Сіз мындасыз:

Қазақ газеті неге жабылады?
Қазақ газеті неге жабылады?

Cоңғы бір-екі жылда қазақ баспасөз құралдары жаппай жабыла бастады. Тіпті, аты дырдай «Нұротан» партиясының «Дала мен қала» атты газеті мүлдем жабылып, құрдымға кетті.

 

Елдегі газеттердің 10 пайызы (дұрысы 5-7 пайыз шамасында) ғана қазақтілді. Былтыр 4 қазақтілді газет «өлді». Ал, тіпті, 4 орыстілді газет «өлсе», бұл – орыстілді оқырман үшін байқалатын құбылыс емес, өйткені, «өлген» 4 газеттің орнына – 16 газет ашылып жатыр…

Ана тіліміздегі газет-журналдардың жабылуы – қазақ үшін өте өзекті тақырып. Орыстілділер үшін бұл сонша маңыз­ды емес. Себебі, «өліп» жатқан орыстілді газеттердің саны мейлінше аз, жоққа тән.

Біреулер, тіпті, өзіміздің қоңыр қазақтардың өздері: «Қазақ газеттері неге жабылады?» деген сауалға, мүдірместен: «Интернет-газеттер ығыстырып жатыр» – деп жауап береді. Бұл – өтірік. Бұл – қазақтілді газеттерді құртудың құйтырқы жолы. Бұл – қазақтың дұшпандарының уәжі.

Қазақ газеттерінің жаппай жабылуының үш себебі бар: біріншіден, мемлекеттік қолдау әлсіз. Нақты, шынайы жанашырлық қолдау жоқ. Екіншіден, газет иелерінде қаржы жоқтығы. Ең басты, үшінші себебі – қазақ газеттеріне жарнама берілмейді.

Өйткені, бізде «Әділ бәсекелес­тік туралы», «Монополиялық қызмет  туралы», «Тіл туралы», «Жарнама туралы» және т.б. толып жатқан заңдар жұмыс істемейді. Заңдардың қолдану құзыретін қадағалайтын прокуратура орындары да тым бейқам.

Рас, қазақ газеттерінің біразы мемлекеттік тапсырыс арқылы, келесілері әкімдердің қолдауымен әупірімдеп күн көруде. Ал, мемлекет пен ірі ұлттық компаниялардың жарнамаға бөлінетін миллиардттаған теңге қаржылары қазақтілді баспасөзді айналып өтіп, орыс­тілді баспасөз құралдарына дариядай құйылып жатыр.

Сол себепті, орыстілді журналистердің жалақысы — өзінің қазақтілді әріптесінен 5 есе көп. Мәселен, орта есеппен, қазір қазақ журналисінің айлығы 100 мың теңге болса, орыс журналисінің айлығы 500 мың теңге.

Өзінің туған елі мен жерінде, өзінің туған тілінде жазатын қазақ журналисін осыншама қорлауға қазақ билігі қалайша жол берді? Бұл бассыздыққа кім кінәлі? Бұл әділетсіздік үшін кімді жауапқа тартамыз: Үкімет басшысы – Премьер-Министрді ме, баспасөз саласының министрін бе, әлде, заңсыздыққа жол берілуін бақыламаған Бас прокурорды ма?..

Керек десеңіз, әділет­сіз­діктің тамыры үкі­мет тікелей қаржы­лан­дыратын басы­лымдардан басталады. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газеті мен «Казахстанская правда» газетінің «Азасөзге» алатын жарнасы (хабарландыруға қатысты төлем) екі түрлі: «Егемен Қазақстан» мейлінше арзан алса, «Казахстанская правда» ешкімді аямайды, азаңа да, қазаңа да қарамайды, қымбат төлейсің…

Демек, қазақ газеттерін жарнаманың жоқтығы өлтіріп жатыр. Басқаша айтқанда, еліміздің жарнама берушілері – қазақтілді ақпарат тұтынушылардың құқықтарын аяққа басуда.

Не істемек керек? Қазақтілді газет шығару­шылар әділдік іздеп, тұяқсерпер әрекет жасауы үшін күш біріктіріп, қаржы жинап, ұлтшыл-рухшыл, білімді-білікті, қайсар-қайтпас қорғаушылар жалдауы керек. Сосын, газет-журналдардағы, теледидар-радиолардағы, сайт-порталдардағы, кітапшалар мен көшелердегі, маңдайшалар мен тақтайшалардағы орыс пен ағылшын тілдерінде ғана («Мемлекеттік тіл туралы» заңды дөрекі бұзып) ұсынылған жарнамаларды тұтынушылар атынан түгел прокуратураға, тіл басқармаларына, сотқа беру керек. Бұл – аса ауыр жұмыс, ұзаққа созылатын шаруа, бірақ, ешкім шошитын саясат емес, керісінше, заң талаптарының сақталуын талап ету, яғни, тұтынушылардың заңды құқықтарын қорғау.

Тіпті, ресейлік газеттердің басым бөлігінің «қазақстандық» болып тіркеліп, қазақтың қыруар қаржыларын ресейдегі қожайындарына асырып жатқаны да жасырын емес. Мысалы, таяуда ғана ұлты орыс «Қазпресс» басшысының қазақтың қомақты қаржысын қымқырып, жауапкершіліктен құтылып, орыс жеріне қашып кеткені біз үшін ар саналуға тиіс. Біраз қазақ тіліндегі газет-журналдарды таратуға алып, ақырында, қордаланған миллиондаған ақшаны қалтасына басқан бұл ұрының Қазақстанға қайтарылып, қатаң жазалануын талап етуге тиіспіз. Ол-ол ма, ақпарат кеңістігі мен қауіпсіздігі туралы әңгіме қозғаған Марат Тәжиннің қызметінен кетуіне де Кремльге қызмет көрсететін (бәлкім, тікелей бағынышты) қазақ жеріндегі орыстілді баспасөз құралдары ықпал еткен көрінеді… Ал, мұны, Серік Абас-шах жазғандай, «ауыл шопырының сандырағы» деу қиын…

 

Серік ЕРҒАЛИ

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Декабрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Ноя    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  

Жоғарыға