
Биыл елімізде тойланғалы отырған Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында біраз шаруаның басы қайрылғалы отыр. Соның бірі көптен бері Алаш баласының ойынан кетпей жүрген мәселе – Шыңғыс ханның 27-ұрпағы және Абылай ханның немересі, Қазақ хандығының соңғы билеушісі әрі 1837-1847-жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Кенесары ханның бас сүйегін іздеуді жалғастыру болып отыр.
Осыдан шамалы уақыт бұрын Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының мамандары қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының басын іздеу жұмыстарына мемлекеттік деңгейде маңыз беріліп отырғанын, іздеу жұмыстары жазға қарай қолға алынатынын айтқаны бар.
Бір қуанарлығы, бүгінде қазақтың соңғы ханы Кенесарының басын тауып, елге қайтару мәселесімен тек ғалымдар ғана емес ұлтжанды азаматтар да айналысып жатыр. «Хан Кенені қайтарамыз!» қозғалысы, «Кенесары қоры» секілді қорлар құрылып жұмыс жасап жатыр. Осыдан шамалы бұрын «Кенесары ханды қайтарамыз!» қозғалысының белсенділері Ресей Федерациясының президенті Владимр Путинге ресми түрде петиция жолдау мәселесін көтерген болатын. Мәжіліс депутаттары да қазақ ханының қасиетті басын еліне қайтару үшін арнайы топ жасақтап Ресейге аттандыруды ұсынған-ды. Ол үшін үкіметтен қаражат қарастырып, тарихшы-жазушылардан топ құруды, топқа Кенесары ханның өмірін терең зерттеген бір азаматты жетекшілікке бекітіп, оған Ресей үкіметімен келіссөз жүргізуге құқық беру мәселесін көтерді.
Бірақ, бұл жұмыстардың барлығы еш нәтиже берген жоқ. Айналып келгенде барлығы қаржылық мәселеге келіп тіреліп жатты. Кенесары қорының президенті, белгілі саясаткер Уәлихан Қайсаровтың айтуынша, қазақ қоғамының бабасының басын қайтару туралы бастамасын ресей тарапы жақсы біліп отыр. Бірақ қайтарғылары келмейді. «Кенесары Қасымұлы – қазақ халқының сонау Ұлытау жерінде ақ киізге отырғызып сайлаған соңғы ханы. Өкінішке қарай, елімізде әлі күнге дейін Кенесарының азаттық күресі өз деңгейінде айтылмай келеді. Кенесарыны ұлт азаттық жолында көтеріліс жасаған тұлға деп қана жырлаудан аса алмай жүрміз. Ол – шын мәнінде Қазақ мемлекетінің негізін құрған адамдардың бірі. Хан Кене қазақ қоғамына сол заманның өзінде-ақ кедендік қызметті пайдаланған.
Мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырып, дипломатиялық мақсат ұстана білген. Салық жүйесін қалыптастырған. Мұны бүгінгі таңда ешкім білмейді немесе айтқысы келмейді. Ол кісі – шын мәнінде қазақ мемлекетін құрушылардың бірі. Амал не халқының бостандығы мен болашағы үшін күрескен сол ұлы ханның бас сүйегі өзгенің қолында Ресейде жатыр. Бірақ нақты қайда жатқаны белгісіз. Осы мақсатпен Лондонға, одан кейін Мәскеуге барып қайттым. Мәскеуде Дума депутаттарының біразына жолығып осы мәселені қозғап көріп едік, олар бұл әңгімені қозғаудан саналы түрде бас тартты. Ресей үкіметі ханның басын жасырып, әдейі бермей отыр. Мұның астарында саяси мәселе жатыр. Оның үстіне өз ішімізде Кенесарының басының елге қайтпауына тілеулес адамдар аз емес. Олар Кенесарының басы қайтса, қазақтың рухы көтеріліп кете ме деп қорқады. Кенесарының басының құпияда ұсталуы да осы мақсатта болып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын қолыма құпия бұйрықтың көшірмесі түсті. Онда басты басқа жерге апарып қоюдың себебі жазылған: «В целях недопущения роста самосознания казахского народа. Голову вывести оттуда … и поместить туда … » деп көрсетілген. Бір бұрышында «совершенно секретно» деген гриф бар. Сондай-ақ, қолымда бабамыздың басын өз қолымен ұстап, қабылдап алып, акті жасаған адамның жазған мемуарлары да бар. Сонда жазылған: «Қазақ халқының ханы Кенесарының бас сүйегін өзім қабылдадым. Акт жасадым… Алайда, неге екені белгісіз, келесі күні мені зейнетке шығару туралы бұйрық шықты…» делінген. Кенесары ханның бас сүйегі Ресейде жатқанын дәлелдейтін бұл өте құнды құжат- 1957-жылғы шыққан Кеңес Үкіметі КГБ бас-тығы бұйрығының көшірмесі. Онда басты қай жерден алып, қай жерге сақтап қою туралы бұйрық жазылған. Бірақ оның қайда тұрғанын айта алмаймын. Әзірше құпия ұстап отырмын», – дейді Кенесары қорының президенті, белгілі саясаткер Уәлихан Қайсаров.
Өкініштісі сол, ресей тарапы бұл құжаттың да шынайылығына күмән келтіріп отыр-ған сыңайлы. Кенесары қоры атынан дәлел ретінде құпия құжаттың көшірмесін қоса салып, Кенесарының басы туралы ақпарат беру туралы бірнеше рет хат жолданған екен. Алайда «бұл жалған құжат» дегеннен басқа жөні түзу жауап келмеген.
Соңғы уақыттарда Кенесарының бас сүйегі Ресейдің Омбы облысының мұржайында сақталуы мүмкін деген деректер айтыла бастады. Осыған байланысты отандық ғалымдар бабамыздың басын Омбы, Түмен, Кемерово облыстық мұражайларынан, яғни, Батыс Сібірден іздеу керек деген ұсыныс жасап отыр. Алайда дұл деректің қаншалықты рас екендігі әлі белгісіз. Бұған дейін Мәскеу, Петербор қалаларындағы мұрағат, музейлерлеріндегі жан-жақты зертеу жұмыстары еш нәтиже бермеді. «Эрмитажда тұр екен» деген деректер де расталмады. Санкт Петербургтің атақты эрмитажында сақтаулы тұрған мыңдаған бастың ішінен Кене ханның басы табылмады.
Б.Нұрасыл, Астана














Жауап беру