Сіз мындасыз:

Ортақ валютадан оңаша теңге артық
Ортақ валютадан оңаша теңге артық

 

 

 

Жуырда Еуразиялық экономикалық одақ елдері (ЕАЭО) Мемлекет басшыларының кездесуі болып өткенін білеміз. Онда да көрші біреудің «көріксіз» күркесі емес, Қазақстанның «көрікті» ордасы Астанада көп-көп әңгіменің көрігі қызған-тұғын. Сонда не айтты дейсіз ғой?! Іргесі енді қаланған, қалт-құлт еткен ЕАЭО-ның ертеңі мен бүгіні жайлы көсіп-көсіп көп дүние айтқан көрінеді. Тіпті, осы мақаланы жазуға себеп болған «ортақ валюта» деген тұтанбақ өрттің тап үстіне, Ресей басшысы Путин келіп тағы да май құйыпты…

 

 

Несі бар, кеше ғана ошақтың үш бұтына ұқсаған ЕАЭО-ға ортақ қазан ассақ, қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болады деп жан басқандар болған. Тіптен олардың қатарын қаптаған қалың зиялы да толтырды-ай келіп. Енді міне, сол қалыңның қазандай кеудесінде мың өкініші жанып, бір арманы шыж-шыж еткен.

Сонша не көрінді дейсіз ғой? Әңгіме көлденең көк атты біреу емес, көрші Путекеңнің сол әлгі «ортақ валюта» туралы ойын біздің шаңырақта шімірікпей айтып салғанында болып тұрмай ма?! Ақордада өткен Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттері басшыларының кездесуінен кейін орыс елінің басшысы Владимир Путин: «Ортақ экономикалық кеңістік аумағында біріңғай ақша айналымы жүйесін құру туралы айтатын уақыт жетті деп ойлаймын. Қазіргі жағдайға біз иық тіресе отырып жеттік, алдағы күндердегі қиындықтарға да қарсы күш біріктіре аламыз. Біз өз аймағымыздағы монетарлық саясатты үйлестіруіміз керек. Валюталық одақққа айналудың алғы шарты дайын болды деп есептеймін…» деумен өз ойын тағы бір мәрте жорта оқытты.

 

 

Көрдіңіз бе, аузын ашса көмейі «көрініп» қалатын көңілшек көршіңіз  «валюталық одақққа айналудың алғы шарты дайын болды» деп есептеп қойған. Онда да анау-мынау ырың-жырыңға толы екі күннің бірі емес, президент сайлауына орай тамыршыдай тап басып айтты емес пе?!

Сосын ғой, сосын мұның қалай деп бір «момын» бетіне қарамады (жылқыдай текті бізді «қойдай жуас» атап момын қылды, құлдық санаға көгендеді ғой осылай – Қ.Қ.). Ең сорақысы сол, бізді қойшы, әншейінде ауыз жаппас Беларус-
тың байбаламшыл басшысы Лукашенко да бұл тараптағы ойын «Ішің білсін әлуәйға» салып, омалып қана отырғанға ұқсайды…

Егер, мұндай тосылуды, бұлай бөгелуді журналист Қалмаханбет Мұқаметқалидың бір мақаласындағы байыпты қисынға жықсақ: «Путиннің сөзінің астарында ЕАЭО елдерінің қаржы нарығында орын алуы ықтимал төтенше оқиғалардың сұлбасы жатқандай» деп түйеді.

Ал, тағы бір журналист ағамыз Арман Сқабылұлы қазақстандық экономист Олжас Құдайбергеновтың: «Ортақ валюта әзірге болмайды. Экономикасы шикізатқа тәуелді елдерге одан келіп- кетер пайда да жоқ.  Әңгіме «наднациональная валюта» жөнінде болуы мүмкін» деген жорамалын келтіреді. Әрі Сқабылұлы: «Қазақшаласақ- «ұлтүсті валюта»! Аудармасы қандай жаман еді. Ұлттың үстіне шығып алатындай бұл не қылған валюта? Экономикалық сөздіктерде «одаққа мүше елдердің банктері арасындағы есептесу бірлігі » делінгенін», сол жазбасында сөзге тиек еткен.

Енді, ұлтты «ұрмайтын» «ұлт-үсті валютаның» жырын осы жерден үзе тұрып, мақаламызға сәл шегініс жасап көрсек. Елдің ордасындағы Елбасы айтқан: «Қазіргі дағдарыс- ол әсіресе өңірлік және де әлемдік болып табылады. Оның туындауына біздің энергия тасымалдаушылар мен тауарларға бағаның күрт төмендеуі әсер етті. Осыған байланысты Еуразиялық одақта да тауар айналымы төмендеді. Біз бұндай тәуекелдер болуы мүмкін екенін білдік. Осы орайда біздің мақсатымыз тиісті келісімдер жасап, біздің үкіметтер іскерлік түрде барлық іс-қимылдарды талқылауға негізделуі керек. Менің ойымша, 2015-жылы Еуразиялық экономикалық одақ үшін үлкен тәуекелдер мен сын-қатерлер бар» деген сөзі еске түседі.

Осындағы «Еуразиялық экономикалық одақ үшін үлкен тәуекелдер мен сын-қатерлердің» сыры неде деп ойлайсыз? Оның үстіне, ЕАЭО-ны қойып, бізді қандай «Үлкен тәуекел» күтіп тұр?

Осындай сан сауалдың астында қалып, әуелгі үштік (Одақ құрылғандағы) құрамындағы екі ел басшысы  Назарбаев пен Лукашенконың манағы Путиннің сөзінен бұғып қалуының сырын ұққандай боласың. Бұған қоса, сайлау алды біздің ел басшысының жанды жерінен ұстаған Путекеңнің Беларуь Президентіне де өткізіп қойған бір «жақсылығы» барға ұқсайды. Әйтпесе, күні кеше «ортақ валюта» десе, төбе шашы тік тұратын Лукашенкоға Астанада мүләйімсірейтіндей не күн туды дейсіз?..

Оны айтам-ау, лидерлік амбициясы ЕАЭО-ның барлық билігі «Екі тізгін, бір шылбыры» бір өзінің қолында екенін сезіндіретіні соншалық, Ресей басшысы әрі-беріден соң бұларға (Назарбаев пен Лукашенко) пысқырып та қарамауға айналған. Денис Прокопов деген дизайнер жасаған ЕАЭО-ның болашақта қолданысқа енгізілуі ықтимал ақша бірлігінің үлгісі, соның дәлелі емес пе? .

 

Сол себептен болар, осы сурет жуықтан бері әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Еуропада құзіретін жүргізген «Евроның» басынан бақ қайтты деп білді ме, орыстар Рубльдің тонын теріс кигізіп, су жаңа валюталық «үміткерді» «Евраз» деп айдарлаған. Ол-ол ма, «Билет банка ЕАС» деп  ұсынған валютаның бетінде Ресей Федерациясының мемлекеттік гербі негізгі нышан ретінде алынған.

Айтпақшы, естеріңізге сала кетсек, бір кездері Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов «ортақ валюта» жайлы сөз болғанда: «Әзірге бұл мүмкін емес» деген болатын. «Батыс пен Ресей арасындағы текетірес бізге әсер етпейді, алтын қорымыз 100 миллиард доллардан асты» дейтін Нематұлының да «Мүмкін емес» деуінің алабөтен өз себебі бар екен. Бұл туралы бас банкер Келімбетов: «Себебі, ортақ валюта деген ойыншық емес. Мәселенки, Еуропа елдері өздерінің төл валютасы «Евроға» дейін 50 жылды сарп етті. Сондықтан, біз де асықпаймыз» деген еді.

Демек, «ортақ валютаның» дауылы түп ақыры бір соғады деген сөз бе бұл? Оған тағы жаңағы «Евраз»-дың жырын қосып қойыңыз?!

 

P.S.: Бәлкім, бәрін де уақыт дейтін ұлы шебер көрсетіп берер..? «Уақыт» демекші, ертең мамырда Мәскеуде үш ноянның кездесуі өтетіні белгілі ғой.  Сонда Путин: «Жетті! «Ымды білмеген дымды білмейді», бұдан бұрын да айтқанмын. Енді ортақ валютаға көшеміз» десе, неңді айтасың ҚАЗАҚСТАН?

Сенше болғанда да «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» емес пе еді?! 

 

Қозыбай ҚҰРМАН, Алматы

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

2 пікір
 

  • Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім

    08.04.2015 - 15:56 Ответить

    Ұлт (мемлекет) тәуелсіздігінің негізгі белгілерінің бірі, ұлттық валютасының болуы. Сондықтан, тәуелсіздік алған елдер әрқашанда ең бірінші болып, ұлттық ақшасын шығаруға тырысқан. Әр ұлт өздерінің ұлттық ақшасына, тәуелсіз елінің атын жазады. Бұл жазуды келер ұрпақ мыңдаған жылдардан да кейін оқ алады. Ұлттық ақшасы жоқ елде, тәуелсіздік те жоқ. Жалпы кез-келген елдің қаншалықты тәуелді, қаншалықты тәуелсіз екенін ұлттық ақшасынан айқын ажыратуға болады. Егер, ұлтыңның аты өзге елдің валютасына «мінгесіп» тұрса, сол елдер ақша иесіне тәуелді деген сөз. Мысалы, күні кешегі Кеңес заманында 15 елдің аты орыстың рубіліне «мінгесіп» тұрды. Ол сол елдердің бәрі, орысқа тәуелді болды деген сөз. Сол сияқты Қытайдың юанында төрт елдің: қытай, моңғол (мұңал), жуаңзу, мәнзудің аттары тұр. Бұл соңғы үш ел қытайға тәуелді деген сөз. Қысқасы, ұлттық валютаңнан айрылғаның, тәуелсіздігіңнен айрылғаның.
    Бұл мысалы, жеңілдетіп айтқанда, бір отбасының балалары әкесінің бұйрығымен, қолдарындағы барлық ақшаларын, дүние-мүліктерін өз әкелерінің билігіне жинап бергенмен бірдей.

  • Адай

    10.04.2015 - 12:10 Ответить

    Рас айтасыз, аға!

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Апрель 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Мар    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930  

Жоғарыға