
Ақтөбе облысында сүйегі бұзылмай жатқан Есжан болыс туралы аңыз көп. Оның денесін зерттейміз деп орыс ғалымдарының Санкт-Петерборға алып кеткені жайлы да айтылады. Есжан болыс сияқты ел игілігі жолында адал еңбек еткен тарихи тұлғалардың өмір жолы әлі де жете зерделенуі керек. Атқарылар іс әлі де көп. Архивтерден қарар шаруа жетерлік. Осы бір аузы дуалы болыс жайлы ел арасында сақталған жәйттердің бір парасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Есжан Әнербек баласы қазақ даласына енгізілген болыстық басқару жүйесі тұсында ел басқарған. Қазіргі Әйтеке би ауданына қарасты Талдық, Қайрақты өңірінде 9 жыл қатарынан болыс болған. Орысша оқыған, ел басқару ісіндегі әділдігімен, іскерлігімен танылған, заманында халықтың ықыласына бөленген екен. Сонымен қатар ескіше де білім алып, діни сауаты да болыпты. Мешіт те салдырған. Өлгеннен кейін оның денесінің бұзылмаған қалпы жатқанын көрген елдің үлкен қариялары ұрпақтарына айтып кеткен.
Есжан 18 жыл қатарынан 3 рет болыстыққа сайланған. Ол кезінде халық арасында ықпалы мол, беделді болған.Талай рет мал, жер,кісі дауларын бұрмаламай, әділдікпен тура шешкені жайлы ел арасына таралған әңгіме көп. Болыс болмастан бұрын да жас кезінде сауат ашып, Кепер деген болыстың писарь-хатшысы болып, ел басқару ісіне жаста-йынан араласқан. Кіші қызы Зибаның айтуынша, ол 1913- жылы қайтыс болған. Есжанның денесі жерленген қыстауының орны әлі күнге дейін сақталған. Таудан ат тіке түсе алмайтын өзеннің жағасында орналасқан бейіті мен мұндалап тұр. Өзеннің келесі бетіндегі баласы Қамардың қыстауының қабырғалары күні бүгінге дейін жақсы сақталған. Қыстаудан төменіректе «Есжанның терегі» деген де жер бар. Ол кезінде Башқұртстаннан әкеліп терек отырғызған. Көбейіп кейін қалың тоғайға айналған бақты, Кеңес үкіметі кезінде күзде малға жем-шөп, ақыр дайындаймыз деп 1977- жылы теректерді жаппай қиып алған. Сол кезде Талдық совхозында еңбек етіп жүрген Есжанның кіші қызы Зибаның баласы Әбдіжәми оған қарсылық білдіріп-ақ баққан. Оның айтуынша, Есжан отырғызған теректер кейін қайта қаулап бой көтерген екен.
Көз көргендер айтады
Есжан Бақсайыс, Талдық, Белқопа болыстықтарында болыс болған. Ол кісі ұзын бойлы, алып денелі, ірі тұлғалы еді деседі.
Аузы дуалы, айтқан уәжіне елдің үлкен-кішісі құлақ салатын. Оның үлкен баласы Досжан ертерек қайтыс болады. Кейін ұрпақтары «Болыстың тұқымы» деп көп теперіш те көреді. Балалары Қамар мен Тахау «халық жауы» ретінде ұсталып, сотталып, кейін соғыс басталғанда майданның алғы шебіне жіберіледі. Кеңес жылдары олардың тұқымдары қоқан-лоққыны көп көріп жасқанып өседі. Одан тараған ұрпақтар қазір Ақтөбе облысы мен Ресей жерінде тұрады.
Соғыс және еңбек ардагері Мұхиядин Отаралиннің әкесі Есжан болыстың бауырында өскен екен.
-Менің әкем Отаралыны Есжанның үлкен бәйбішесі бала етіп бауырына салып, 5 жасына дейін тәрбиелеген. Кейін ауырыңқыраған соң, баланы өз әке-шешесіне табыстайды. Сол кезде үйіміз Қарабұтақ жайлауында екен. Әкем Отаралыны Есжан жақсы көріп, қасына ертіп жүрген. Оған жақсы тәлім-тәрбие берген. Әлі есімде, 1930-32 -жылдары коллективтендіру кезінде, Ор бойындағы біздер Бала Талдықты қоныстаған Есжан атамның қыстауына барып қыстадық. Бейітіне әкемдер барды. Ішіне мені қорқасың деп кіргізбеді. Саман кірпіштен соғылған бейітінің есігі, босағасы сол кезде бүтін еді. Мен ол кезде 10 жастағы баламын. Әкемдер Есжан болыстың денесінің бұзылмай жатқанын айтысып ішіне түскен. Кеудесі тай жабағының кеудесіндей ірі екен,- дегенін естідім.
Кейін руы — Құлтас, Ораз, Манақов Сұлтан деген кісі «денесі бұзылмаған адам жатыр» деп жазып, соғыс жылдарынан кейін Ресейге Санкт-Петербурге ғалымдар алып кетті,- дейді. -Бертін келе, Есжан атамның бейіті тұсынан намаздігер уақыты болған соң, асығып өтіп бара жатыр едім, атым сүрініп кетіп, өзім құлап иығымдағы мылтығым басыма тиіп, соққыдан едәуір есеңгіреп қалдым. Содан бері, Есжан атамның бейітіне құран аяттарын бағыштап өтемін. Бірде шаруашылықтың 12 бас жылқысы жоғалып кетті. Кеңшар басшылары жер білесің деп, қасыма Наурызғали деген кісіні ертіп іздеуге аттандық. Жол-жөнекей Есжан атамның басына соғып құран бағыштадым. Сонда менімен құрдастығы бар Наурызғали әзілдеп, «Атаңнан дұрыстап сұра, іздегеніміз табылсын»,-деді.
Бейіттен 5-6 шақырым ұзаған соң алыстан бір қара ноқат көрінді. Сөйтіп, 12 бас жылқыны аман-есен кешке жақын ауылға айдап әкелдік. Өзімнің әкем де «түсімде Есжан әкемді көрдім. Жүзі жайдары екен, ісіміз дұрыс болар. Кейде қабағы қатулы қалпында түсіме енеді, мына ісіміздің соңы қиындау болар, деп үнемі айтып, іс бастар алдында әуелі Алла, екінші сол кісінің рухы риза болсын деп, құран бағыштап отыратын жарықтық. Ол әкесіндей болған жақын адамына деген ерекше сыйластығы, құрметі болатын. Мен де жыл сайын елге қадірлі болып, халықтың алғысына бөленген атамыздың рухына арнап, Алла жолында құрбандық шалып тұрамын,- дейді Мұхиядин Отаралы.
Болыстың ұрпақтары
Есжан болыстың үлкен баласы Досжан ертерек қайтқан. Қамар деген баласы көзі ашық, сауатты болған. Ол да әке жолын ұстанып, ел басқару ісіне араласа бастаған тұста 1937- жылы «халық жауы» ретінде ұсталып кетті. Мұхиядиннің әкесі Отаралы да «болыстың тұқымы» атанып ұсталып, Жармоладағы түрмеге қамалған. Ал, Тахау еңбек майданына алынып, содан хабарсыз кеткен. Бұлардың қыр соңынан «Халық жауының, болыс пен байдың тұқымы» деген атақ көпке дейін қалмады. «Есжанның ұрпақтары туралы білгенімді айта кетейін. Есжанның Қамар деген баласы 1888- жылы менің әкем Дәуітпен бір жылы дүниеге келген. Екеуі құрдас. Ол да әкесі сияқты ірі денелі, жауырыны қақпақтай, қапсағай, қара торы кісі еді. Ал, Тахау толық, төртбақ денелі болды. Сақал-мұрты қалың еді. Екі түйеге арба жегіп, шөп шапқанда дауысы зор, алыстан естіліп тұратын. Қайратты кісі еді. 1937- жылдары Қамар ұсталып кетті. Тахау да аз қуғын көрген жоқ.
Есжанның төрт әйелі болған. Ішінде әмеңгерлік жолмен алғаны да бар. Кеңес үкіметі кезінде оның ұрпақтары біраз теперіш көрді. «Үлкен үй» деген үлкен баласының бірі Қосжанның әйелі Ақсүйрік, Қамардың әйелі Сарықыз, Тахаудың әйелі Күлсім үшеуі кешегі репрессия, аштық, колхоздастыру, соғыс, соғыстан кейінгі жылдардағы бар ауыртпалықтарды өз бастарынан өткеріп, күйеулері «болыстың тұқымы» деп ұсталып кеткенде де, шаңырақтарын шайқалтпай, бір-біріне қамқор болып ұрпақтарын сақтап қалуға тырысқан. Тахаудан Сәлима, Молдағази, Күлтай,Әсима деген ұл-қыздар қалды. Есжанның немересі- Молдағазидың бірінші әйелінен қызы Ләйла, осы үш кемпірдің тәрбиесін көріп, өнегелі аналарынан тәлім алған. Ал, Молдағази болса, тың игеру жылдары әскерге кетіп, сол жақта екінші орыс әйел алып, содан кейін елге оралып ауыл шаруашылығында еңбек етті. Араға біраз уақыт салып, 80- жылдардың орта шенінде Сантк-Петербург маңына қоныс аударды. Одан Талғат, Хамза деген ұлдар бар. Ал, Тахаумен бірге туған Зиба 7 құрсақ көтерген. Оның Әбдікәри, Әбдіқани, Әбдіжәми деген балалары бар. Иә, бір шаңырақтан өрбігендер тағдыры осылай өрбіді,-деп жіпке тізгендей айтып берді.
Көп жылдар ұстаздық етіп, кейін діни қызметтер атқарған. Нарымбет Дәуітов деген ақсақал естелігімен бөліскен еді көзі тірісінде. Ол кезінде Жаныс бидің «Әнербек бай балалы бол» дегенде «Әнербектен адам болатын бала енді, жаңа туды-ау» деп айтқан сөздері ел аузында бар.
-«Есжан болыстың ел арасында беделі мықты болған. Оның Наурызбай, Мәмбетқұл деген атқосшысы болған екен. Жасы ұлғайып жүруден қалыңқыраған соң, сайлау комиссиясындағылар басқа адамды ұсынбақ болады. Сол кезде көптің арасынан шыққан азамат ертең ел жоқшысы болады» деп есептеген Есжан бұрыннан өзі танитын санитар Андрей орыстың бір баласына «Менің бір дауысым 30 дауысқа тең, солай есептейсің» деп, өз беделін салып Мәмбетқұлдың сайлауда жеңіп шығуына ықпал еткен екен. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Есжан әділ болған, ешкімге қиянат жасамаған. Өзі көзі тірісінде» менің бір ғана қиянатым болды» деген екен, сондағысы Кепер болыс ақ патшаның баласын қонақ еткенде алдынан табақ тартуға шыққанда, табақты болыстың қолынан алып өзі ұсынып, оның сыйлығын алған екен.
Есжан ел арасындағы түрлі дауларды әділдікпен шешіп отырған. Оған дәлел: Ел арасының шырқын алып, қарапайым жұртты дүрліктіре берген тентектерді тия білгендігі. Бірде ел арасына іріткі салып, ұрлық-қарлық жасай берген үш ағайынды жігітті Орынбордан адам алдырып, ұстатып жер аудартып жіберген. Сонда, «күндердің күнінде осы шешім алдымнан шығар» деп айтқан екен, бірде Орынборға жол жүріп бара жатып, өзімен үзеңгілес бір болыстың үйіне ат шалдырады, Қонақтың кім екенін білген әлгі болыстың ағасы: «Мынау келген кім? Ол өз туысын да аямаған» деп айып салады. Сонда Есжан болыс іштен тынып, бармағын шайнаған екен. Алайда, халқы оның шешімінің әділдігіне бас иіп құрметтеген,-деп әңгімесін қайырған болатын Нарымбек ақсақал.
Есжан туралы ел аузында сақталған әңгімелер
Ел арасында Есжанға қатысты талай аңызға тамызық болар әңгімелер көп айтылады. Солардың біразын жазып алған едік.
Есжанның ала аты
Есжан қанша ауқатты адам болса да, ылғи бір ғана ат мінетін болған. Өйткені, оның денесінің ірілігі сондай, басқа аттар оны көтере алмайды екен. Ел аузында «Есжанның ала аты» атанған аты ғана шыдас береді екен. Жасы ұлғая келе қос атты тарантас арба жегіп, соған отыратын болған. Талдықтың бойындағы Қақпақтас деген жерде Түлкібай деген кісі Ырғыз уезіне бара жатқан жолда:- Үйіме түс, қонақ бол,-деп шақырады.Сонда үйіңнің есігі қандай еді?-деп сұрайды. Келсе, үйінің есігінен қапталымен кіргенде әрең сыйған екен.
Омыртқа
Тіпті, оның бел омыртқаны тұтастай жұтқаны туралы да ел аузында әңгіме сақталған. Бір құрдасы оны сынамаққа бел омыртқаны құйрыққа орап асатады. Оны Есжан жұтып жібереді. Құрдасы кейін уайымдап жақын інілеріне қарап жүріңдер деп аңдытып қояды. Бір жеті өтеді. Ештеңе бола қоймайды. Кейін Есжан «Ісің бар болсын, белінен баспай шығар жерінде қиып кетті ғой» деген екен.
Үш бата
Тағы да ел аузындағы әңгімелерге қарағанда оның үш батасы қабыл болған екен. Екі ағайынды жігіт үйленіп, ұзақ уақыттан бері әйелдері құрсақ көтермей, сәби көрмепті. Перзентті болуды көптен күткен екі жігіт аузы дуалы Есжаннан бата алайық деп, жолын тосып жүреді екен. Оның батасы қабыл боп, кейін екеуі де балалы болыпты. Тағы бірде Орынборға бара жатқанда жолда ақбоз үй мен қараша үй тұрады. Ораза айы екен. Намаз оқып, ауыздарын ашып, сәл демалмақ болып, Есжан қасындағы серіктерімен ақбоз үйге түседі. Сонда үй иесі бай дұрыс пейіл танытпапты. Ал, малшысы болса байдан өзіне тиесілі бойдақ малын алып сойып, «құдайы қонақ» деп Есжанды құрметтепті. Қатты разы болған Есжан оған батасын береді. Кейін бай жұтқа ұшырап таяғын ұстап қалып, малшысы түбі дәулетті болыпты дейді.
Ел мұны Есжан болыстың батасының қасиеті деседі. Бірде Оспан деген атқосшысы екеуін сол атырапқа сыйлы хазірет тай сойып қонақ қылған екен. Сонда біраз ишан, молдалар: «Басқаларға қой сойып, мына кісіге неге сонша тай сойып ерекше ықылас таныта қалды екен»,-деп өзара әңгіме етеді. Сонда Хазірет:-Сендер мені адам алалайды демеңдер, мен тай сойсам ол құдайдың оған берген несібесі, ол тайлы кісі екен- деп уәж айтқан екен.
Құдықтағы түйе
Бірде ескі Қарабұтаққа келе жатса ауыл адамдары шегенделген құдыққа түсіп кеткен түйені шығара алмай қиналып жатқанын көреді де, мініп келе жатқан сегіз белдік тарантасынан түсе қалып, бел шеше кірісіп кетіп көпшілік жабылып шығара алмай жатқан түйені құдықтан бір өзі шығарып берген.
Бақыт Жаншаева















Жауап беру