
Павлодар қаласында қоғамдық көліктерді пайдаланушы жұртшылықты жылдар бойы мазалап келген бір мәселе бар. Ол – сыйымдылығы аз, төбесі төмен «Газель» маркалы автокөліктердің жайсыздығы. Мұның бейнетін тұрғындар жұмысқа баратын таңғы және үйге қайтар кешкі уақыттарда көреді. Сыйымдылығы 10-15 адамға ғана шақталған «Газель» шағын автобустары жолаушылар үшін өте ыңғайсыз. Орындықтары аз, әрі тар көліктің қызметіне қатысты шағым да жиі түседі. Сығылысқанда тіпті есіктері де жабылмай қалып, барар жеріңізге мазаңыз қашып, зорға жетесіз.
Жолаушының көптігінен ішке ене алмай, жолынан қалып жататындар қаншама?! Таң атысымен жұмысына жетуге асығатын жұрт үшін нағыз қиямет-қайымның өзі. Қаланың кейбір шағын аудандарына үлкен автобустар мүлдем жүрмейтін себепті тұрғындар қолайсыздыққа төзуге мәжбүр. Қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын «Газель» маркалы автокөліктер былтырғы жылдың желтоқсан айына дейін түгел шеттетіліп, орнына сыйымдылығы кең шағын автобустар (жоғары комфортабельді «Мерседес» көліктері секілді) шығарылуы тиіс еді. Бұл туралы құзырлы мекемелер мен көлік кәсіп-
орындарының мамандары хабарлаған болатын. Алайда ол жоспар толығымен жүзеге аспады. Көшелерде «тапал» «Газельдер» әлі де қызмет көрсетуде. Павлодар қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі көлік секторының бас маманы Мадина Жұмабаеваның айтуынша, қазір қала ішіндегі қоғамдық тасымалмен айналысатын 104 «Газель» бар. Оның 55-і «Таксомотор» ЖШС-не, 45-і «Жолаушылар көлігі альянсы» ЖШС-не, 4-і «Оптимист» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне қарайды. Ал, былтырғы жылы жаңадан қызмет көрсетеді деп жоспарланған 215 қолайлы шағын автобустың 145-і ғана жолаушы тасымалдауға уақытында шығарылған. — Павлодар қаласындағы маршруттар желісін оңтайландыру бойынша конкурс жарияланған болатын. Нәтижесінде «Көлік және коммуникация» ғылыми зерттеу институты жеңімпаз болды. Олар алдағы 9 ай бойы қаладағы көлік кәсіпорындарымен бірлесіп, қоғамдық тасымал қызметін ретке келтіреді. 2015 жылдың 1-ші қаңтарына дейін барлық «Газель» маркалы автокөліктер қолайлылығы жоғары кіші «А» класты автобустарға («Мерседес» секілді) айырбасталуы тиіс, — деп сендірді Мадина Талапкерқызы. Ал, «Таксомотор» ЖШС-нің өкілі Юрий Анистратов жуырда ғана кәсіпорынға сыйымдылығы үлкен 15 шағын автобус жеткізіліп, жолаушылар тасымалына шығарылғанын айтты.
Құзырлы мекеме өкілдерінің сөзінше, 2015 жылдан бастап, облыс орталығында қоғамдық көлік қызметі едәуір жақсарады. Десе де, бұл өзгеріс өткен жылы енгізілуі тиіс болса да орын алмағанын айттық. Бұл жолы мәселенің қаншалықты оң шешілерін уақыт көрсетеді.
Айгүл АХМЕТОВА, қала тұрғыны:- Біз тұратын Мүткенов көшесімен үлкен автобустар жүрмейді. Сондықтан, ыңғайсыз болса да «Газель» маршруттық таксиіне отыруға тура келеді. Бірақ, барар жерімізге жеткенше әбден қиналып, төзіміміз таусылады. Қала басшылығы мен көлік кәсіп-
орындары осы мәселені қолға алып, қолайлы автобустар шығарса деп тілейміз.
Тілеуберді Сахаба, Павлодар



















Жауап беру