Сіз мындасыз:

Әлеуметтік желі — қауіп пе,  қажеттілік пе?
Әлеуметтік желі — қауіп пе,  қажеттілік пе?

Ақпараттық технологияның мүмкіндігі шарықтаған заманда ғаламтордың қауқары күн санап артуда. Интернеттің осы бір құдіреті әлемнің ақпарат кеңістігінде оң әсер еткенімен, жас ұрпақтың келешегіне тигізетін зияны да ұшан-теңіз екені айтылуда. Қолы қалт етсе болды, әлеуметтік желіге шұқшиятын жеткіншектеріміздің кез-келген уақытта көлденең көк аттының арбауына түсіп қалуы өте оңай. Пайдасынан гөрі зияны басым неше түрлі сайттарды шарлап, жағымсыз қылықтарға бой үйретеді. Мұның соңы қайда апарып соғады? Бір жағынан жан-жақты білімді ұрпақ өсіру үшін ғаламтор игілігін пайдаланбасқа болмайды. Сонымен әлемді жаулаған интернет жүйесінің қазақ болашағына пайдасы мен зияны қандай?

 

Бекен Сағындықұлы

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор:
— Әлеуметтік желілерден төнген қатерлі дерттің қаншалықты салмақты екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Соның ең бір сорақысы — өзінің туған тілін шұбарлап, ауызекі сөйлеу және қарым-қатынас жасау сауатсыздығын қалыптастырды. Бұл тек жастарға ғана емес, ғаламтор қолданушылардың барлығына қатысты мәселе. Мысалы, әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың көпшілігі бір-бірімен шолақ түрде сөйлейді. Осылайша сан ғасырдан бері өзінің құнарын жоғалтпай келе жатқан әдеби тіліміздің тұнығы лайланды. Жастарымыз қазақ әліпбиіне ғана тән төл әріптерімізді қолданудан қалып барады. Интернеттің бізге берген бір «игілігі» міне, осындай. Ендігі кезекте, қайтсек осының одан әрі терең тамыр жаюына тосқауыл қоямыз деген мәселе тұр. Бұл ретте жас жеткіншектермен тікелей жұмыс істейтін оқу орындарында тәрбие сабақтарын жиі өткізіп, зиянды тұстарын олардың санасына сіңіруіміз керек. Сондай-ақ, көшелердегі интернет орталықтарына баратындардың басым бөлігі мектеп оқушылары. Тілі шолақ, ойы таяз ұрпақ тәрбиелеп, ұлтымыздың болашағына балта шапқымыз келмесе, мұндай мекемелердің қызметіне заң жүзінде тоқтау салған дұрыс.

 

 

Майгүл САНСЫЗБАЕВА,  психолог:
— Мамандардың айтуынша, бала компьютерлік ойындардың қызығына 4-5 жастан түсе бастайды. Егер, осы уақыттан бастап жүгендеп үлгермесек, соңы есейгенде құмар ойындарына деген тәуелділікке апарады. Біздің елде ғаламтордан зиян шеккен балалар туралы анық дерек жоқ. Өйткені ел аумағында арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілмейді. Осы салаға жауапты мамандар айына немесе тоқсанына бір зерттеу жүргізіп, халыққа жеткізіп отыратын болса, ғаламтордан келетін қасіреттің қаншалықты екеніне жұрт көз жеткізер еді.
Ғаламтор беттерінде жарияланатын жағымсыз ақпараттар мен оқиғалар оқушы психологиясына кері әсерін тигізеді. Баланың ой-өрісінің дамуына тұсау салады. Әсіресе, көзді арбаған неше түрлі атыс-шабыс ойындары қызықты болып көрінгенімен, кейін оның мінез-құлқын жағымсыз жаққа қарай өзгертеді.
Өкініштісі, осының бәрін көріп-біле тұра қарсы шаралар қолдана алмай келеміз. Сондықтан мұғалімдер, ата-аналар және психологтар баланың компьютер алдында немен айналысып отырғанын қатаң түрде бақылауға алған дұрыс.

 

 

айбек қуандықұлы

Айбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ, блогер:
— Интернеттің игілігін бүкіл адамзат баласы көріп отыр. Тек соны өз мүддеміз үшін пайдаланып жүрміз бе дегенге тоқталу керек. Шыны керек, бізде ғаламторды пайдалану сауаттылығы әлі де төмен. Соның әсерінен көп материалдарды сүзгіден өткізбей, оның ағы мен қарасын ажыратпай жатып, өзімізге сіңіруге дайын тұрамыз. Екіншіден, өзгенің қаңсық дүниесіне қызығудан әлі күнге арыла алмай келеміз. Яғни, отандық интернет өнімдерін өз пайдамызға жарата білуді үйрену керек.
Қазір қазақ интернеті өзіне тән стиль қалыптастыру үстінде. Бірақ өзге бәсекелестермен салыстырар болсақ, айтарлықтай көш соңында келеміз. Жетілдіретін тұстары бар.
Қазір ата-аналар мен ұстаздардың көбі жас жеткіншектерді ғаламтордың маңына жолатпау жағын ойлайды. Бірақ, оны дұрыс пайдалану тұстарын қарастырмайтынымыз өкінішті. Үйінде ата-анасынан, мектепте мұғалімінен шектеу көрген бала міндетті түрде көшеге шығады. Яғни, бұл әрекет мәселені түбегейлі шешпейді.
Мәселен деген әлеуметтік желіні жастар жиі қолданады. Қазір соған қазақстандық балама сайт ұсынатын мамандар тапшы. Екіншіден орыс тілді қазақтар мен өзге ұлт өкілдеріне қазақтың тәрбиесін, танымын орысша жеткізетін сайттар мен әлеуметтік желілер керек. Бұл — ғаламторды ұлт мүддесі үшін пайдаланудың ең тиімді жолы деп білемін.

 

 

жұлдыз ыбытаева
Жұлдыз ЫБЫТАЕВА, Павлодар облыстық «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының өкілі:
— Қазіргі заманда ғаламторсыз ешқандай жұмыс бітіре алмаймыз. Тіршілігіміз соған тәуелденіп барады. Осыны мойындауымыз керек. Жастардың білімді де білікті, бәсекеге қабілетті болуын қаласақ мұндай жаңашылдыққа шектеу қоюға болмайды деп ойлаймын. Қазіргі жастардың бәрінің көзі ашық, білімді, сауатты. Сондықтан интернеттің пайдасы мен зиянын ажырата алады. Ақпараттық технология саласы күн санап дамып, өркендеген сайын оның зиянды тұстары азайып, пайдалы тұстары басым болуда. Қазір оқуымызға және жұмысымызға не керек болса, соның бәріне интернеттің көмегімен қол жеткізудеміз. Екіншіден, уақытымызды үнемдейміз. Әрине, әлеуметтік желінің шырмауына байланып, бар уақытын ысырап ететіндер де жоқ емес. Бұл әркімнің өз ойы мен санасына байланысты. Сондықтан, мүмкіндікті тек өз пайдамызға жұмсауды үйренуіміз керек.

 

 

Әзірлеген — Тілеуберді САХАБА

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

1 пікір
 

  • Қазақ елі

    27.11.2014 - 18:26 Ответить

    Әлеуметтік желі деген жақсы дүние емес. Ақылды адам интернетке емес, кітапқа, газетжурналдарға көбірек жүгінеді. осы желі арқылы біреулермен тез ренжісесің, ұрсасың. Қазақ халқы дана халық, интрентсіз ақ күн көрген, әлі де көруге болады. Хатхабарлама жіберу жағы әрине, жақсы. ал, басқа жағынан ол адамзат атаулыны бұзады, тіптен керек емес нәрсе

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Декабрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Ноя    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  

Жоғарыға