Сіз мындасыз:

Қоғамдық көлік қызметі қымбаттамады
Қоғамдық көлік қызметі қымбаттамады

Астана қаласының жұртшылығы мен жазғы демалыс сәтінде елордаға қыдырып келген қонақтар өткен шілде айының соңғы апталарында қоғамдық көлік қызметі құнының бағасы қымбаттайтындығына байланысты өрттей қаулаған әңгіменің әсерінен айыға алмай, әрі-сәрі күй кешті. Себебі, жел сөз мемлекет басшысының туған күнімен орайлас аталып өтілетін шаһардың мерейлі мерекесі қарсаңында қаулап барып бір басылған-ды. Кезекті қаңқуды жұртшылық әлдебіреулердің ойлап тапқан өсегіне балап, мән бергісі келмегенімен жолаушылар тасымалдайтын автобустардан қолында зейнеткерлік куәлігі мен айлық жолақы билеті немесе төлем жасаудан әлеуметтік жағдайына байланысты босатылған арнаулы топтардан басқа ересек адамдарға қоса балаларға арналған бір реттік билет қағазын (жыл басында 5500 теңгеге көтерілген) таратпастан үлкендерден 60, балалардан 20 теңге жиналғанын көрді.

Бұл жағдайдың себебін сұрағандарға кондукторлардың жауабы дайын екен. «Қала бойынша билет жоқ. Таусылып қалған көрінеді». Осыдан кейін ойланбай көріңіз. Болжам шындыққа саятын сыңайлы. Адамдардың арасында әр алуан пікір таразыланып, болашақ бағам тартысқа түсті. Алғашқылары тамыз айының бірінен кейін үлкендер 100, он төрт жасқа дейінгі өрендер 60 теңге төлесе, бір айға жарамды ересектер жолақы билетінің құны 5800 теңгеден 10000-нан әрі асатындығын аптыға айтты. Келесі тарап автобус паркі басшылары мен жолаушы тасымалдайтын бригадалардың қарапайым көпшіліктің қаржысын қақшып қалудағы кезекті құйтырғылығына балайтындықтан бәрін балағаттауда. Жергілікті әкімшілік пен басқа да жауапты орындар халықтың арасындағы қобалжыған көңіл күйді сезінбегендей, ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Тамыз айының басталуын асыға күткендердің көбі айлығының аздығына алаңдайтындар еді. Сол күні жұмыс орнына қоғамдық көлікпен жету үшін қалтасына бұрынғыдан біраз артық ақша салып шыққандар, бағаның сол күйінде өзгеріссіз қалғандығына қуанды. Билет қағаздары да шектеусіз таратылуда. Демек бұл тариф құнының өзгеріссіз қалғандығының айғағы. Бірақ бұл тосын сыйдың мәнісін түсіндіріп беретін шенеунік тағы табылмады. Қалай десек те астаналықтар монополист компанияның кезекті қыңыр қылығына қорланып, алданғанына арланды.  Шенеуніктердің айтуынша, елордасында 60-65 теңге болып тұрған тариф 2008 жылдан бері қымбаттамаған. Сондықтан жолақы бағасын 40 теңгеге, яғни 66 пайызға қымбаттату жоспарланған. Жаңа тарифты есептеп шығарған жұмыс тобының кейбір мәліметтеріне сүйенсек, ересектердің билетін 100 теңге, ал балалар билетін 40 теңге шамасында белгілеу ұсынылып, жеңілдікпен жүретін азаматтар үшін бұрынғы мөлшерін өзгеріссіз қалдырылмақ. Шын мәнінде үлкен автобустарда – 106 теңге, ал шағын автобустарда – 114 теңгені құрайтындығын мамандар анықтағаны айтылуда.

Рас елордасындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың тарапынан жанар-жағар май мен қосалқы бөлшектер бағасының шарықтауына байланысты тариф  құнын көтеру қажеттілігін ұсынып, құзырлы орындардың қарауына өтініштер жолдағанын журналистер жылда жазатын. Мәселен қала әкімінің блогына осыдан үш жыл бұрын жергілікті оқырманның “1-шілдеден бастап  қоғамдық көліктердің жолақысы көтерілетіндігіне байланысты түсіндірме алғым келеді. Бұл әңгімені   кондукторлардан естідік. Олардың  айтуынша,   жолақы 85 пен 100 теңгені шамалап қалады. Бұл мәселе бізді  қатты толғандырып отыр, себебі шаһарда жолақы  онсыз да арзан емес”- деген сауалына елорда басшылығының “Астанада қоғамдық  көліктерде тарифтердің көтерілетіні туралы ақпарат шындыққа сай емес. Тарифті   арзандату  туралы да сөз  болған емес”,  — деген ресми жауабы “Қазақпарат”  агенттігі арқылы (30.06.2011ж) баршаға тарады.

2012 жылғы қазан айының 18-інде жергілікті басқару билігі тұрғындар сауалына жауап беру барысында қоғамдық көліктер қызметінің қымбаттайтындығы жөніндегі қауесетті тағы да жоққа шығарғаны елдің есінде. Астана қаласының жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы ұсынған ресми мәлімет бойынша, тасымалдау қызметін сегіз көлік кәсіпорны жүзеге асыратындығы атап айтылған. “Әр күн сайын жолға 778 автобус шықса, 585-інің — сыйымдылығы үлкен, 192-сі — орташа. Қалалық бағдарлардың ұзақтығы жалпы алғанда 2 442 шақырымды құрайды, олар бойынша күн сайын 515 мыңға дейін жолаушылар тасымалданады. Ағымдағы жылдың басынан бері жолаушылар көлігі кәсіпорындары 83 жаңа автобусты сатып алды. Биылғы жылдың аяғына дейін қосымша 20 автобусқа дейін сатып алу жоспарлануда”- делінген елорда әкімінің блогындағы жазбада.

Былтырғы күз айында жолақы бағасының қымбаттайтындығы кезекті мәрте көтеріліп, жұртшылықтың арасындағы негізсіз қауесетке қаладағы №1 автобус паркі акционерлік қоғамы басқармасының төрағасының елордалық апталықтағы сұхбаты нүкте қойған-ды.

— Бүгінгі таңда барлық жолаушылар кәсіпорындары көп шығынға батып отыр. Себебі, жанар-жағар май бағасы өсуде. Дөңгелектердің және автобустарға қажетті басқа да бөлшектердің бағасы қымбат. Осының салдарынан шығын көбеюде. Сондықтан, тарифті өсіру қажеттігі туындағаны рас. Бірақ, жолақыны қымбаттату керектігі жөнінде мәселе көтерілгенімен, әзірше ешқандай шешім шығарылған жоқ, — деді ұжымның жетекшісі Сергей Богатырев.

Маңғаз монополистер сан алуан себепті алға тартып, халықтың есебінен байыған үстіне шалқығысы келсе, қала әкімшілігі бюджеттік қаржы мен демеушілердің инвестициясын ортақ мақсатта біріктіру арқылы жолаушыларға жайлы жағдайлар жасап, жағдайдың жедел жақсаруын жоспарлауда. Таратылған мәліметке сүйенсек, елордасында таңертеңгі сағат 6.00-ден түнгі 23.00-ге дейін ерсілі-қарсылы тоқтаусыз жүйткіген қоғамдық көліктер 750 мың жолаушыны тасымалдайды. Бұл — тұрғындардың 33 пайызы. 2016 жылға дейін әкімдік бұл көрсеткішті 970 мыңға, яғни 47 пайызға жеткізбек ниетте. “Typsa” еуропалық компаниясының жобасы сынақ түрінде  енгізілген.  IVECO маркалы газбен жүретін 350 жаңа автобусты биыл жеткізу келісіміне қол қойылған. Және екі коммуналдық парк салынып, жүргізушілердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы орталық құру көзделген.

Талайдан тартысқа түсетін тақырып төңірегіндегі жағдай уақытша белгілі болғанымен, жыл сайын бір сарынды жауап беруден шаршағандай ресми орындар тарапынан әңгіменің анығы айтылмады. Күздің күні көлік қызметі құнының күн қабағындай күрт құбылмасына кім кепіл?! Осыған орай қарапайым көпшілік құзырлы басшылардың нақты жауабына жалтақтап жүр.

 

Нұрлан МЕРАЛЫ, Астана қаласы

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Декабрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Ноя    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  

Жоғарыға