Сіз мындасыз:

Жат жұрттағы жампозым
Жат жұрттағы жампозым

Алты қат аспанға шетелдік астронавтармен қатар қалталы туристері бар қаншама ғылыми экспедицияның аттанғанын көріп жүрген қандастардың көкейіндегі “үшінші ғарышкеріміз қашан ұшады?” – деген орынды сауалдың баршамыздың бүйрегімізді бүлкілдетіп барып басылғанын білеміз.

Тәуелсіздігіміздің төрт (әлеуметтік ақуал мен ішкі және сыртқы саясат, қаржылық экономика, сан саланың заманауи кәсіби мамандары) тағаны тіктеле бастаған сындарлы сәтте мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық ғарышкерлер тобын жасақтау жұмыстары жүргізіліп, қажетті қамқорлық пен қаржылай қолдау көрсетілді.

…1997 жылы Талғат Мұсабаев маған Қазақстан Республикасының ғарышкерлігіне үміткерлерді дайындау мәселесінің созылып бара жатқандығы туралы баяндамамен келді. Осыдан кейін сұрыптаумен айналысатын жұмысшы тобы құрылып, жалпы саны 800 адамның ішінен медициналық комиссиядан тек төртеуі өтті. Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов барлық талаптарға сай келгендіктен жұлдызды қалашыққа жолдама алды. Ю.Гагарин атындағы ғылыми-зерттеу сынақ орталығында жалпы ғарыштық дайындықтан өтуді аяқтаған олар ұшу бағдарламасы бойынша қабылданатын шешімді күтуде, — дейді мемлекет басшысы ғұмырбаяндық естелігінде. (Нұрсұлтан Назарбаев, “Қазақстан жолы”, Қарағанды – 2006 жыл, 320 – бет) 

Президенттің сенімі мен халықтың үмітін ақтау үшін ұзақ уақыт бойы ғарыш кеңістігіне сапар шегіп, отандық ғалымдар әзірлеген арнайы бағдарламаны жүйелі жүзеге асыратын сәтті сағаттарын жан-тәнімен күткен ұландарымыздың жо-лын әлемдегі экономикалық дағдарыстан бастау алған қаржылық қиындықтар бөгегенін бәріміз білеміз. Үкімет құнсызданудың көмекейінде кеткен қыруар қаражатты бүйірі бос бюджеттен бөлуден басқа айла амал қалмаған қауқарсыз күйінде, ғарыштық салада басымдық берілген мемлекеттік мүдде мен ұлттық ұстанымнан тайқып түсті. Дәрменсіздіктің кесірінен түрлі төлемдерге берілетін ақша болмауына байланысты он жылға жуық уақыт бойы жаңаша қалыптасып, тың тәжірибелер жинақтаған ғарышкерлік топ еріксіз тарады.

Айдын Айымбетов ресейдің ғарышкерлерді дайындау орталығымен арадағы ресми келісім-шарт мерзімінен бұрын тоқтағаннан кейін ерікті түрде елге оралған соң, отандық ғарыш агенттігіне қызметке орналасқанымен, қазіргі кезде қандай тірлікпен айналысатыны ашып айтылмайды. Қазақстанға қайта оралған үшінші үміткер туралы алғашында журналистер жиі жазғанымен, қоғамның қызығушылығы бәсеңдеп барады.

Мұхтар Аймаханов мансап ұсынған сала басшыларына алғысын білдіріп, ғарышқа ұшудың тиімді тетігі түрінде ресейдің азаматтығын алуды таңдайды. Себебі зеңгір көкке көтерілген екі ағасы (Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев) осындай қиындықтар мен кедергілерге кезігіп, нәтижесінде жеңіп шыққан еді. Демек, азаматтағын амалсыздан айырбастаса да, халқын қуантуы қажет. Бұдан басқа жолдың бәрі жабық. Қажетті құжаттарын рәсімдеп, төлқұжатын ауыстырған ол биылғы жылдың басында федералдық ғарышкерлер жасағының құрамына қабылданып, ұшатын мерзімін күтуге кірісті.

Сүйінші хабарды естіген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасымен бөлісіп, қосымша түсініктеме беруін сұрағанда, қыңыр сөйлегенімен қоймай, бұра тартуын байқаған бұқара қызғаныш пен көре алмаушылыққа балағаны бар. Себебі қос мемлекеттің азаматтығын қатар иеленіп, бірнеше мәрте ғарыш төрінде еркін жүзген алтын жұлдыздары бар батыр ағамыз еліміздің ғарышнама тарихын өзінің алғашы сапарынан басталатындай бұрмалауға бейімделгені байқалады.

Үшінші ғарышкерліктен үміткер ізбасарларының бірін кейінгі жас буын тап басып танымайтындай есімі ұмытыла бастады, екіншісі жат жұрттықтардың босағасын бағуда. Үш жыл бұрын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған халықаралық ғылыми конференция барысында Талғат Амангелдіұлының:

- Қазақстандықтар бір нәрсені жете түсінбей жүр. Тоқтар Әубәкіров кеңестік кезеңде ұшқан тұңғыш қазақ ғарышкері, ал мен болсам, тәуелсіз елдің тұңғыш ғарышкерімін, - деген парықсыз пайымын алқалы жиынға қатысқан әріптес ағамыз орынды сынады. Қосарланған тұңғыш болмайтындығын түсіндіріп, тұңғыштың қашан да жалқы екендігін ескерту арқылы. (“Егемен Қазақстан”, 2011 жылғы 5-қаңтар)

Алайда журналист інілерімен жанжалдасып, қаламгер ағаларының уәжін тыңдамайтын тентектеу төраға тәуелсіз елдің тұңғыш ғарышкері хақындағы естелік туындысын мыңдаған тиражбен орыс тілінде таратты. Баһадүрлік болмыс бітімі мен ағалығы айтар ақылы бір бөлек Тоқтар ағасының қолдауы мен көмегіне риза Мұхтар бауырымыз Ресейдің ғарыш агенттігі арқылы Байқоңырдан аттануларына басшылық билігі мен биік беделін парасаттылықпен пайдалануға келгенде тартыншақтап қалған Талғат ағасының танымаймын кім ол дегенін телеарнадан тыңдағанда таңданды. Тіпті аждаһа еліндегі әріптестерімен байланыстарды бекітіп, қалыпты қатынасты орнықтыру шеңберінде қазақ ғарышкерін қытайлардың ғарыш кешенінен ұшыру жоспарланғанын естігенде де артына алаңдамағанын айтады. Өйткені оның ойынша ғарышкердің міндеті – таңғажайыптарға толы тұңғиықтардың тылсымынан маржан сүзу.

- Жұлдыздарға жақындау бала күндегі ең басты арманым болғаны рас. Бүгінгі жауапты жұмыстардың жиынтығы балғын шақтың елесіне ілесудің әсерінен емес, ақыл тоқтатқан азаматтың жылдар бойғы есіл еңбегі мен зейінді зерделеуінен соң түпкілікті қабылданған дұрыс және нақты шешім. Ғарышкерлердің жұмысы – ғарышқа ұшу, — депті қияға қанатын қомдаған қайсар қазақ хабарласқандарға.

Әуе кеңістігі саласына маманданған Тоқтар мен Талғат тәрізді ақиық ағалары сынды Мұхтар бауырымыздың да көршілес ресейлік ғарышкерлердің сапында шынығуына қарап, жат жұртта жалғыз жүру жампоздарға жарасатындығын айқын аңғарамыз.

Шырақ САБЫРБАЙ, Астана қаласы

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Өмірзақ Ақжігіт

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Жоғарыға