Сіз мындасыз:

«Бүгін менің туған күнім…»

 «Бүгін   менің  туған  күнім  ой  пәлі-ай, мына  халқым  неге  жатыр  тойламай» — деп  қуанышын  бөлісер  жан  таппай, көзі  тірісінде халқынан  сый  көрмей, той  көрмей, бары  бағаланбай,  өмірден  арманда  өткен,  мұңы өшпес әнге  айналған ақиық   ақын  тағдырынан бейхабар  қазақ  болмаса  керек.   Дәл  осы  ақынмен  тағдырлас, ол да  көзі  тірісінде  еңбегі  еш,  тұзы  сор  ғұмыр  кешкен, қазақтың  техника  саласындағы тұңғыш  «Наполеоны»,  аса  талантты  ұлы  Сейілбек  Қышқашұлының туған  күні – 15  сәуір.  Алла тағала  берген  ерекше  талантын  ұлтының  игілігіне  жұмсасам, ауырын  жеңілдетсем,  тәуелсіздік  тұғырын  бекемдеуге  сөзбен  емес,  іспен  үлес  қоссам  деп, басын  тауға да, тасқа  да  соққан, тілі  балдан  тәтті,  бауыры  тастан  қатты  «кеңсебайлардың»  іштарлығының, қызғаншақтығының, екіжүзді  жәдігөй  сатқындығының құрбаны  болды. Аса  талантты   өнертапқыш  саналы  ғұмырының  отыз жылын кеңес  өкіметінің, он бес  жылын тәуелсіз  елінің  «ұлы ойлардың  иығына  мініп  алған  орташа  ойлы бөдене  бастықтарымен»  күресте,  арпалыста  өткерді. Бір қарағанда, Сейілбек Қышқашұлы техниканың, темір-терсектің айналасында жүргендей көрінгенмен, жақын араласып сырласқан тілші қауымы оның ішкі дүниесі бай, нәзік те әсершіл, әдебиет пен өнерге, жалпы рухани әлемге жақын екенін білетін. Ол кез-келген қаламгермен Абайдың, Толстойдың немесе Джек Лондон, Теодор Драйзер, Марк Твен, Бронислав Нушич, Генри Фордтың шығармалары жөнінде емін-еркін ой бөлісіп, таңды-таңға ұруға бар еді дейді білетіндер. Оның «Жалын» журналы жариялаған жабық бәйгеде «Паңзада» дейтін повесінің бірінші жүлдеге ие болғанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Кей шығармаларға сын жазып, басы дауға қалған кездері болған деседі. «Мыңмен   жалғыз  алысқан»  есіл  ердің  соңында  азапты  күндерінің  куәсіндей  «Арпалыс»  атты қара  сөзбен  жазылған  дастаны  қалды. Дастан  өзге  кітаптардан  төрт  артықшалығымен  ерекшеленеді:

Біріншіден, Құдайдың  құтты  күні  сөз  жүзінде  теледидарда, баспасөз беттерінде  «халықтың  тұрмысын,  күнкөрісін  жақсартайық,  халықтың  мүддесін  ойлайық»  деп  тынбай  сайрайтын,  «халықты  бақытқа  кенелткіш  бұрандалы  бұлбұлдардың»  шын  мәнінде  қолдаушы  емес,  тежеуші  екендігін  айқын  көрсетеді.

Екіншіден, кітап  авторы өле-өлгенше, өзін өзі  тазарту, өзгерту, жетілдіру жолын  ұстанған. Яғни  кез  келген адам  өзін  өзі  жетілдіруге,  жақсылыққа  қарай өзгертуге  бейімделмесе, қанша  білімді  болса да  бәрі  бекершілік  екенін  шебер  суреттеген. Автордың  бұл  ұстанымы  қасиетті  Құран-кәрімде  көрініс  тапқан.  «Расында  бір  қауым  өзін  өзгертпейінше,  Алла  оны  өзгертпейді.» /13-Рағыд  сүресі  10  аят./

Үшіншіден, автор кез  келгеннің  тісі  бата  бермейтін  Тіл  мәселесі, Тірлік  мәселесі, Бірлік  мәселесі, Ұлт  мәселесі  жөнінде  бір  өзі  бір ғылыми институттың  міндетін  атқарған.

Төртіншіден,  күнделікті  телеарналар  жаңалықтарында Қазақстанда  емес,  құдды бір  Ауғанстанда, әлде  Иракта  жүргендей  … «облысында  сынып  оқушысын атып кетіпті, бауыздап  кетіпті, зорлап кетіпті», «балтамен  шабылған  бас  көшенің  бас  жағынан,  қапқа  салынған  аяқ екінші көшедегі  қоқыс  жәшігінен  табылды» деген хабармен басталатын  жаңалық  кейіпкерлері жасөспірімдердің күннен-күнге уыстан шығып бара жатқан тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп, полиция қызметкерлерінің дәрменсіздігінің  орнын толтырар кітап. Яғни, бала  бойындағы қанасына сыймай тасыған қайрат, артық  энергияны ғылым, білім, өнертапқыштық арнасына бағыттауға  таптырмас  құрал.

«Тіріде бір пенденің қадірі жоқ, өлген соң гүл қоямыз мазарына» деген  ақын  жырына  кереғар, бақилық  болғаннан кейін де шын бет-бейнесі танылып,  халқынан әділ бағасын ала алмаған, қазақтың арда ұлы Сейілбек  Қышқашұлының «Арпалыс» атты дастанын оқуға ықылас білдірген оқырман  қауымның  мына  қалтафонға  хабарласуын сұраймыз: .

PS. Мақала  жазылып біткен соң, кезінде жоғары оқу орнында дәріс берген   сырлас та сыйлас інім Алтынбекке көрсеткенмін, оқып болған соң біраз  үнсіздіктен кейін, «жаман емес, бірақ соңғы жағы жарнамаға айналып кеткен бе,  қалай?» деп  сұрау-
лы  жүзбен  бетіме қарады. Жақсы нәрсені, ақиқат  нәрсені неге жарнамаламасқа, біз қазір мақтау мен мақтанудан әлемнің  ең  үздік сыйлығын шаппай бер деп отырған жоқпыз  ба?( Егер ондай сыйлық бар  болса). Ал сол біздің әлемдік мақтау сыйлығын дәметіп жүрген нәрселеріміз   Сейілбек көкенің жасалымдарының тобығынан  келмейді деп дес бермедім. Менің ойымша солай. Ендігі төреші сіз, патша көңіл оқырман. 

Нысанбай  ҚУАНӘЛИҰЛЫ, Астана  қаласы    

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Февраль 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Янв    
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728  

Жоғарыға