
Әскери инженер, геодезист профессор Мұхамбет Машимовке туған елден топырақ неге бұйырмады?
Туған айдың орналасуына қарап, ертеңгi күннiң ауа райын болжайтын атам қазақ, қара жердiң топырағын иiскеп-ақ оның тектоникалық-геодезия-
лық қыртыстарынан шаңы мен майын айырып отырған.
Ресей Қорғаныс министрлiгiнiң Әскери-инженерлiк академиясында отыз жылға жуық геодезия және астрономия саласынан дәрiс оқып, түрлi ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзген жерлесiмiз, профессор Мұхамбет Машимов едi. Осы уақытқа дейiн бiзге белгiсiз болып келген атақты ғалым ұзақ жылдар бойы КСРО-ның Қорғаныс саласының ең алдыңғы қатарлы әскери академиясында болашақ генералдарға дәрiс оқыды.
Техника ғылымының докторы, профессор, Ресей әскери инженерлiк академиясының академигi, Ресей Федерациясының ғылымына еңбегi сiңген қайраткер, Ресейдiң жоғары кәсiби бiлiм беру саласының «Құрметтi қайраткерi», Куйбышев атындағы Әскери-инженерлiк академиясының кафедра бастығы, полковник Мұхамбет Машимов – 1930 жылы 24 қарашада Батыс Қазақстан облысының Жәнiбек ауданында дүниеге келген.
1947 жылы Ленинградтағы тоңазытқыш өнеркәсiбi институтына инженер мамандығы бойынша оқуға түскен Машимов араға екi жыл салып, 1949 жылы осы қаладағы әскери-топографиялық училищеде оқуын жалғастырады.
Әскери училищенi үздiк бiтiрген ол, 1952-1957 жылдары Түркiстан әскери округында өз мамандығы бойынша астрономиялық-геодезиялық түрлi зерттеу жұмыстарын жүргiзедi. Бұл Ресейдiң ғасырлар бойы жүргiзiп келе жатқан жоспарлы жұмыстарының жалғасы болатын.
Патшалы Ресейдiң Түркiстан даласын ежелден зерттеу алаңына айналдырғанын мынадан байқаймыз. Кезiнде Ресей патшасына қызмет еткен Шоқан Уәлихановтың қазақ даласын картаға түсiруi мен Қашқарға сапары Ресейдiң Орта Азия халықтарын зерттеуiнiң әскери экспанциясының бастауы едi. Шоқан Уәлихановтың iзiмен генерал Корнилов та бiрнеше рет Қашқарға, Иранға, Үндiстанға барлау жұмыстарын жүргiзген.
Геодезия саласы бiз назар аудармаған, таным-бiлiгiмiзден тысқары қалған ғылым екендiгiн мойындауымыз керек. Бұл саладағы барлық карталар күнi бүгiнге дейiн Ресейдiң Бас штабында құпия түрде сақталып келедi. Бүкiл маңызды құжаттардың бәрiн бiр бойына сiңiрiп жатқан сол карталардың әрбiр нүктесiнде бiз бiлмейтiн орасан зор байлық та, құпия да тұнып тұрған көрiнедi. Кезiнде Каспийдiң Солтүстiк бөлiгiндегi Центральное, Хвалынское, Құрманғазы кенiштерiн Ресей жағы қолдарындағы геодезиялық құжаттар арқылы өздерiне қаратып алғанының өзi неге тұрады? Мұның бәрi бiздiң қолымызда нақты картаның болмағандығы едi.
Әрине, ол кезде ортақ Отан болатын. Сондықтан стратегиялық маңызы бар кез-келген әскери код таңбаланған ғылыми зерттеулер нәтижесi Бас штабта құпия түрде сақталып келдi. Полковник Мұхамбет Машимовтың Қорғаныс кешенiнде жүргiзген астрономиялық-геодезиялық және өлшенбелi гравиметрикалық зерттеу жұмыстары да аса құпия коды бар салаға жатқызылды.
1957-1962 жылдары Куйбышев атындағы Әскери-инженерлiк академиясын үздiк бiтiрген Машимов КСРО Қорғаныс министрлiгi жанындағы Ғылыми-зерттеу институты бастығының орынбасары, өзi бiлiм алған академияның профессоры, кафедра бастығы болып, 43 жыл үздiксiз бiр салада еңбек еттi.
Қорғаныс министрлiгiне қарасты Әскери-инженерлiк университетiнiң докторлық диссертация қорғау жөнiндегi кеңесiнiң төрағасы, Ресей мемлекеттiк жер қыртыстарын зерттеу комитетiнiң мүшесi және Ұлттық ғылыми-техникалық комитетi картографиялық корпорациясының мүшесi ретiнде де Мұхамбет Машимов ғылыми жұмыстардың бастауында тұрды. Ведомствоаралық геофизикалық комитетi белсендi мүшесi, Жер институтының ғылыми зерттеулер жұмысының жетекшiсi, Бүкiлодақтық (қазiр жалпыресейлiк) «Известия вузов. Геодезия және аэрофотосьемка» журналының редколлегия мүшесi ретiнде де оның ғылыми жұмыстардың бел ортасында болғанын көресiң.
1979 жылы Канберра қаласында өткен геодезия талаптары бойынша Бас Ассамблеяның жұмысына, 1983 жылы Софияда өткен геодезистердiң халықаралық федерациясының конференциясына қатысып, Жер және ғарыштық ғалам туралы баяндама жасауы әлем ғалымдарын жер кадастрына тың көзқараспен қарауына әкелiп соқтырды. Ғалымның астрономиялық-геодезияның теориялары, физикалық геодезия, ғарыштық, ғаламдық және инерциальдық геодезия ғылымы, геодинамика, геотектоника, картография, геоспутниктiк технология, геоинформатика, геодезияның тарихи өлшемдерi ғылыми жаңалықтары бұрын соңды шала зерттелген, ақиқаты ашылмаған тың байыптамалар болып танылды. Профессор Машимовтың әрбiр ұсынысы ғылымға қосылған үлкен жаңалық болып қабылданып, ол бойынша ғылыми-зерттеу институттары мақсатты түрде жұмыстар жүргiздi. Ғылымның жетекшiлiгiмен 24 жас ғалым кандидаттық диссертация қорғап шықты. Машимовтың дайындауымен астрономиялық-геодезия мамандығы бойынша әскери оқу орындарына жетi оқулық жазылып, жетi арнайы курс белгiлендi. Ғалым өз саласы бойынша 10 монография, 125 ғылыми мақалалар жазып шығарды. Олардың бәрi кезiнде КСРО Қорғаныс министрлiгiнiң, қазiргi Ресей әскерiнiң Бас штабының ерекше бақылауына алынып, жоғары шендi әскери қолбасшыларға оқытылып келедi.
Астрономиялық-геодезиялық ғылым үдерiсi бiр-бiрiмен тығыз байланыста дамиды. Оның жұлдыз бен Күндi көрiнер жерден суретке түсiрудегi дәлдiк өлшемдерiнiң өзi астрономиялық-геодезия желiсiнiң фундаментальдық қарым-қатынасының мөлдiрлiгiн көрсетедi.
Мұхамбет Машимов Ресей әскерлiк геодезистерiнiң бастауында тұрса да туған жерден кiндiгiн үзген емес. Ресейде оқып, бiлiм алып, осында үйлi-баранды болса да, аңсары туған елде болды. Мәскеуде жүрiп, теңiн тапты. Анна Васильевна деген өзi таңдаған сүйiктiсiне үйлендi. Татьяна, Ольга деген қыздардың әкесi атанды. Мәскеудiң — Новоясенова ауданының ең көрiктi жерiнен тұрмысқа қолайлы пәтер берiлдi.
Әскери геодезия саласы мен оның зерттеу нысандары қаншама құпия болса да, ол қазақстандық ғалымдармен тығыз байланыста болуға тырысты. Ғылыми байланыстың шеңберiнде ғалымның туған елге оралуы жөнiнде де әңгiме қозғалып жүрдi. Әрине, бiз атақты ғалымның өтiнiшiн қанағаттандыра алмадық. Оның Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы мүшелiгiне қабылдау жөнiндегi мәселесiн бiржақты шешкен жағдайда Алматыға оралуы мүмкін еді.
Сөйтiп, бiз әлемдiк атағы бар ғалымды туған елiнде қарсы алуға дайын болмай шықтық. Әйтсе де ол туған елiнен сырт айналып кеткен жоқ. 1995 жылы 26-28-қаңтарда Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы Батыс бөлiмшесiнiң ұйымдастыруымен Атырау қаласында өткен жер қыртыстарын зерттеудiң жаңашыл механикасының проблемалары тақырыбы бойынша семинарға қатысып, өз ойларын жеткiздi. Атырау мұнай және газ институтына өзiнiң кiтаптарын тарту еттi. Бұл оның туған елге ең соңғы келуi едi.
Әлемдiк ғалым, Ресей геодезия ғылымының атасы профессор Мұхамбет Машимов 2001 жылы 21-желтоқсанда Мәскеу қаласында дүние салды.
Ғалымның еңбегiн жоғары бағалаған белгиялық және ресейлiк бiр топ ғалымдар оны Декарт сыйлығына ұсынуы көп нәрсенi аңғартса керек.
Декарт сыйлығы — Нобель сыйлығының эквивалентiне сай сыйлық. 2000 жылы Нобель сыйлығы комитетiнде американдықтардың топтасуына қарсы Еуропа елдерi ғалымдарының бiрлескен ұйғарымы арқасында пайда болған бұл сыйлықты тұңғыш иеленген жерлесiмiз, әзiрге жалғыз қазақ — Мұхамбет Машимов едi.
Ермек СҰЛУТАМ















Жауап беру