
немесе Қытайда тұратын Нұрғабдолла Әбутәліппен сырласу
Астананы көріп, таң қалдым
Вагон толы адам болса да бес уақыт намазын үзбей оқып келе жатқан қартты көріп, шексіз риза болдым. Әңгімеге тарттым.
-Нұр-еке, сөзіңізге қарағанда, бұл елдің азаматына ұқсамайсыз. Жүзіңізден қазақылықтың иісі аңқып тұр. Сөз қолданыстарыңыздан да өзіндік ерекшелігіңіз сезіледі?
- Мен Қытай елінде тұрамын. Осы жолы Астанадағы бір бауырымыздың ұлы кенеттен қайтыс болып, қайғыларына ортақтасу үшін арнайы келдім. Араласпасаң жақын ағайыныңнан айрыласың. Бұл бір жағы мен үшін үлкен саяхат та болады. Шіркін, қазақтың жері өзінің ниетіне сай кең жазира ғой. Жол-жөнекей табиғатты тамашалап, көп жайды көңілге түйесің.
Елге барған соң да ағайын-туысқандар үйге жиналып: «Атамекеннен не көрдің? Кімдермен жүздестің?» деп ортаға алады ғой. Сонда баяндау үшін де біраз жайларды көріп, сезінуім керек емес пе? Қытайлықтардың бізге көзқарасы жақсы.
- Нұреке, біз, яғни, бұл жақтағы қазақтар да көршілес Қытай еліндегі өзіңіз секілді бауырларымыздың тағдырына қатты алаңдаймыз. Сіз қазір сол мемлекеттің қай аймағында тұрасыз?
- Бұл күндері біз Қытай Халық Республикасы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық районы, Санж облысы Құтыби ауданының орталығында ғұмыр кешіп жатырмыз. Бұл елді-мекенде қазақтармен қатар ұйғыр, дүңген және қытайлықтар тату-тәтті өмір сүруде.
- Дәл осы жерде бұл күндері қанша қазақтар бар? Олардың негізгі күн көрісіне тоқталсаңыз?
- Сауалың өте орынды. Қытайда жалпы қазақтар аз емес. Ал біздің Құтыби ауданының орталығында бұл күндері 22 мың қазақ тұрады. Күн көріс жайына келетін болсақ, баяғы атадан балаға мирас болып келе жатқан мал шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде қой, сиыр, түйе, ешкі, жылқы секілді түліктерді өсіреді.
Сонымен қатар, ол мемлекетте жалпы, бау-бақша өсіруге айрықша көңіл бөлінеді. Мысалы, кәдімгі егін, мақта өсірумен шұғылданамыз. Сондықтан олар еңбектің қадірін өте жақсы біледі. Бидай негізінен суармалы. Міне, осы салалардан табыс тауып, ондағы ағайындар бала-шағаларын асырап отырған жайы бар.
- Балаларыңызды оқытатын қазақ мектебі де бар шығар? Онда қайсы тілге артықшылық беріледі?
- Жалпы, біздің Қытай мемлекетінің басшылары аз ұлт өкілдері тілдерінің дамуына, мәдениеті мен тарихының өркендеуіне қамқорлық танытып келеді. Біздің Құтыби ауданының орталығында орта мектеп жұмыс істейді. Онда қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Мемлекеттік тіл қытайша. Шет ел тілдерінен ағылшынға ерекше назар аударылады. Себебі, әлемде бұл тіл әбден қалыптасқан. Қысқасы, мектеп оқушылары 11 жылдың ішінде көптеген тілдерді меңгеріп, таным көкжиектерін барынша кеңейте түседі.
Ал, өзіме келетін болсам, мектепке дейін бір ұстаздан арабша сауатымды аштым. 1962- жылы Үрімші қаласындағы техникумды аяқтадым. Содан кейін мұғалім болып, барлық пәндерден дәріс бердім. Соларға сабақ бере жүріп, өзім де кемелденіп, ұстаздық кәсіптің жастар өмірінде алатын орнына әбден көзім жетті.
Зейнетақымыз күн көруге жетеді
- Ол жақта азаматтар зейнеткерлікке қанша жастан шығады? Құпия болмаса, айына бұл күндері алатын зейнетақыңыздың көлемін де білсек? Соны да әңгіменің орайы келгенде қысқаша баяндап берсеңіз?
- Қытай елінде азаматтар 60 жаста құрметті демалысқа шығады.
Зейнетақы да жаман емес, мәселен, мен бұл күндері 3400 юань аламын. Теңгеге шаққанда ол 100 мыңның шамасында. Өзіме толығымен жетеді.
- Сіз өзіңіз де көзі ашық, көкірегі ояу жан екенсіз. Сонау 1991- жылы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары қандай күйді бастан кештіңіз? Соны да өз аузыңыздан естісем деп едім…
- Қытайда тұрсақ та атамекендегі барлық қуаныштарды естіп, төбеміз көкке жеткендей болып отырады. Шынында да қазақ елі егемендік алған кезде біз де шексіз қуандық. Атамекенге енді жол ашылатындығын сезініп, ондағы бауырлар бір-бірімізді құттықтастық.
Жалпы, біздің ата-бабамыз Қытай еліне осыдан 300 жыл бұрын барған екен. Сонда әбден бауыр басып қалдық. Дегенмен де, қазақ елі егемендік алып, көк туы көкте желбіреген соң ондағы бірқатар қандастарымыз Алматы, Шымкент, Астана, Талдықорған, Көкшетау секілді қалаларға көшіп келді.
- Өзіңіз жайлы біраз мағлұмат бердіңіз. Енді, отбасыңызға да тоқталсаңыз? Қанша ұл-қыздарыңыз бар дегендей?
— Иә, адам өмірінде отбасының алар орны ерекше. Бәйбішем Тойшанмен бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешіп келе жатқаныма да біраз жылдың жүзі болды. Құдайға шүкір, екеуміз үш ұл, үш қызымызға жұрт қатарлы тәлім-тәрбие бердік. Солардан 11 немере сүйіп отырмыз. Бәйбішем де өз дәстүрін жоғары ұстайтын қазақ қыздарының бірі. Ол кәдімгі сырмақ тоқып, текемет, алаша басады. Киіз үйіне керекті жабдықтарды өз қолымен жасағанды ұнатады. Тұрып жатқан өңіріміз таулы аймақ болған соң, адамдары да асқақ та өр мінезді болып келеді.
Қытайда тұратын бауырлардың ең басты арманы атемекенге оралып, перзенттерін ана тілінде оқыту. Ол жақта да отбасында барынша қазақша сөйлеп, өз дәстүрімізді құрметтеуді бір сәт те ұмытпаймыз.
Әрине, мұнда бәрімізге бір кезде көшіп келу де мүмкін емес. Әркімнің өз шаруасы, тіршілігі бар емес пе. Сондықтан бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін табатындығы даусыз.
- Сіз осымен Қазақстанға нешінші рет келдіңіз? Өйткені, баяндауыңызға қарағанда, бұрын да ата қонысқа ат басын бұрғаныңыз байқалады?
- Осымен атамекенге үшінші рет келуім. Осыдан екі жыл бұрын қазақ еліне ат ізін салып, ондағы қоныс аударған бауырлардың үйлерінде болып, мәре-сәре болғанбыз. Сонда байқағаным, олар өздеріңізге әбден үйреніп, жерсініп кетіпті.
Қазіргі заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысады екен. Қытайда тұратын ағайындар негізінен мейрамхана, дәмхана секілді істерге бейім. Сонан соң, мал шаруашылығын дөңгелетіп алып кетеді. Олардың арасында жоғары білім алып, өз саласы бойынша биіктерге көтерілгендері де баршылық. Осы мені шексіз қуантты.
Қазақстанның өзіне тән артықшылықтары
- Ақсақал, сіз өмір көрген жансыз. Осы сапарда біраз жайға қаныққаныңыз даусыз. Бұл жолы қазақ елінің өзгелерге ғибрат болар қандай ерекшеліктерін сездіңіз?
- Ең алдымен айтарым, Қазақстанның табиғаты тұнып тұрған сұлулық. Заңғар да биік таулары, сылдырап аққан бұлақтары, мөлдіреп жатқан өзен-көлдері, сыңсыған ну ормандары өзімді шексіз тәнті етті. Шіркін, ақын емеспін. Егер қаламгер болсам осы көргендерім мен түйгендерім жайлы қаншама көлемді кітап жазар едім.
Сонан соң, Алматының суы балдан да тәтті ғой. Егер ауылдарға шыға қалсаңыз жайылымдары қандай шүйгін десеңізші. Осындай жерде бағылып, күтілген жылқылардың еті де өте дәмді. Қымызын ішсең шөлің қанбайды. Осы жолы да ұлттық сусындарымыздан дәм татып, жаным бір рахаттанып қалды.
Қазақстанда Ислам дінінің ерекше өркендеп келе жатқандығы мен секілді азаматтарға қатты әсер етеді. Кешегі тәуелсіздік алған жылдары саусақпен санарлықтай ғана мешіттер болса, қазір олардың саны екі мыңнан асады. Астанаға ат басын бұрған кезімде күмбездері аспанмен таласқан Әзірет Сұлтан секілді мешітті көргенде ерекше көңіл-күйді бастан кештім.
Қай ұлттың болсын басты байлығы — оның тілі. Осыдан екі жыл бұрынғыдай емес, қазақ тілі де қолданысқа еніп, мәртебесі көтеріліп келе жатыр екен. Қаншама қазақ мектептері ашылып, жоғары оқу орындарында жастардың білім алып жатқандығы да жанымды жадыратты.
- Аға, ол жақта қазақ басылымдары да көп шығады деп естиміз. Атамекеннен қандай қаламгерлерді білесіз. Айтыс өнері десе делебесі қозатын ұлттан емеспіз бе? Осы жайлы не дейсіз?
- Әрине, кейбіреулер Қытайда қазақ тілінде басылымдар жарық көрмейді деп ойлауы да мүмкін. Мұндай кісілер қателеседі. Онда да ұлттық рухымызды көтеретін кітаптар және газет-журналдар тұрақты шығып жатады. Олар араб тілінде жарық көреді. Сондай-ақ, ән, би өнерлері де барынша дамыған.Иә, айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Біз де атамекеннен беріліп тұратын түрлі телеарналардағы бағдарламаларды асыға күтеміз. Мысалы, кешегі марқұм Оразалы Досбосынов, қазір араларыңызда жүрген Айтақын Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева және талантты әнші Мақпал Жүнісоваларды Қытайдағы қазақтар ерекше бағалайды.
- Сіз бос уақытыңызда немен айналысасыз? Апамыз да қазақтың бәйбішесіне тән қолөнерімен шұғылданатынын да бір сөзіңізде мақтанышпен айтып қалдыңыз…
- Рухани байлыққа ештеңе де жетпейді. Әсіресе, ұлттық тарихымызды жан-жақты қамтитын шығармаларды көп оқимын. Бұл орайды қазақтың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және Нығмет Мыңжан секілді біртуар қаламгерлердің туындылары әрқашанда жаныма жақын.
Әңгімелескен Оразалы Жақсанов




















Жауап беру