
Жалпы бүгінде қазақ емес, бұл Қытайға бүкіл әлемнің күні қараған сыңайлы. Олардың қоқыс-тан жасаған құрылыс заттарын тышқанша тасыған ел, ентігін әлі басқан жоқ. Қыс қатты болса да жабылмай, жанына батып жатса да сол есік пен терезесіне құмар, бұл қазақ. Бүрге қаптаған күрткесін киіп болды. Пойызына мінді. Автобустарына тауықша тиеліп жүр. Бірақ, өздері ештеңе шығармаса да, қысық көздерден қоңды қазақстандықтарға олардың пойызындағы жатын жері мен қоғамдық көліктегі орындығы сәл тарлық жасап жүр. Ал өзбек әкәлар ұшақ пен көлігін өздері шығарып сыртқа сатқалы қа-а-а-ашан?!
«Өлім құдайдан, тамақ байдан» деген ел едік. Қазір астың атасына айналып жатқан жайымыз бар. Қазақстанда ақша көп, самаурынға тамызық қыламыз ба? Болмаса қарызға ала береміз. Сыртқы қарызымыз «Қырық болса, қырық бір» болар көп болса.
Енді қайтпекбіз? Мал баға алмасақ, егін еге алмасақ. Тасимыз сырттан. Болса да Қазақияда Қытайсыз сауда сөресі жоқ. Дастарханымыз оның мәзірінсіз жайылмайды.
- Қазақстан Қытай шекарасындағы «Бақты» кеден бекетінен алты айдың ішінде жалпы салмағы 25,6 мың тонна құны 30,3 млн АҚШ долларына татитын көкөніс, жеміс-жидек әкелінген,-дейді облыстық кеденнің баспасөз хатшысы Бақыт Орданова.
«Бақты» кеден бекеті арқылы өтетін азық түліктердің негізі 22 пайызы картоп, джем алма, бұрыш, баклажан және жуа өнімдері. Мамандардың айтуынша, «Жасыл дәліз» заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған. Ешқандай кезекке кептелмейді. Орташа уақыт бұрынғы 240 минуттан 69 минутқа қысқарған. Қысқасы Қытай өз өнімдерін өткізу үшін барын салуды біледі. Біреудің қаңсығы, бізге таңсық.
Жеткер Жүсіп, Қызылорда





















Жауап беру