
Польшада жергілікті дәрігер қайтыс болғандығына көзі жеткен кемпір мәйітханада жатып тіріліп кетті, деп хабарлайды Қазақия Би-Би-Си агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Агенттіктің Варшавадағы тілшісінің хабарлауынша, 91 жастағы кейуана Янине Колькевичтің үйіне туысы келіп таңғы асын әзірлеп бермек болған.
51 жастағы Богумила апайының бөлмесіне кіргенде оның қимылсыз жатқанын көреді. Көзі жабық, тыныс алмаған. Богумила дәрігер шақырады. Ал, 30 жылдық тәжірибесі бар дәрігер кемпірді көріп шығып, жантәсілім етті деп хабарлап, өлгені жайындағы анықтама қағаз жазып берген. Дәрігер кейін «кемпірдің дем алысы тоқтағанын, жүрегі соқпағандығын, сондықтан өлгеніне сенімді болғандығын» айтуда.
Туыстары оны екі тәуліктен соң жерлеуге ұйғарып, дайындыққа кіріскен кезінде денені жергілікті мәйітханаға жеткізеді.
Ал, мәйітхананың тоңазытқышында арнайы қапта жатқан кемпір ондағы қызметкерлердің зәресін ұшырып 11 сағаттан соң қимылдай бастайды.
Сол күні түнде мәйітхана қызметкерлері оны үйіне жеткізеді, ал жерлеу қамымымен жүрген туыстары бұл оқиғаға сене алатын жағдайда емес еді. Үйге жеткен кейуана тоңғанын айтып ыстық шай сұрапты.
Қазір полиция осы оқиға бойынша тергеудің басталғандығын хабарлады.















Жауап беру