Сіз мындасыз:

Мүшел жылдың  басы — Амал
Мүшел жылдың  басы — Амал

 

 

Жұрт бүгінде қағаздағы күнтізбені көңілге медеу етіп, 1-наурызды көктемнің алғашқы күні деп жүр. Бірақ, қазақтың маусымдық-жұлдыздық күнтізбесі бойынша, Күн орбитасының  шоқжұлдыздар маңын «аралауына» қатысты жылдық маусымды белгілеген аса ежелгі адамзаттық күнтізбені ұмытпаған абзал.  Ескі күнтізбе бойынша 1- наурыз қазіргі 14- наурызға сәйкес. XVIII ғасырға дейін  Бұған қоса, Григориан күнтізбесі қабылданғанға дейін Ватикан да, Ресей де (1700- жылы доғарды)  осы ескіше 1(14) наурызды жыл алмасу күні ретінде мойындап келген.

 

Әлемдік жыл алмасу күні саналатын бұл күн бүгінде қазақта «Амал» не «Қамал» аталады. Бұл  — ежелгі түркі-араптық рухани қатынастың көрінісі іспетті астрологиялық танымның бір жұрнағы. Күннің айналу жолы Тоқты (арабша Һамәле – «Қа мал» ежелгі түркілік маңдайдағы қой деген мағынаны білдіреді: қа – маңдай, төбе, көрнекті орын; қа+қан/қаған – қасиетті орындағы, төбедегі хан; қа+бақ — маңдайды бағушы; қа+ыс — маңдайдағы  күйе; сөздерінде көрініс тап-қан) шоқжұлдызына қарай таяп келгенде, қыс маусымы көктемге ұласады. Яғни, 90 күн қыстың соңы 13-наурызбен бітеді.

Осы күні қазақша жаңа жыл кіріп, қыс бойы қаңтарылған тірлік жаңа сипатқа көшеді: бір- бірімен көріседі, төс түйістіреді, араласады. Сөйтіп, мүшел жылдар алмасымы күн мен түннің теңесуіне немесе  1- қаңтарға қатысы жоқ, ол Күн мен шоқжұлдыздардың ара қатысына қатысты жайт. Және де бұл Ұлы даланың ауа райына, климатына тікелей қатысы бар.

Наурыздама дәстүрі бұрынырақта наурыздың алғашқы күнінен бастап елдің батыс өңіріне қоса, Сыр өңірінің барлығы, Қостанай, Торғай аймағы, ресейлік Ажтархан (Астрахан), Сарытау, Самар, Орынбор облыстары атап өтетін. Бірақ, оны «амал» деп те, «көрісу» деп те атамаған, «Наурыз» деген. «Амал» деп атау 1988- жылдан мерекенің 21-22- наурызға ресмиленуінен бастап, халықтық Жыл басы күнінен ажырағысы келмеген бұқара халық 14- наурызды «Амал» атауға мәжбүр болды.

Ұлттың рухани тінін берік ұстауда Жаңа жыл келуінің басты белгісі болып табылатын «Көрісу» рәсімін ұстанып жүрген ағайындардың тарихи мерекеге барынша адалдық танытуы құрметпен қарауға лайық болғанымен, бұл жайт — Алаш рухын алалауға ешбір негіз емес. Бірі – Наурыздың басы, екіншісі- мерекенің шырқау шегі. Бір мейрамның екі сипатының бірігуінен Жыл мерекесінің мазмұны мен маңызы бүгінде барынша тарылды, рухани құндылығымызды біршама шатасуға итермелеп отыр.

Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше 1-наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың белгілі білімдары — Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, өзінің 8 күндік наурыздамаға қатысқанын жазады. Ол ескіше: 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21- наурыз аралығы.

 

 

1-айғақ. «Амал» үдерісін көктеммен байланыстырған ортаазиялық ақын Рабғұзи Насреддин «Көктем» өлеңінде былайша суреттейді:

Күн енді де Тоқтыға,

Қамалменен беттесіп,

Мұз бен қарды ерітті.

«Осы қыс болып па еді?» —

Таң қалған жұрт осылай десті.

 

 

Қазақтың Жыл басы – Наурыз. Алайда, бұл мейрамның Тоқты шоқжұлдызының темірқазығы саналатын Амал жұлдызына Күннің беттеуімен бірге Наурыз айының басталатынын ескермей келеміз. Бұл – әлемдік ғылыми мойындалған дерек. 14-наурызда (ескі күнтізбеде – 1- наурыз) қазақша Жаңа жылдың алғашқы күні таңын атырып, сол күннен бастап Көктемнің басы тоңды жібітетінін жайына қалдырдық. Қазақ өзінің мүшелдік жылын осы күннен бастайды. Биылғы Жылқы жылы орнын Қой жылына осы күні босатады.

2-айғақ. Ұлы Абай өзінің «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманына ұштастырады.

3-айғақ. Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбені жазып, астрономиялық кескінін келтірген суреті.

4-айғақ. Абайдың жазғытұры» өлеңінде аталып өткен Наурыз бен Көрісу суреттемесі:

 

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

 

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

 

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойыны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

 

5-айғақ. Шәкәрім Құдайберді атамыздың баласы Ахаттың естелігінде: «14-март,  ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні,-    дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлы іс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлы іс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар»

6-айғақ. Мәшһүр-Жүсіп: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым…, дәл сегізінші күн: «Мазар Шариф»-деседі. Біздің қазақ…«Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!»- десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қалдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен…»

7-айғақ. Ахмет Байтұрсынұлы: «Наурыз – қазақша жыл басы. Біздің Жаңа жылымыз – Наурыз, марттың басындағы болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынамен Жаңа жыл деп айтуға лайық», — дейді.

Шындығында, 13-наурызбен 90 күндік ескі жылдың қысқы маусымы бітетінін ескеріп, Күннің Амал жұлдызына беттеуі Жыл басымен сәйкестенуін «табиғи Жыл межесі» аталатын мерекемен жаңғыртқан жөн. Сонда, халқымыз 14-мен 22-нің аралығында Наурыз мейрамын толық мазмұнда бөлінбей-жарылмай мерекелеуге мүмкіндік алады, әуелгі тұтас танымымыз қалпына келеді.

Наурыз мейрамын Ұлттың Уақыт пен Кеңісті тану мен қадір тұту қабілеті ретінде әлемге қысылмай таратуға да болады. Оның үстіне оны ЮНЕСКО да мойындап, жақандық мереке ретінде насихаттауға шешім қабылдады.

Қорыта келе, 21-22-сіндегі Наурыз мейрамымен бірге, 14-наурыздағы Наурыз басы жоралғысын қоса қазақы Жаңажылдық мазмұнды атап өтуді қарастыру қажет. Ол үшін 23- наурыздағы орынсыз тағайындалған демалыс күнді «Наурыз басы» атап, 14- наурызға ауыстырып, ұлттың рухани салтанатын тұтастыруды шешкен абзал.  

 

 

Серік Ерғали

 

Белгіленді: 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Апрель 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Мар    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930  

Жоғарыға