Сіз мындасыз:

Қоғамдық пікірді қалай қалыптасуда
Қоғамдық пікірді қалай қалыптасуда

 

 

Әлемдік қоғамдық-саяси ахуал таяу жылдары күрт өзгеруі ықтимал. Қазіргі геосаяси жағдайдың ауаны еріксіз осындай ойға жетелейді. Жуықта АҚШ мемлекеттік департаменті Орталық Азиядағы экономикалық және саяси жағдайды ескере отырып, аймаққа қатысты стратегиясын қайта жасағанын «Азаттық» радиосы хабарлады. Аталмыш стратегияда демократия және адам құқықтары мәселелеріне көбірек орын берілетіндігі басы ашық әңгіме.

 

Сонымен қатар, стратегияның атауының өзі «Жібек жолы» делінгенін ескерсек, көрші бауырлас елдермен бірге бұл жоба бізді де айналып өтпейтіні анық болып отыр. Тағы бір ескере кететін жағдай еліміздің Парламентіне келіп түсіп жатқан жаңа заң жобаларының дені адам құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталып жатқанына қарағанда жоғарыдағы стратегияның мемлекетіміздің саясатымен үндестігі бар секілді көрінеді.

Олай болса, ең алдымен елімізде сөз бостандығын қорғауды, ақпарат алу еркіндігін кепілдендіруді негізге алатын заңдық нормалар ең алдымен қабылдануы керек сияқты.

Бостандық  дегенді  журналист  білгенін  істеу,  ойына  не  келсе  соны  жазу  деп  түсінсе,  ұғым  осылай  қалыптасса, ондай  еркіндік  жүзеге  асырыла  бастаған  сәтте-ақ  тұйыққа  тіреледі.  Құқықтық  және  этикалық  сан  алуан  шектеулер  мен  заңдық  нормаларға,  редакцияның  шығармашылық  ережелеріне,  ішкі  тәртібіне  сөзсіз  бағыну  қажет  болады.  Оның  сыртында  тағы  бір  маңызды  мәселе  бар.  Жазатын  обьектісінің  мазмұны  күрделі  әрі  журналистің  білім  деңгейінен  тым  биік  болуы  және  оған  дарыны,  қабілеті  жетпеуі  де  әбден  ықтимал.

Қандай  бір  ақпараттағы  деректер,  дәйектемелер  оған жасалған  комментарий,  тұжырым,  ұсыныс-пікірлердің  қайсысында  болсын  сырттай  қарағанда  қайшылықтың  орын  алу-алмауында  тұрған  ештеме  жоқтай  сезілуі  мүмкін.  Ал,  шындығына  келгенде,  журналистің  нағыз  шығармашылық  бостандығы  осы  жерде  көрініс  табады.  Ең  негізгі  шектеу  де  осында  ұшырасады.  Журналиске  мынандай  сауалдар  қойылады: Оқиға,  көріністі  хабарлағанда,  оған  баға  бергенде,  қорытынды  жасағанда  журналист  анықталмаған  немесе  бір  жақты  деректі  ұсынуға  қақысы  бар  ма?

Сондай-ақ,  журналист  әлденеге  субьективтік  түсініктеме  бере  ала  ма,  біреулерге  залалы  тиюі  мүмкін  екендігімен  санаспай  жатып  үндеу  тастауға,  ақты  қарамен  немесе  керісінше  бояуға  бостандық  беріле  ме?  Осындай  көптеген  күрделі  мәселелер  журналист  қызметінің  бостандығы  жайындағы  проблемаларға  өте  байыпты  әрі  аса  сақтықпен  қарауды  талап  етеді.

Жалпы  сөз және баспасөз  бостандығы  туралы  мәселе  бүгін  ғана  тосыннан  пайда  болған  ұғым  емес.  Әлемде  алғашқы  мерзімді  баспасөз  шығарылған  кезден  бастап  оның  бостандығы  да  сөз  етіліп,  аталмыш  ұғымның  сипаты  жайында  пікірталастар  өрбіді.  Журналистер  де  өз  кезегінде  саяси  көзқарастарын,  шығармашылық  ой-идеяларын  мейлінше  еркін  тарату  үшін  күресумен  келеді.

 

Журналистика парызы

Қоғамдық  дамудың  қай  формациясында  болсын  журналистика  өзінің  бостандығын  кеңейтуді  талап  еткенде  және  өздеріне  жасалған  қысымдарға, кедергілерге  қарсылық  білдіргенде  әртүрлі  позициялар  ұстанған.  БАҚ  және  журналистердің  іс  әрекеттері  олардың  жасаған  туындылары  арқылы  барша  жұртқа  ашық  жарияланып  жеткізілетіндіктен  үнемі адамдардың, қалың бұқараның  бақылауында  болатындығымен және одан «қашса да құтылмайтындығымен»  ерекшеленеді.

Теориялық-тәжірибелік  тұрғыдан  келсек,  мұның  өзі  журналистің,  БАҚ жүйесінің  қызмет  бостандығының өзектілігін  аңғартады.  Бостандыққа  қызмет  ету – журналистің де, журналистиканың да  басты  парызы. Бірақ,  мәселенің  өзегі  оны  қалай  түсінуінде,  қандай  жолмен  жүзеге  асыратындығында  болса  керек.  Ал,  оның  нәтижесі  қандай  бостандықтың  сөз  етіліп  отырғандығына  байланысты  айқындалмақ.

Бостандықты  құқықтық жағынан сенімді  ету,  қандай  бір  саяси  күштердің  соның   ішінде  ресми  үкіметтің  өктемдігінен  қорғау  үшін  оған  заңдық  кепілдік  қажет.  Кейбір  газет-журнал,  ақпарат  мекемесі  «БАҚ  туралы»  заңның  шеңберінде  қызмет  жүргізу  құқығын  иеленгенімен  экономикалық  бостандықсыз  алға  баса  алмайды. Яғни,  заңдық  құқығын  жүзеге  асыруы  үшін  қаржы-қаражат,  материалдық-техникалық  күш  керек.  Дегенмен,  заңдық  құқыққа  ие  болумен,  экономикалық  жағдайды  түзегенмен  бұқараның  қажеттілігі  өтелмейді. Сондай-ақ, дамуға,  игілікке  ықпал  етуге  бағытталған  қоғамдық  пікір  қалыптастыруға,  өзінің  басты  функциялары  мен  мақсаттарын  жүзеге  асыруларына  кепілдік  бола  алмайды.

 

Сонымен  қатар, іс  қыз-мет  еркіндігінің  қоғамдық-шығармашылық  жағы  деген  тағы  бір  маңызды  мәселе  бар. Олай  болса,  бостандық  туралы  айтылғанда  оның  заңдық  па,  экономикалық  па,  қоғамдық-шығармашылық  па  дәл  қайсысының  сөз  етіліп  отырғандығын  айырып  алуымыз  керек.  Сонда  ғана  түсінбеушіліктің,  қателіктің,  қиындықтың  алдын  алуға  болады.

 

Қазақ БАҚ жүйесінде сырттай  қарағанда  жоғарыдағы  аталған  үш  фактордың  бәрі  бар  секілді  көрінуі  мүмкін.  Алайда,  оны  шын  мәнінде  төрт  аяғынан  тік  тұр  деп  айта  алмаймыз.  Оның  жүзеге  асырылу  жайы  да  қанағаттанарлықтай  емес.  «БАҚ  туралы»  заңның  өзін  сөз  бостандығына толықтай  кепілдік  болады  деуге  келмейді.

Себебі,  оның  өзі, шынтуайтына келгенде,  журналистика  қызметін, шығармашылық ой бостандығын дұрыс үйлестіргенімен, белгілі деңгейде тағы оны  шектеуге  бағытталған  дүние. Егер  ол  сөз  бостандығын  қорғау немесе ақпарат алу еркіндігін кепілдендіру  туралы  заң  болса,  онда  әңгіме  басқаша  болар  еді.

 

Мәліметтерді құпиясыздандыру 

Негізінен журналистің  қызметі  БАҚ  жайындағы  заңсыз-ақ   Конституциямен, қылмыстық, азаматтық  кодекстер, мемлекеттік құпиялар туралы заңмен, өзге  де  актілермен  реттеледі. Мысал үшін өзгесін айтпай-ақ, бір ғана «ҚР Мемлекеттік құпиялар туралы» заңының кейбір баптарына назар аударайық. 22-бап «Мәліметтерді құпиясыздандырудың негіздері» деп аталады. Ал, мәліметтерді құпиясыздандыру дегеніміз-мемлекеттік ұлттық қауіпсіздігі мүдделерін көздеп, мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді таратуға және олардың көздеріне рұқсат етуге белгіленген шектеулерді алып тастау жөніндегі шаралардың жиынтығы болмақ.

Мәліметтерді құпиясыздандыру үшін Қазақстан Республикасында  мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді ашық алмасу жөнінде еліміз халықаралық міндеттемелер қабылдауы тиіс екен. Оның сыртында обьективті мән-жайлар өзгерген жағдайда  соған байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді одан әрі қорғаудың мәні болмай қалатын кездері де болатын көрінеді.

Жоғары дамыған өркениетті елдердің көбінде құпиялар туралы заң да жоқ. Мысалы, АҚШ-та ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін деп есептелетін арнайы тізім ғана бар. Алайда, бүгінде  көп дүниенің  құпия  болудан  қалғанын  ескерсек, ресми биліктің өз халқынан жасыратын құпиясы болмауы тиіс. Ондай  ақпараттарға  қанша  тосқауыл  қойып,  тұншықтырғысы  келсе де,  ол  бүгінгідей  ақпараттық  «тасқын»  заманында,  Интернет   жүйесі  бар  кезде,  тіпті  мүмкін  болмайтыны анық.

Қай  елде  де  ресми билік  халықтан  әлденені  жасыруға  тырысады.  Ал, оны   БАҚ   әшкерелейді. Бұл  қазіргі  таңда  жалпыға  ортақ  тенденцияға  айналды.

 

Баспасөз бостандығы

 

Қазақстанда  қазір  заң  жүзінде  цензура  болмағанымен, саяси ой, сөз бос-тандығына кепілдік берілгенімен, сол баяғы жалтақтықтан, шығармашылық еркін ойға тұсау салатын ескілікті  санадан БАҚ-тарымыз мүлде  арылып  кеткен  жоқ.  Баспасөздің  экономикалық  бостандығы  туралы  әңгіме  қозғалғанда  күмілжіп  қалатынымыз  тағы  бар.  Себебі,  қазіргі  қазақ  газеттері  қалай  десек  те,  құрылтайшыға  тәуелді.

 

Қазіргі  құрылтайшылар  бұрынғы  «ЦК»,  «обком»  секілді  газеттің  шығармашылық  ісіне  күнделікті  араласпайды.  Сонда  да  редакциялар  қаржы  үшін  қожайынының  қас-қабағын  аңдып  отыруға  мәжбүр. Ал,  ондай  газетте  қандай ой еркіндігі мен сөз бостандығы  болуы  мүмкін? Ақпарат және баспасөз  құралдары бүгінде  құрылтайшының көзқарасына сай келмейтін, оларға ұнамайтын деректен, оқиғалардан бойларын аулақ ұстауға тырысатыны құпия емес.

Сондай-ақ, балама ақпарат таратуды мақсат еткен тәуелсіз  баспасөзді  экономикалық  жағынан  қолдайтын,  жәрдемдесетін  мемлекеттік  саясат  та,  механизм  де  жоқ. Керісінше, қаржы, салық жүйесін бақылаушылар олардың басқан іздерін аңдуға, болымсыз ілік тапса есепшоттарын тұтқындауға әзір тұрады. Ал,  өздерін-өздері  қаржыландырып,  күндерін  көріп  келе  жатқан көптеген  жекеменшік  газеттердің  сапалық  деңгейлері  өте  төмен.

Мәселенің  үшінші  жағы,  яғни,  журналист  шығармашылығының  бостандығына  келсек,  ол  ең  алдымен  редакцияның  басшылығына,  жекелеген  журналистердің  өздеріне  байланысты. Бірақ,  мұнда  да  бір  гәп  бар.  Ол — ежелден  санамызда  нық  қалыптасқан  ішкі немесе «самоцензура».  Мемлекет  тағайындаған  цензураны  алып  тастау  оңай  болғанымен,  дәл  осы  ішкі цензура  деген  туа  біткен  тұсауды  шешіп  тастау  қиынға  соғып  тұрған  жайы  бар.

Үнемі  көлеңкесінен  қорқып  үрейлену,  шектен  тыс  сақтану,  жел  қайдан  соқса  ығына  қарай  жығыла  кету,  лауазымды  шенеуніктерге  реті  келсе  жағынып  қалуға  даяр  тұру,  бір  сарындылық  пен  жаттандылықтың  аясынан  шыға  алмау — бүгінгі  ішкі цензураның  шынайы  көріністері.

Жоғарыда  журналист  шығармашылығының  бостандығы  туралы  сөз  қозғалғанда  оның  қоғамдық-шығармашылық  жағы  тағы  бар  дегенді  айтып  қалған  едік. Оның  өзіндік  сыры  бар.  Себебі,  онда  қоғамдық  қажеттілік  пен  талап,  уақыт  райы  мен  ағыны,  оқырман  қауымның  бақылауы  деген  ірі  факторлар  бар.  Мұны  нарықтық  экономикада  оқырманның  талабы  мен  қажеттілігін  өтейтін,  заман  ерекшелігін  дөп  басып,  дұрыс  сезінетін  ақпарат  құралы  ғана  өмір  сүре  алатындығымен  түсіндіруге  болады.

Айналып келгенде, сөз бостандығы дегеніміздің өзі- оны тұтынушы  субьект және обьектіге тікелей қатысты, олардың атқаратын қызметтеріне сай көрініс табады. Анықтап айтсақ, төмендегідей:

 

Біріншіден, журналистер үшін сөз бостандығы-қоғамда болып жатқан кез-келген оқиға жайында ақпарат алуға толық құқылы болуы және оны жазуға, жариялатуға, таратуға шығармашылық еркіндігінің кепілдендірілуі;

 

Екіншіден, оқырман үшін  обьективті ақпаратты ешбір кедергісіз алуы және соған сай өз көзқарасын кез келген БАҚ арқылы білдіруі.

Олай болса, қоғамдық пікір мейлінше шынайы қалыптасуы үшін еліміз үкіметінің бірден бір құзырлы органы Ақпарат комитеті қазіргі қолданыстағы «БАҚ туралы» заңның қоғам талаптарына жауап бере алмайтындығын ескеріп, сөз бостандығын қорғап, ақпарат алу мен тарату құқықты кепілдендіретін заң жобасын жасауды қолға алғандары абзал болмақ.

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

1 пікір
 

  • Әбдірашит Бәкірұлы

    04.04.2015 - 23:36 Ответить

    Тақырыбы қате болып тұр ғой. Тез арада түзеңіздер!

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Апрель 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Мар    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930  

Жоғарыға