
Бірінші сөз
Қазақ елінде болмаған жағдай болып жатыр. Басқа ұлттың өкілі қазақ жерінің нанын жеп, суын ішіп отырып, ұлтымызды қорлап, мазаққа айналдырып және сол ойларын «қолдарыңнан келгенін істеп алыңдар» дегендей ашық айтып отыр. Бұл мәселе әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланып, біреулер «кіжініп», енді біреулер «түсініп» жатыр. Меніңше, біз өзімізіді өзіміз алдайтын сияқтымыз әлеуметтік желілердегі комменттерде мұндай пікірдің сан алуаны ашық айтылып та, жазылып та жүр. Оған етіміз үйреніп кетті. Ал бұл оқиғаның шу тудырған себебі — шыдамдары таусылған бірнеше адамның, қазақты адам қатарына санамаған Шевцованы сотқа беруі сияқты. Егер олар сотқа бермесе не болар еді?
Ештеңе де болмайды. Өз басым бұндай пікірлердің талайын көрдім. Сондықтан, менің ойымша басқа ұлтты қорлаған, оның мәдениеті мен ұлттық ерекшеліктеріне тіл тигізген пікірлерді жариялап отырған бұқаралық ақпарат құралдарын (оған интернет те кіреді) қатаң жазаға тарту керек. (Өкінішке орай, фейсбук сияқты жүйелердегі пікірлерді тоқтату мүмкін емес) Әрине, олар «сөз бостандығына шектеу қойылып жатыр» деп жалайырға жар салуы мүмкін. Бірақ, сөз бостандығы – басқалардың ар-намысына тиетін пікір айту еркіндігі емес, оны Франциядағы «Шарли Эбдо» тағы бір дәлелдеп берді. Менің интернетке теріс көзқарасым да осыдан шығады бұл жерден талай ақпарат алуға да болады сонымен қатар, иесіз қалған дәретхана сияқты; біреулер сарып кетеді, енді біреулер боқтығын төгіп кетеді. Ал енді біреулері тығылып тұрып, жеті атаңнан боқтап өтеді. Меніңше, боқтаған адамды емес, сол боқтықты әлемге жайып салған адамдар жауапты болғаны дұрыс.
Екінші сөз
Әрбір аурудың өз аты бар. Бүгінгі аурудың аты – «Шевцова ауруы». Оның себебін ашпай, аурудың алдын ала алмаймыз. Мойындауымыз керек, Шевцованың айтқаны мыңдаған не миллиондаған адамдардың миының қыртысында жатыр. Бұл – ұлы державалық орыстың басқа халықтан артықшылығына құдайдай сенетін, басқа ұлттарды төмен санайтын шовинистік дерт. Орыстарды Бірінші Петр басқарып, Ресейді империяға айналдырып, оның мұрагерлері Кавказ бен Орта Азия халықтарын отарлап ала бастағаннан пайда болған бұл сырқатты сот арқылы жазу мүмкін емес. Немесе осы дерттен арыла алмаған басқа ұлт өкілдері Қазақ елінен кетіп өздерінің империяларына барып өмір сүреді де, немесе жергілікті халық «ә» десе «мә» деп ауыздан ұрып отырып, сасық ойлары мен шіріген сөздерін тоқтатады.
Өкінішке орай ма, әлде бақытымызға қарай ма, қазақ ондай халық емес, сондықтан екінші бағытты жинап қойғанымыз дұрыс. Бұл өзіңді боққа былғау мен қанға әкелу бағыты. Шовинистік бағыттағы «қазақстандықтардың» өздерінің елдеріне көшіп кете қоюы да неғайбіл. Украинадан кейін олардың көздеріне қан тола бастағаны анық. Ең қызығы, «Шевцова сотынан» кейін (ол жерде де соттың немен аяқталарын алла біледі) болатын сияқты. Егер бейшара әйел (мен үшін, сырқат адамның барлығы — бейшара) қатаң жазаға ұшыраса қазаққа пиғылы бөлек басқа адамдар үшін үлкен сабақ болары сөзсіз, бірақ соттың соңы сиырқұйымшақтанып, құмға сіңген су сияқты жоғалып кетсе, тағы да «қазан — толерантты халық» деген арзан мақтаумен жабулы қазақ жабулы күйде қалса, біріші орынға екінші бағыт шығады.
Үшінші сөз
Мемлекеттік органдар, оның ішінде қауіпсіздік органдары мен заңды бақылайтын орындар президентке қарсы айтылған пікірлер мен діни экстремизмге шақырған үгіт-насихат жұмыстарын індетіп, іздестіріп, тауып алады да, қазаққа айтылған мазақ сөздердің авторларын іздеуге келгенде шарасыз болып қалатыны таң қалдырады. Менің білуімше, егер азаматтар Шевцованың жазғандарын дерек есебінде келтіре отырып, сотқа бермесе, сот органдары қозғалмай отыра береді. Қысқасы, ұлттардың намысына, ар-ұжданына тиетін сөздерді, ұлт араздығын қоздыратын пікірлерді бақылап отыратын қандай да бір мемлекеттік орган бар ма, әлде жоқ па, біз білмейміз. Өз басым қазақ жеріндегі «ұлттардың арасындағы алауыздықты қоздыратын» деген сөзге де қарным ашады. Тәуелсіздік алғаннан бастап осы уақытқа дейін Қазақ жеріндегі өзге ұлттардың арасында араздық болған емес, тек қана қазақ пен басқа ұлттардың арасында «алауыздықтар» орын алды («қазақ-ұйғыр», «қазақ-шешен», «қазақ-күрд», ал кеше бұл тізім «қазақ-тәжік» деген сөзбен толықты…). Бұл да бізді ойландыру керек. Әрине, бұл кикілжіңдердің негізінде әлеуметтік немесе қылмыстық мәселенің жатқаны белгілі, бірақ неліктен бұл оқиғаларды Қазақстан қауымы ұлтаралық сипатта қабылдады. Бұған да жауап жоқ. Не қазақ деген тыныш отыра алмайтын, басқаларға күн көрсетпейтін тентек халық немесе өзгелердің боқтауы мен мазағына бас шұлғып отыра беретін сорлы тобыр.
«Шевцова ауруы» өзінің басын 90-жылдардың басындағы «қазақтар өзінің мемлекетін құрып жатыр» деген айқайдан алады. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» демекші, қазақ тарапынан басқа ұлттарға ешқандай қысым болмаса да, орыс тілділерге, оның ішінде орыстарға қазақ тілін білуді талап етіп, елден қумасақ та «қазақтар бізді құртатын шығар» деген ешқандай негізі жоқ қорқыныш сол уақытта пайда болған. Менің әріптесім, марқұм Нұрболат Масановтың халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесу кезінде жиі қайталайтын сөзі де осы «қазақтар ұлттық мемлекет құрып жатыр» болатын.
Неліктен екені белгісіз біздер осы сөзді естігенде «интернационалист» болып ақтала бастайтынбыз. (Әлі есімде, Желтоқсан көтерілісінен соң «қазақ ұлтшылдығы» деген атақтан құтылуға тырысып, соны алып тастау қажеттігін талай айтқанбыз. Қазір ойласақ, компартияның берген сол бағасына мақтауымыз керек екен. Иә, Желтоқсан көтерілісі – қазақ жастарының ұлтшылдығының көрінісі!).
Бірақ «қасқырдың аузы жесе де, жемесе де қан» демекші, «қазақ жаманнан» құтыла алмадық. Меніңше, қарапайым шындықты айтып, «Шевцова ауруымен» ауырып жүргендердің жүректерін орындарына түсіруіміз керек сияқты. Иә, қазақтар өздерінің ұлттық мемлекетін құрып жатыр. Ол мемлекеттің тілі – қазақтың тілі. Бізбен бірге тұрамыз, балаларымыздың болашағы қазақ тілінде деген кез келген азамат біздің отандасымыз. Қазақ болғанымыз үшін біздерге заң жүзінде ешқандай артықшылық берілмейді. Біздің азаматтық-саяси құқығымыз бірдей. Бірақ елдің – Қазақтікі екендігі, жердің – Қазақтікі екендігі, мемлекеттік тілдің Қазақтікі екенідігі мойындалуы шарт. Осы аксиомаларды ашық айтқанда ғана интернеттің тасасында отырып мыңқылдайтындар ауыздарын жабады деп ойлаймын.
Демек, «Шевцова ауруын» туғызып жүрген біздің жуастығымыз бен жалпақ шешейлігіміз.
Біз мемлекетке ренжиміз. Бұл да үлкен қателік. Мемлекет жеке бір ұлтты қорғамайды, өзінің азаматтарын ғана қорғайды. Ұлт өз намысын, өзінің ар-ұжданын, мемлекеттің заңына сүйене отырып, өзі ғана қорғайды.
Дос КӨШІМ
Сурет сайтынан алынды





































Жауап беру