Сіз мындасыз:

Бай мен Кедей: Зор мен Қор
Бай мен Кедей: Зор мен Қор

Біз бай-бағлан мен жарлы-жақыбайдың айырмашылығын нысанаға алып, мәселенің қанды іріңін шығара жазып жүрміз. Алдағы уақыттарда да қаузайтын осынау талайлы тақырыпты қалай сараласақ та, бұл бай мен кедей ұғымы ұзын-қысқа, биік-аласа, жоғары-төмен, жуан-жіңішке деген теңеулерге теліне береді.

Екеуі де бір аспанның астында ортақ ауамен тыныстап, бір жердің үстінде жүр. Бай да адам, кедей де адам. Өзімсіне ыңғайласақ, екеуі де қазақ. Бай – Асан, кедей – Үсен. Кедей «бәленше атам бай, түгенше атам батыр, анау нағашым би, мынау туысым шешен болған екен» деп ентігеді. Ой-бо-о-ой, қанында сондай ақсүйектіктің жұрнағы болса, өзі неге қотыр лаққа, соқыр атқа жарымай отыр? Ал бай ол сияқты ата-тегін түгендемек түгіл, тілін де білмейді. Ұлықбек ақынша айтсақ, «тілін жұтқан тұнжыр»! Сөйте тұра, қарадан шықса да, бай!

Жазғытұрым екеуі де судың ортасында тірлік кешеді. Бірінің суы – тұп-тұнық, екіншісінікі – лай-батпақ. Өйткені, бай тамаша табиғат аясындағы көл-теңіздің қақ ортасында немесе жағасында орналасқан виллада болады. Ал Оңтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстарындағы кедей ауылдары тасқынның құрсауында қалады. Бай – мәз, ештеңе ойламайды. Кедей – зарлы, ағайын-туманың тірі қалуын тілейді.

Екеуі де шекаралас бір елдің ішінде киінеді, тамақтанады, ұйықтап, түс көреді. Бай киімді шетелдерден алып киеді. Сыртқа шығып келетін уақыты болмай жатса, өзіміздің супермаркеттерден лыпаның да ең қымбатын таңдап алады. Кедей құжынап қара базарда жүр. Өзі арзан киімді одан сайын «түсірсеңші» деп жалынады. Алып-сатарының да жарып жүргені шамалы. Әрі кетсе, орта дәулетті шаруа ғана. Сөйтіп, бастан-аяқ мұнтаздай киініп алды деген кедейіңіздің бір қапшық шүберегі байдың әлгі бір лыпасының да құнына жетпейді. Бай түстік тағамын аса қымбат мейрамханалардан қарны жарылуға шақ қалғанша ішеді. Кедей өз үйінен, кейде көрші-көлем, дос-жаран, туыс-туғандарының дастарқанынан асқазан алдарлық дәм татады. Оған үлгермей жатса, шағын дүкен-дүңгіршектерден жолақысынан артылған тиын-тебенге келетін бірдеңелер алған болады. Бай біз жарнамадан ғана көретін жайлы кереуетте керіліп жатып ұйықтайды. Кедей жерге салынған екі көрпенің ортасында бір уыс боп бүктетіліп немесе қолдан жасалған кереуетсымақта жамбасы тесіліп жатады. Бай түсінде шетелдік миллиардерлер мен АҚШ долларын көреді. Сондай болуды армандайды. Тауықтың түсіне тары, кедейдің түсіне бәрі кіреді. Бай жымиып, кедей күрсініп оянады.

Екеуі де «А» пунктінен «Б» пунктіне көлікпен жетеді. Бай жаңа маркалы шетелдік көлігімен зыр ете қалса, кедей «қоғамдық көлік» деп аталатын автобустарда сығылысып, қайда барса да кешіге береді.

Байдың балалары шетелде «оқып», кедейдің балалары өз еліндегі өгейдің күйінде жүр. Білімін дәлелдеу үшін де ақша керек, бірақ, сұралған соманы өңінде көретініне өзі өлгенше сенбес!

«Қазақ байыса, қатын алады» дегендей, бай – әйелге де бай. Кедейдің көбі тәні арзан жезөкшеге барып, ауру-сырқау-
дың түр-түріне шалдығуда. Емделетін қаржысы тағы жоқ. Нәпсісін арымен тежегендері жалғыз әйелінің жанынан шықпайды…

Тізбектей түссек, «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» мен «Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейдінің» синонимі көп. Қаптатып қайтеміз енді?!. Ең бастысы, өз ұлтын менсінбейтін қазақ байлары (еврей-жебірей сияқты сиықсыздарды санатқа алмағанның өзінде) халық қазынасын жапалақша басып жеуде. Ұлттық намыс, ұлағатты сөз дегендей керекті қисын кедейдің ғана пешенесіне жазылып қойғандай. Тұрмыстық бай – рухани жұтаң, рухани байдың тұрмысы нашар. Парадокс! Шерхан Мұртаза айтпақшы, «бір кем дүние».

Аң, құс, жануар, жәндік дегендей ет-сүйекті жаратылыстың бәрі де бірде аш, бірде тоқ. Жыртқыштары әлсіздерінің кәрі-құртаң, ауру-сырқауларын ғана аулап жеп, табиғат тепе-теңдігін сақтауда. Ал Алланың адамды олардан саналылау еткені – мына жалғандағы сынағы еді. Бірақ, кедейдің нәсіп-нәпақасы бірде бар, бірде жоқ. Байлар шалқып ішіп, шайқап төгуде. Осылайша қоғам тепе-теңдігін сақтай алмаған қазақтың жәндік екеш жәндік құрлы да болмағаны ғой! 

Бірде Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов депутаттар алдында есеп беріп, Қазақстанда кедейлік деңгейінің төмендеп келе жатқанын айтты. Дерегіне ден қойсақ, кедейлік көрсеткіші 2001 жылмен салыстырғанда – 7, 2006 жылға қарағанда 3 есеге төмендеді-міс. «Ең бай және ең кедей адамдардың арасындағы табыс айырмашылықтары соңғы 10 жылда 1,5 есеге төмендеді. Осының өзі жұртшылық жағдайының жақсарғанын көрсетеді. Қазір кедейлер көрсеткіші 6,5 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Ресейде – 12,6 пайыз»,- деп қарап тұр, бас статисіміз. Демек, арғы беттегі орыстан 40 мың зейнетақыға жан бағып отыр-ған менің әкем бай екен!..

Сол қисынсыз дерекке қатысты, депутат Гүлмира Исимбаева: «Аудан мен ауыл деңгейіндегі жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың саны қаншалықты? Сіздің мамандарыңыз аудан, ауыл көлемінде жұмыссыздар санын анықтаудың әдіснамасы жоқ екенін айтады. Есеп облыстар деңгейінде ғана жүргізіледі екен»,- деген мәселені төтесінен қойды. Оған керек деректі Смайылов та суыртпақтай алмады. «Біздің зерттеуіміз 21 мың шаруашылықты ғана қамтиды. Бұл – барлық шаруа-
шылықтың 0,3 пайызы ғана. Ал аудан мен ауылдарды қосу үшін 210 мың шаруашылық қамтылуы қажет. Бұған қаражат та, штат та керек. Әдіс-
теме бар, мәлімет жоқ»,- деп ақталғаннан басқа лаж таппады. Сонда, дәл осы шала дерегімен «жұртшылықтың жағдайы жақсарған» деген кесімді сөзге оның ауызы қалай барған?! Депутат Мұхтар Тінікеев те: «Мен Қазгидромет орталығы сияқты, статистикаға да сенбеймін! Сіздің мәліметіңіз – барлық мембағдарлама үшін база. Мәселен, шахтер-регресниктерді алайық. Олардың ең төменгі жалақысы – 200 мың. Мұндай көрсеткішті байғұс мүгедектерге әлеуметтік төлемдерді әдейі төмен төлеу үшін көрсетілген деп білемін. Сонда, бізге мұндай статистиканың қажеті қанша? Статмәліметтің барлығы шындыққа сәйкесе бермейді. Сіздің жауаптарыңыз нақты өмірден алшақ!»,- деп салды.

Бас статисттің басын сипап қалғанына қарағанда, оларға қазына қоржынынан жем бермеген билікте де кінә бар. Әйтпесе, жылда суға кете беретін Оңтүстік пен Шығыс Қазақстанның ауылдары ел кедейлерінің ең басында тұр. Жарық пен ауыз суға жарымаған Жезқазғанның елді мекендері мен бір-бірінен қарызға шелектеп ұн сұрап жүрген Торғай түкпіріндегі қазақтардың да жағдайы нашар. Есепті қымбат жиһазға толы кабинетте отырып дұрыс шығара алмаған санақшылар нағыз кедейді таппаса, шалғай аудан, ауылдардан шаң көрсетсін! Өйтпейінше, «ең бай және ең кедей адамдардың арасындағы табыс айырмашылықтары соңғы 10 жылда 1,5 есеге төмендеді» деп өтірікті суша сапырудың қажеті жоқ! Егер бай мен кедейдің нақты саны қатталып-шотталған болса, Қаржы полициясы мен салықшылар, басқа да құзіретті орындар жөн-жосықсыз семіргендердің табысынан зейнетақының, қарттар және жетімдер үйінің, жұмыссыздардың, ауыр жұмысқа жегілгендердің… осыларға тең жағдайдағылардың есебін айырып берсін! Одан дәу көкелердің дәулеті кеміп қалмайды! Жасыратын дәнеңесі де жоқ, небары 17-ақ миллион жұрттың арасындағы тақыр кедейлерді орта тап өкілдері етуге, баспана бағын бұйыртуға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді.

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ, Астана

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Апрель 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Мар    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930  

Жоғарыға