
Республикалық апталық басылым «Қазақия» газетінің ел-жұртқа танымал бола бастағанына да біраз уақыттың жүзі болып қалды. Негізінен ақпарат басылымдарын танымал қылатын оның көркемділігі, мазмұны және адам факторы. Адам дегенде сол басылымды жанындай жақсы көріп, сонымен қатар оны өзі ғана оқып қоймай, қоршаған ортасына жете таныстыра білетін адамды айтамыз. Біздің де айтқалы отырған кісіміз Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы , Жосалы кентінің тұрғыны Іскендіров Көшербай ағай жайлы болмақ.
Бұл кісі сонау 1957 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін мұғалімдік қызмет атқарып , жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруге біраз ат салысты. Сонымен қатар білім, ғылымнан қол үзген емес. Құдайға шүкір, бұл кісі бұл күнде елге сыйлы, абыройлы азамат және ширақ жан. Ширақтығының арқасы шығар, аудан көлемінде болып жатқан қоғамдық жұмыстардан қалмайды, бәріне де үлгереді. Тіпте шахмат тақтасын қолтығына қысып аудан біріншілігіне де кетіп бара жатқанын көресің. Енді, міне, өзінің сүйікті «Қазақия» газетін қалың көпшілікке ынта-ықыласымен таныстырып жүрген Көшербай ағайды сөзге тарттық.
- Көшеке , «Қазақия» газеті сізді несімен қызықтырды және көпшіліктің бұл газетке деген көзқарастары қалай?
- Мен өзім физика-математика пәндерінің мұғалімі болатын. Бірақ мен бұл пәндердің айналасымен тоқтап қалған жоқпын. Әдебиет пен тарихты да жақсы көремін. Орыстың белгілі математик ғалымы Софья Ковалевскаяның айтқаны бар: «Жақсы математик болу үшін – философия мен поэзиядан хабарың болуы керек» — деген. Мен осы қағиданы ұстандым. Мақтанғаным емес , қазір менде Мұхтар Шахановтың барлық жинақтары және шетел классиктерінің шығармалары бар. Сондықтан шығар, маған ақпарат құралдары жат емес, қайта жағымды жаңа жаңалықтарымен қызықтырып тартады. Сондай ақпарат құралдарының бірі осы «Қазақия» газеті.
Бұл газет несімен қызықтырып, өзіне тартты деген сұрағыңа келетін болсақ, шынымды айтайын осы газеттің бір номерінде «Каддафидің өз еліне жасаған 33 жақсылығы» деген мақаланы оқып , өзіме жаңалық ашқандай болдым және Сыр сүлейі Балқы Базар туралы жазылған мақалалар да көңілімнен шықты. Содан кейін осы газетке жазылдым да, қасымда жүрген адамдарды да тарттым. Мысалы менің досым, кезінде қызмет жасаған Керуенов Сағаладдин деген азамат айтқан бойда сол күні жазылды. Сонан кейін бұл газеттің қолға жетуі де тез. Сәрсенбі күні шыққан газет, бейсенбі күні таңертеңгілік қолымызға тиеді. Міне, ақпараттың тиімділігіде осында емеспе.
- Бір-екі айдан соң келесі жылдың газет-журналдарына жазылу басталады. Сіздің ойыңызша «Қазақияға» жазылу қалай болады деген ойдасыз?
Көшекең жәйіменен қолына оқушы дәптерін алды. Дәптер іші оқтай түзу қол жазумен жазылған цифрларға толы екен. «Міне, мына жерде Қазақияға 7 адам жазылыпты және 17 адам жазыламын деп уәдесін берген. Ал мына тұрған сұрау белгілері қазіргі кезде жазылуға қаражаты жоқ, бірақ болған кезде жазыламын деген адамдардың тізімі» деді. Көшекеңнің мына ұқыптылығына таң қалған біздер, газет редакциясының атынан алғыс айтып, 80 жасқа таяп қалса да әлі де аттан түсе қоймаған Көшекеңе зор денсаулық тіледік.
Мұхит Нұрмахан, Қызылорда облысы


















Жауап беру