Сіз мындасыз:

Бомж болып тумайды
Бомж болып тумайды

Белгілі мекен-жайы жоқ «БОМЖ» адамдар сонау кеңес заманында да болатын. Дегенмен, ол кезде ондайлар онша көп емес-ті. Ал соңғы жылдарда қаңғыбастыққа салынғандардың саны көбейіп бара жатқаны байқалады. Облыс орталықтарын былай қойғанда, іргелі елді мекендердің бәрінде «БОМЖ» дегендер жетіп артылады.

 

Адам «БОМЖ» болып тумайды, дегенмен өмірдің түрлі соқпақ-сүрлеулері пенделерді еріксіз әр тарапқа бастап, шарықтатып шыңға  шығарады немесе құлдыратып құрдымға  құлатады. Әрине, шыңға шығатындар аз, керісінше құрдымға құлайтындар баршылық. Адамның үй-күйі жоқ қаңғыбастыққа салынуының себебі әртүрлі десек те, ең басты және негізгі себебі – маскүнемдік екендігі кім-кімге де белгілі. Бет-ауыздары көлкілдеп ісінген, аузы-басы арақ сасыған, шоқпыт киінген мұндайлардан өзін сыйлайтын адамдар аулақ жүруге тырысады. Санда бар, санатта жоқ, қоғам үшін пайдалы еңбек етпейтін, салық төлемейтін, құлқынның құлына айналса да, олар да адам және еліміздің азаматтары. Осыған орай, мемлекет адам бейнесінен айы-
рылыңқырап қалған осы топты да естен шығармай, қолдан келгенше көмек қолын созып отырады.

Жылу құбырын мекен еткен 

Таяуда Ақмола облыстық ішкі істер департаменті журналистермен «БОМЖ» деп аталатын әлеуметтік топтың жай-жағдайымен танысу мақсатында баспасөз-саяхатын ұйымдастырды. Анда-санда көшеде кездескені болмаса, жан дүниелеріне үңіліп көрмеген қаңғыбастыққа салынған пенделердің тірліктынысы мүлдем бейтаныс десе болғандай.

БОМЖ-ды табу еш қиындыққа түспеді. Күн әлдеқашан шығып, уақыт түске таяп қалғанына қарамастан жылу құбырының үстінде тәтті ұйқыға берілген елуді еңсерген жүдеу өңді еуропалық нәсілді ер адамды жолбастаушы полиция қызметкері оятты. Бет-аузы көлкілдеп ісініп кеткен ол басын көтерді. Қыстың қытымыр аязында жылу құбырының үстінде ескі қызыл көрпе жамылып ұйықтаған оның үйі де, жайы да осы жер тәрізді. Айналасында босаған бірнеше бөтелке жатыр. Жылтыр қалтада қатып қалған нан көрінеді.

Өзін Сергей деп таныстырып, журналистердің сауалдарына еш қысылып-қымтырылмай ақтарыла жауап берді. Туып-өскен жері – осы Көкше өңірі екен. Айырылысып кеткен алғашқы әйелі қазір Шағалалы селосында тұрады. Бұл кеткенде алты жастағы ұлы ендігі ержетіп, үлкен азамат болған сияқты. Сергей олармен мүлдем араласпайды. Ал екінші әйелі Германияға кеткен. Бұның кете алмауына құжаттарының дұрыс болмауы себеп болыпты. Сергей еңбек еткен КДА зауыты әлдеқашан жабылған. Жұмыссыз қалған ол Бестөбеге барып, шахтаға түсіп те көріпті. Дегенмен, тұрақты жұмыс табылмаған. Содан кейін келе араққа салынып, оның ақыры жылу құбырындағы тірлікке жеткізген.

 

Қаңғыбастардың ордасы 

54 жастағы Марат есімді азаматтың жағдайы басқа әріптестерінен сәл бөлектеу болып шықты. Оның жақсы-жаман болсын бір бөлмелі пәтері бар. Бірақ пәтер деген аты болмаса, үйдің ішінде кіргенде қолқаны атқан жаман иіс пен темекі түтініне ысталған, түсі әлдеқашан оңып кеткен жапсырма қағаз, ескі орындық пен үстел, темір кереуеттен басқа көзге ілінер жиһаз жоқ. Марат жас кезінен бастап араққа салыныпты. Сотталып, біраз жылын тар қапаста өткізген де екен.  Өзін-өзі күтпеуден, арақтан түрлі ауруға шалдығып, ақыр соңында аяғынан айырылыпты. Қазір екінші топтағы мүгедек. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Бұл азаматтың баспанасы БОМЖ-дардың бас қосатын ордасына айналған. Күндіз-түні арақ ішіп, улап-шулап, кейде жаға жыртысып, төбелесіп жататын қаңғыбастардың әрекетінен мезі болған көршілері талай рет полицияға да шағымданыпты. Бірақ  одан еш нәтиже болмаған. Күтусіз үйден шыққан жаман иіс жайылып, осында өсіп-өнген тарақан мен көртышқандар көршілерді де жайлап алған. Қазір көршілер қаңғыбастардан құтылу үшін сыртқы есікке домофон орнатыпты. Бірақ сонда да мұнда ағылған қаңғыбастар легі азаймай отырғанға ұқсайды.

Мараттың пәтерінде бет-ауыздары көлкілдеген, арақ ішкен екі еркек пен бір әйел отыр. Олар полициядан да, журналистерден де айылдарын жимады. Үйдің ішін темекінің көк түтініне толтырып отыра берді.   Мүгедектер арбасына таңылған үй иесінің де өмірін өзгертуге еш ниетінің жоқтығы аңғарылады.

 

Қаңғыбастарға баспана болған мекен

Көкшетаудың қабылдаутарату мекемесі қаладағы қаңғыбастардың жалғыз мекені десе болады. Қыстың қақаған аяздарында жандары қысылған «БОМЖ»-дар осында келіп паналайды екен. 54 орындық мекемеде қыста 90-100-ге дейін адам болады. Олардың отыз-ға жуығы әйелдер. Бүгінгі күні мұнда тұрғылықты мекен-жайы жоқ 37 адам тұрып жатыр. Мекеме бастығы Қайыргелді Баймағамбетовтың айтуынша, мекемеде тұрақты мекен-жайы, құжаты жоқ адамдардың 30 тәулік тұруына болады. Осы кезең ішінде мекеме қызметкерлері қаңғыбастыққа салынғандардың аш қарынын тойдырып, жылы баспана беріп қана қоймай, құжаттарын дайындап, жұмысқа орналасуларына да жағдай жасайды. Мамандығы жоқтарын  әлеуметтік бағдарлама аясында оқытуға  насихаттайды. Обалы не, еңбекпен қамту орталығы бұлардың ұсынысын жерге тастамай, әрдайым қолдан келгенше көмек қолын созады екен.

Бірақ, өкінішке орай, қаңғыбастыққа салынғандардың өз кінәларынан бұлардың жасаған жұмыстарының бәрі зая кетіп жатады. Көбі тауып берген жұмысын бірер апта істеген соң арақ ішіп, қайта қаңғыбастыққа салынады. Адал еңбек етіп, арағын тастауға тырысатындар аз екен. Қаңғыбастықты кәсіп еткендердің арасында кімдер жоқ дейсіз, жоғарғы білімді мамандар, он саусағынан өнер тамған шеберлер, тіпті кәсіби ұшқыш та бар болып шықты. Ресейде туып-өскен Владислав есімді қырықтың қырқасындағы азамат жоғары әскери училищені бітіріп, әскери бөлімде ұшқыш болып қызмет атқарыпты. Бірақ араққа шектен тыс құмарлығының кесірінен қызметінен айырылған. Содан тағдыр тәлкегімен Қазақстанға келіп, күнкөрістік жұмыс жасаған. Дегенмен, араққа салынған ол  құжаттарынан айырылып, қаңғыбас атанған. Әйелі бүгінде Санкт-Петербургте тұрады. Мекеме бастығы оның туыстарына хат жазғандарын, көп ұзамай оны алып кететінін айтты.

— Өткен жылы бізге түскен бір адамның туыстарын табуға жәрдемдестік, — дейді Қайыргелді Сілетұлы. – Он сегіз жыл бойы іздестірген ұлын анасы Новосібірден келіп, алып кетті.

Қабылдау-тарату мекемесін паналағандардың көпшілігі мүгедектер. Сол қу арақтың кесірінен жастарына жетпей мүгедек болғандар. Өмір бойы арақ ішіп, көп жыл өмірін түзеу мекемесінде өткізген Анна есімді 71 жастағы кемпір жүріп-тұрудан қалып, төсекке таңылған. Оның құжаттары қазір дайындалып жатқан көрінеді. Құжаттары дайындалған соң әлеуметтік мекемеге, яғни қарттар үйіне орналастырылатын болады.

Көкшетауды мекен еткен БОМЖ-дардың орташа жасы 40-45 мөлшерінде. Яғни, жұмыс істеп, қоғам үшін пайдалы еңбек ететін жастағылар. Қабылдау тарату мекемесін ұстауға мемлекет қоржынынан жылына 45 миллион теңге қаржы бөлінеді екен.

«Жақсы болмақ мың күнде, жаман болмақ бір күнде» дейді қазақ. Қаңғыбастардың арасында бір кезде жақсы жұмыс жасап, отбасылы болғандары аз емес, дегенмен, өмір жолында кездескен қиындықтарға шыдамай, жұбанышты арақтан іздеп, осындай күйге жеткен. «Өмір – күрес» дегенді қандай ғұламаның айтқаны есімде жоқ, бірақ сол күресте ерік-жігері мол мықтылар ғана жеңіске жетіп, әлжуаздар құрдымға құлап жататынын қай-қайсымыз да көріп, естіп жүреміз. Өміріңнің соңына дейін еңсеңді түсірмей, бойыңды тік ұстап өткенге не жетсін, шіркін…

 

Қалкөз ЖҮСІП, Ақмола облысы

 

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика