
Сырдария облысы 1867 жылы 11 шілдеде шыққан «Дала облыстарын уақытша басқару жайлы уақытша ереже» негізінде құрылып Түркістан өлкесіне кіргізілген болатын. Оның көлемі 8595 шаршы миль, халқы 818479 адам («Түркістан өлкесінің статистикасының материалдары, 1872 жыл, 12 бет). Облыс құрамына Қазалы, Перовск, Шымкент, Әулиеата, Ташкент уездері мен Әмудария бөлімі кірген.Облыста қазақтармен бірге орыс, қарақалпақ ұлттары тұрады. Алғашқы төрт уездің негізгі халқы — қазақтың үш жүзінің өкілдері.
ҚАЗАЛЫ УЕЗІ
Сырдария облысының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Солтүстігі мен солтүстік батысында Торғай облысымен шектеседі. Батысында шекарасы Арал теңізінің жағасымен өтеді, оңтүстігінде Әмудария бөлімімен шектеседі, оңтүстік шығысында Перовск уезімен шекаралас. 1872 жылдың дерегіне сәйкес уездің жер көлемі 1610 шаршы миль, халқы 89966 адам («Түркістан өлкесінің статистикалық материалдары» 1872 жыл, 12 бет). Табиғаты мен климаты жағынан алғанда уез біркелкі. Сырдария өзені уез жерінің үстінен өткен кезде (оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа қарай) екі жағалауы қалың ну қамыс пен тоғайға толған, әрі қарай жартылай шөлді дала басталады. Уездің көлемінде Қызылқұм және Арал бойындағы Қарақұм аталатын құмды жерлер басып жатыр. Арал теңізінің қалың қамысқа толы жағалауы да байлыққа толы.
Жергілікті қазақ халқының негізгі кәсіптік шаруасы — экстенсивті тұрғыдағы көшпелі мал бағу. Сырдария өзенінің жағасында өмір сүретін аз ғана қауым егіншілікпен айналысады. Кедей және орташа тұрмыстағы қазақ шаруаларының Сырдария өзені мен оның салалық алқаптарында, жайылымдарында санаулы малға жететін ғана күнкөрістік мүмкіншіліктері бар. Олар жаз шығысымен Сырдариядан жүзіп өтіп ұзаққа бармай жаз жайлауға қонуға мәжбүр. Олардың жаз жайлауы мен қыстауларының алыстығы да онша емес, 5-10 шақырымнан аспайды. Бір көлден екінші көлге, бір құдықтан (суаттан) екінші құдықтың басына көшіп барып жаз жайлайды. Малы көп байлар ғана кедей туысқандарын көмекші, батырақ есебінде жайлауға ертіп Орынбор мен Сібір ведомстволарына қарайтын жерлерге баруға мүмкіндігі бар. Малы мыңғырған байлар отарларын оңтүстікке, Қызылқұмның құмдарына айдайды. Бұл жақтың қысы Сырдария алқабымен салыстырғанда жұмсақ, ауа райы солтүстікке қарағанда шаруаға қолайлы.
Х1Х ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтардың жайлауға көшу процесіне кедергілер көбейе бастады. Оған себеп – қазақ даласына капиталистік қарым-қатынастардың енуінің нәтижесінде қазақ қоғамының жіктерге бөлінуі, Х1Х ғасырдың аяғындағы Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ даласына көшіріп әкелуі де өз әсерін тигізе бастады. Қазақстанға орыс шаруаларын орналастыру жері құнарлы Торғай және Ақмоланың жерлерінде, яғни Сыр қазақтарының жаз жайлауға көшетін аймақтарында жүріп жатты. Жерге байланысты осындай шектеулердің нәтижесінде қазақтардың жаз жайлауға қоныстану қашықтығы қысқарып, олар амалсыздан отырықшылыққа, кейбірі көшіп жүріп егін егуге мәжбүр болды.
Қазалы уезінің аймағы Кіші жүздің руларынан, оның ішінде көпшілігі Әлімұлы, Шекті, Қарасақал, Төртқара, Шөмекей және Кетеден тұрады. Ең үлкен жер көлемін, Құланды түбегінен бастап (Арал теңізінің солтүстік-батысы) оңтүстік шығысқа қарай Қазалыға дейінгі жерді Қаракөл, Қостам және Райым болыстарында тұратын Шекті руының қыстаулары алып жатады («Түркістан өлкесінің статистикалық материалдары, Санкт-Петербург, 1872 ж, 1-шығ. Е.Т. Смирнов «Сырдария облысы» СПб, 1887, 321 бет).
Райым болысында Шекті руының өкілдері 73,6 пайыз, қалғандары Төртқара, Қаракесек, Қарасақал және т.б, рулар (олардың пайыздық үлесі
3-тен артық емес). Саны көп емес Қаракесек руының топтары Қаратал (Арал теңізінің солтүстік батыс бөлігінде) түбегінде өмір сүреді. Оларды Ырғыз уезінің Қабырға болысының аяқ жағы деуге болар. Мұнда Қаракесек руы халықтың басым көпшілігі. Олардан батысқа қарай Қазалы уезіне жататын жерлерде Төртқара руы иелік ететін аймақ басталып, олар Ырғыз уезінің Толағай, Теректі және Қызылжар болысына кіреді.
Қостам болысында шектілер 81,4 пайыз, Қаракөл болысында 50 пайыздан жоғары. Сүйтіп, Қаракөл, Қостам және Райым болыстарының халқының басым көпшілігі Шекті (75 пайызға жуық, 4693 үй) руынан құралады (Материалы для статистики Туркестанского края, 1872 ж. СПб, Шығ. 124-125 бет)
Қаракөл болысының құрамында (Қазалы қ. аймағында) 456 түтін Қаракесектің (14,8 пайыз) қыстауы бар. Әлімұлына жататын Шекті, Қаракесек және басқа бірнеше рулардың қыстаулары Құланды мен Қаратал түбектерінде, Сырдарияның жағасында және Аманөткел, Райым, Қаракөл, Жалаңаш деген жерлерде, Қамыстыбас, Мақпал, Тұщыбас көлдерінің жағаларында және Қосқұдықтан басталып Арал теңізінің солтүстік шығыс жағалауы мен Бозкөл шығанақтарына дейін жалғасады.
Сарытоғай болысының халқы (бұл болыс Шекті руының жерінің оңтүстік шығысында орналасқан) негізінен алғанда Төртқара (70 пайызға жуық) руынан тұрады. Бұл болыста сонымен бірге Шекті, Қаракесек және тағы басқа рулардың (0,9-н 3 пайызға дейін) өкілдері бар.
Төртқара руының қыстаулары Сырдария өзенінің бассейнін қамти отырып Қазалы қаласынан шығысқа қарай Төретамға дейін шашылып орналасқан. Сол аймақтағы көлдерді, Жуанқұм мен Қызылқұм құмдарын, Сарытоғай болысының оңтүстік бөлігіндегі құдықтарға дейін алып жатыр. Бұл ру өз құрамында 1184 түтінді қамтиды. Әрі қарай Төртқараның жерінен оңтүстік шығысқа қарай сан жағынан ең көп рудың бірі — Шөмекейлердің қыстаулары басталады. Олардың саны 5646 түтін. Шөмекей руының қыстаулары Сырдарияның төменгі ағысындағы жағалаудан басталып солтүстікке қарай Қараөзек өзеншігіне, Қарадүзген-Қабақ және Қарасу алқаптарына, Сырдарияның оңтүстігіне қарай — Тарнабай-Тегіс және Жосалы алқабына жетіп, Наурызбай, Жарма каналдарының жағасымен Төрткүл, Бестам, Тортоғай деген жерлермен жалғасып көптеген құдықтар мен жайылымдарды қамтып, Қызылқұмға дейін жетеді (Полевые материалы, КОЭЭ 1958 ж).
Шөмекей болыстарының шығыс жағалауында Байұлыға жататын Алтын руының 400 үйі көшпелі өмір сүруде. Уез аймағында Қарасақал руының 3 ауылы, барлығы 789 түтін көшіп-қонып жүргендігі жазылған. (Материалы для статистики Туркестанского края). Осы еңбекте жазылған «Қазалы қаласының төңірегінде бар болғаны 32 қарасақал түтіні көшпелі өмір сүруде» деген дерек жаңсақ.
Қазалы уезінің өңірінде Қожа руынан (қазақ даласына ислам дінін таратуға жіберілген өкілдердің ұрпақтары) 94 үй көшпелі өмір сүреді. Уездің оңтүстік батыс бөлігінде 39 түтін қарақалпақ көшіп-қонып тұрмыс шегуде. Сонымен бірге жоғарыда аталған еңбектегі дерек бойынша (Материалы для статистики Туркестанского края, 1872 ж) уез көлемінде 3 сұлтан, 11 төлеңгіт болды. Бұл сұлтандар, қастарындағы төлеңгіттерін ертіп Шекті руының арасында солтүстік-батыстағы болыстардың арасында көшіп-қонып жүрген.
Уезд ішіндегі әртүрлі ру өкілдерін пайызға шағатын болсақ, ол былай: Шекті – 40 пайыз, Төртқара – 15, Шөмекей – 30, Қаракесек -4, Қарасақал – 7, Қожа, Сұлтан, Төлеңгіт, Қарақалпақ – 4 пайыз. Қыстаулардан жайлауға көшудің бірнеше жолдары болған. 1- жол : Сырдариядан басталып Ырғыз уезінің Аманқұл болысының үстімен Егізқара тауына дейін; 2- жол: Ырғыз уезіне кіріп Толағай мен Қызылжар болыстарының жерлері арқылы Буратал және Ащыбұлақ өзендеріне дейін барған; 3- жол: Толағай болысы арқылы Үшқамты, Жарбұлақ, Қандай өзендеріне дейін:
Шекті руы жаз жайлауға Ырғыз уезі арқылы екі жолмен шығатын болған. 1-ші: Толағай, Аралғы болыстары арқылы Қызылжар болысына кіріп Ащысай өзеніне дейін; 2-ші: Арал теңізі жағасынан Сақпартөбе және Обалы тауларына дейін.
Шөмекей руы Қарақұмнан шығып Ырғыз уезі арқылы екі жолмен жайлауға шыққан. 1-ші: Солтүстік шығысқа жол тартып Тауық және Кенжеғара болыстарына жетіп Торғай уезіне кіріп Әйке көліне жетіп жайлаған. Сандары аз Қаракесек, Қарасақал сияқты рулар қай әкімдік қауымға кірсе, сол қауыммен бірге көшіп-қонып жүрген.
Айтқандарымызды қорытатын болсақ, аталған рулардың қазақтары солтүстікке, Ырғыз, Торғай, Тобыл өзендеріне, Мұғаджар тауларына Сырдария облысының шекарасынан өтіп Орынбор облысындағы қазақтар тұратын аймақтарға жайлауға шығатын болған. Арал теңізінің солтүстік батысында қыстайтын Шекті, Төртқара және Қаракесек рулары жайлауға Ырғыз бен Ембі өзендеріне және Мұғаджар тауына жеткен.
Сағат Жүсіп, Қызылорда
(Жалғасы бар)















Жауап беру