Сіз мындасыз:

Ұлттық намысы жоғары дәрігерлер
Ұлттық намысы жоғары дәрігерлер

Екі ғасыр Ресейдің отарында болған қазақ халқы егемен ел, тәуелсіз мемлекет болғанына 23 жыл өтсе де құлдық мінезден айырыла  қойған жоқ.

Біріншіден, ұрпақтан-ұрпаққа құлдық психологиясын қазақ халқының санасына сіңіру – отаршылдардың басты идеологиясы еді, олар осы бағытта аянбай жұмыс істеді, ол өзінің улы жемісін берді де.

Екіншіден, қазақ халқын ассимиляцияға  ұшырату,  тілін, мәдениетін кемітіп, өз жерінде жалған «советтік» ұлт атап, біржолата қазақ ұлтын жою саясатының зардабы өте күшті болды.

Тарих заңы бойынша, қанаушы ұлт қандай күшті империя құрса да, түбінде ол империя күйрейді. 1991 жылы орыс империясы ыдырап, қазақ халқы екі ғасырдан кейін қайтадан тәуелсіз болғанын жариялады.

Бірақ, шын мәнінде осы тәуелсіздікке 23 жыл болса да, қазақ халқы  нағыз  тәуелсіз мемлекеттің иесі бола алды ма? Бола алмады. Негізгі себеп – ел билігіне келген адамдар қаны қазақ болғанымен, рухы өлген, ұлттық намысынан айырылғандар.  Осындай қазақ басшыларының көбі өз халқына жанашырлықпен қарап, қолдау, дамытудың орнына басқа ұлт өкілдерін  (келімсек-диаспора) қолдап, көтеріп, жалпақтап, асты-үстіне түседі.

Бұл жағымсыз құбылыс қазақ жерінде кең таралған, әсіресе  қазақ халқы аз тұратын аймақтарда. Бірақ, кеңес империясының орыстандыру саясаты қызып тұрған кезінде де, басқарған ұжымында  ұлт намысын  ту етіп көтерген қазақ азаматтары да болған. Ұлттық қазақ мемлекетін орнататын, өз қарамағындағы қалың  ел-жұртқа осы ойды жеткізетін кез келді ғой. Осыған орай, біздің қысқаша ғана әңгімеміз Алматы қаласының 4-емханасын басқарған  дәрігерлер туралы болмақ.

Бұл емхананың тарихы өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан басталады. Ол  кезең кеңес империясының күшінде тұрған мерзімі болатын. Төрт жаңа ықшам аудан «Орбита» деп аталатын, тұрғындарының басым көпшілігі  диаспора өкілдерінен құралған, оның ішінде  көпшілігі орыстар. Мысалы,  жаңадан салынған бір үйдің өзінде, 119 пәтердің 3-і ғана қазақ отбасыларына бұйырған. «Орбитада» қазақтың үлесі 10-15% аспады. Неге қазақ халқының астанасында осындай көрсеткіш? Сол кезде Кеңес Одағы компартиясы орталық комитетінің Алматыға және Қазақстанның басқа ірі қалаларына түбегейлі қазақ халқын тұрғыз-
бау туралы жасырын қаулысы болған. Бұл — Д.А.Қонаев Қазақстанды басқарып тұрған кез («Ашық Алаң» газеті, 04.09.2013 ж. Майқы  Жұмақановтың мақаласы «Кто ты ныне казах?»).

 Міне, осындай саяси-әлеуметтік жағдайда 4-емхананы басқарған дәрігер, өз ұлтының азаматы, ұжымды қазақтандыруды бастаған Амантай Біртанов еді. Құлдықтан ада Амантай мәжіліс депутаты сайлауына қатысып, билік қолдап отырған шовинист П.А.Атрушкевичпен бәсекеге түсті. Бірақ, билік өз халқының азаматын депутаттыққа өткізбей, келімсек П.А. Атрушкевичті өткізді.

Бұл туралы менің «Ради справедливости» («СолДАТ» газеті, №15, 04.2013ж.) деген мақаламда жазылған.

Амантай Біртанов сол кезеңде Алматы қаласының бас дәрігерлері арасында өз халқының ұлт  намысын қорғайтын азамат ретінде белгілі болды. Кейін басқа жұмысқа ауысқанда, оның орнына  медицина ғылымдарының кандидаты Сайлаубек Тәукейұлы 4 емханаға бас дәрігер  болып келді. Бұл да қазақтың азаматы, қазақтандырылған өз ұжымының қамын ойлап, Амантай Біртановтың бастаған жолын жалғастырып, дәрігерлер, медбикелердің ұлт намысын көтеруін алдыңғы қатарға қойды. С.Тәукейұлы зейнетке шыққанда орнына дәрігер-ғалым Нұржан Шуманов келді. Бұл бас дәрігер де алдындағы ұлт азаматтарының жолын жалғастыра білді.

 

Нұржан Шуманов білімді, тәжірибелі дәрігер, медбикелерді бағалай білді, жасына қарамастан зейнеткерлерге де жұмыс істейтін жағдай тудырды. Намысы биік қазақ мамандарына үлкен сеніммен қарайтын. Мысал келтірейін.

Мен 4-емхананың ұлты қазақ емес оташы дәрігеріне сырқатымды  көрсетіп едім, ол менің ісігімді немқұрайлы  қарап: «шыдатқызбай ауырғанда жедел жәрдемді шақырыңыз» деп, шығарып салды. Нұржан Шумановқа  баруға тұра келді. Ол кісі мені басқа қазақ оташыға емделуге жіберді. Тәжірибелі, білімді маман Игілік Керимов  мені емдеуге шын көңілімен кірісті. Бірақ, ем ұзаққа созыла бастағанда мені ірі оташы-дәрігер Төрехан Әліпбаевқа көрсетті. Мен ауруымнан жазылдым.

Төрехан Әліпбайұлы 4-емханада білікті маман ретінде өте сыйлы адам. Жасы 70-ке келсе де ұлттық намысын ешкімге қолдан бермей, көпке үлгі болып жүрген  ақсақалға қысқаша ғана  тоқталайық. Оның осындай адам болып қалыптасуына отбасы,  туған жері мен өскен ортасы үлкен әсер еткен. Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас  аймағының  аспанмен  тілдескен таулары, сарқыраған  қос  өзеннің қосылған жерінде жеміс-жидегі мол, қыраттау жерде орналасқан Қайыршықты ауылында Төкең дүниеге келген. Әкесі Әліпбай өз ауылына емес, бүкіл аудан  еліне танымал кісі екен. Әділдікті пір тұтқан Әліпбайға шындық іздеп келетін адамдардың саны шексіз болатын. Төрехан ауылдың орта мектебін  үздік бітіріп,  Алматы мединститутының емдеу факультетіне оқуға түседі. Оның дәрігерлік дұрыс тәжірибе алуына, Алматыға жұмысқа келуіне, пәтер алуына қол ұшын берген қазақ  азаматтары да  болды. Солардың  ішінде  мен естіп-білген, сол кезде Денсаулық  министрінің орынбасары Халық Мусабаев та болды. Оның Жігер деген баласы кезінде маған «Құрылыс құрылымдары» пәнінен сабақ берген.

 

Ал, сол Жігердің ұлт намысы тұрмақ, қазақша  сөйлегенін естіген емеспін. Бұны неге айтып тұрмын? Кеңес Одағының орыстандыру саясатының күшті болғаны  соншалықты, зиялы қазақтар  арасында «қазақ  ұлты жойылып, қазақ  тілі келмеске кетеді» деген ой-пікір  қалыптасқан еді. Осы  себептен  сол зиялылардың  балалары ана тілін білмейді, ұлттық намысы жоқ. Бұл бізге қазақтың ұлттық мемлекеттін құруға басты кедергі болып тұр.

 

Ал Төрехан болса, қаймағы бұзылмаған  қазақ ортасынан шыққан. 1978 жылы Денсаулық министрі Т.Шарманов кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау (ВОЗ) конференциясының Қазақстанда өтуіне байланысты Түлкібас аудандық ауруханасында 17 елдің делегациясы медицина саласындағы мәселелерді талқылады. Осы кездесуді аса жоғары деңгейде өткізген, қазақ дәрігерлерінің медицина саласында өте қабілетті халық екенін көрсеткен Төрехан Әліпбайұлы болатын.

Қазіргі кезде 70 жасқа келген Төрехан ақсақалды 4-емханаға жаңадан келген бас дәрігер Фарида Ағыбаева ханым үлкен құрметпен қарсы алды. Білікті маман ұжымға үлгілі болсын деп Төкеңе жұмысын жемісті  жалғастыруға жағдай жасауда. Төрехан бауырымды 70 жылдық мерейтойымен  құттықтаймын, 4-емхананың дәрігерлеріне ұлттың туын алдағы уақытта да биік ұстаңыздар деген тілек айтамын.

 

Төлеубек Қарамендітегі, профессор, ҚР Журналистер одағының мүшесі

 

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Өмірзақ Ақжігіт

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Август 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Жоғарыға