
Байқоңырдағы ресейліктер жыл сайынғы желтоқсан айының 12-інде Конституция мұраттарына адалдықтарын танытуға ұйымшылдықпен қатысады. КСРО құлаған соң, жаңаша жазылған басты құжаттың қолданыла бастағанына ширек ғасыр. Көршіміздегі Негізгі Заңының қай кезде қабылданғанын өз отандастарымыз да жатқа біледі. Оған себеп бұл мерекенің жұлдызды қалашықтың жалпы тұрғындары мен жергілікті өңірдегі сала мамандары арасында кеңінен аталып өтілуі дер едік. Сол күні ресейлік бағыныстағы барлық мекеме-кәсіпорындардың қызметкерлері мен мектеп оқушыларына арнайы демалыс беріліп, мәдени-спорттық бағдарламалар өткізу дәстүрі бар. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінетіндігін айтпағанда, кәсіпкерлер қауымы да (бизнес саласының 80 пайызы өз бауырларымыз) қолдарынан келетін қолдауын аянып қалған емес.
Ғарыш кешеніндегі атқарушы билік құрылымдары мен әскерилер құрамалар өз қызметтерін жүргізу барысында тек Ресей заңдарын басшылыққа алады. Сондықтан шығар, жалдық сипаттағы бұл аймақта еліміздің заңнамалары айрықша мәнге ие емес. Жалға берілген уақыттың аралығында осындай біржақты ұстаным орнауының кесірінен болар қандастарымыз ел Конституциясы қабылданған тамыз айының 30-ын ұмыта бастаған сыңайлы. Өйткені бүкіл халықтық референдум арқылы бекітілген қазіргі Ата Заңымызды ұлықтайтындай кең көлемдегі іс-шаралар атқарылмайды.
Соңғы жылдары қала әкімшілігі екі мемлекет арасындағы Келісім мен Шарттың баптарына сүйеніп, осы бағыттағы олқылықтардың орнын толтырмақ ниетпен қаулы қабылдады. Бірақ бұл құжат басшыларға ұсыныс берумен шектелетіндіктен ауқымды жұмыстарды толық атқарудың (ресейлік мекемелердегі қазақстандықтардың бәріне бірдей мерекелік демалыс беру) тиімді тетігіне айнала алмады. Сондықтан кейбір кәсіпорындардың еңбеккерлері биыл да еліміздің Конституциясы күніне орай берілген заңды демалыс кезінде ресейлік заңнамаларға сәйкес жұмыс істеуге мәжбүр болмақ. Жылда қайталанатын осы азаматтық құқықтардың шектелуіне байланысты мұңын да кімге айтарын білмей жүргендер баршылық. Егер біздің басшылар біліктілік танытып, екі елдің заңдарымен еншілес өмір сүретін байқоңырлықтар үшін Қазақстанның мемлекеттік мерекелерін де айтарлықтай етіп өткізуге жұмылайық десе, кім қарсы шығар дейсің? Олай болса, орын алған олқылықты өзіміздің орашолақтығымыздан іздеу керек шығар.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Үкіметтері арасында 1994 жылы желтоқсан айының 10-ында қол қо-йылған Байқоңыр ғарыш кешенін жалдық сипатта бірігіп пайдалану жөніндегі Шарттың 6-бабында: — …Конкретные вопросы взаимодействия правоохранительных органов Сторон при применении их законодательства определяются отдельным соглашением. Конституционные права граждан Республики Казахстан обеспечиваются ее компетентными органами (суд, прокуратура), расположенными в г. Ленинске (Елбасының жарлығына сәйкес 1995 жылдан кейін бұл қала Байқоңыр атауымен қайта өзгертілгенін ескертеміз – Ш.С), в соответствии с законодательством Республики Казахстан, — деп жазылған.
Осы екі жақты уағдаластықтарды реттейтін келісім құжаттың 10-бабында: — Вопросы юрисдикции Республики Казахстан над комплексом «Байконур». За гражданами Российской Федерации и Республики Казахстан, проживающими на комплексе «Байконур», сохраняются их конституционные права. Контроль за соблюдением юрисдикции Республики Казахстан на комплексе «Байконур» в условиях его аренды и конституционных прав граждан Республики Казахстан осуществляет специальный представитель Президента Республики Казахстан на космодроме «Байконур», – деп нақтыланады.
Жергілікті ресейлік басшылардың барлық бағыттар бойынша белсенділіктері жоғары, бастаған істерін ілгері індетуге бейім. Қандай да бір қарымды қарекеттерімен қарапайым тұрғындардың көңілінен шығуды ойлайтыны тағы бар. Жырақта жүрсе де, Ата Заңдарының қала мен айлақ аумағында мүлтіксіз орындалуына мүдделі болғандықтан, барша байқоңырлықтар мен сырттан келген қонақтардан Ресей Федерациясы заңнамаларын құрметтеуге қоятын талаптары да қатаң.
Өз отанында жүріп, Ата Заңын құрметтеуге 19 жыл бойы қолы жетпеген байқоңырдағы қарапайым қандастарымыз Конституциясы мен осы негізгі құжатта көрсетілген құндылықтарын құрметтейтін ресейліктердің ұлтжандылық ұстанымына қызыға да қызғана қараудан басқа жолы жоқ.
Себебі, қазақстандық бауырларымыз тәуелсіз мемлекеттің азаматы екендігін жеке куәлік пен төлқұжатын пайдалану арқылы жалпыхалықтық референдум мен түрлі деңгейдегі сайлауларға қатысу арқылы дауыс беру сәтінде немесе отандық құқық қорғау құрылымдарына шағымданып, тиесілі әлеуметтік қолдау көмектерін иелену барысында сезіне алады әзірге.
Шырақ САБЫРБАЙ, Астана қаласы





















Жауап беру