіп, сыбайластықпен, жемқорлықпен шаталғандар да қаптап жүр. Қаншамасы небір миллиондарды ұрлап, шетел асып қашып кетті. «Арсыз болмай, атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда» — депті қайран Абай. Осындайдан кейін «Қожаға сере қазы, кедейге сүйек-саяқ»  деген, әлеуметтік әділеттіліктің ауылы кімге қонған деген заңды сұрақ туындайды. Еліміздің саяси өміріне белсене араласқан шынайы күрескерлерді көзге ілмейтін бұл қоғам қайда кетіп бара жатыр? Біреудің көзі жақсы, екіншінің өзі жақсы, үшіншінің отырған тағы күміс деп, лауазымына қарай сый-сияпат, мақтау қағазын үлестіре беру, қасиетті датаның мәртебесін түсірмесе, көтермесі анық. Мұндай көзбояушылық тек Ақтөбеде ғана емес, басқа облыстарға да тән.

Иә, тоқсаныншы жылдардағы жұмыс жасаған «Азат» бастамаларының тарихын білу, зерттеу, қоғамымыздағы әлеуметтік-саяси ғылымдардың міндетінің бірі. Себебі, өткен оқиғаларды біраз уақыттан кейін пайымдау, әлеуметтік және саяси – тарихи мәселелерге кейінгі көзқарастардың объективті болуына ықпал етеді.

Сөзімнің тоқетері — «Азат» қозғалысы аясында «Тәуелсіздік тартысына» тікелей араласқан жергілікті тарихи қайраткерлердің болашақ ұрпаққа үлгі боларлық жүріп өткен жолдары ескерусіз қалмауға тиіс. Ендеше, «Тәуелсіздігіміздің 23 жылдығына орай» Ақтөбе қаласының бір көшесіне «Азат», орталық бір алаңға «АЗАТ» атын беруді осы бастан ойлас-
тырсақ артық болмас еді. 

Нұрлыбай  ҚОШАМАНҰЛЫ, Ақтөбе қаласы

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Өмірзақ Ақжігіт

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Жоғарыға