
Президенттікке үміткерлер саны жылдағыға қарағанда көп, 22-ден асып жығылды. Ең қызығы, ел арасында беделі жоқ, ел үшін тындырған ісі жоқ, аты-жөнін естімегендер өзін-өзі ұсынған. Араларында әлеуметтік желідегі ауызбен айтуға ұят оғаш пікірлерімен жағаны ұстататын есерлері де бар. Бұл да болса, Елбасыдай болатын адам жоқ дегенді айқындап көрсету мақсаты көзделген саяси ойынның бір түрі. Қалай болғанда да қазір ел «сайлау» деп елеңдеп отыр. Осыған орай сайлау туралы саралы ойын қай жерде болмасын айтып, тұшымды мәселелер көтеріп жүрген саясаткер Дос Көшімге сұрақ қоюдың орайы түскен еді.
«Қазақия»: Қазіргі Қазақ елінің сайлау туралы заңына, сайлау жүйесіне өзіңіздің көңіліңіз тола ма?
Дос Көшім: -Жоқ. Көңілім толмайды. Қазақ елінің сайлауы бұрын да жетісіп тұрған жоқ еді, ал соңғы кезде, қаттырақ айтсам, кешірім сұраймын, баланың ойынына айналып бара жатыр. Демократияның басты құрылымдарының бірі – ерікті, әділетті сайлау институтын, осындай күйге алып келу, билікке де, қоғамға да ешқандай жақсылық әкелмейтін, болашақ ұрпақтарымыздың алдында кешірілмес күнә деп білемін. Біздер сайлаудың не екенін білмей жатып, сайлаудан шаршадық, жеріндік, сенбейтін болдық, ақыр аяғында, күле қарайтын дәрежеге жеттік. Халық «таңдау жасауға болады екен және сол біздің таңдауымыз әділетті түрде жүзеге асады» деген сенімнен айрыла бастады.
«Қазақия»: Сайлаудың әділдігін, ашықтығы мен мөлдірлігін, жариялылығын, сайлау комиссияларының жұмыстарын жақсартуды қамтамасыз ету үшін не істеу керек. Немесе қазіргі қолданыстағы заңға қандай өзгерістер мен толықтырулар қажет деп санайсыз?
Дос Көшім: — Ең бастысы, дауыс беру нәтижесін ашық та жария түрде тексеру механизімін жасауымыз керек. Демократиялық елдердің барлығында сайлаудың нәтижесіне, дауыс беру барысына күдік келтірген уақытта, оны тексерудің жолдары қарастырылған. Әлі есімде, бірде АҚШ-тың Пенсильвания штатының Филадельфия қаласындағы бір сайлау учаскесіне келгенімде, үлкен залдың ішіне мыңдағын бюллетеньдерді жайып салып, қолдарына қалам алып, еңбектеп жүрген оншақты адамды көрдім. Бұл – сайлау аяқталып, дауыс беріліп, жеңімпаздардың анықталған кезеңі болатын. Менің сұрағыма, сол жердегі сайлауды өткізетін жауапты адамдардың бірі: «Бұлар – жеңіліп қалған кандидаттың сенімді өкілдері ғой. Дауыстарды санауға сенімсіздік білдіріп, бюллетендегі белгілерді қайта тексеріп, санап жатыр. Сонда ғана өздерінің көздері жетеді» деп жауап берді. Бұндай жағдай біздердің түсімізге ғана кіреді…АҚШ-ты былай қойғанда, қасымыздағы Қырғыз елінің дауыстарды есептеу тәсілін алсақ та жеткілікті. Олардағы дауыстарды есептеу тәртібі анық да қарапайым шешілген: Сайлау жәшігіндегі барлық бюллетеньдерді үстелдің үстіне бір төбе етіп жинап қойғаннан соң, сайлау комиссиясының төрағасы қасына екі бақылаушыны шақырып алып, әрбір бюллетеньді оларға көрсетіп, кімге дауыс берілгенін дауыстап айтады. Бақылаушылар ол бюллетеньдегі кімнің қасына белгі салынғанын өз көздерімен көреді.
Сонымен қатар қабырғаға сайлауға қатысып отырған үміткерлердің аттары жазылған үлкен плакат ілінеді де, қолына қалам ұстаған сайлау комиссиясының бір мүшесі әрбір бюлетень ашылып, белгі соғылған үміткердің аты-жөні хабарланған соң, сол үміткердің қасына белгі қояды. Оны да сайлау учаскесіндегі барлық адамдар көріп отырады. Сайлау комиссиясының қасында тұрған бақылаушылар, мезгіл-мезгіл ауысып та тұрады. Ең соңында, дауыстарды есептеу аяқталғаннан соң, барлығы қабырғадағы плакаттың қасына келіп, әрбір үміткерге берілген дауыстардың жалпы сандарын шығарады, оны қасына жазып қояды. Бұл плакат — бақылаушыларға арналған хаттаманың рөлін атқарады. Сайлаудың әділеттілігін қамтамасыз етудің екінші бір жолы – сайлау комиссияларының мүшелерін жасақтауды толық өзгерту.
Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері сол сайлауға түсіп отырған кандидаттардың өкілдерінен құралуы шарт. Ондай болмаған жағдайда, (егер кандидаттар барлық сайлау учаскелеріне өздерінің адамдарын бере алмаса) сайлау комиссиялары қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен жұмыссыздардан, зейнеткерлерден құралуы керек. Мақсат – дауыс беруге, оны есептеуге бюджеттік қызметкерлерді жолатпау. Батыс елдерінде дауыс беру учаскелерінде еріктілер отырады. Олардың көпшілігі – зейнеткерлер, студенттер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Дауыс берудің нәтижесін жариялау мерзімі де өзгерісті талап етеді; интернет пен электроника заманында дауыстарды есептеу, қортындысын шығару – екі-үш сағаттың жұмысы. Оны екі тәулікке не бір аптаға созу, ақылға сыймайды. Өткен сайлауда, кандидаттарды тіркеу кезінде, тағы бір жасанды «бөгет» жарыққа шықты. Кандидаттардың декларациясындағы 2000-3000 теңге «көрсетілмепті» деген сылтаумен жүздеген азаматтар сайлауға түсе алмай қалды. Оларға белгілі бір уақыт беріп, қарызын орнына салуға мүмкіндік жасау заңымызда қарастырылмаған…
«Қазақия»: Электронды дауыс беру жүйесі («АИС Сайлау») осыдан үш жыл бұрын алынып тасталды. Кезінде «бұдан артық жүйе жоқ. Осы электронды дауыс беру сайлаудың мөлдірлігін қамтамасыз етеді» деп әлемге жар салып едік. Оны тоқтатуға не себеп болды деп ойлайсыз?
Дос Көшім: -ОСК (Орталық сайлау комиссиясы)-ның айтуына қарағанда, электронды сайлау жүйесіне сайлаушылар тарапынан сенімсіздік көп болғанға ұқсайды. Бірақ, біздің елдің сайлауына жауапты жандар электронды дауыс беру жүйесіне шаң жуытпады. Әрине, ештен кеш жақсы дегендей, оны олардың өздерінің алып тастағаны жақсы болды. Қоғамдық бақылауға мүмкіндік бермейтін бұл «техникалық прогресс» билікке сол уақытта өте қажет болған шығар деп ойлаймын.
«Қазақия»: Өткен сайлауда үміткерлерден қазақ тілінен емтихан алу үлкен сөз болды, сан түрлі пікірлер тудырды. Биыл осы мәселе қайталанбас үшін ОСК қандай қадамдар жасады. Қазақ тілінен тапсырылатын емтиханның әділ өткізілуін қамтамасыз ету үшін не істеуіміз қажет?
Дос Көшім: Меніңше, өз елінің мемлекеттік тілін меңгермеген адамдардың Парламентте отыруы, Министрлікті басқаруы, мәслихат мүшесі болуы да ақылға сыймайды. Алайда, өткен сайлауда қазақ тілін меңгеру деңгейін тексеретін комиссияның жұмысына қоғамның тарапынан қатты сындар айтылып, олардың шешімдерінің дұрыстығына күдік келтірушілер көп болды. Қазақ тілін меңгеру деңгейі талапқа сай келмейді деген сылтаумен билікке ұнамаған үміткерлерге тосқауыл қойылды деген пікір таралды… ОСК осы сындардан қорытынды шығару қажет еді, өкінішіке орай, биыл сол жағдай тағы да қайталанған сияқты. Менің ойымша, біріншіден, былтырғы сынға ұшыраған комиссияның құрамына өзгеріс енгізіп, тілші мамандармен қатар, халыққа танымал, көпшіліктің сеніміне ие болған, мемлекеттік жұмыстан тыс жүрген бірнеше азаматтарды енгізулері керек еді. Екіншіден, қазақ тілін меңгеру деңгейін тексеру процесіне қоғамдық бақылаушылырдың қатысуын қамтамасыз ету қажет болатын. Шынында да, үміткерлердің сынақ сұрақтарына қалай жауап бергені, шығарманы қалай жазғаны – сайлау процесінің бір бөлігі болып табылады. Ал сайлауды бақылаушылар сайлау процесін басынын аяғына дейін бақылай алады. Демек үміткерлердің қол жинауы, емтихан тапсыруы да олардың көзінің алдында болуы шарт.
Бақылаушылардың болуы – Орталық сайлау комиссиясы мен қазақ тілінен сынақ алатын комиссия мүшелрі үшін ауадай қажет, олар сол арқылы өздерінің ашық та таза, әділетті және заңды жұмыс істегенін көрсетеді. Үшіншіден, үміткерлердің келісімімен, қазақ тілінен тапсырған сынақты тікелей эфир арқылы көрсетуге не олардың шығармаларының толық мәтінін жариялауды қамтамасыз етуге әбден болады. Сонда ғана 1990-жылдары Жамбыл облысының Азаматтық «Азат» қозғалысының төрғасы болған, 1991- жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Асқар Сырғабаевтың «екі» алғаны, ал өткен сайлауда өмірінде қазақша сөйлегенін көрмеген (бұл – менің субьективті пікірім. Ғани ағамен және Мэлс досыммен бес жыл бойы Қоғамдық палатада бірге отырып, жұмыс істедім) Ғани Қасымовтың қазақ тілі емтиханынан өтуі – қоғамда сайлауға деген, қазақ тілінен емтихан алушыларға деген теріс пікір тудырмайды деп ойлаймын. Сайлауды баланың ойынына айналдырмау үшін, үміткер болуға арыз беріп, бірақ емтиханға келмеген азаматтарға айып салу жағын да қарастыр-
ған жөн.
Тағы бір қынжыларлық мәселе – Президенттік додаға саяси-қоғамдық өмірде болмаған адамдардың қатысуы. Әрине, Қазақ елінің әрбір азаматы Президенттік сайлауға үміткер бола алады. Бірақ әрбір жұмыстың, лауазымның өзіндік ерекшелігі, өзіндік талаптары бар емес пе? Президент сайлауын шоуға айналдыру – билікті емес, қазақ қоғамын мазақ ету сияқты. Көптеген елдерде Президенттік не Парламенттік сайлауға қатысудың нақты, заңды шарттары бар. Меніңше, үміткер болуға талап еткен азаматтардың бірінші сыны — қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау болғаны да үлкен қателік сияқты. Егер қазақ елінің мыңдаған азаматы өздерінің бақтарын сынап көргісі келсе, біздің Президенттік сайлаудың алты айға кейінге қалдырылатындығына сөз жоқ. Ал егер талаптанушылар бірнеше мың адам болса… Мүмкін, бірінші талапқа өзін қолдайтын азаматтардың қолын жинауды қойған дұрыс болар. Кейбір саясаттанушылар Президентке кандидаттарды республикалық қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың ұсынғаны дұрыс деп ойлайды. Бұл пікірдің де өмір сүруге құқығы бар. Қысқасы, «бізде барлығы дұрыс» деп көзімізді тарс жұмып отырып алғаннан көрі, өмірдің өзі тудырған мәселелерге дер кезінде жауап іздеп, ыңғайсыз жағдайдан шығатын жолдарды табуға тырысуымыз керек.


















Жауап беру