
Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы қаралып жатқаны белгілі. 2012-жылдан бері Үкіметте оралмандарға қатысты екі қаулы қабылданды. Ол — 2012-жылғы № 364 қаулы мен 2014-жылғы №111 қаулысы. Осы екі қаулы бүкіл Қытайдан келетін қазаққа қойылған бөгет болуда. Онда келетін еліңнен сотталмағаның туралы анықтама мен сол жердегі тұрақты тіркеуден шығып келуді міндеттейді. Бұл екі талап та Қытай заңына қайшы.
Қытайда мұндай анықтама беретін мекеме жоқ. Шетелге шығу паспорты сотталған адамдарға берілмейді. Қылмысқа тартылған адамға паспорт мүлдем берілмейді. Алайда, оралмандарды 2010-жылдан бері сергелдеңге салып қойған «Қазақстан аумағында тұрақты тіркелу» туралы ереже өзгермесе қаншама қандастардың тағдыры құм болады.
Қытайдан 2009-жылы Астанаға қоныс аударған Жұмабек Мұса 2010-жылы Алматы облысы Жаркент қаласының тумасына үйленген. 2011-жылы Әбілмансұр деген ұлды болған. Қазіргі таңда, Астана қаласындағы «Көк базарда» суретші болып жұмыс істейді.
Осы жылдың 19-қаңтарында сағат 17-де Жұмабектің жұмысына Ішкі істер қызметкерлері келіп ыхтияр хатын алып кеткен. Уақытша тіркеуге Астана қаласы, Өндіріс көшесі 3-үйге тіркеліп, алайда тұрақты мекен жайы Көкжелек көшесі 23-үйде тұрғаны үшін деген уәж айтыпты. Жұмабек Мұсаның іс-әрекеті Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабының 2-бөлігімен, яғни тіркеу кезінде көрсетілген мекен жайда тұрмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, оған мемлекет пайдасына 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 29730 теңге айыппұлды өндіруді Сарыарқа ауданының судьясы Б. Нұржан қаулы шығарған.
Жұмабек Мұса өзіне тағылған айыппұлды төлеп, ыхтияр хатты алуға келсе, оған Қытайға қайтарып жібереміз деп айтқан. Жұмабек Мұса Ішкі істер министрлігінің қауіпсіздік департаментіне арыз тастады. Көші-қон полиция-
сындағы топырлаған полковниктер бірде-біреуі жөні түзу әңгіме айта алмады, айтатындары «біз заңды орындап отырмыз» дегеннен әрі аспайды.
Көші-қон комитеттінің төрағасы (бір ауыз қазақша білмейтін) Серік Саинов мырза:
-Жұмабек Мұсаға Қытайға кетіп, қайтып келуіне әбден болады, басқа жолы жоқ, деген ақылға қонымсыз жауап айтты. Ақын Сабыр Адай айтпақшы, «әр қазақ — менің жалғызым», әрбір қазақ біз үшін керек емес пе?
13-ақпан күні Мәжілісте өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Самиголла Хамзаұлы Уразов:
— Келгендердің 70 пайызы жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Олардың саны бізде онсызда 2,5 миллионнан асады, деп, «бүйректен сирақ шығарды.
Елбасының «Қандастарымызға жол ашық, қазақтың жері кең. Көшіп келіп орналасамын деген жерін өздері таңдасын!» деген тапсырмасына тікелей қарсылық танытып, қандастардың ар-намысын таптап, отырған депутатты депутаттық мандатынан айыру керек деп ойлаймын. Осындай депутаттар қазақ халқының атынан депутат сайланып алып, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтамайды.
Жұмабекке ұқсаған қаншама қандастар тарихи Отаны Қазақстанға жете алмай жүр. Егер Жұмабекті Қытайға қайтарып жіберсек, оның бала-шағасын кім бағады. Әншейінде, қайдан келгені белгісіз кім көрінген, көлденең көк аттының алдында құрдай жорғалап, төрімізді ұсынамыз, ал алыстан екі қолына жүрегін ұстап «елім, жерім, қазағым», деп келген қазағына, арзымайтын азаматтықты сары майдай сақтап, беруге қимайтынымыз несі? Өткен жылы Қырымға бастырып кірген Ресей әскері 24 сағатта Қырымда тұратын 3 миллионға жуық халыққа көшеде отырып алып, Ресейдің паспортын таратып бергенін көріп отырмыз. Мемлекеттік мүдде деп осыны айтса болады. Сол Ресейден бәрін көшіріп алатын біздің шенеуніктер осындай игі істерді неге көшірмейді?
Жұмамұрат Шәмші




















1 пікір
20.02.2015 - 11:14
Казак елинин укиметине Калтасында акшасы бар бере билетин. Жеменкорлъкты атасынын мурасындай кастерлейтин коркак адамдар керек. Коркак болып коян болыо келип казынаннын тен жартысым копарып алып кететин сыбайласып жейтин иттер керек.