Сіз мындасыз:

Жағдай жасау баспанадан басталса…
Жағдай жасау баспанадан басталса…

Қазақ үшін заман зары – баспана. Қарапайым бұқараның «айлығым шайлығыма жетпейді» деген жаттанды сөзі – пәтерақыға «жылап кеткен» ақшасынан қалған жарытымсыз тиын-тебенін тілге тиек еткендегі түрі. Біздің мәймөңкешіл әріптестердің «мемлекет тарапынан анаған анандай көмек көрсетіліп, мынаған мынадай жағдай жасалды» деген сарындағы сандырағы ызалы жұрттың санасын сансыратып тастады.

Шындап келгенде, әлеуметтік жағдай жасау дегеніміз – жастар мен жасамыстарға қолжетімді пәтер беру. Бітті. Ал әлгіндей «зейнетақыны көтерді, мүгедекке арба сыйлады, айлыққа шайлық қосты» шеруіндегі «жанашырлықтар» – Қожанасырдың иығына бүтін шапан жапқандай ғана әсері бар алдамшы әрекет. Зейнетақы мен жалақыға қосылған бәлен теңгені күрт көтеріліп кете қоятын су, жылу, жарық, қоқыс, газ, телефон, ғаламтор және тұтынар тауардың түген бағасы арқылы сыпырып алатыны бесенеден белгілі. Бірақ, басында баспанасы бар адамға басқа тұрмыстық тауқымет түк те емес. Жемқор басшыларының жемсауынан артылған адал нәпақасы жұмырына жұқ бола алады. Ал шын мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету бас қаладан басталсын десек, мына мәселе тағы бас қылтитады:

Астанада кірпіштері үгітіліп, қауқиған қабырғасы қақыраған апатты жағдайдағы 228 үй бар. Өткен ғасырдың 50-жылдары құрылысшыларға арналып уақытша салынса да, сол жарбиған жұтаң қалпында әлі тұр. Жарығы жиі сөніп, суы өшіп, байырғы тұрғындарды әбден әбігер етуде. Қыста кәріз желілері қатып қала беретіндіктен, жарытып тұрған жылуы да жоқ. Мұндай коммуналдық мәселесі өз алдына, «тарихи баспаналар» енді елеусіз жағдайға шыдамай, тұтастай омырылып тынады-ау!..

Тұрғындардың өздерінше жөндеу жұмыстарын жасап қойғандары еш пайда бермей келеді. Өйткені, ол үйлер қайта қалпына келтіруге мүлде жарамсыз. Жергілікті басшылардың «түгелдей сүріп тастап, орнына жаңадан салынып жатқан үйлерден береміз» дегендеріне 20 жылдан асты. Ал ондағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін қалалық бюджеттен шамамен 40 миллиард теңге қаражат шығады екен. Әкімдік уәжіне сенсек, әзір ондай «батпан құйрық» болмай жатқан көрінеді. Сөйтіп, «Тайбурылдың шапқандағы тұяғының орны ошақтай болып омырылып қалады» деген ертегіге сенген шақшадай басымыздың мына жаңа заманның жаңа ертегісін әңкі-тәңкі қабылдап, шарадай болып отырған жайы бар.

Телеарнадан тәуір көрінетін жерлеріне қарап, былайғы бұқара «әлемге әйгілі елордамыз шынымен еңселі екен ғой» деп ойлайды. Сол жағалау солай сияқты болғанмен, оң жағалаудың оңып тұрғаны шамалы. Қаланың еңкіш тартқан бөлігі елу пайызды құрайды дегеніңе көгілдір экран әзірге сендіре қоймас. Балғымбек Имашевтің бір айтысында айтқанындай, «байлар үшін салынса левый берег, көп балалы қазаққа жер үй керек». Ал мыжырайған қос қабатты үйлер мен ішкі қабырғасы жүнтіктеліп, көгеріп кеткен жер үйдегілеріне бір бөлмелі болса да, бір пәтер керек.

Нұрекеңнің кезекті Жолдауында еліміздегі шағын қалаларды дамытуға баса назар аудару керектігін айтып, Үкіметке оларды дамыту бағдарламасын жасауды тапсырғаны аян. Қазақстанда қазір 87 шағын қала бар. Олардың 41-і аудандардың әкімшілік орталығы санатында. Қалған 46-сы ғана аудан орталықтарына жатпайды. Бұлардың ішіндегі өндіріспен айналысатыны – 14 қала. Ал 19 шағын қала – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтіндер. Электр қуатын өндіретін 2, ғылыми-эксперименттік орталық саналатын 3 және емдеу-сауықтыру орталықтары қызметін атқаратын 3 қала бар. Алдағы уақытта бұл қалалардың коммуналдық салаларын дамытуға үкімет қазынасынан 6 миллиард теңге бөлінбек.

 

P.S: Салыстырмалы түрде қарасақ, Астана орталығындағы 228 жаман үйде тұратындарға жаңа баспана беру үшін тек қала қазынасының өзінен 40 миллиард (!) теңгедей қаржы қажет болса, еліміздегі 87 шағын қалаға білдей бір мемлекеттің бюджетінен 6-ақ миллиард теңге аударылмақ! Неге десеңіз, бұл – бірінші кезекте баспана мәселесі шешілген халықтың жоғары жақтағы дорбаға қарап ауыз ашпайтынының дәлелі. Өйткені, кеше «өкімет өлтірмейді» деген қазаққа бүгінгі өкіметің «өз күніңді өзің көр» деп отыр. Ал өз еркімен сүйек-саяқ іздеп кететін итке де бір күрке керек қой, адам түгіл!..

Еркеғали БЕЙСЕНОВ, Астана

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Қажымұқан ҒАБДОЛЛА - 8 701 111 61 05 8,

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Ноябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Жоғарыға