
Жалпы, дәл бүгінгі таң — қиялмен өмір сүретін уақыт емес. Бірақ, ән, Өмірқұл салған ән еріксіз қиялға батырады. Бір мұңаясың, бір қуанасың! Ғибрат аласың, қазақтың ұлылығын мойындайсың, сүйсінесің, үздігесің… «Ана, сен бақыттысың» деген әнін тыңдаңызшы:
Бармын ғой, тірімін ғой, қасыңдамын,
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Қалайша сүйсінбессің? Сүйсінесің. Осы екі-ақ жолмен, қазақ халқының асылдығын, өміршеңдігін ұқтырып тұрған жоқ па? Әнін айтсаңызшы, ғажап емес пе, оны тыңдаған Ана жүрегі қалайша елжіремеске!
«Бұрымды қыз» әні ше?
Бұрымды қыз! Бұрымды қыз!
Еске түссе қинайды-ай бұрынғыңыз.
Көңілімді өрлеткен, сезімімді тербеткен қылығыңыз.
Тыңдаушысын домбыраның үнімен тербетіп барып, көкке бір-ақ өрлетеді. Баз біреулердің әніндегідей: «Шашы ұзын қыз, қандай сұлусыз!», деп тамсанбайды. Алайда, қазақ қызының бұрымын, қылығын, сұлулығын көз алдыңа алып келеді.
Беу, Өмірқұл!
Жан табылар сені де айтар ән қылып,
Жүрегіңде жатқандай ғой ән тұнып!
«Ақбаянға», «Көзайымға» тәнті етіп,
Сезім құйдың жүректерге тұп-тұнық!
«Ақбаян» әні де сол. «Ақ жүрегім көпке аян». Осы бір-ақ ауыз сөзбен қазақ жігітінің кіршіксіз махаббаты жүректен жүрекке жетіп жатыр емес пе? Дәстүрлі ән құдіреті – қазақ халқының құдіреті екені, осыдан-ақ аян. Әнші жігіттің халқына ұсынар сыйы бұл ғана емес. Ол бірде әніменен ғашық жігіттің бейнесіне енсе, енді бірде «Жырласа жастар жырласын», «Елім-ай» әндерімен даналықтың кейпін киіп шыға келеді. Тағы бірде Ақтан Керейұлының, Наурызбек, Нартай, Сүгір, Нұртуған жыраулардың термелерін төге жөнеледі.
- Сіз бір сұхбатыңызда ата-әжеңіздің тәрбиесінде болғаныңызды және сабақты жақсы оқығаныңыз үшін 6-сыныпта сізді Қырымдағы «Артек» лагеріне жолдамамен жібергенін айтыпсыз. Сол кезде әжеңіз: «Мен босқа жатқан жоқпын, Өмірқұлымды «Архивке» жібердім», дейді екен депсіз. Әжеңіздің сөзі шындыққа айналып, кейінгі ұрпақ архивтерді ақтарып, Сізді іздеп жатса қазақтың дәстүрлі ән тарихында қай әніңізбен халық жадында ерекше сақталып қаламын деп ойлайсыз?
— Әжемнің өзі ауырып жатса да, менің сол Артекке барғанымды мақтаныш етіп, елге мені «архивке жібердім» деп айтқаны әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Ал, кәдімгі архивке келер болсақ, кейінгілер мүмкін мені іздер, мүмкін іздемес. Дегенмен, қазақтың дәстүрлі әндерін, жыр-термелерін жаңа сарында эстрадалық үлгіде қазақ сахнасында орындап жүргенімді көреген көрермен біледі дей аламын. Мұқағали айтпақшы, «біздерді де іздейтін жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз». Менің орындауымдағы Оңғар жыраудың термесі, Тоғжанның «Гөй-гөйі», Жиенбай жыраудың әні «Қыздар-ай», Ешнияз салдың «Дүрдаразы», Халық әндері «Гүлдариға», «Ақ жайнақ» пен «Сәулем-ай» т.б ән, термелер қалың қазақтың жүрегінен орын алды деп ойлаймын. Соның ішінде менің сахнаға аяқ басуыма жол ашқан Ақтан Керейұлының «Қалағандарың сөз болса» термесі болатын. Осы әндердің қай-қайсысының да қазақтың дәстүрлі әндер тарихында өзіндік орны бар. Біз де сол әндерді орындау арқылы болашақта архивтерден табылып қалармыз, деп ойлаймын.
Ай, Өмірқұл!
Білесің бе, жанарыңда бір мұң бар,
Көңіліңе қаяу салды қай мұндар?
Уақыт – төре, билікті сол айтады,
Көшкен бұлттай өтсін бастан ай, жылдар.
- Ата-әже тәрбиесінен кейін ана махаббатына, мейіріміне бөлене алдыңыз ба? Яғни, ашық түрде анаңызға еркелеуге мүмкіндігіңіз болды ма? Әдетте, ата-әже бауырындағы бала анасына еркелеуге ұяла ма, намыстана ма, әлде өкпелі бола ма, әйтеуір туған анасынан бойын аулақ ұстауға тырысады. Сіздің де басыңыздан осындай балалық сезім өтті ме?
— Мені ата-әжем өздерін «папа, мама» деп айтқызып, ал, өз әке шешемді «аға-жеңге» ретінде қабылдатып өсірді. Сондықтан мен өз анама өз баласындай еркелеп, мойнына асылуға ешқандай мүмкіндігім болған жоқ. Бұл ата-әжелердің негізгі қателіктері деп ойлаймын. Баланың ата-әжесінің бауырында өскені жақсы. Дегенмен де, әке-шешені мойындап өскен дұрыс. Мен әлі күнге дейін анамды «жеңге» деп атаймын. Ол кісі де мені «кемпір-шалдың баласы, әлі күнге дейін маңдайынан сипаған емеспін» деп отырады. Бұл ол кісінің үлкендерге, әруақтарға жасап жүрген құрметі деп білемін. Дегенмен, М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Б.Сәметовтың «Ана, сен бакыттысың» әнін анама арнадым. Бейнебаянында да анамның өзін түсірдік.
-Сіздің қасиетті дәстүрлі ән өнерінің иесі болып қалыптасуыңызға қандай орта себеп болды, әлде, қазақ әдебиетіне деген құмарлығыңыз Сізді қазақ әндерінің құдіретін мойындатуға септігін тигізді ме?
-Бұл сұрағыңызға да ата-әженің тәрбиесі мен ауылдың ортасын байланыстыра жауап беремін. Менің атам Әли жыр-дастандарды жатқа білетін, кез келген ортада дастандардың үзінділерін әңгіменің орайы келгенде ретін тауып, айтып отыратын адам болды. Ол кісі домбыра тартпаушы еді. Бірақ, осы дастандарды тақпақтап айтатын. Біздің елде ондай кісілерді «жаяу жырау» деп атайтын. Әлидің баласы Өтепберген де жас кезінде домбыраға әуес болды. Оның ішінде терме, толғау, дастандарды орындады. Міне, осы кісілердің сарыны кішкентайымнан құлағыма сіңіп өскеннен кейін, менің де дәстүрлі өнерге, оның ішінде терме, толғауларға деген қызығушылығым оянды деуге болады.
- Өткен замандарда ақын-жырауларды, сал-серілерді толғандырған күрделі мәселе – әйел теңсіздігі, яғни, уыздай бойжеткендердің 60-70 жасты алқымдаған қарияларға ұзатылуы болатын. Ал, бүгінгі таңда қазақ қыздарының басындағы күрделі мәселе деп нені айтар едіңіз?
– Бұл сұрағыңызға байланысты Зұлхияның әні есіме түсіп отыр. Былай басталушы еді:
Уылжыған алма бет қуарсайшы,
Жылай-жылай екі көз суалсайшы.
Бір жаманға қор болып кеткеніңше,
Өліп қана қыз сорлы уансайшы,- деп бұрынғы қыздар зарлаған екен. Ал, қазіргі заманда қыздарды қинап тұрмысқа беріп жатқан жоқ. Жастардың өз еріктерімен өз сүйгендеріне қосылуына мүмкіншіліктері бар. Бірақ «сүйдім, күйдім» деп қосылып жатқан жастардың шаңырақтары шайқалып жатқандығы жүрекке әсер ететін мәселе.
- Сізге ән таңдауда кім көмектеседі, кімдерден ақыл-кеңес сұрайсыз?
— Осы уақытқа дейін дайындаған репертуарымды өзім шешіп, өзім таңдадым. Әрине, қазіргі сазгерлерден де ұсыныс түсіп жатады. Ол әндерді де өзіме ұнаса ғана орындаймын.
- Ал, Сізді өзгелерден ерекшелеп тұратын сахналық киімдеріңізді таңдауда кімге жүгінесіз, әлде, өзіңіздің талғамыңызға көбірек сенесіз бе?
— Мен осы соңғы 10 жылдықта сахналық үлгідегі киімдерімді бір жерден ғана тіктіріп келемін. Ол Талдықорған қаласындағы «Ар» салон киім тігу орталығы. Онда Атлас Ілиясқызының көмегіне жүгінемін. Негізінен сол салондағы мамандарға көбірек сенемін. Әрине, өз ойымды жұмыс барысында жеткізіп отырамын, ол кісілер де менің ойыма қарап жақсы дүниелерді шығаруға тырысады. Орайы келгенде, ол кісілерге алғысымды білдіргім келеді.
- Сіз биылғы жылдың маусым айында бірқатар өнер ұжымдарымен Астанада болдыңыз. Сол жайында толығырақ айта кетсеңіз.
— Елордамыз Астанада көптеген концерттерге ат салысып жүрмін. Оның ішінде жақында өткен Сәуле Жанпейісованың шығармашылық кеші, Маралтай Райымбекұлының кеші, Қазақ сахнасының әншілерінің ортақ кештерінде және кеше ғана өткен «Қызылорда облысының Астанадағы күндеріне» қатыстым. Осындай іс-шараларға қолдан келгенше ат салысып тұруға тырысамын.
- «Қазақия» газетінің оқырмандарымен отбасыңыз және болашақ жоспарларыңыз туралы ой бөліссеңіз.
— Жұбайым Фарида «Әуез» мектебінде домбыра сыныбынан сабақ береді. Ұлым Нұртуған 8-ші сыныпты бітірді. Ал, жоспарларыма келетін болсақ, жаңа әндер жаздыру, жақында түсірілген бейне клипті жарыққа шығару болып отыр. Сондай-ақ, 2015 жылы Республика сарайында жеке концерт беруді жоспарлап жүрмін.
Ал, «Қазақия» газетінің ұжымын, әрі оқырмандарды Қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ораза ұстаған жандарға Оразаларыңыз кабыл болып, отбасыларыңызға Алланың нұры жаусын демекпін!
Гүлсара БАЙДАНОВА















4 пікір
02.08.2014 - 14:10
Өмірқұлдың сұхбат сұрақтарына берген жауаптарына қарап оның өзіндік көзқарасы, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мол екенін байқауға болады екен. Әр нәрсені тереңінен ойлап, өз пікірін айта алатын жігіт сияқты. Жарайсың, Өмірқұл!
02.08.2014 - 14:13
жігіт болсам да мойындаймын, Өмірқұл действвительно Сұлу, әрі вкуспен киінетін жігіт
02.08.2014 - 14:17
Гүлсара Байданова, маған Өмірқұлдың соткасын беріңізші, өтінемін!
02.08.2014 - 14:22
Мен сүйген қызымды осы әншіден қызғанамын!