
Қазекем: «Көп жүрсең, көпті көресің» дегенеді, соған мен бүгін, құданың құдіреті, тілім қыши қалып, «көп тыңдасаң, жоқты естисің» дегенді қосып айтуға бел байладым. Тілімді тағы қышытқан және бел байлатқан кісі– анау әлгі кім… әлгі… қап!.. Біреуге, бірдеңеге қаттырақ ренжігенімде әлгі… керек кісімнің аты-жөнін ұмыта қалатын, сүт пісірім уақыттан соң ғана есіме әрең түсіретін нем бар, әлгі… әдетім бар. Енді сол сүт піскенше басқасын айта берейін, ол есіме түсер, қайда кетер дейсің.
Ол сонау жылы Ресейдің президенті болып сайланып, биік таққа атқып шығып отыра қалысымен, иә, неге атқып шықпасын, ол өзі – дөй спортшы, каратэ дей ме, дзюдо дей ме, солардың біреуінің көйлек-дамбалын туа киген көрінеді, иә сөйтісімен ол, егер жаңылыспасам: -Жер жүзінің кез келген түкпірінде тұратын орыс онда біреуден жәбір көретін болса, біз оны қорғаймыз! – деп тістеніп, тірі адам атаулыға сұмдық сұсты ескерту жасаған.
Оның одан бергі анаумынау сестерін теріп айтпағанда, Украинадан Қырым түбегін көкпардың серкешіндей етіп тартып алып, содан соң «Украинада жәбір көріп жатқан» орыстарды қорғауға әскер жіберуге құлшынып, әлгі несінен… Думасынан дереу рұхсат алып, өйдә, Украинаны бассалды емес пе?! Сол кесапаттықтан Тарас пен Леся Украинканың елі екіге жарылып, ол әскерін қайтарып алғанмен лаңы қалып, әнеки, дүние жүзін түршіктірген қырғын соғыс болып жатыр!
Ал енді сол… әлгі… о, есіме түсті – Путин, иә, иә, Путин! Ол спортшы ғана емес, тарихшы екен! Тарихшы болғанда Шығыстанушы екен! Шығыстанушы болғанда — №1 екен! Бұлай деп отырған ойпырмайский себебім: ол өткен аптада жастардың «Селигер – 2014» деген жиынына қатысып, сірә, Украина қасіретіне кінәлі болғандығынан шет елдерде күрт арзандап кеткен абыройын өздерінің ішкі жұртшылығымен, жастарымен жиі кездесу арқылы қымбаттатып алуды көздеп жүрсе керек, иә, сол жиында біздің президентті көкке көтере мақтап-мақтап алып: «Ол – кешегі кеңестік әлемдегі ең сауатты басшы! Ешқашан мемлекеті болмаған елде мемлекет құрды!» депті. Мұндайды бұрын өзімізден де естігенбіз, бірақ қалжыңға сырғыта салғанбыз. Сөйтсек, «№1Шығыстанушы» Путин нығыздап айтып, жастарды сенбесіне қоймапты. Мен де ойланып қалдым: Оу! Біздің тарихшы, шешіреші ата-бабаларымыз, арғысын білмеймін, бергі Махмұд Қашқаридан бүгінгі Мәмбет Қойгелдиевке дейінгі тарихшы ғалымдарымыз бүгінгі Қазақстан республикасының орнында ешқашан мемлекет болмағанын, бас-аяғы айшылық жол жеріміздің үңірейіп бос тұрғанын көрмеген бе, білмеген бе?!. Ойпырым-ай, Путин болмағанда ғой, түк білмей, қор боп өтеді екенбіз!..
Айтпақшы, енді есіме түскенін қарашы, осы Путин бұдан төрт жыл бұрын біздің Астанаға келіп отырып: «Сіздердің президенттеріңіз бәрін нөлден бастады, тақыр жерге мемлекет орнатты» деген болатын. Шіркін, білгенге не жетсін! Бірақ, — әй, осы «бірақ» та қыстырыла береді, — бұл Путинге дейін де: Солженицын, Жириновский сықпытты «шығыстанушылар» болды. Судыр Солженицын дегенің қазақта баяғыда жер болмаған, Ленин кесіп берген жердегі, солтүстіктегі бес облыс орналасқан жер орыстікі, деп кетсе, бетпақ Жириновский қазақта жалпы жер болмағаны рас деп, лағып жүр. Бірақ (иә, тағы «бірақ»), олардың ешқайсысы: «қазақта мемлекет болмады!» дей алмады. Білмеген соң, қайтсін байғұстар! Ал Путин «білді». Білген соң, әне, айтты. Осыдан кейін оны «№1 шығыстанушы» демей көр!
Ғаббас Қабышұлы, Алматы



















1 пікір
03.09.2014 - 19:50
Құдай жазасын берсін нағыз жексұрұнның сөзі шығады ауызынан. Жүзі қара