
«Қазақия» апталығының өткен сандарының бірінде біз Ақтөбе маңдайшаларының көбі ағылшын тілінде екенін айтып, мемлекеттік тілдің мәртебесінің аяқ асты болып жатқандығы туралы дабыл қаққанбыз. (№36, 2014 жылдың 10 қыркүйегі) .Облыстық Тіл басқармасына, облыстық ішкі саясатқа қаратып айтқанымызбен, мемлекеттік тілді мансұқ қылып отырғандарды сотқа сүйрей қойған жоқ едік…
«Жыласаң тағы сабаймынның» кері келіп, арада өткен аз уақытта Ақтөбеден алабөтен шу шықты. Прокуратураға бір өзге ұлт өкілі арыз беріп және тұрғын үй, коммуналдық қызмет, автомобильдер жолдары қалалық басқармасына хабарласып қаладағы автобустардың қапталындағы хабарламалар тек қана қазақ тілінде жазылғандығы, оны түсінбейтіндігі жөнінде арыз түсіріпті. «Бәледен машайық қашқанға» үйренген троллейбус паркі тұрғын үй бөлімінен қоңырау түскен бойда, көліктерінің қапталдарын орысшаға аударып тастады. (Мағынасына қарап жатқан ешкім жоқ). Ал «Автопарк» ЖШС-і… тіресіп отыр.
Өз жерінде өз ұлтының тілін қорғап отырған азаматтарға алғыстан басқа айтар жоқ, әрине. Алайда… Мәселе осы жерге келгенде тіпті шиеленісіп кетті, біз де барынша індетуге тырыстық. Көлік тасымалының үстінен қарайтын құзырлы орган қалалық тұрғын үй, коммуналдық қызмет, автомобильдер жолда- ры бөліміне қоңырау шалдық. Бізге барынша нақты жауап берген осы бөлім қызметкері Самал Ідірісовтың уәжі төмендегідей: -Мен мемлекеттік қызметrер ретінде заң баптарының орындалуын қадағалауым керек. Заң аясында жасалған тасымал туралы арнайы қағидада «көлік аялдамаларының аттары мемлекеттік және орыс тілінде жазылуы керек» деп анық жазылған. Сол үшін де мен автопаркке хабарласып, нұсқау бердім. Бірақ олар әлі орындамай отыр, ал әлгі ха- барласқан адам арызынан тиесілі уақытта нәтиже шығармағаным үшін енді мені прокуратураға бермек. Шіркін-ай,-дейсің осындайда, Қазақстан заңдары елдің барлық салаларында дәл осындай ыждағаттылықпен орындалса ғой!
Армандауға да болмай ма? Жә, тақырыбымызға оралай- ық. «Бас- басыңа би ағалар, түйе ауғанда қайда едің?» дейді мұндайда қазақ. Әлеуметтік желілерді кернеп кеткен осы ұлттық мәселеге Ақтөбенің өзінен «әу» деп жатқан ешкім жоқ. Заңға жүйрік өзге ұлттың сауатты өкілі тағы бір қазақты прокуратураға сүйремек. Енді гәбіміздің сырын ашып байқайық. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданғанда ресми тіл- орыс тілі деп жазылуына қарсы болып аттандаған ағаларымыздың көзі әлі тірі. Ол құнды пікірді құйып алатын құлақ табылмады. Көресіні енді осы баптан көріп отырмыз. Ақтөбелік мәселенің басы әзірге ашық. Ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойып оты- рған «Автопарк» басшылығын қолдағымыз-ақ келеді, бірақ, Парламенттегі пәрменділер қабылдап, Елбасы қол қойған заңға қарсы шығып өле алмай жүр дейсіз бе? …Қалалық басқармадағы шенеунік бауырымның мына бір сөзі санамда жаңғырып тұр: «біз көп ұлтты мемлекетпіз ғой, олар да түсінуі керек қой». Заңды айтып, тез түзелді бірақ, дегенмен мен қазақ тілімен бірге бір ғана тілдің жазылға- нына қуандым. Елімізде тұра- тын барлық ұлт өкілдерінің тілінде жазатын болсақ… үйімізді таба алмай қалғандай екенбіз…
Шара Елеусіз, Ақтөбе




















1 пікір
30.09.2014 - 14:51
Қазақ билігінде қазіргі құлдық санадағы адамдар отырған кезде қазақ тілі ешқашан көктемейді… Сондықтан, осы күнімізбен өмір сүргенімізге де шүкіршілік етуге тура келеді.