
Жуырда АҚШ-тың Нью-йорк шаһарындағы атақты «Либерти» баспасынан ақын, аудармашы, публицист Бақытжан Тобаяқовтың «Қобыз сарындары» атты өлеңдер жинағы ағылшын және орыс тілдерінде басылып шықты, деп хабарлайды Қазақия.
2013-жылы ақынның «Звуки кобыза» деген кітабы қазақстандық орыс ақыны Любовь Шашкованың тәржімасымен Астанада шыққан болатын. Ағылшындық нұсқасын аудармашы Рүстем Мұса жолма-жол аудармамен жасады. Ал, аталмыш баспа директоры, өзі ақын әрі ғалым, американдық баспагер Илья Левков Бақытжанның орысша кітабын арнайы алдыртып, әдеби тәржімасын жасап шығарды. Тұсаукесер рәсімі үстіміздегі жылдың сәуір айында Нью-Йорк қаласында өткізілетін болды.
Бақытжан амеркандықтармен бұрыннан аралас-құралас, 2005-жылы оның аты-шулы 2001-жылғы Нью-Йорктегі қос мұнараның лаңкестікпен қирағаны туралы Сейілғазы Әбікәрімовпен бірге жазған «Джордж Буш және Әлем» атты кітабы шығып тараған. Үлкен қызы, медицина ғылымының кандидаты, доцент Балжан сонда уақытша дәрігер болып жұмыс істейді. Ақын досымыз 2012-жылы сәуірде АҚШ-та болып, біраз шаһарларын аралап қайтқан, соның ішінде Бостон қаласы ерекше, өйткені өзіне ыстық туған жерінің аты да Алматы облысындағы Бостан ғой.
Бір айта кетері, 2013-жылы «Либерти» баспасы қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтың қос томдығын басып шығарған болатын.
Әділбек Жақып, Астана





















Жауап беру