Сіз мындасыз:

ҚР Денсаулық және әлеуметтiк даму министрі Т. Дүйсенова ханымға АШЫҚ ХАТ
ҚР Денсаулық және әлеуметтiк даму министрі Т. Дүйсенова ханымға АШЫҚ ХАТ

Соңғы уақыттарда халықты толғандырып жүрген үлкен мәселелердің бірі 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың қарсаңында немесе соғыс кезінде туылған азаматтардың тағдыры. Бұл кезеңде туылғандар бүгіндері 69-76 жастың аралығында егде тартты, қартайды. Олар ұзаққа созылған соғыстың ылаңынан балдәурен балалық шағынан айырылды. Соғыстың зардабын бесікте іңгәләп жатып тартты. Бесіктен белі шықпай жатып тірі жетім атанды.

Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымады. Одан кейінгі жылдарда қыстың суығында мектепке шоқпыт киіммен, жалаңаяқ барды. Әкелері майданда, шешелері тылдағы ауыр еңбекте болғандықтан олар ата-анасының тәрбиесін, шуақты мейірімін көре алмады. Кейбірінің әкелері майданда опат болды немесе хабар-ошарсыз кетті. Майданнан оралғандары жарымжан болып мүгедек атанды. Осындай азапты күндерді бір ай емес, бір жыл емес, бірнеше жылда басынан өткізген соғыс кезіндегі балалардың сәби кезінде көз жұмғандары қаншама?

Үкімет соғысқа қатысқандарға және 1938 жылға дейін туылған азаматтарға «Тыл ардагері» санатында жәрдемақы тағайындады. Ал енді 1938-1945 жылдар аралығында туылған азаматтардың жәрдемақы алмайтындай не жазығы бар? Олар ұзаққа созылған соғыс кезінде және одан кейінгі елді қалпына келтірудің қиын қыстау жылдарында да тыл ардагері санатындағы ағаларымен бірдей қиыншылықтың зардабын тартты. Кейінгі жылдарда ағаларының ісін жалғастырып Елімізге егелік жасап, жасампаз істердің ұйытқысы әрі ұйымдастырушысы болды. Сондықтан, өркениетті елдер сияқты олардың соғыс зардабын тартқан азаматтар ретінде Қоғамнан, Мемлекеттен жәрдемақы алуға  заңды құқығы бар. Бұл өркениетті елдерде қашаннан қалыптасқан қағида.

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта еліміздің экономикасының қарыштап өскенін естіп біліп отырмыз. Табиғи байлығымыз да жеткілікті. Еліміздің абыройын, беделін көтереміз деп халықаралық деңгейде әр түрлі шаралар мен форумдар, спорттық жарыстар өткізуге мол қаржы жұмсалуда. Бұл шара керек те шығар. «Халық құдайдың бір аты» деген қанатты сөз бар. Халықтың санын құрайтындар да егде тартқан азаматтар екені де белгілі. Статистикалық мәліметке қарағанда облыста 1938-1945 жылдары туылған балалардың саны 65 мың шамасында болса, қазіргі уақытта егде тартып, тірі жүргендері 2000 адам шамасында. Сондықтан, мемлекет тарапынан бұл жастағы ардагерлерді «Тыл ардагері» санатына қосып,  жәрдемақы тағайындау әділеттіліктің, имандылықтың көрінісі болар еді.

Келесі жылы Отан соғысындағы ұлы жеңістің 70 жылдығы тойланбақшы. Осыған орай тыл ардагерлеріне арналған бұрынғы заңды қайта қарап, 1938-1945 жылдарда туылған азаматтардың заңды құқығын қалпына келтіру қажет.  Сонда ғана уақытынан кешіккен, толғағы жеткен бұл мәселенің түйіні тарқап, опат болған немесе із-түссіз жоғалып кеткен майдангер әкелеріміздің, ағаларымыздың әруақтары риза болар еді.

Құрметті Министр ханым! Осы жоғарыда аталған мәселеге ерекеше назар аударып, Министрлік атынан Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісіне, Үкіметке «Тыл ардагері» жайлы заңға өзгерістер мен толықтыру жасауға ұсыныс беруді сұраймын.

Сізге жолданған осы ашық хатқа жауап беріледі деген сенімдемін. Өлкедегі көптеген ардагерлердің өтінішін жеткізуші, сізге  деген құрметпен

Тобаш Ембергенұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда қаласы

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Апрель 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Мар    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930  

Жоғарыға