Сіз мындасыз:

Қызылордаға қойтас керек,  қойтасқа ақша керек
Қызылордаға қойтас керек, қойтасқа ақша керек

…Көктем қызылордалықтар үшін дүрбелеңмен өтеді. Іргедегі дария жыл сайын қауіппен қара аспанды бір төндірмей тыншымайды. «Ешкі әр қырыққан сайын бір өліп тіріледі» дегендей, Сырдағы мекеме басшылары да осы науқанда бұғақтары салбырап, бір жүдеп қалады. Кезекшілікпен Сырдариядан сыр баққандар, биыл да  ышқыр бауларын қолына ұстап зыр қағып жатқан жайы бар. Енді Алла ақырын бергей…


Сонау жылы Қызылорда ала тасқынның астында қалғанда ғалым Абай Садықов:

- Осыдан жиырма шақты жыл бұрын тау бастарында қату процестері  болған-тын. Мәңгілік шыңдардан мұз еріп төмен түспей қойды. Сондықтан біз су тапшылығының зарын тарттық. Енді  алдағы 15-20 жыл бойы еру  құбылыстары жүреді. Сондықтан елде тасқын жиі болады. Оған осы бастан дайындық  жұмыстары жүргізілуге тиісті. Қаржыны соған бөлу керек. Дария табаны тазартылуына қатты көңіл аудару қажет. Онсыз оңтүстік өңір қауіптен көз ашпайды- деген-тін.
Бірақ оған құлақ асқан басшылар болмады. Бүгінгі күнге дейін дария ауқымын кеңейтіп, табанын тазалау жұмыстары қолға алынған жоқ. Қаржының соры, елдің сергелдеңі.
Өткенде ҚР бас құтқарушысы Владимир Божко Сырға келді. Мұндағы жұртшылықтың жанайқайына айналған Жаңақорған ауданындағы ахуалмен танысты. Тасқын басылып, үрей сейілгенде  келді. Жағдай тұрақтанғандығын көрді, көңілі жайланғандай сөйледі:
- Бұл тасқыннан болған жағдай. Сондықтан Жаңақорғанды қар суы жайпаған кезде жергілікті атқарушы билік дер кезінде тиісті шара қолданды. Тасқынға тосқауыл болды. Шығынсыз өтті, — деп бір қойды мән-жайды облыстағы басшылардың аузынан естіген министр мырза өзі «анықтағандай».
Бірақ сол қар суы қаптаған тұсқа бөгеттер соғу шаралары туралы әңгіме қозғалған жоқ. Соған қарағанда, келесі жылдары жауын-шашын болмайтын шығар, Қаратауға қар енді қалың түспейтін шығар деп біз отырмыз.

Десе де «әкесі өлгенді  естіртеді». Биыл Шардара су қоймасы кеңірдегінен келіп тұр. Сырдағы сеңді қауіпсіз өткізу үшін кез-келген жағдайға дайындық барысына 271 млн 500 мың теңге бөлініпті. Бұл әлбетте бірер аптада  сеңмен  бірге «ағып» кететін қаржы. Жылдағы «әдет». Жылдағы «үрдіс». Бірақ, ескі арбаның дөңгелегі секілді сықырлап айналып келе беретін де, таусылмайтын тақырып та осы…

Жалпы облыс бойынша судан «шошынып» тұрған 26 қауіпті аймақ бар. Ал, облыс орталығына тікелей қиыншылық төндіріп тұрған 8 жерде дария иіні және бар. Мұздың кептелетін тұстары да сол маң. Міне, осындай қауіпті жылда бастан кешіп жатсақ та, жауапты мамандардың пікіріне құлақ аспаумен келеміз.

- Өткен жылдары мұз жарғыштардың өзін Шымкенттен қып-қызыл ақшаға әкелдік. Және оған әзір өзімізде маман жоқ. Оған да ақша төлеп, жалына іздедік. Жылда әбігер. Бірақ, одан сабақ алып жатқан жергілікті басшылар жоқ, -  дейді байырғы су маманы Әділбек Сарманов.

«Әркім өз байын жоқтайды» демекші. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та министрге әйтеуір бірдеңе айтып қалу үшін бе,сөз қозғады.

-Бізге тасқыннан қорғану үшін қойтас керек. Қала тұсындағы дарияның 7,5 шақырым жеріне өз күшімізбен, өз қаржымызға қойтас үйгенбіз. Енді  58 шақырым жерді қойтаспен қоршауымыз керек. Соған 2 млрд. 40 млн. теңге қаржы қажет, — дейді.

…Қойтас керек, оны алатын ақша керек. Керек, керек. Бәрі керек. Бірақ, дарияның бетін қоршауға қол жая бергенше, табанын неге қазбаймыз? Құм басқан иіндерді неге тазартпаймыз? Неге кәсіби деңгейі жоғары бағдарламаларды айтпаймыз? Күніміз қойтасқа қарап тұр ма, әлде оған бөлінетін ақша ма көкейді тесіп тұрған? «Бас десе құлақ» деуге неге құмармыз осы? Құласақ неге нардан құламаймыз? Анау келеді — ананы сұрайды, мынау келеді — мынаны сұрайды. Нәтижесіз нәрсе, қорытындысы көрінбейтін күйбең тірлік. Қойтас сеңге тосқауыл болатындығына қала әкімі кепілдік бере ала ма? Бұрынғы қала әкімі Қожахмет Баймаханов құм салатын қап жинатып қаладағыларды қажытып еді. Енді қойтас ….

-Бұл мәселені үкіметке де ұсынамыз. Бірақ төтенше жағдайлар министрлігінен қолдау керек — деп қоштайды кіші әкімді үлкен әкім  Қырымбек Көшербаев. Әрине ақша бөлгенді қай пенде жек көрсін?

Бұл жерде Сырдария жағалауының қыс аяғында «қылт» кете беретін жерлеріне нақты жұмыстар жасалуға тиісті. Тиянақты бағадарламалар қажет. Жылда ала-шапқын бола беру абырой бермейді. Сонымен бірге облыс аумағындағы осыдан 60 жыл бұрын соғылған бөгеттердің ауқымын қайта анықтап, жаңаша технологиямен жабдықтау қажет. Мүмкін, өзгертулер мен толықтыру құрылысын жүргізу керек шығар? Байырғы алқаптар қазір жойылды. Егістіктер аңызы азайды. Ауқымды арналарды құм басты. Көлдер көзден бұлбұлдай ұшты. Оның ұзын-ырғасы 130-дан асады. Сондықтан суды үнемдеудің жолын қарастыру керек. Көктемде келетін көп суды шашау шығармай қажетті көлдер мен бассейндерге тоғытып алу жағын әңгіме етсек, қала әкіміне қажет қойтас  жағы шешіле берер еді  деген сенімдеміз.

Жеткер Жүсіп, Қызылорда

Жариялаған: "Қазақия" газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Өмірзақ Ақжігіт

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Жоғарыға