
«Қазақияның» өткен жылғы желтоқсандағы кезекті бір санында Қалкөз Жүсіптің «Теңге тағы құнсыздана ма?..» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланған болатын. Онда теңгенің неге құнсызданатыны мен сол құнсыздануға бірден-бір себеп болған бүгінгі жаһанды жайлаған дағдарыс жағдайы сөз болады, әрі осы «Дағдарыстан қалай құтылуға болады?» деген сауал төңірегінде тоқталып өткен. Осы орайда біз де аталған тақырып аясында өз пікірімізді айта кеткенді жөн көрдік.
Әрине, теңге туралы тәп-тәуір сөз айтуға болатын ба еді, тәйірі: теңгенің тасы етекке, доллардың тасы өрге домаламаса; Келімбетовтың сөзінің кері келмесе! Күні кешегі жиырма пайыздық жоғалтуды өткен жылдың еншісінде қалды десек те, халықтың бас банкирден көңілдері қалған. Оған қоса тауар бағасының етегінен де ұстатпауы, коммуналдық төлемнің күн санап, өсіп келе жатқаны – бәрі де қараша халыққа қат-қат қайғы болды.
Мұндайда, қашанда «Өтірікшінің шын сөзі зая» екенін дәлелдеп келген Ұлттық банк (ҰБ) төрағасы Қайрат Келімбетовтің сөзіне жүгінбей өту мүмкін емес. Үкіметтің дедолларизация туралы шешімі қабылданған тұста айтқан оның «ақиқаты» тіпті қызық (дедолларизация – экономикадан долларды ығыстыру – Қ.Қ.)! Оның айтқанына тағы бір мәрте «сенер» болсақ: біз анау-мынау жерде емес, «валюталық дәлізде» тұрғанға ұқсаймыз.
Онда да біз сол аталған дәліздің қақ ортасында ел қатарлы батып-шығып, батып-шығып жүр екенбіз. Өткен жыл соңындағы әлемдік сарап бойынша: сенімсіз, құнсызданған валюта қатарында Ресей рублі мен Украина гривнасының тап жанына төл теңгеміздің жайғасқаны күлкіңді келтіреді. Бұл жерде бізден әлгі «ерегескен екеудің» жыры бөлек: атыс-шабыс бар, ондай жерде көл-көсір шығын да бар дегендей. Ал батыс салған санкцияның салқыны тіпті – бір төбе! Сонда бұлардың қасында біздің жыл өтпей девальвациядан қылп берген ұлттық валютамызға не жорық?
Осындайда, ҰБ басшысының тағы сол: «Менің ойымша, бізге маңызды фактор – ол мұнай бағасы. Біз жіті қадағалап тұрамыз, алайда бүгінгі күнде біз айырбас бағамының күрт өзгеруіне жол бермейміз деген ойдамын, соған ұмтыламыз», – деген сөзі еріксіз еске түседі.
Құнсыздандырмаса, ұлттық валютаны тежеп ұстап тұру экономикаға ауыр
Жуырда ғана Баспасөз конференциясында Макроэкономикалық зерттеулер орталығының (МЗО) директоры Олжас Құдайбергенов: «Біз Ұлттық банкке ұлттық валютамыз — теңгені ай сайын 1 теңгеге құнсыздандырып отыруды ұсындық. Мен әзірге біз ұсынып отырған шараларға Ұлттық банктің қалай қарайтынын білмеймін. Егер ол бұларды қабылдаса, онда бағам жылдың соңына қарай 195-196 теңге болады. Басқа сценарий аясында қандай бағам болатынын мен болжай алмаймын», – деген болатын (Қазақстан-ZAMAN, №5(1029) 5 ақпан 2015).
Бұл арада Құдайбергенов айт-қан «басқа сценаридің» жөні: айына бір теңгеден емес, орайы келгенде «оңдырмай құлату». Ол үшін, теңгенің құнын бірліктен емес, біржола ондық есебінен құнсыздандыратын Келімбетов айтса – болды, бітті! (бұлай айтуымызға: шенеуніктің девальвация болмайды деген 2014-жылдың ақпандағы 1 АҚШ долларының құны 155,5 теңге болып тұрған жерінен 185 теңгеге (20%) ға көтеріліп кетуі себепкер – Қ.Қ.).
Дегенмен, биылғы жылы девальвацияны болдырмау үшін үкімет үстеп-үстеп ақша бөлгенге ұқсайды. Оны біз қаржыгер Айдар Әлібаевтің баспасөз бетіндегі бір сөзіне сүйеніп айтамыз: «Ай сайын бір доллардың көлемін 184-185 теңгенің көлемінде ұстап тұру үшін 2-3 млрд доллар шығынға батуға тура келеді. Сондықтан теңгені еркін айналымға жіберу керек. Болашақта теңгені құнсыздандырмаса, ұлттық валютаны тежеп ұстап тұру ұлттық экономикаға ауыр тиеді», – дейді сол Әлібаев.
Енді жаңағы қаржыгер Айдар айтқан 2-3 млрд-тың тура жартысы болған 2,5 млрд-ты 12 айға еселеп көріңіз? Артық-кемі жоқ 30 млрд-қа жетіп барады екен. Сонда бір шелек судың өзін үш қайтара пайдалануды үйреткен, болмаса, бензин безгегі қысқан тұста «мінгесіп жүруді» ескерткен билік үшін мұнша шығын жоққа есеп пе? Ол аз десеңіз, «Мемлекет – сауын сиыр емес!» деп кесек-кесек ескерту жасаған Елбасының таяудағы тосын лепесі тағы бар емес пе?
Қазақтың бағы мұнайға байланған
Бар мәселе барелліне батыс өлшем қойған мұнайда болып тұрса онда бізді «Құдай төбеден ұрды» дей бер. Біріншіден, біз мұнайға байланысты Ресейге жартылай тәуелдіміз: мамандар біздегі қолданыстағы бензиннің 50 пайызы солтүстіктегі осы көршіден келетінін айтады. Мұндай кіріптарлық жағдайда кезіндегі Кеңес одағын құлату үшін ұстанған саясаты мен сол саясатты іске асыруға арнайы даярлаған сценариін «тонын аударып», қайталай бастаған батыстың бүгінде дегені ептеп іске асуда. Ірі мұнай өндіруші держава болған Ресейдің осал тұсы да Қазақстанға ұқсап, мұнайға сонша иек артатынында еді. Демек, АҚШ сияқты батыс-
тық алпаут ел кез келген уақытта мұнайдан шекесі шылқыған Араб әмірліктері арқылы Ресейдің мұнайға артқан иегін «сылқ» еткізуге шамасы келеді деген сөз. Бұл түрлі одақ есебінен Ресеймен байланған елдердің де қорқынышы һәм келешекте шегетін зияны болмақ. Нақтырақ айтқанда, «қара алтынның» құны ОПЕК-тің ғана уысында екені белгілі.
Екіншіден, девальвация тұрыпты, дағдарыстың болуындағы гәп пен кептің сиқы осында. Яғни, Нематұлы Келімбетовтың манағы жоғарыда айтқан сөзінің бір шындығы бар, бар мәселе мұнайға байланысты: бұл салада мүмкіндіктің бәрі пайдаланылуда, нәтижесінде мұнай өндірісі кему үстінде шикі тауардың дені қытайдың уысына өткен. Осыдан көп жыл бұрын көпті тумаған сиырға ұқсап, «уызына қарқ қылған» Қашағанның қазаны да бұрқ-сарқ қайнаудан қалғаны айдай ақиқат!..
Егер, АҚШ-тың валютаға қарата ұстанған саясатынан сабақ алып, дер шағында бізде алтын валюта қорымызды нығайтқан болсақ, ел экономикасы дәл бүгінгідей бейдауа күй кешер ме еді, кешпес пе еді?! Аталған әйдік елдің қолдағы таза алтын валюта коры мыңдықтың ондық орынынан асқан болса, ал бізде жүздіктің ширегіндей ғана қор бар екен (бұл жерде кейінгі бірер жыл ішіндегі нақты мәлімет болмағасын, 2010-2012-жылдардағы статистикаға сүйеніп, баға беріп отырмыз – Қ.Қ.).
Теңге бағамының тұрақтылығына әсер ететін қазба байлықтарға да аз шолу жасап көрсек: әлем бойынша алтын қоры мөлшерімен ондыққа (жер астында барланған 11 мың тонна алтын бар деседі); өндіру саласы бойынша отыздыққа енген; 196 алтын кен орыны бар Қазақстанның бүгінгі сиық-сықпыты осындай болса оған кім кінәлі?! Алтынсыз Түркия ( бізден шикі алтынды сатып алып, қайта өндіріп сатады) мен гүл сатып байыған Голландияның бізден несі артық?
Көмір мен мысты айтсаң үндіс пен кәрістің шамына тиесің солардың атасынан қалған байлығындай. Мұндайда «Ұрланған астың желкеден шығатыны» оңтүстіктің сөзімен айтқанда жүдә, өтірік! Ал не айтасың? Темірді Қытай, уранды Ресей тасығалы қашан?.. Айналып келгенде, қазақтың бағы, ертеңін кім біліпті, бүгінше мұнайға байланғаны байланған! Өйткені, шағын өнеркәсібі дамымаған елдердің дағдарысқа көп ұшырайтыны белгілі. Ал бізде бәленбай жерде түгенбай кәсіпорын, бәлен мекенде бәленше жылыжай салынды дегеннің бәрі – өтірік! Қағаз жүзінде ғана бой көтерген нысандар өнімнен ада. Мұны осыдан бір-екі жыл бұрын Ел президенті Назарбаевтың өзі қатаң сынға алғанымен, нәтиже жоқ!
Кеше ғана бір сайттан: «Алдағы уақытта сауда орындарындағы тауардың 30 пайызы отандық өнім болу керек» деген жаңалықты оқып – «бәсе» дедік. Керіп-созып сөреге тоғытқанмен, сол 30 пайыз қай қазақтың қабырғасын жауып, жыртығын жамағандай?..
Бұдан не келіп шығады? Жаһанды жайлаған дағдарыстың шеңгелі тағы да біздің теңгемізді оңбай бүреді еуроны екпетінен түсіруі мүмкін деген көк қағаздың құдіретімен ұлттық валюта құнсызданады деген сөз рас болса керек..?
P.S.: осындайда, өткен жылғы бір ағамыздың фейсбук әлеуметтік желісінде: «Түркілер заманында дүниеге келіп, біраз жылдар із-түссіз жоғалып кетіп, 1993- жылы өз елін тауып алған ТЕҢГЕ бірнеше ғасырлардан кейін туған жерінде әл үстінде жатыр», – деп қалдырған жазбасы ойға оралады. Бұдан артып не айтуға болады, оқырман? ■
Қозыбай ҚҰРМАН, Алматы

















Жауап беру