Сіз мындасыз:

Казак  қауымдастығы Қазақстанға қауіпті
Казак қауымдастығы Қазақстанға қауіпті

«Союз казаков степного края» дегені қандай ұйым?

Бұл қоғамдық бірлестік — әскери түс алған ұйым. Орыс империясының қолшоқпары, дала аймақтарын бағындыруды мақсат еткен, қырғын мен басқыншылық саясатты іске асыруының құралы болған казактардың сарқыты. Ата-бабаларының жолын ұстауды мақсат тұтқан казак тұқымдары. Бұл туралы толық мәлімет:

ҚР Әділет министрлігі «Союз казаков степного края» республикалық қоғамдық бірлестігін тіркегелі біраз жыл болды. Біздің оны қозғауымызға Россиядағы казак қауымдастықтарының бірлесіп, саясатқа араласа бастауы себеп  болып тұр. Ал оған орыс шовинистері де қосылған. Бұл үрдіс ұлғая берсе — ұлтқа қауіп. Себебі, Кеден одағының құрылуы казактардың  ТМД көлеміндегі күштерінің бірігуін жеделдетіп жіберді.

«Казактар қауымдастығы» бұрынғы Кеңес одағы аумағында белсенді жұмыс істеуде.  Әзірше Татарстан қатарлы бір топ республикалар мен орындар ғана тіркеуден бас тартып отыр. Желтоқсан айында Татарстандағы 4 шіркеу шабуылға ұшыраған болатын, ал Волжский казак қауымдастығының атаманы Иван Миронов Татарстан және Қазан Митрополиті Анастасиймен келісімшартқа қол қойып, Татарстан шіркеулерін қорғауды өз міндеттеріне алған. Бұл татар туысқандарымыздың  ызасын тудырған.

Шамасы, сол казактар енді «өздерінің қорғауына» қазақ даласын да алмақ. Себебі Нұрсұлтан Әбішұлына «құрметті Атаман» атағын берсе, Қызылжардың бұрыңғы әкімі Ерлан Арынға да бұл атақты ұсынып үлгерді…

 

Жоғарыдағы себептерді қаперге ала отырып, казак қауымдастықтары туралы қоғамның пікірін білуге тырысқан едік. Енді соған кезек берейік:

 

Серік Ерғали, мәдениеттанушы, саясаткер:  «Өз басым талай ұйымды тіркеген адаммын, мынадай кесір идеологемалы ұйым қалай тіркелгеніне 1997 жылдан бері қайран қалып келемін. Өзіміздің ұйымдарды тіркерде әрбір әрпіне қадалып, талай кері қайтарып жіберетін… Біздің мемлекеттік органдар сыртқы идеологиялық интервенцияны заңдастырып отыр! Патшалық Ресей қазақ жерінде мемлекет болмағанын дәлелдеу үшін, оны қу дала ретінде «край» атау арқылы «игеруді» әріден жоспарлағаны мәлім. Сол тарихты білмейтін, білсе де мемлекеттік саясатқа қарсы ұйымды тіркеу — масқара! «Ресейлік отандастардың» Қазақстанға қандай қатысы бар, оны қазақстандық ұйым неге өз мақсаты етеді, неге «қазақстандық отандастар» тіркесі жоқ?! Сонда казактардың көксеп отырғаны не? Бұл «одақтың» арведи.кз сайтын қарасаңыз «ресейлік отандастарға жақтасу» деген жымысқы пиғылды ашықтан-ашық насихаттап, басты іс-әрекетіне айналдырып алған. Сонда министрлік, ішкі саясат, прокуратура қайда қарап отыр? Идеологиялық сатқындыққа 17 жыл болыпты! 1991 жылы Ресейден 300 атаманның келіп, «отандастарын жақтау» үшін Жайық-казак республикасын жариялау пиғылын «Азат» қозғалысы тыйып еді, енді мемлекетіміз нығайып, толыққанды егемен ел болғанда мұндайға неліктен жол беріледі? Сонда елді идеологиялық ірітуді мемлекеттік органдар қолға алып отыр ма?…

Болат Мүрсәлім, саяси шолушы: «Біз көлеңкесінен қорқатын ел болдық. «Атаман» атағын мақтанышпен қабыл алу — «өзін қор тұту, өзгені зор тұту». Казак әскерінің Ресей империясы кезінде қазақ халқының қанын судай ағызғанын білесіз. Атаман Дутовтың «қазақтың 500 ұлт зиялысын өлтіріп, оның орнына қарны қампиған болыстарын билікке әкелсеңіз, Қазақ даласын емін-еркін билеп, төстеуге болады» деп, Колчакқа хат жазғанын білесіз. Жүсіпбектің «Ақбілегінде» қазақтың көрген азабы, Всеволод Ивановтың Мағжан аударған «Дитя» деген әңгімесінде казактың әңгіртаяғы қаны тамған шындығымен суреттелген. Казактар сотсыз, тергеусіз талай қазақтың табанын тіліп, итжеккенге айдатқан. Осының бәрін қазақ халқы қалай ғана жадынан шығарар? Ал, бүгінгі күнге келсек, унитарлық мемлекетте мынадай арнайы ұйым ашып беру — елді бөлшектеуге апарып соғатын үрдіс. Бұл үрдісті  тоқтату керек».

 

Қасым Аманжолұлы, саясаткер: «Біздің жігерсіз биліктен басқа әрекет күтудің өзі күлкілі. Олар қазақ мүддесін ешқашан қорғамайды. Тіркейді, қолпаштайды, қолдайды. Себебі,  өзі сатқын».

 

Айдос Жұқанұлы,  тәуелсіз журналист:

«Қазақтың төлеңгіті — төрелердің үй-ішін қорғайтын ғаскерлер.  Ал казактар — әр ұлттан құралған құрама әскер, Ресей патшалығының жендеттері. Қазіргі тілмен айтсақ, жалдамалы киллерлер. Қаншама қазақты қырып, ұлын құл, қызын күң етті. Олар ұлыс та, халық та, этнос та емес. Ал, тіркегендер Тәуелсіздікті бағаламайтын, сауатсыз біреулер болса керек. Тіпті тәуелді Татарстанның бірнеше ауданы оларды тіркемей қойған-ды. Лицензиясын қайтарып алған жөн».

 

Қуандық Шамахайұлы,  журналист:

«Казак дегенге әскери ұйым ретінде тыйым салу керек. Қаруланған, әскери арнаулы киім киетін жасақтарды заңдастыру кімге қажет болды? Жалпы, казак тұрмақ Әзірейіл болса да, өзі тұрған елдің заңына бағынады. Оларда қырып-жоюдан басқа қандай салт-дәстүр бар? Қорғанысқа кәсіби армиямыз бар. Сондықтан, тіркеудің күшін жоятын бір ғана бұйрық жетіп жатыр».

Нұрлан Сәдір, дәрігер, қоғамдық белсенді:

«Патша заманында әбден есіріп, басынған казактар осы жердің түпкілікті иесі – қазақтарды Ақ Жайығына жолатпай қойғаны мәлім. Шарасыздықтан сағы сынған ересектер бұған бойынұсынғанымен, ақылы кірмеген жас бала аяқ астында ағып жатқан айдынға шомылмай тұра ала ма? Сөйтіп мәз-мейрам болып, жағада шалпылдатып ойнап жүрген балақандарға казактардың қабақ түйгенімен, қол жұмсамағанына шүкір қылған ата-аналар қаннан-қаперсіз жүре береді. Бір күні Жайыққа жасаған кезекті «жорығынан» аман-есен келген бір бала мұрттай ұшып ауырады, тілі дұрыс шықпаған жас сәби нәр татпай, қызулап, азапты күйде жылай-жылай көз жұмады. Ажал себебін таба алмай ауылдағылар дал болғанда, бір ақсақал ғана қасіреттің қайдан келгенін байқайды. Алайда, қазақ пен казак арасында жанжал туып, күші басым жақтың кезекті жазалау шарасына себеп болармын деген қауіппен білгенін айта алмайды. Сол қария ішіне сыймаған сырын өлім ауызында жатқанда ғана ашыпты — Жайықты қызғанғаннан жарыла жаздап жүргендер ебін тауып, су басына келгіштеп жүрген сәбидің көтеншегіне көксеркенің майшабағын сүңгітіп жіберген екен. Балықтан хабары бар кісі оның жонында ұшы инедей қанаты барын біледі – жылпылдаған пәлені тар тесікке тығып жіберу оңай, шығару — ақырет. Байғұс бала құйрығына енгенде онша ауырсынбағанымен, үлкен дәретке отырғысы келгенде жаны шығып кете жаздайды – өткір қанат қадалады. Бірнеше реттен соң жанына батқан бала күшенуді мүлде қояды да, тоқ ішекке жиналып, тұла денені инфекциялаған нәжіс баланың азабы мен ажалына себепші болады.

Мен бұл оқиғаны қағаз бетіне түсіргенде ұлт араздығын өршітейін деп отырғаным жоқ. Халықтар достығы – қымбат қазына екенін білемін. Мен тек Ақжайық сияқты ақ маржанның ата-бабамыздың қандай қайғы, құрбандығымен келгендігін еске салғым келді».

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Өмірзақ Ақжігіт

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Жоғарыға