Сіз мындасыз:

Түркітану ғылымының тұрлаулы тұлғасы
Түркітану ғылымының тұрлаулы тұлғасы

Түркологияның дербес ғылым саласы ретінде зерттеліп, таныла бастағанына екі-үш ғасырдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде, ғалымдар барша саналы ғұмырын арнап, тегеурінді еңбектен­у­інің арқасында түркологияны дербес ғылым саласы ретінде біржолата орнықтырды. Бұл жолда бұрылыс-бұралаңның көп болғанына, оған әртүрлі деңгейде кедергілер мен қысым да жасалғанына, тіпті оның идеологиялық тұрғыдан қарсылыққа да ұшырағанына тарих куә.

Айрықша назар аударатын мә­се­ле — бірқатар Еуропа ғалымдарының, оның ішінде, орыс зерттеушілерінің түркологияға деген кертартпа көзқарастары. Олар бү­гінге дейін түркологияны жеке ғы­­лым саласынан гөрі ориен­та­лис­тиканың, шығыстанудың бір саласы ғана деп есептеуге тырысады.

Еуропа мен орыстың зерттеу­шілері Шығыстың тарихи-мәдени тұрғыдан көпсалалы, көптекті, көпүлгілі құбылыс екендігін ескергісі келмейді. Олардың көпшілігі түркологияны түркі халықтарының тілін зерттейтін ғылым деп түсінеді. Ал, Ресейде осы тұрғыдан алғанда түркология белгілі бір деңгейге көтерілгенімен, олар XIX ғасырдың аяғына қарай, XX ғасырда, бұл салада ғылыми ақи­қатқа жетуден гөрі, социалистік идео­ло­гияның қызметшісі болуға көбі­рек бой алдырғанын біздің Отан­дық ғалымдар талай рет жаз­ды. Әрине, оның себебі белгілі.

Түркі тектес халықтардың этно­генетикалық, саяси-әлеуметтік жә­не мәдени-рухани біртұтасты­ғын мойындау – Еуразия құрлы­ғын­дағы мыңдаған жылдық тари­хы бар ұлы мәдениетті мой­­ын­дау болар еді. Мұның өзі, ең алдымен, түркілік тұтастықты ұр­­пақтар санасында жаңғыртуға қар­­сы бағытталған, бүгінгі күннің өзін­де (кезінде социалистік жүйенің тірегі болған) империялық сананың со­йылын соғып отырған пан­сла­­вяндық гегемондықты ғана мойын­дайтын ой-тұжырым болып табылады.

Ғасыр басында Ресей импе­риясы құлағанымен, оның орнына келген тоталитарлық жүйе, жазалау, орыс ұлтының үстемдігі, басқасын айтпағанда, Кеңестік мемлекеттер құрамына енген Орта Азиялық елдердің араларын алшақтатып жіберді. Қарым-қатынас бір тілде – орыс тілінде болды. Ұлттық дәстүр мен салт «ескінің сарқыншығы» деп түсіндірілді т.б. Осындай үрдіс біртұтас түркілік мәдениеттің болғанын, қазір де бар екенін жоққа шығарып қана қойған жоқ, сонымен бірге, объективті ақиқатқа жетудің ғылыми жолын тұйыққа тіреді. Мұның өзі түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасын бөлшектеуге немесе сол ортақ мұраны жатсынуға себепші болды.

Кеңестік түркология шындыққа жетуден гөрі, шындықты күрделендіруге көбірек ықпал етті. Тек қана шындықтың күрделенуі емес, ғылымдағы кереғар тұжырымдардың көбеюі – бара-бара әрбір түркі тілдес ұлттардың «өз түркологиясын» қалыптастырып, түркі тектес халықтардың арасын алшақтата түсті. Осылайша, бір кездегі айырмашылығынан гөрі – тектестігі басым, жаттығынан гөрі – жақындығы басым түркі тілдес халықтар соңғы бірер ұрпақтың көз алдында, түпкі тұтастығын тану арқылы ғана, даралығын тануға болатын мүмкіндіктерін әлсі­рете түсті. Бұл жағдайды түркі тілдес халықтардың бүгінгі таңдағы әр тарапты тарихынан, әдебиеті мен өнерінен, фольклорлық мұрасынан, әліпби қалыптастыру және термин жасау үрдістерінде айқын аңғаруға болады.

Міне, осындай ахуалда КСРО деп аталған алып империя ыдырады. Ал түркология – тарихи сындарлы кезеңді бастан кешіру арқылы жаңа бағдар ұстануда. Ол заман талабынан туындап отыр. Қазіргі заман мүмкіндігінше түрік халықтарының тұтастануын қажет етеді. Ендеше, түркология ғылымы да мүлде жаңа деңгейде көрініс тауып, теориялық-әдіснамалық тұрғыда соны серпін жасауы қажет. Түркологияның бұрынғы біржақты түсініктен арылып, түркі халықтарының тарихи болмысын айғақтайтын ғылым ретінде, кешенді қалпында зерттеу керектігін уақыттың өзі қажет етіп отыр.

Қазақ дүниетанымының қайнар көзі – ауыз әдебиетінің үздік үлгілері болса, қазақ тілінің қайнар көздерінің бірі – ортағасырлық жазба ескерткіштері. Ендеше, оны тереңдете зерттеу – біздің еліміз ғалымдарының абыройлы борыштарының, межелі мақсат­тарының бірі. Осыны өз қатары­нан оза түсінген, ғылыми ізденіс­терінің басты бағыттарының бірі етіп алған, филология ғылымдарының докторы, профессор, екі мәрте «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына иегері (2007 және 2012 жылдар), Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Батыс Қазақстан Инженерлік-гуманитарлық университетінің проректоры Мұрат Бөкенбайұлы САБЫР.

Мұрат Бөкенбайұлының түріктану ғылымына қызығушылығы ҰҒА Ұйғыртану институтына қа­расты Шығыстану Орталығының ас­пирантурасында жүрген кезінен басталады. Ол сол кездің өзінде бұрын-соңды арнайы зерттеу объектісі болмаған «Хұсрау мен Шырын поэмасының тіліндегі реликті тұлғалар (XIV)» тақырыбын­да кандидаттық диссертациясын қорғады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының танымал ғалымдары, Тіл білімі институты жанындағы Диссертациялық Кеңестің мүшелері бұл еңбекті бір­ау­ыз­дан құнды деп бағалап, оның авторы болашағынан зор үміт күттіретін жас деген тұжырымға келді.

Тәжірибелі мамандар қателеспепті. Жас ғылым кандидаты Мұрат Бөкенбайұлы өзі қызмет жасаған, аспирантураға жолдама берген оқу орнына барып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет жасады, рухани-ғылыми орталықтан алған білімі мен тәжірибесін, практикалық дағдысын қалыптастырды, белгілі деңгейде азаматтық өсу мен педагогикалық шеберлігін шыңдау жолынан өтті. Сонан кейін жас ғалым нағыз ғылым жолына бетбұрыс жасайтындар ғана шоғырланатын докторантурада оқыды. Өзіне тән ыждағаттылықпен диссертациясын уақтылы аяқтап, XIV ғасыр жазба ескерткіштері негізінде «Орта түрік тілі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Жас ғалымның білім мен ғылымды ұштастыра отырып, атқарып жүрген еңбегі ескеріліп, осы жылы оған «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді.

Ғалым тіл тамырын індете зерттей жүріп, ортағасыр жазба ескерткіштерінің тілін зерделеді, түркітану, қыпшақтану, алтайтану, тарихи лексикология, тарихи фонетика, тарихи грамматика, тұлғатану, этимология, ономастика, фразеология, паремиология, ежелгі дәуір әдебиеті, мемлекеттік тіл саясаты сияқты салаларға қалам тартты. Оның XIV ғасыр жазба ескерткіштері негізінде жазылған   «Орта түркі тілі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы» монографиясы түркітануға қосылған іргелі еңбек болды. Бұл еңбекте Мұрат Сабыр қазіргі қазақ әдеби тілі өзінің бастауын жазба мұрағаттардың тілінен алатынын жан-жақты дәлелдейді, жазба ескерткіштер тілінің қазақ тіліне қатысы мен жақындығы нақты тілдік деректермен көрсетіліп, байырғы сөздер мен қазіргі сөздердің лексика-семантикалық ұқсастықтары жан-жақты ашылады.

Профессор Мұрат Сабыр кең байтақ Еуразия кеңістігін жайлаған түркі халықтарының тілін, тарихын, фольклорын, мәдениетін зерттейтін кешенді ғылым – түркітанумен жан-жақты айналысып, оның XXI ғасыр деңгейінде тек гуманитарлық ғылым болып қала алмайтынын, қоғамның кемелденуіне, заманының сұранысына қарай өзгеріп отыратынын жан-жақты дәлелдеген зерттеуші. Осы оймыздың нақты көрінісі ретінде ол түркі тілдері мен алтай тобына жататын моңғол, тұңғыс-манжүр, жапон, корей тілдері туыстығын тарихын-салыс­тырмалы әдіс-тәсілдер арқылы зерт­тейтін ғылым – алтайтану сала­сы­на да ерекше назар аударады.

Ғалым қазақ тілінің, қазақ ұлтының бастауларын көне түркі заманынан бастап, орта ғасырларда дәуірлеген қыпшақтар қауымдастығынан іздейді. Қып­шақтар қауымдастығы, олардың тарихы мен мәдениеті туралы соңғы кездерде жазылған тарихи, лингвистикалық еңбектер – қыпшақтану саласының түркітанудан бөлініп шыға бастағанын көрсетеді. Қыпшақтану түркі­­танудың құрамдас бөлігі болғанымен, өзіндік бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі бар кең сала. Қыпшақтану — далалық көшпелі өркениеттің қыпшақтық тарихын, ділін, этнографиясын, мәдениетін т. б. қырларын тұтас зерттеуді көздейді. Соны терең түсін­ген ғалым Мұрат Бөкенбайұлы мұрағаттар тілін жекелеген қыпшақ тілдерімен салыстыра, зерделей отырып, көне қыпшақ әдеби тілінің бүгінгі мұрагері қай тіл екенін анықтауға көңіл бөледі.

Мұрат Сабырдың фразеологиялық және паремиологиялық зерттеу­лерінде жазба мұрағаттар тіліндегі тұрақты тіркестердегі қазақы мотивтер, ұлттық таным-түсінік анықталып, тұрақты тіркестер тек екінші бейнелік атау емес, мәдени, рухани дамудың көрінісі екені анықталған. Жазба жәдігерліктер тіліндегі мақал-мәтелдер, қанатты, нақыл сөздер бүгінгі тіліміздегі баламаларымен салыстырыла зерттеліп, даналық ойлардың жалғастығы көрсетілген.

Ғалымның ерекше зерттеп жүр­ген саласы — қазақ тілі тарихы. Ғалымның пікірінше, қазақ халқының тілі ХV ғасырда қазақ өз алдына хандық құрып, іргелі ел болған кезеңінен басталған жоқ, ол ХV ғасырға дейін де болған тіл, әр халықтың өсу, даму жолымен, тарихымен тығыз байланысты. Профессор Мұрат Сабыр жазба ескерткіштердің тіліне сүйене отырып, тіл тарихының ұзын жолындағы төмендегідей тілдік кезеңдерді жіктеп көрсетеді: V-Х ғ. – ежелгі түркі әдеби тілі; Х-ХV ғ. – орта түркі әдеби тілі (арғу-чығыл варианты; қыпшақ варианты; оғыз варианты ); ХV -ХVІ ғ. – шағатай әдеби тілі; ХVІІ-ХІХ ғ. – байырғы қазақ жазба әдеби тілі; ХІХ-ХХ ғ. – жаңа қазақ жазба әдеби тілі.

Ұлтшыл ғалымды ономастика мә­селесі де бей-жай қалдырмайды. Оқымысты Мұрат Сабыр: «Қаз­ақстанның әр қаласы мен көшесі, даласындағы елді мекен­дері қазақтың өткені мен бүгінінен, рухы мен мәдениетінен хабар беріп тұруы керек. Әр бұтаның, әр төбенің атауы ұлттың байлығы. Сондықтан, ономастикалық мәселе қазақ тілінің, елдің жанды жері, күретамыры» –деген пікірде.

Мемлекеттік тіл саясаты ғалымның негізгі айналысатын мәселелерінің бірі. Тілші-ғалым мемлекеттік тіл мәселесіне арналған конференцияларға қатысып,  республикалық, облыстық баспасөзде үнемі өз пікірін жария­лап тұрады. Бұл еңбектерінде әлемдік өркениет пен ғасырлар тоғысындағы қазақ тілінің әлеу­меттік рөлі, тіл мәдениетін дамытудағы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының орны пайымдалып, аударма мәселелеріне де көңіл бөлінеді. Мұрат Сабырдың пікірінше: «Мемлекеттік тілдің тағдыры – біздің тағдырымыз. Біз өз тағдырымызға немкетті қарай алмаймыз. Мемлекеттік тіл – біздің елдік намысымыз, елдік санамыздың шыңы».

Түркі әлеміне танымал түркітанушылар Арсен Ибатов пен Берікбай Сағындықұлы өздерінің шәкірті М.Б.Сабырды «Қазіргі уақыттағы қазақстандық түркітану мектебінің көрнекті өкілі ретінде, өнімді еңбек етіп келе жатқан ғалым» – деп бағалайды. Олардың ойынша, мәдени мұраларды танып-түстеуде, түркілік өркениеттің әлемдік орнын анықтауда Мұрат Сабыр ұстанған жаңаша көзқарастар мен ғылыми тұжырымдардың маңызы зор.

Бүгінгі жаһандану заманында түбі бір түркі халықтарының тұтас­тануының тарихи-әлеуметтік, рухани-мәдени, саяси маңызы аса зор. Ендеше, бізге бұл бағытқа бастар кез келген бастаманы қол­да­ғанымыз және барынан үлгі ал­ғанымыз жөн. Бұл тұрғыдан алғанда тіл тұтастығы арқылы — ой тұтастығына бастайтын Түр­кітану ғылымының тұрлаулы тұл­ғасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бөкен­байұлы Сабырдың зерттеулерінің маңызы орасан. Ендеше, Қазақстан ғылымына бергенінен берері көп таны­мал ғалымды ердің жасы елуі­мен құттықтап, жаңа шығармашылық табыс, зор денсаулық тілейік.

 

Алтай Тайжанұлы ТАЙЖАНОВ, философия ғылымдарының док­торы, профессор, ҚР Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының ака­де­мигі, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік меди­цина университетінің «Әлеумет­тік-саяси пәндер» кафедрасының меңгерушісі.

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Февраль 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Янв    
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728  

Жоғарыға