
РЕДАКЦИЯДАН: Ерлан Қаринді қазаққа таныстырудың қажеті болмас. Жастайынан өзінің қарымды қабілетімен жарық жұлдыздай жылуын төккен жас саясаткер біраз лауызымның да тізгінін ұстады.
Қашанда ойын тура да толымды жеткізетін жазушы-публицист Мыңжан БАЙЖАНИНнің ұлтшыл һәм рухты бауырымыз Ерлан Қарин жайлы болашағынан үлкен үміт күттіретін жып-жылы ой-тұжырымы Ерланның еліміздегі жетекші партиядан қызметтен кеткен күні жазылыпты…
Тағы бір ұлтшыл лауазымынан кетті. «Нұр Отанның» қатардағы хатшысы қызметінен…
«Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» деген, Елбасының маңайындағы есі бар, қазақи рухы тірі саусақпен санарлық бес адамның бірі биліктен алыстады…
Ырықсыз ба, құлықсыз ба беймәлім. Жарғақ құлақ: «Шетел асып, тәлім термек» дегенді естіді.
Ерлан Қарин – біздің «Хабар» телеарнасының төлі. Дариға әпкеміздің шалымды шәкірті. Тым биязы, болмысы бекем жігіт. Орысқолдығы да жасырын емес, әйткенмен, қазақилығы басым.
Опыра сөйлеп, омыртқадан шалмайды. Тікмінез, тәкәппардай көрінеді. Бұл – сыртқы перде, яғни, көзбояу. Шынтуайтында, Ерекең елінің езгісін терең сезінген сергек ойлы, тұңғиық толғамды тұлға.
Айбынды ханымыз Абылайдың 300 жылдығын ұмытпауға ұмсын жасау, алашорданың асыл мұрасына әмісе ынтық болу, Әлихан Бөкейхановтың қымбат қазынасымен «Алашорда» жинағын түзу – басым батылдық пен батырлыққа бейім бекемдіктен шығады. Ұлттың тарихына қатысты қыруар шаруалары Қаринді саяси қызметін ұлттық мүддемен ұштастыра білген «ұлттық саясаткер» санатына жеткізді.
Ерлан Қарин – оппозициямен тайталасып-тартыспай, талассыз тіл табысқан биліктің жалқы өкілі. Бос сөз, құр қоқан-лоққыға ұрынбаған, өтірік серт, жалған уәдеге жаны қас, шыншыл да шынайы білікті саяси менеджер, майталман саяси технолог.
Ірі саяси науқандар – Президент пен Парламент сайлауларын мүлтіксіз өткізіп, кіршіксіз жеткізген халықтың қызметшісі, ұлттың жанашыры. «Нұр Отан» халықтық партиясындағы бақандай 5 жылдық білікті қызметі, сөз жоқ, Елбасы сенімінің дәлелі.
…Әттең-дүние, үміт шіркін қырандай қайратты, көз жетпес көксеңгірді, белессіз биіктерді аңсайды…
Бірақ, қыранның арынын басып, қанатын шалатын жыландай сумаңдаған құрық бар: жолыңды кесіп, жоныңды теседі…
Терің қалың, тегің жалын болса, оқа емес…
«Үмітсіз – шайтан» ғана…
Мыңжан БАЙЖАНИН, жазушы-публицист

















Жауап беру