
Осы күнгі сенатор Бекмырза Еламанов кезінде Қармақшы ауданының әкімі болды. Жалпы Қармақшы ауданының ауқымы кең, жер көлемі үлкен аудан. Ана шеті өзбек, қарақалпақтармен ұштасып жатады. Ол жақта осы ауданға қарасты «Шопанқазған», «Нысан-1», «Нысан-2» секілді елді мекендер бар. «Сәбетски» кезде айына бір не екі мәрте аудан орталығынан «АН-2» деген «жүгеріші» ұшақ ұшады екен. Хат- хабар, пошта сонымен жетеді, ол жақтағы дүйім қазаққа.
Сонан тәуелсіздік алдық. Еркін жұрт, егеменді ел болдық. «Тәй, тәй басқан» тәуелсіздігіміздің әр жылын қуанышпен қарсы алып жаттық, жарықтық! Оны «ала салғанымызға» он жыл толса да, кәмелетке толмаған «жас балаға» балап жүрдік, үлкен мінбелерден. Бүгінгі сенат, кешегі аудан әкімі, оның алдыңғысы да ана қазақтарын «сәпсім» ұмытып кетіпті. Өзге ел еңіреп жүріп, тарыдай шашыраған халқының басын құрап жанталасып жатса, біздің билік өзінің жергілікті тұрғындарын тағдырдың тәлкегіне тастай салған. Солай ұмыт бола беретін бе еді, сол қызылдың қиясынан екі-үш қазақ жаяу- жалпылап, арып-ашып облыс орталығына келді. Шағымдарын айтып осы жолдардың авторына жолықты. Теледидарға сұхбат берді. Олардың айтуынша, аудан не облыс орталығынан ешқашан ешқандай хабар болмаған. Кеңес үкіметі келмеске кетті, елде не болып жатыр, ешкім білмеген. Қолдарында сол қызыл паспорт. Қармақшы ауданының жұртта қалған елін үгіттеп өзбектер қатарына қосып алыпты. Паспорт болыпты сөйтіп олар. Өзбекстан азаматының қатырынан бір-ақ шығыпты қызылдың қиясында «ұмыт» болған қазақтар. Сонан есегі судан өтіп алғасын бұларға әңгір таяқ ойнатыпты «әкәлар». Аттан құлап аяғы сынған қазақты емдемеген ауруханасы «біздікі емессің» депті. Оларға керегі халықтың саны, сайлау науқанында жәшік «толтыруға» керек болды. Енді олардан көрген қиянатының шегі жоқ тыңдап отырсаң. Оған осы жерден нүкте қоя салайық, араздастырмай. Айқайлатып, егілтіп, еңіретіп теледидардан бердік. Тиісті орындар тегіс құлағдар болды. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Ш.Төребаев бастаған топ тікұшақпен сол жаққа аттанды. Барып ондағы халықпен сөйлесіп, қазақ азаматтығына қайта өтіп, қатарға қосылатын болып, уағдаласып қайтты.
Сол екінші сапарға облыстық ішкі істер басқармасы, миграция полициясы бастаған топпен мен де бардым. Жермен, оншақты көлікке мініп. Олай қарай жолды бір-ақ адам біледі екен. Лесхоздың қызметкері. «Қуаңдария» деген жерден сол кісіні алып, еңку-еңку жер шалып жүріп кеттік, біз. «Кекірелі» деген жерге бір қондық. Сөйтіп діттеген жерімізге жеттік. Барған уәкілдер әрбір тұрғынмен сөйлесті. Төл теңгемізді, төл паспортымыздың үлгісін көрсетті. «Уағыз» айтты. Тәуелсіз мемлекет жаққа өтуге де үгіттеді. «Еңсемізді көтердік» деді. «Тәуелсіздігімізді алдық» деді. Ана ақ жаққа өтіп кеткен қызылдарға үгіт-насихат жүргізгеннен кем болмады, өз қазақтарына! Сексендемін деді бір шал екі мыңдық тұтас теңгемізді қолына ұстап тұрып, «бұларың дұрыс екен. Ал Қонаевтарың аман ба, облыстың хатшысы ана Шаухамандарың бар ма?» деді. Не бетімізді айтайық, оларсыз өмір сүргенімізге он жыл болса?!
Бұл жердегілердің дені кіші жүз сарықасқа, шөмекей, аспан деген руды құрайды екен. Кезінде орыстарға қарсы шыққан атақты Ақмырза көтерілісіне қатысқандардың ұрпақтары да бар ішінде. Ол кісі туралы тарих өз алдына. Діни сауатты, ғұлама, көзі қарақты ахунның түбіне, оның сарбаздарына от шашатын қарумен арнайы шыққан орыстар жетті. Қызыл қырғынмен көтерілісті басты. Тірі қалғандары қызылды паналап, бас сауғалап кетті. Міне, бұл жақтағылар да сол тектілердің сарқыты екен. Ол енді таусылмас өз алдына басқа әңгіме.
— Орталарыңнан өздерің жақсы білетін жігіттеріңді учаскелік полиция қылып сайлап алыңдар. Құжат пен формы киімін берейік,- деді ішкі істегілер. Шошып кетті қызыл жағалылардан зәресі кеткен тұқымның ұрпақтары. Сол сәттің өзінде мен кейбір ақсақалдардың жеке пікірін, әңгімесін бөлек шығарып сұрастырып жүргенде сол жақтағы шекара қызметінің «салпаң құлағы» қыр ізімізден қалмағанын байқадық. Өйткені баяғы қызыл үкіметке өкпесі қара қазандай болған қызылдағылар, біздің тәуелсіз елімізге де күдікпен қараған-тын. Оның үстіне 10-15 жыл бойы қазақ билігінің «тастандысына» айналғаны бар. Сол жақтағы Тақияташ, Нөкіс, Үргеніш, Қоңырат жаққа қыз берісіп, қыз алып бауыр басып кеткені тағы бар.
— Неге, енді бізге аналар шағымданып барды?- дедім мен.
— Өй, олардың үрерге иті жоқ, сығарға биті жоқ. Жұмыс керек, пенсия керек,- деп күңк етті біреу.
Төрт түлікті ел екен. Көлік саймандары сай, скважина суын пайдаланып, егіс салатындарын да айтып қалды. Жанар-жағар май, техниканы өзбектер жақтан мал айырбасқа алатын көрінеді.
Мектебіне бардық. Тоқал там, жалпы ондағылардың дені сондай. Бастауыш мектеп екен. 24 бала бір қазақ тілі мен әдебиет кітабына таңылған, жүн-жүні шыққан киіз кітап сияқты, Ол да аптасына өтсе үш мәрте, өтпесе ол да жоқ. Негізі өзбекше, қарақалпақша. 7 сыныпты бітірсең мектеп директоры бола бересің. Жалақысы 2 мың сом. Бізде сол кезде оған бір қап ұн келетін.
Баймұрат деген ақсақалына бардық. Қараша үй тігіп, қыстауда отыр екен. Маңайға малы симай жатыр, қара-құра болып, кештетіп жеттік. Бас ақсақалдың сөзінен байқағаным- «Тынышымызды алмасаңдар, өзімізбен өзімі отырған ел едік, бізге бермей-ақ та, алмай-ақ қойсаңдар. Бір екі «азған» адамдардың әңгімесіне бола елді дүрліктіріп қайтесіңдер? Онсыз да шекара тартып тынысымыз жылдан жылға тарылып бара жатыр,- деді ол сөз ретінде.
Кейін ол жақтан хабарсызбын. Жергілікті биліктен бір-екі рет телефон арқылы сұрастырып көріп едім «Көбісін Жаңақала деген жерге көшіріп алдық» деді. Баруға жер шалғай, бірақ олар түгел көшіп келе қоятындардан емес еді? Сонымен бұл әңгіме «бітті» дер едім.
Өткенде қолыма осы уақытқа дейін Қызылорда облысының 33 тұрғыны КСРО-ның 1974 жылғы үлгідегі қызыл паспортымен жүргендігі туралы мәлімет түсті. Көші-қон полициясының айтуынша, ағымдағы жылы екі адамның сондай қызыл паспорты төлқұжатқа ауыстырылыпты. Ал өткен жылы 31 адамның «сәбетски» паспорты тәуелсіз елдің төлқұжаты болып ауысқан. Қайта өзге мемлекет байқамай қалған ғой. Болмаса олар өз төлқұжатын бере салады. Азаматтығына өткізіп ала салар еді, жоғарыдағы өзбектер секілді.
— Негізі, дейді сылтауға ұзын сырықты байлап алғандар, — олар шалғайдағы малшы ауылда тұратындар, тұрғылықты жері жоқ адамдар.
Қызық, өз елінде жүріп, 20 жыл бойы төлқұжатын ала алмаса, 20 жыл бойы әлем таныған Қазақстан деген байлығы тасыған елде тұрып, «тұрғылықты жері болмаған» қазақ болса, қайда барып оң дейсің маған? Бүгінгі биліктің өз халқына деген, өз қазағына деген осындай «шалапайлығын» көргенде, «Өй, бүйткен тәуелсіздігіңе болайын!» дегің кеп кетеді, кейде…





















Жауап беру