
Қазіргі заманда интернет жедел ақпарат алу құралы ғана емес, ол, сонымен қатар, пікір алмасу алаңына айналған. Сондықтан, іздеген адамға әлеуметтік желілер арқылы қоғамның көңіл-күйін, оның тамыр соғысын бақылап отыруға мүмкіндік зор. Жақында Өмірзақ Ақжігіт жеке парақшасында тәуелсіздікке төнетін қауіптің Ресей тарапынан ғана емес, Қытай тарапынан да бар екенін ескерткені сол екен, небір «көсемдер» оған қарсы дүр көтерілді.
Соның бірі: «Қазақ әлем бойынша батырлары жөнінен бірінші орын алады. Барлықтарың «мен ана батырдың, мына батырдың тұқымынанмын!» деп бір жерлерің шелектей болғанға мәзсіңдер! Батырлықты тілдің ұшымен емес, іспен көрсету керек! Сондықтан, бізге «орыс-қытай қауіпті» деген сөзді қойып, бас қосу, бірігу маңызды! Ауыз бірлігі жоқ халыққа бәрі қауіпті» деп ұран тастады. Одан әрі ол: «Бабалар тастап кеткен жердің қызығын ұрпағымыз көруі тиіс. Ол үшін біздер жауаптымыз! Сондықтан «аннан-мұннан қауіп бар» деген сыпсың жетесіздік. Ондай сөзді доғарып, әркім өз бала-шағасының аман-саулығын өзі ойлауға міндетті!» деп қысқа қайырыпты…
Иә, бұған не дерсің? Жалпы, адамзат мыңдаған жылдар бойы қоршаған ортаны ғана емес, өзінің ойлау тәсілдерін де тануға ұмытылумен келеді. Оны зерттейтін Логика ілімінің заңдары әлімсақтан ғылыми зерттеу обьектісі болып табылады. Логика туралы Аристотель мен әл-Фараби сынды ғұламалар түн ұйқысын төрт бөліп трактаттар жазған. Бірақ заман өте келе логиканың дамуына, қисынды сөздің құрметінің артуына қарамастан, адам эклектикалық ойдан бір сәт ажыраған емес. Сондай «эклектиканың» бір түрі аталған пікірталастан көрініс тапты. Жалпы, ондағы «эклектиктің» сөзінде жұртты шатастыруға жетелейтін нота болмаса − бұл әңгімені «әңгіме емес-ақ» де, қоя салуға болар еді.
Батырдан батыр туады
Тарих «әр заман өз батырын тудырады» дейді… Осы тарихи қисынға салсақ – бізге «батыр тұқымын» емес, «батырдың өзін» іздеу керек. Оның үстіне, бүгінде батырларға деген критерийлер де өзгерген. Оны мойындамаса болмайды. Қазір «замана батыры» ретінде, ең алдымен, қара күштен бұрын сұңғыла ақылы мен даналығы, ұлты үшін жан беруге даяр жүрегі бар жігіттер шығуы тиіс! Оған қоса, өзіміз бастан кешіп отыр-ған жүйеде «жеке батырлар» қорғансыз қалмауы да маңызды. Ендеше, қазіргі қазақ қоғамында заман талабы ретінде, біріншіден, зұлымдыққа қарсы күресте батырының соңынан ере алатын және «бір оқтық ғұмыры» бар батырын қорғай алатын хала-
йықты ояту міндеті алға шығады. Бүгінде оны «оятарлық күш» қаруда емес, қаламда екені – кімге де болса аян. Екіншіден, батырлар мен батырлық мінезді «өндіретін» орта керек. Осы екеуі болмай тұрып, қайдағы бір «ойда бар, сапта жоқ батырларға» бірігіңдер деп жалаң ұран тастау ақылға сыймайды. Халық – тобыр емес, Батыр – «дон кихот» емес! Сонымен бұл әңгімеден шығатын бір түйін мынау: «Біздің қоғамды шындықты айтудың өзі батырлық болып табылады. Кейбір асыл тұлғаларымыздың сол жолда өмірлерін қиғанын ұмытпайық. Ал, оған қарсы келіп: «Батырлар – бірігіңдер!» деп ұрандату – «халықты мәселенің мәнісінен алып қашу» болып шығады. Ондай сөздің сырты жылтырап тұрғанымен, түпкілікті мағынасында ол – «Халыққа деген сатқындық»!
Жағымпаздық жайлаған ортада батыр бола ма? Болмайды! Ендеше, қолына шоқпар орнына қалам ұстап, шырылдаған шындықты айтқан жанды «батыр емессің» деуге қалайша ауыз барады? Оларды «батырдың ұрпағымын, батырлыққа бар таласым» деп жүрген, кеуде қаққан атаққұмар көруді доғару қажет.
Қытайдан қауіп көп
Қазіргі заманда «шындықты айтудың өзі батырлық» болғанын көрмейтін көз – көрсоқыр! Мұндай – ерекше жаратылысты адамдар бір күнгі атақ-даңқ үшін емес, халқының болашағы үшін құмырсқадай күй кешуде. Керек десеңіз, олардың «Мен батырмын!» деп кеуде керуге де қолдары тимей жатыр емес пе?! Мысалы, Өмірзақ не басқа бір ұлтшыл-мемлекетшіл азамат айтпады екен деп − қара қытайдың қаупі жоқ боп кетпейді, ал «сары орыстың» құшағына өзіміз барып кіруге бет алдық… Ал мұндай шешімді қабылдаған саясаткерлеріміздің арасында «батырдың ұрпағымыз» деушілер аз ба? Олай болса, осы қауіпті айтып, көзге көрініп тұрған мәселені «көрмегендей болу» – керісінше, нағыз қорқақтың тірлігі! Мінеки, шындықты айтқанды жүгенсіздік деп санайтындарға айтарымыз осы. Ащы болса да − бұл да шындық!
Қазақтың бірігу мәселесі
Ол, тіптен, қазақ жеріне жұмақ орнағанның өзінде сол – өзекті мәселе күйінде қала береді! Ал «қазаққа қауіп бар демеңдер» деп шыр-пыр болатындарға «сыртқа шықсақ − батырмыз, үйге келсек – қатынбыз» дейтін батырдың өз сөзін өзіне кері айналдырып айтқаннан басқа амал таба алмадық…
Өмірге нақты шындық тұрғысынан қарасақ: шындық − Одаққа еніп кетуіміз! Бұл біздің қалауымызбен емес, бөтен жолмен жүзеге асты… Кезінде Одаққа енуге қарсы небір форумдар өтті. Оған біздің билік қатты кедергі болды да! Сол кездері сол форумдарда, құрылтайлар мен жалпыхалықтық жиналыстарда жүздеген ғана адамдардың қарасы жүрді. Ал, жалпы қазақтың басы бірікпеді. Бұл да шындық! Енді «Одақ мүшесіміз» Бұдан кейін «Одаққа қарсы біріге қоямыз» деу тағы да күмәнді, әрі, ондай бірігудің уақыты өтіп кетті. Сонда не істеу керек? Ендеше, бұл өмір сіз бен біздің (халықтың) қалауынан тыс өтіп жатқандықтан, қолдан келгенше әр нәрсені атын атап, түсін түстеп жазып отыру керек. Сөйтіп, ендігі жерде Одақ аясында «есемізді жібермеу» мәселесін алға шығару қажет. Оның ең бастысы: 1. Қазақтың бірігуі (батырлардың емес); 2. Ұлт ретінде шыңдалу. Осы мақсатқа жету үшін мына мәселелерді күшейту қажет: а)Тіл мәселесін бұрынғыдан да бетер талап ету; ә) Қазақ құндылығын, әдет-ғұрпын ұрпаққа сіңріу, яғни, ұлттық тілдің іргетасын нығайтуды жаппай қолға алу; б) Қазақ кәсіпкерлігі мен бизнесін жаппай қолдау және дамыту, оны қазақ мүддесіне бұру! Кезінде біздің биліктің орашолақтығынан біз ондай мүмкіндіктерді қолдан жіберіп алдық. Сөйте келе амалдың жоқтығынан халықтың тағдырын Ресеймен байланыстырдық. Ендеше халықтың өзі де қазіргі саяси тәуелсіздік тетігін мейлінше қолдана отырып, Ресеймен одақтасуды «ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ДАМУЫНА» қарай бұруды шұғыл қолға алу қажет! Біз, осылай, шыңдала түскен сайын — орысың да, басқасы да бізбен тең дәрежеде сөйлесетін болады. Кемсіте алмайды! Міне, мәселенің барлық мәні осында жатыр!..
Пікірталаста сөз соңын «Қазақия» газетінің белді қаламгері Қуандық Шамақайұлы былай деп түйіндеп берді: «Қазақ ешкімге иек артпайтын, дербес тәуелсіз еркін, көршімен де, әлемнің өзге елдерімен де тең дәрежеде қатынас жасайтын ұлттық демократиялық ел болуға тиіс. Ал, «сары орыс әкеміз емес − әріптесіміз», «қара қытай қожамыз емес –көршіміз» болуға тиіс. Тоқ етері осы, жігіттер!»,-деді ол. Бұған біздің де ешбір алып-қосарымыз болған жоқ.
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, Алматы





















Жауап беру