Сіз мындасыз:

Жемқорлық қайдан жабысты, қалай жұқты?.. 
Жемқорлық қайдан жабысты, қалай жұқты?.. 

Жыл сайын  түрлі елдердің мемлекеттік секторындағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін зерттеп жариялайтын Халықаралық Transparency International ұйымының мәліметі бойынша, 2014- жылы Қазақстан коррупцияның деңгейі жөнінен 175 елдің арасында 126-орынды иеленді (2013- жылы – 140-орын). «Коррупцияға төзімділік индексі» деп аталатын бұл  кестеде 50-орыннан төмен орналасқан елдегі сыбайлас жемқорлық алаңдатарлық жағдайда  деген сөз. «Коррупцияға төзімділік индексі» тізімінің соңында тұрған елдер өз халқының игілігі үшін  коррупцияға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы қажет» деп дабыл қағады осы ұйым басқармасының төрағасы Хосе Угос.

 

Еліміздегі сыбайлас жемқорлық мемлекеттік аппараттың үлкенді-кішілі деңгейлерін, мемлекеттік қызметті, жергілікті басқару органдарына дейін тамырын жіберіп, жайлап алды. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылғанына қарамастан, коррупция деңгейі азаймай отыр. Мемлекеттік органдарда жүріп жататын толассыз қайта құрулар, оқтын-оқтын жазалаулар, заңға енгізілген түрлі өзгерістердің ешқайсысынан нақты нәтиже жоқ. Соңғы үш жылда 3,2 мың лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапкершілікке тартылып, 400-ге жуық қылмыстық іс қозғалған (Бас прокурордың ақпары). Бұл жемқорлықпен күрестің үздіксіз жүріп жатқанының дәлелі, бірақ, ол көбінесе жекелеген лауазымды тұлғаларды жемқорлыққа байланысты айыптап,  жарияға жар салып жазалау сипатында жүзеге асуда.

 

Құбылыстың өзімен емес, салдарымен күресу

Соншама жемқорды қызметке тағайындағандар қайда? Бұл адамдарды (азғындарды) осындай дәрежеге дейін өсірген, ұсынған кім? Кадр саясаты сараланбай ма?   (қысқасы сұрақ көп). Бұл жемқорлықпен күрес жүргізуде ашықтық, жариялылық жоқ екенін көрсетеді.

Ал, кез-келген теріс құбылыстың жолын кесу  үшін оның түп-тамырын, себеп-салдарын тауып, соны жоюдан бастау қажет. Тамыры жұлынған арам шөп қана өсуін тоқтатады. Қазақ еліндегі сыбайлас жемқорлықтың тарихи-әлеуметтік себептерінің бір ұшы патшалық Ресейдің әкімшілік жүйесінде жатыр. Жалпы, тарихта отар болған мемлекеттер, бодандыққа ұшырап, табиғи байлығынан, қазынасынан айрылған елдер аз емес. Бірақ, соның ішінде, ең ауыры – рухани дүниесінен, болмысынан, ділінен, өзегінен айрылу.

Соның бірі қазақ болды.  Патшалық билікке дейін өмірге көзқарасы мен адами қарым-қатынасы табиғи қалыпта сақталып келген бірден бір халық та  осы қазақ болатын. Оның  бүкіл дүниетанымы, мінезі, ниеті мейірім мен адамгершілікке негізделген.  Қазақ жаны зұлымдыққа, жамандық атаулыға қарсы. Себебі, көшпенді номадтар жер мен көктің иесі Тәңір деп, оған қайшы келетін жамандық атаулыдан аулақ болғысы келеді. Киелілік пен қасиетті пір тұтқан олардың  бүкіл салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы моральға бағынған. Мінез-құлқында, тіршілігінде адами ұстанымдарды басшылыққа алған көшпелілерде ар-намыс пен иман бірінші орында. Дүниенің жалғандығын сезініп, пендешілік ұсақтықтан жоғары болуға тырысып, тұрмыс-тіршілігінде де осы ұстанымнан айнымады. Жемқорлық пен жағымпаздықтан ада қазақтың ділі мен руханиятын әділетті мемлекет құру ісіне бұра алмай қалдық.

Оған «алдымен экономика, сосын саясат» ұраны да көп зардабын тигізді. Оған қоса, 90-жылдарғы ескі  шаруашылық қатынастары ыдырап, жаңасы әлі орныға алмай жатқан тұста жекешелендіру желеңімен талан-таражға түскен халық байлығына түрлі жолдармен ие  болып қалған тұтас бір топ пайда болды. Олар осы тегін табыстың арқасында билікке де қол жеткізіп, одан әрі тамырын жая түсті. Лауазымы өсе түскен сайын қуаттанып, жан-жағына жақындарын, жағымпаздарын жинаған бұл топ әлі де қуатты және өзі жемісін жеп отырған сыбайлас жемқорлықтың жойылмауына мүдделі. Өйткені, олар парақорлық шырмауына әбден шырмалған. Біз бодандықтың ұлттық мінез-құлқымызға таңба салғанын енді сезінудеміз. Оның бір көрінісі – сенімсіздік! Ешкімге де, ешнәрсеге де сенбеу! Ондай секемшіл адам айналасына күдікпен, күмәнмен қарайды, жаңадан қорқады, қабылдамайды. Егер, бұл лауазымды тұлға болса, ол жан-жағына тек өзінің туыс-туғандарын, таныстарын, өзіне берілгендерді, немесе қарыздар адамдарды жинап алады. Бұл тарихта орта ғасырлардан бері белгілі непотизм құбылысы деп саналады. Шыққан тегі −  Рим папаларының табысы мол, жайлы орындарды баласына, немересіне, туыстарына таратып беруі.

 

Немқұрайлылық қайдан туады?

Қазір де БҰҰ-ның «Коррупцияға қарсы іс-әрекет конвенциясы» непотизмді коррупцияның бір түрі деп есептейді. Себебі, өзі сатып алған лауазымына қол жеткізген соң кез-келген адам жан-жағындағы адамдарға қатысты өз ережелерін ұстанатыны белгілі. Ол орынға қойған адамының қабілет-қарымы, білімі сол қызметке сай келе ме, келмей ме, бұл жағы белгісіз.  Сөйткен «непотизм» бізде ашық түрде жүріп келеді. Бұған «Жемқорлық туралы» заңдағы «туыстардың тек тікелей бағынышты лауазымды атқаруына болмайды» деген ереже төтесінен жол ашып отыр.

Лауазым иелерінің заңды белден басуына тағы бір себеп − қарапайым тұрғындардың енжарлығы, немқұрайлылығы. Ал, бұл немқұрайдылық  қайдан, неге туады? Еліміз халқының басым көпшілігі, әсіресе, ауыл тұрғындары кедейшілікте өмір кешіп  жатыр. Ауладағы азды-көпті малын керегіне жаратып, тапқаны күнкөрісінен артылмаған адамның күнұзақ тірлігі күйбеңмен өтеді. Жағдайларының өзгеретініне үміті азайған, сенімінен айрылған жанның бойын немқұрайлылық, немкеттілік жайлайды. Күресуге дәрмені жоқ.  Одан да пара беріп, тыныш жүре берген артық. Кез-келген проблеманы заңды айналып өтіп шешуге болатынын бәрі біледі.

 

 

Ендігі қауіп – жастардың да соған бейімделуі. Сыбайлас жемқорлық өсіп келе жатқан жастардың жолын кеседі немесе олар да бұл құбылысқа төзімділік танытып, жемқор ағаларының жолын жалғастырады. Қазірдің өзінде елдегі жемқорлықтың ахуалы мектеп оқушысына дейін мәлім. Егер пара беру арқылы білім алуды, қызметке орналасуды, байлыққа қол жеткізуді қалыптасқан  дәстүр ретінде қабылдай берсек, онда қоғамның түзеле қоюы екіталай. Жалпы, адам баласы кез-келген істі біріншіден, «міндетті» «аса қажет болғандықтан» істесе, екіншіден,  қорыққаннан, мәжбүрліктен, үшіншіден,  ар-ұятынан аса алмағандықтан дұрыс атқарады. Лажы болса тайқып кету, жалқаулану, аяғына дейін жеткізбеу адам табиғатында бар. Олай болса, қоғамның қалыпты өмір сүруі, дамуы үшін оның мүшелерін, әсіресе, лауазым иелерін белгілі бір бағыныштылықта, яғни, жауапкершілік шеңберінде ұстау  қоғамның өзі үшін қажет.

Жемқорлыққа қарсы тұрудың бір жолы – жеке меншігі бар  дәулетті адамдар санатына қатардағы қазақтардың көптеп қосылуы.  Меншік иелері арасында ұлтшыл, мемлекетшіл тұлғалар көп болғаны тиімді. Әдетте орта тап әлеуметтік тұрақтылықты, тыныштықты сақтауға мүдделі, дамуды қолдаушы бірден бір әлеуметтік жік болып саналады. Сондықтан, қазіргі мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау мүмкіндіктерін пайдалану бизнестегі қазақтардың санын да, сапасын да арттыра түсетіні сөзсіз.  Жаңа заманда халықтардың, мемлекеттердің тағдыры мен болашағы әр адамның жеке жауапкершілігі мен адамгершілік құндылықтарына тәуелді. Адами қасиеттер басымдық алмаған жағдайда, ешқандай жаңа технологиялар адамзат баласын апаттан құтқара алмайды. Адамдардың бойындағы табиғатпен, демек,  өзімен үйлесімде өмір сүруге ұмтылуы − көптеген проблемалардың шешімін табуға алып келеді. Қазақтың ұлттық болмысын жаңғырту қоғамдағы көптеген әлеуметтік кеселдердің алдын алуға қабілетті. Сыбайлас жемқорлықты жою мемлекеттің болашағы үшін, мемлекет құраушы ұлт – қазақ ұлтының өзі үшін керек!

 

Дина Имамбаева,  әлеуметтанушы

Материалды дайындаған Әбдірашит Бәкірұлы

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Апрель 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Мар    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930  

Жоғарыға