Сіз мындасыз:

Мемлекеттілікке қатер төндіретін сыртқы жағдайлар
Мемлекеттілікке қатер төндіретін сыртқы жағдайлар

 

 

Қазақтың бірталай ру-тайпалары өзге де түркі тайпаларымен  бірге XV-XVI ғасырларда Сібір хандығы құрамында болған-ды. 1563-жылы бұл хандықты Шайбан әулетінен шыққан Көшім хан басқаруға кіріскен. Осы  шақта хандық аумағы Ертіс, Тобыл өзендері алабынан Орал тауларына дейінгі кеңістікті алып жатты. Ол әуелде Қазан хандығымен шектесетін. Қаһарлы IV Иванның Қазанды басып алуына байланысты, Сібір хандығы енді Мәскеу патшалығымен шекаралас болып шықты.

 

Мәскеу мемлекетінде алғашында кішігірім тұз кәсіпшілігін ашқан, сосын оны тез кеңейтіп, одан аң терісімен, өзге де тауарлармен сауда жасау жолымен ірі дәулет жиған, жан-жақтан жұмысшылар шақырып, түрлі құрлыстар салу арқылы өзіндік «мемлекет ішінде мемлекет» құрып алған атақты кәсіпкерлер әулетінің (Строгановтардың) жерін шығыс жағынан төнген «жабайылар» шабуылынан жалдамалы қарулы жасақтары қорғайтын. Строгановтар кәсіпшілігінің жерін кеңейту үшін, Қаһарлы Иоанн патшаның батасымен, Тас белдеуден (Оралдан) асып, Сібір хандығының батысындағы иелігіне сұғынған-ды. Алайда, олар жергілікті ру-тайпалардың қақтығыстардан тартынбай, жиі-жиі кері шабуылдап көрсеткен қарсылығына ұшырады. Сондықтан, Мәскеудің қолдауына арқа сүйей отырып, аталмыш кәсіпкерлер Еділ бойында қарақшылықпен шұғылданып жүрген казактардан «патшалықтың шығыс шекарасын кеңейту үшін» жаңа күш жинады. Олардың атаманы Ермакқа үлкен жасақ құрғызып,  оны оқ-қарумен жасақтады. Соғысқа қажет барша жарақпен жабдықтады. Сөйтіп, казактарды «Сібір патшалығын бағындырып, Орыс Державасына қосу үшін» жеңісті жорық жасауға мықтап дайындады.

 

Ермактың жақсы қаруланған 600 казагі Сібір әміршісі Көшім ханның әскербасылары бастаған жасақтармен 1581–1585-жылдары табысты жаулаушылық ұрыстар жүргізді. Ертіс, Обь өзендеріне жетіп, хандықтың ірі қалаларын алды. Сосын Сібірдегі соғыс барысын, әскери жетістіктерін баян етіп, кәсіпкер Строганов пен Қаһарлы Иван патшаға 1583-жылы жаушы жөнелтті. Қарақшы казактардың орыс жерін кеңейткен ерліктеріне дән риза патша оған сыйға қос дулыға жіберді. Ермак дулығаның екеуін де басына қабаттап киіп жүрді. Ақыры, 1585-жылғы жазда Көшім ханның адамдарының қолынан қаза тапты. (Қазақ ішінде сақталған «Сәтібек батыр» жыры оның өлімінен дерек береді).

 

Сол жылы Көшім хандығына келген Ораз-Мұхамед сұлтан екі жылдан кейін ұстазы Қадырғали бимен бірге орыс тұтқынына түседі. Сол 1587-жылы Тобыл мен Ертістің қиылысына  орыс патшалығының Сібірді жаулап алудағы басты орталығы ретінде Тобольск қаласы салына бастайды. Ыдыраған империя (Алтын Орда, Жошы ұлысы, Ұлығ ұлыс) орнында өзімен қатар ұйысқан  мемлекеттік құрылымдардың біразын батпақ пен тартпаға орналасқан шап-шағын Мәскеу князьдігі басаяғы бір мүшелдей уақыт ішінде басып алды да, басқыншылық аранын аша түсіп, осылай Жошы ұлысының ұлан-ғайыр аумағына қожайын болып шыға келуге бет алады. (Патшалықтың тарихшылары мұны кейін «орыс жерін жинау» ретінде бағалайды.  Бұл баға өміршең болып шығады, соны және сол мәскеулік мемлекеттік құрылымның отаншылдыққа балаған күллі жаулаушылық, басқыншылық жорықтарын ешкім терістемейді. Қуатты Мәскеу мемлекеті күштінің құқымен орнықтырған бір жақты ұғымдар бойынша, оның әрбір жаңа ел-жұртты басқыншылықпен жаулап алуы  сол жаңа боданына жасаған қамқорлығы ретінде насихатталады және осы ұстаным ұрпақтан ұрпаққа ауысқан сайын жеке-дара, жалғыз да дұрыс шындық ретінде санаға бекем сіңіріле береді).

XVI ғасырдың соңына қарай ойраттардың бір бөлігі (торғауыттар) Ертіс бойымен көтеріліп, Сібір хандығына орыс жасақтарымен бірге шабуылдар жасады. 1598-жылы Көшім хан елінен кетіп, хандық патшалық тарапынан толық басып алынды. Торғауыт-қалмақтар біртіндеп қазақ жерінің терістігі арқылы Еділге қарай өтті. Еділдің төменгі ағысында қазақтармен, ноғайлармен қақтығыстарға барып жаңа жерге қоныстанды. Кейін олар орыс қызметін қабыл алып, патшалықтың жауынгер жасағына айналады (жасалған келісім шарттар бойынша, патшалық қалмақты – Еділге келген ойратты – өз боданы деп есептеді, ал олар келісім шартты өздерінше түсініп, орыстармен тек уақытша әскери одақ құрдық деп санады).

Қалмақтардың өз отанынан көтеріле көшуінің себебін тарих дәл айта алмайды, ыңғайы, ішкі кикілжіңдердің үдей түсуі салдарынан болуы ықтимал. Қуаты артқан моңғол елінің басшылығына XV ғасырдың ортасында ойраттар келген. Олардың қытайлармен  сауда қатынастарына байланысты екі арада кикілжіңдер болып тұрды да, ақырында ойрат-қытай соғысын тудырды. Сонда монғолдардың іс жүзіндегі серкесі ретінде мойындалған ойрат Есен тайшы Қытайды мүлдем жаулап алуға ниеттенді. Ол моңғолдың Құбылай хан заманындағы Юань империясын жаңғыртуды ойлаған еді. Содан 20-мыңдық моңғол-ойрат әскері қытайдың жарты миллиондық орасан зор армиясын Туму деген жерде тас-талқанын шығарып жеңді (қытай тарихында ол оқиға «Туму апаты» деп аталады). Қытай императоры Ин Цзунды тұтқынға алды. Сосын, Есен тайшы әскери қимылды тоқтатып, қонысына оралды. Қорғаусыз қалған Бейжіңге шабуыл жасамады. Императорды қолға түсіруінің өзі  зор оқиға еді. Сондықтан, Есен қытай жағымен асықпай келіссөздер жүргізді. Мол олжа алудан дәмеленді. Алайда, Бейжиңді қорғауды ұйымдастырумен шұғылданып жүрген жас та жігерлі қытай әскербасы Юй Цзянь жығылмады. Тез арада таққа императордың інісін отырғызды. Сөйтті де, Есен тайшының тұтқын императорды сатып алу туралы ұсынысын кері қақты. «Императордың өмірінен ел тағдыры маңыздырақ» деп мәлімдеді.

Жоспары орындалмаған Есен сәтсіз жүргізілген келіссөздерден біршама уақыт өткеннен кейін, тұтқынында отырған қытай елбасын босатып, еліне достық көңіл-күймен шығарып салды. Одан, 1454-жылы өзін моңғол ханы етіп сайлатты.  Ол қолбасы ретінде Мин Қытайына ауыр соққы беріп, қытай императорының өзін тұтқынға алған. Шыңғыс ханнан кейінгі дәуірде төре емес әулеттен тұңғыш рет Моңголияның қаһаны болған аса көрнекті тұлға еді. Алайда, бүкілмоңғол ханы тағында Есен тайшы бір жыл ғана отырды. Өз еліндегі қарсыластары қолынан 1455-жылы  қаза тапты.

Есен тайшы дүниеден көшкеннен кейін оның империясы ыдырай бастады. Шығыстағы моңғолдар тайпа-тайпаға бөлшектеніп, ойрат империясынан бөлініп кетті. Осы шақта және одан кейін де XVI ғасырдың орта шені мен оның 2-жартысында қазақ хандары ойрат билеушілеріне қарсы күресте олардан едәуір басым түсіп отырған. Өйткені, бұл кезде ойраттар елдің өз ішіндегі алауыздық салдарынан едәуір әлсіреген болатын. Қазақтардың күштілігі және олардың ойраттарды бағындырғаны жайында Мәскеу патшасы Қаһарлы Иван өз елшісі арқылы біліп отырды. 1594-жылы оның ұлы Федор патшаға барған Тәуекел ханның елшісі де  өз ханын қазақтар мен қалмақтардың патшасы мәртебесінде  атады. Осындай жағдайлардың нәтижесінде, Есім ханның тұсында  сұлтандардың көбі ойрат тайпаларының ықтимал күш-қуатын елемеген еді.

Дегенмен, бұл жәйтке Есім хан мән беріп, елді ойрат тайпаларының шапқыншылығынан қауіпсіздендіру шараларын ойластырды. Оның саяси көрегендігінің, алыстан болжағыштығының арқасында қазақ жасақтары ойраттарға қауіптің алдын алатын соққылар берді. Соғыста айнымалы табысқа жетіп тұрған уақытша жеңістер өз алдына, Есім хан ойрат тайпаларын біраз уақыт өзіне бағындырды да. Дегенмен, бұл үстемдік баянды болу үшін қазақ елін құрайтын ру-тайпалардың бірлігін арттыра түсу маңызды еді.  Мұны Есім хан айқын ұқты. Оның ел басқаруды жетілдіру мақсатында жасаған  реформасы осынау аса қажет бірлікті көздеген болатын.

 

 

 

XVI ғасырдың соңына қарай ойраттар төрт тайпалық бірлестіктен құралды. Торғауыттар Табағатайдан шығысқа қарай созылған аймақта, хошоуыттар  қазіргі Дихуа қаласының маңындағы ауданда, дүрбіттер Ертістің жоғарғы ағысы бойында, чоростар Іленің  бастауында болды. 1528-жылы Есім хан дүние салған шамада ойрат тайпаларының бірігуге бет алған  үдерісі  басталған. Бірігу үдерісі қиян-кескі күрес үстінде жүрді. Есен империясынан бөлінген моңғол аймақтарын манчжурлар күшпен қосып алған да, 1616-жылы Цин империясын құрған-ды. Осы империямен кескілескен күрес барысында ойраттар күш біріктіру жолын іздеді.   

 

20-жылдардың соңы мен 30-шы жылдардың бас кезінде ойраттардың бір бөлігі Ертістің оң жағасына шоғырлана түсті. Ақыры, «Төрт Ойрат одағы» ұйымдастырылды. Оны «Төрт Ойрат мемлекеті» деп те атаған. Ал, ғылым әлемінде Жоңғар хандығы делінеді. (Қалмақ тілінен аударғанда, «жуң ғар» – «сол қол, сол жақ қар» ұғымын береді. Шыңғыс ханның кезінде ойраттар моңғол әскерінің сол қанатын құраған, сондықтан да осы фактіні жаңа мемлекеттің атауына шығаруды хош көрсе керек. Хандықтың жаңа атауына байланысты, ойрат пенделері жоңғарлар деп атала береді. Соған дейін де солай айтылып жүретін). Жаңа жоңғар мемлекетінің 1635-жылы сайланған алғашқы әміршісі Ердени-Батыр қонтайшы бірден қазақ жеріне шабуылға шықты.

Жоңғарлардың жаңа хандық құрғаннан кейін қазақ жерін жаулап алу мақсатымен жүргізген үздіксіз жорықтары Жәңгір ханның билік еткен кезеңіне сай келді. Жәңгір хан-Есім ханның ұлы. Есім хан 1628жылдың күзінде дүние салып, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі жанына қойылғаннан кейін көп ұзамай таққа отырған. Ол ойраттарға қарсы шайқастарға әкесімен бірге әлденеше қатысқан, батырлығымен көзге түскен, жекпе-жектерде салқынқандылықпен қимылдап, ұдайы жеңіске жетіп келген (қалмақта Жәңгірді жеңетін батыр болмаған), әрі бойы аласа, толық денелілігіне орай да Салқам Жәңгір аталып кеткен көрнекті тұлға болатын.  Ол ойраттардың қазақ еліне шапқыншылық жасай беру себебін жақсы түсінетін.  

 

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Апрель 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Мар    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930  

Жоғарыға