
Әйтеке бидің туғанына 370 жылдығына орай Қазақстаннан арнайы делегация Өзбекстанның Науаи облысының Нұрата жерінде жатқан бидің басына тағзым етіп қайтты. 2009 жылы тұрғызылған Әйтеке би кешенінде Әйтеке бидің өмір-тарихына арналған конференция болып өтті. Оған Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Б. Жексенбин қатысып, сөз сөйледі. Сол сапардан қысқаша репортажды ұсынамыз.
Жолда
«Қазақия» газетінің бас редакторы Өмірзақ Ақжігіт телефон шалып, делегация құрамына енгенімді хабарлады. Алдында бару-бармау туралы екі ойлы болдым. Бірақ, «Тәшкендегі Төле би бабаға тағзым еттім, Түркістандағы Қазбек биге де құран бағыштадым… Енді, Әйтеке би баба қалып тұр − «мүмкіндікті қолдан жіберуге болмас, үш биін түгендеген қазақтың жүрегі бүтін» дедім де жолға шықтым. «Шымкент» қонақ үйінен орын берілді. Бағасы күйіп тұр. Демек, «Шымкент Қазақстандағы үшінші мегаполис болады» деген сөз рас. Қала күннен күнге көркеюде − әдемі үйлер, жасыл тал-теректер қала ажарын кіргізіп тұр.
«Әупіріммен» кедендік тексеруден өттік-ау! Өзбек жағы қиындау екен. Алғашында қоржындарымызды қопара тексеріп еді, аздан соң солдат та, тексеруші офицер де қашқақтай бастады. Кейін құжаттарымызды жиып алып, бәрімізді «оптом» өткізіп жіберді. Бізден келер пайда жоқ болар, сірә.
Жол бойы шағын коттедждер салынуда. Үкімет қаржысына. Барлығы сары түспен боялыпты. Әрине, біздің байлардың зәулім сарайларына жетпейді. Дегенмен, тұрмысқа жайлы. Коттедж кезек бойынша тегін беріледі екен. Әрине, оған қол жеткізу де оңай емес болар − өзбек шенеунігінің біздің шенеуніктен асып тұрғаны шамалы.
Самарқан қаласын Ескендір Зұлқарнайын заманында қаңлылардың патшасы Байтақ өз қызы Роксанаға сыйлаған, онда бұл қала Грек-Бактрия мемлекетінің астанасы болған (Жазушы Эрнест Төрехановтың «Ескендір мен Роксана» атты кітабынан). Самарқанға келген соң, осы қаланың билеушісі болған, тегі қазақ Жалаңтөс батырдың жатқан жерін іздедік. Бабаның басына тағзым еттік. Жалаңтөс есімі қазаққа қашан да қадірлі. Ол қазақ-қалмақ соғысында үлкен беделге ие болған қолбасшы. 1643 жылы Орбұлақ шайқасына Жәңгір ханның өтінішімен 20 мың қолды бүйірден қосып, жоңғарларды ойсырата жеңуге атсалысқан. Самарқандағы Регистанды, Гүр Әмірді аралап көрдік. Ұлықбек обсерваториясына, Жалаңтөс бахадүр салған «Шер-Дор» медресесіне кірдік. Ертесіне Әйтеке бабамыз жатқан Нұрата қалашығына кеттік.
Әйтеке би кесенесінде өткен шаралар
Түске таман келгенде, кесене алдында жергілікті қазақтар «Ат арытып, аман-есен келген қадамдарыңыз құтты болсын, ниеттеріңіз қабыл болсын!» деп құшақ жая қарсы алды. Делегация бидің басына барып, әруағына бағыштап құран оқытты. Ресми делегацияны Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Б.Жексенбин бастап келді. Арасында сенатор Орынбай Рахманбердиев, белгілі қоғам қайраткері Ерлан Қарин және т.б. бірқатар танымал азаматтар жүр екен. Олар да құран бағыштады. Содан кейін ақындарға кезек тиді. Өзін «хим-биолог ақын Болат» деп таныстырған жергілікті ақын жігіттің және «мен қазақ болғаныма мақтанамын» деп жырлаған өрімдей жас ақын қыз Элмира Қоқаеваның өлеңдеріне жұрт риза болды. Ал, Ақтөбеден келген өнерлі жігіт Жетес Жәмеков қобызбен терме айтқанда, домбырамен ән салғанда қазақтың рухы аспандап кетті, жұрт орнынан тік тұрып қол соқты…
Содан кейін конференция басталды. Алдымен елші Б.Жексенбин сөз алды:
-Қазақ елі мен өзбек елі 2013 жылы «Мәңгілік достық» туралы шартқа қол қойды. Өзбекстанда біздің бір миллионнан астам қандастарымыз тұрады. Мұнда ұлттық мәдени орталықтар жұмыс істейді. Әсіресе, бүгінгі шараны ұйымдастыруға тікелей атсалысқан Өзбек ұлтаралық мәдени орталығының төрағасы Мұхамедин Насрединге, Науаи уәлаяты басшыларына, Әйтеке би қорының жетекшісі, осы жердің тумасы, Шымкент қаласының құрметті азаматы Шахарбек Усмановқа, мына келіп отырған зиялы қауымға, жергілікті халыққа өзімнің зор ризашылығымды білдіремін! Әйтеке би немере ағасы Жалаңтөс батырдың тәрбиесін көрген тұлға. Оның аты біздің тарихымызда алтын әріптермен жазылған.
Одан кейін сөз алған Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібай Нұржанұлы облыс әкімінің арнаулы хатын оқып берді. Әйтеке би музейіне деп атақты Ізтілеу Тұрмағанбетов аударған «Шахнаме» кітабын сыйға тартты. Қызылорда облысы әкімдігінің өкілі «бұл жерлер — қазақтың жері деп» деп отырғандарды тарихи шындықпен таныстырып өтті. Солай екені де рас. Ол туралы екі сағатқа жуық уақытқа созылған конференциядан кейін делегация құрамында барған ең қарт қариямыз, Шымкент облысы Төле би ауданының құрметті азаматы Оңғаров Құдайберген ақсақал да өз сұхбатында нақты айтты:
− Әйтеке туралы айтсақ, ол Алты ата әлімнің төртқарасы. Атақты Сейтқұл бидің шөбересі. Сейтқұлдан – Ақша, одан Байбақ, одан Әйтеке. Ал Жалаңтөс Ақшаның ең кіші тоқалынан туған, Әйтекенің әкесі Байбақтың туған інісі. Олар тарихта «Сейтқұлдың сегіз серісі» деген атпен қалған. Бәрі де ел басқарған, билер болған текті тұқым. Ертеректе Бұқара мен Самарқан айналасы әлім руының, Ташкент маңайы түгелімен Ұлы жүздің жері еді. Қазір ол жерлер өзбекке қарайды. Енді атақты билеріміз өзбек пен қазақ арасын жалғастырып, достығымызға дәнекер болуда. Бұл жерге Қазақстаннан жастарды көбірік әкеліп тұру керек. Олар білсін. Сонда елдігіміз де мықты болады, — деді көнекөз қария.
Соңынан Әйтеке биге арнап Қызылорда олысы әкімшілігінің атынан 400 адамға ас берілді. Жолға рухтанып аттандық!
Әбдірашит Бәкірұлы, Алматы
















Жауап беру