Сіз мындасыз:

Салафиттерді тек білімнің күшімен жеңе аламыз!
Салафиттерді тек білімнің күшімен жеңе аламыз!

Шымкент қаласындағы «Хаттани» мешітінің наиб-имамы Амантай Сәдиевпен

сұхбат

 

 

- Дін дегеніміз – сенім. Сол сенім, яғни сезім болғаны себепті санаға емес, түпсанаға байланады. Ал, түпсананың санаға бұйрық беретіні белгілі. Осы тұрғыдан келгенде діннің адам өміріндегі, демек, мемлекет пен қоғам өміріндегі орны да айрықша маңызды. Соғыстың көбі осы дінге байланысты туындайды. Біздің елде болса діни ағымдар толып жүр…

— Бисмиллаһир рахманир рахим. Бұл сөзіңізбен толық келісемін. Діни сенімі жоқ адам болмайтыны секілді, діні жоқ халық болмайды, демек, қай заманда да дінсіз мемлекет те болмайды. Арабтың атақты саяхатшысы Ибн-Батутта қазақ даласы жайлы «Сейхун мен Жейхуннан өттік, Сарайшықта азан шақырғанда азанның дауысы қаланың барлық бұрышына бірдей жетеді (біздің ежелгі астанамызда сәулет өнері күшті дамыған еді), намазды Әбу Ханифа мәзхабы бойынша оқиды, ел ішінде діни алауыздық көрген жоқпын» деп жазған. Оған дейінгі VIII-IX ғасырлардағы араб деректері «қазақ даласына ислам діні жетпегенмен, ислам мәдениетіне өте ұқсас мәдениеті қалыптасқан, қыздарының, әйелдерінің абыройын, елін, жерін қорғайтын батыр, текті ел екен,  мұнда ислам дінін енгізу ғана қалған» дейді…

 

- Ол біздің бабаларымыздың өз заманында озық ел болып, монотеизмге арабтардан әлдеқайда бұрын бет бұруынан еді ғой.

— Керей мен Жәнібек хандарымыз да дінді терең зерттеу үшін жан-жаққа, ислам дамыған елдерге бірталай алғыр  шәкірттерді жіберген. Қайтып келген соң қазылар олардың әрқайсысымен жеке-жеке сұхбат жүргізген. Және дінді тарихат жолымен қабылдаған. Мәзхабқа қатты көңіл бөлген. Төрт мәзхабтың ішіндегі қазақтың табиғатына ең сәйкесі кім екені анықталып, таңдалды. Пайғамбарымызға өмір сүру кезеңі жағынан ең жақын тұрған Имам Ағзам Әбу Ханифа. Ал, оның ұстазы Абдулла ибн-Масғұт — Пайғамбарымыздың заманындағы ең мәшһүр болған ғұлама ғалым. Расулалла өмірден өткеннен кейін «Абдулла ибн-Масғұт былай айтыпты» деген сөз ешкімнің күмәнін тудырмайтын. Мысалы, пайғамбардан соң халиф болған Хазырет Омар «Абдулла ибн-Масғұттың айтқанынан айнымаңдар» деп отырады екен.

Керей мен Жәнібек сұлтандар құрған мемлекетіміз имам Матруди ақидасын қабылдап алды. Ақиданың тіке аудармасы көзқарас деген сөз. Міне, осылар түгел ескерілгендіктен, осы көзқарастан айнымағандықтан Қазақ хандығы құрылған 550 жыл ішінде біздің халқымызың арасында дінге қатысты фітнә алауыздық болған емес. Себебі, мемлекеттік жүйеміз бен тарихи танымдық, соның ішінде діндік жүйеміз дұрыс құрылған еді. Дінге жақын емеспін деген адамның өзі кейде «Құдай-ай!» деп қалады. Адамды Алла жаратқаннан кейін ол адамның бойында Аллаға деген сезім қалай болмасын қалыптасады.

Ал, 1992- жылғы заң елімізге әлемдік діни ағымдарға есікті айқара ашып тастады. Соны әлі күнге дейін жөнге келтіре алмай әуреміз. Көптеген елдерде тиым салынған христиандық болсын, исламдық болсын, түрлі бағыттағы ағымдар бізде салтанат құрып отыр. Мысалы, «Тағлиб-жамағаты» әлі өз қызметін жүргізіп жатыр.

 

- Солардың айырмашылығы неде біз ұстанатын дәстүрлі діннен? Ұстанатын ұстанымы не олардың?

— Олардың 7 күн, 40 күн, 4 айға дейін дін тарату үшін сыртқа, үйіңнен кетіп қалуына рұқсат. Пайғамбарымыз «дінді насихат етіңдер» деген, бірақ,  сыртқа шық демеген, өз отбасыңда, өз ауыл-аймағыңда деген. Оның үстіне өзге елге дін тарату үшін ең алдымен өз елімізде 100 пайыз діни мәселе шешілген болса мақұл…

 

 

- «Таблиғи-жамағаттан» басқа да діни ағымдар да бар ғой… Оларға қарсы ұстанған біздің іс-әркетіміз қандай?

— «Таблиғи-жамағаттан» бөлек салафиттер, тахфир, аюп, бағаутдиниттер, матқалиттер секілді ағым өте көп. «Сүлеймания» деген жамағат бар. «Нұрсишылар» бар. Бұлардың бәріне ең болмағанда көршілеріміз Ресей мен Өзбекстанда тиым салынған. Бізде олардың таралуы тым қарқынды.

Дегенмен, Бас мүфти Ержан қажының Малғажыұлының білімділігінің, ұйымдастырушылығының арқасында қазір уахабшылардың көшбасшыларымен айтыса алар имамдар жеткілікті. Тіпті уахабшылардың пәтуа шығара алатын, шет елдерде отырған көсемдерімен күресе алар ахуалымыз бар. Ал, бес жыл бұрын олардың саны өте төмен еді. Бас мүфти келе салып құрған, 50-ден астам адам кіретін «Ғұламалар кеңесі» үлкен рөл ойнап отыр. Ерсін Әміре, Алау Әділбаев, Ризабек Бәтталұлы, Рахымжанов ұстаз, Арман Қуанышбаев және т.б. да шашырап жүрген, көптің назарына түсе алмай жүрген білімділер біріктірілді. Оны бейнелі түрде Әбілқайыр ханның Аңырақай шайқасына қазақтың барлық батырларын жинай алғандығымен салыстыруға болады. Ал, уахабистер болса өздерінің ғалымдарына жарнама жасауға өте шебер.

 

- Олар осы жарнама және басқа да іс-әрекетінің бәріне қаражатты қайдан таба береді?

— Олардың бәрін қаржыландырып отырған Сауд Арабиясында салафия идеологиясы – мемлекеттік идеология. Бұрын уахабизм еді, енді оның өңін өзгертіп, салафия деп қойды. Бірақ, одан мәні, әрине, өзгерген жоқ…

 

- Саудиялықтар қай мазхабқа жатады?

— Олар өздерін негізінен Имам Ханбал мәзхабына жатқызады. Бірақ, соның өзінен ауытқып кеткендіктен «жалпы, мәзхабтың не керегі бар, Пайғамбарымыз «Құран, Сүннетті қалдырдым» деген, мәзхаб жайлы айтпаған ғой» деген әңгіме көтереді. Ал, оның ар жағында: «…, ал, ол екеуінің шырағын жағатындар- ғалымдар» деген пайғамбар сөзі бар екенін біле тұра білмегенсиді.

Уахабизм Атырауда қатты дамыған. Соның ішінде такфирлер мен матқалиттер ағымы.

 

- Олардың көздейтіні не?

Тахфир — соғысқа өте жақын ағым. Дәстүрлі дінді ұстанып жүрген, өздерінің қатарына кірмегеннің бәрі олар үшін- жау. Жауды, оның мемлекеттің қорғаушы күш өкілдерін, әскерилерді, полицейлерді өлтіру олар үшін үлкен мәртебе болып саналады. Пайғамбарымыз: «Біз кішкентай соғыста жеңдік, бірақ, үмметім бұдан үлкен соғыста жеңіліп қала ма деп қауіптенем» деген. Сахабалар: «Расулалла, қандай үлкен соғысты айтып тұрсыз?» дегенде «әркімнің өз бойындағы кемшілігімен, мінімен, нәпсісімен соғысын — аяусыз күресті айтып тұрмын» деген. Ал, бұлар арабшадан аударманы бұрмалап береді.

- Менің де діни бөлшектену міндетті түрде соғысқа алып барады деп отырғаным да осы ғой… Уахабизмнен кері қайтып жатқандар бар ма?

— Бар. Өткенде бас муфти -2014-жылы 450 бауырымызды Имам Ағзам Әбу Ханифа жолына қайта бет бұрғызудың сәті түскенін атап өтті. Әңгіме тек оның шалбарының балағын ұзарту, сақалын қырғызуда емес, уахабизм идеологиясынан Имам Ағзам идеологиясына қайтару. Егер ғылым инемен құдық қазғандай болса, діни идеологиялық күрес-кірпікпен құдық қазғандай. Уахабизм идеологиясы сүйегіне сіңіп қалған бір адамды кері қайтару үшін кем дегенде 7-8 ай табан тіресіп, өте тығыз жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі семинар, конференция секілді пәленбай жанды жинағаннан бір уахабистті кері қайтарған артығырақ. Оның үстіне әлгі жиындарға уахабистер бармайды. Бас мүфти хазыреттің «уахабизммен ауырғандарды қатарымызға қайта қоса алған имамдарды ғана шын мәнінде нағыз жұмыс жасап жатқан имамдар деп бағалауға болады» деген ұстанымы маған қатты ұнайды.

Рас, имамдар жайлы да түрлі әңгіме көп. Шындығына келсек, мектепті алтын алқаға бітірген баласын ата-ана оқуға қайда жібереді? Мұнайға. Халықаралық экономикаға. Одан кейінгілері заңгерлікке. Осындай оқуға бара алмағандарын ғана ата-ана медірессеге жібереді. Өзі қалап барғандарды қоспағанда. Екінші жағынан, Абай, Шәкерімнен бастап Міржақыптарға шейінгі алаштың алыптарының бәрі де медреселерде білім алған. Ал, осы нәрсе бүгін бізде жоқ. Мемлекетіміздің көшбасшылары рухани терең білім алған, бұл салада зерек, алғыр, діни діңгегі берік адамдар болмағандықтан біздің ұлт ретінде рухани қалыптасуымыз өте қиын жүріп жатыр.

Мүфти хазырет осы орынға келісімен еліміздегі 9 медресе мен «Нұр-Мүбәрак» университетін бітіргендерді аттестация-
дан өткізді. Сөйтіп, іштерінде жақсы оқыған, тәртібі үлгілілерін ғана имамдыққа тартты. Неге? Жауап-жоғарыда. Әдемі мешіт салғаннан не пайда, ол жерге барып намаз оқитын негізінен уахабилер болса.

-Осы арада «бәрін шешетін-мамандар» деген Сталиннің сөзі еске түседі. Жергілікті жерлердегі мамандарымыздың деңгейі қандай? Ең төменгі деңгей —  ең шешуші деңгей ғой, өйткені бұл жерде күн сайын табан астында шешілуі тиіс мыңдаған мәселе туындап жатады. Бұл облыс емес ауданға, аудан емес ауылға сілтейтін. Қалада 100-ден астам, облыста 785 мешіт бар екен. Ал, сол 785 мешіттің қаншасының имамдары уахабистермен, басқа ағымдағылермен пікірталасқа түсіп, дәлелді, уәжді сөзімен оларды жеңіп шыға алады? Олардың ары кеткен бетін бері қарай бұра алады? Қаншасы уағызына жұртты сілтідей тұндырып, ұйыта алады?

-Өте орынды сұрақ. Мен 17 жыл Атырауда істегенімде «ауруын жасырған өледі» деген бағыт ұстандық. Ауруды жасырмау керек. Атырау мен Ақтөбеде тахфир мен матқалиттер өте көп, 80 пайызға жуық. Астанаға жиналыстарға барғанымызда Шымкенттен келген имамдар «бізде ондай мәселе жоқ» дейтін. «Жоқ болуы мүмкін емес, ол барлық жерде бар, тек сол мәселені қалай шеше алдыңдар, тәжірибелеріңмен бөлісіңдер» дейміз. Ал, шын мәнінде олардың мұндағы Наил, Ринат, Насратулла, Уктам, Ділмұрад атты көсемдері өз жақтастарына: «Сендер Имам Ағзам жақтастарынан сан жағынан айқын басымдыққа ие болғанша көзге түспеуге тырысыңдар, алауыздыққа апарып, көзге түсіп қалсаңдар өкімет сендерді қудалайтын болады. Сендер басымдыққа ие болған кезде имам ағзамдықтардың шапса – шаңы, айқайласа — дауысы шықпайтын болады» деп үйретіп қойған. Олар бүгінгі таңда Шымкентте қалай болғанда да азшылық.

Біз Атырауда зекет қорынған ең белсенді имамдарға жалақы беріп бастама көтердік, өте жақсы нәтиже берді. Себебі, салафия ағымымен бүкіл әлем болып жабыла күресіп жатқанда, біздің аз ғана адамның күшімен оған қарсы тұра аламыз дегеніміз қисынға сыймайды. Оның үстіне, қаржы мәселесі мүлдем шешілмеген жағдайда. Не үшін Атыраудың имамдары кезінде уахабизммен бел шешініп күрес-ті? Өйткені олар үлкен жарылыстар болған соң уахабизмнің қазақты қандай құзға апарып құлататынын көрді. Уахабизмді ненің күшімен жеңе аламыз? Бүкіл жұртты жапқанда ма? Жоқ, әрине, тек қана білімнің күшімен. Оны іске асыратындар кімдер? Теологтар, имамдар.

 

-Исламның ғұламаны әулиеден жоғары қоятыны сондықтан ғой.

-Міне, сол білімдар жандарға ішкі әлеуетін сыртқа шығара алатындай етіп, барлық жағдайды жасау керек. Түркияда үкімет уахабизмді қалай жеңді? Имамдарға мемлекет 1000 доллардан, мықтыларына 2000 доллардан жалақы тағайындады. Ендеше, мемлекеттің байлығын, оның өзінің қаржысын өзінің халқының болашағынан, қауіпсіздігінен аямауымыз керек…

-Күрестеріңіз жеңісті болсын!

Белгіленді: 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Апрель 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Мар    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930  

Жоғарыға