Сіз мындасыз:

Хасекең: – деген екен…
Хасекең: – деген екен…

Қания Бейсенбаева (Ғалия Оспанова) (1951-2009) еліміз тәуелсіздігін алар қарсаңда құрылған «Желтоқсан», «Азат» ұйымдарының белсенді мүшесі болды. «Азат» қозғалысының Алматы бөлімшесіне басшылық етті. Бұл кітапқа оның саяси-қоғамдық ұйымдар жайында жазған кейбір мақалалары және аталған ұлттық ұйымдарды басқарған, 1970-80 жылдарда саяси тұтқын болған Хасен Қожа-Ахметке қатысты ел пікірлерінен, Хасеннің өз айтқандарынан тұратын, Қанияның 19 жыл көлемінде жазған «Хасекең: – деген екен!» жинағы еніп отыр. Кітап оқырмандарға еліміздегі қоғамдық-саяси ұйымдардың тыныс-тірлігінен айтарлықтай мағлұмат береді.

Тіл тию

1986 жылы Хасен Қожа-Ахметпен Қазақ теледидарында қызметтес актер Тоқсын Құлыбеков: –Теледидарды қосып қалсам – Хасен Қожа-Ахметтің концерті, киоскіге барсам – күйтабағы, кітапты ашсам – сатирасы, радио, үтікті қоссам да –Хасен Қожа-Ахмет!..– деп әзілдей беріпті. Себебі, сол жыл Хасекең шығармашылығы үшін жемісті болып, әндері «Мелодия» фирмасынан жеке күйтабақ болып шығады, «Ауыл кеші көңілді» жинағында бірнеше әні, «Қисық шеге» жинағында сатиралық әңгімелері жарияланып, теледидардан әндерінен бір сағаттық хабар берілген еді.
Жыл аяғында Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін Хасен сотталып кетеді. Екі жарым жылдан соң түрмеден оралып, Тоқсынмен кездескенде, ол әлгі әзілін қайта бастапты. Сонда Хасен:
– Әй, Тоқсын-ай, 1986 жылы осылай әзілдеуші едің, тілің тиді-ау деймін, сотталып кеттім ғой!..– дегенде, Тоқсын:
– Ой, ой, Хасеке, өйтіп айтпашы!– деп шыр-пыр болыпты.
– Жә, менікі әзіл ғой,– деп, Тоқсынды өзі шошытқан Хасен өзі жұбатыпты.

Әндерін соттаған жоқ қой!

Хасен Желтоқсан көтерілісіне қатысып сотталып кеткенде, Қазақ радиосының қорындағы оның музыкалық шығармаларының тізіміне «Эфирден берілмесін!» деп жазылып, жеке қойылады. Бірақ Қазақ КСР-нің халық әртісі, әнші Сара Тыныштығұлова Хасеннің екі әнін өз концерттерінде айтуын тоқтат-папты. Оны сезіп қойған бір басшысымақ: – Сіз сотталып кеткен адамның шығармасын неге орындайсыз?!–дегенде, Тыныштығұлова: – Жақсы әндер болған соң орындаймын! Композиторды соттағанмен, әндерін ешкім соттаған жоқ қой! –деген екен.

«Тындырдық!» деп ойладыңдар ма?

1986 жылы желтоқсанда тұтқындалған Хасен Қожа-Ахметтен екі орыс тергеуші «халықтың не себептен көтерілгенін» сұрайды. Сонда Хасекең: – Мен сонау 1970 жылдарда-ақ «Егер КСРО үкіметі отаршылдық, орыстандыру саясатын өзгертпесе, халықтар ұлт-азаттығы үшін көтеріліп, тарихта өткен өзге де империялардай, кешікпей КСРО да ыдырайды», деп айтып едім ғой! Мені 1977 жылы соттаумен «барлық істі тындырдық» деп ойладыңдар ма?! – депті. Екі тергеушінің естері шығып, тергеуді тоқтатып, Хасенді дереу камераға қайтартқан екен.

100 жылға жетпейді!

1977 жылы Хасен Қожа-Ахметті Алматының Дзержинский мен Виноградов көшелері қиылы-сындағы КГБ-ның ішкі түрмесінде қамап, 8 ай тергеуден соң 6 томдық «Қылмыстық ісін» сотқа дайындап болған тергеуші подполковник Қ.Мұқанов: –Мына томдарды 100 жылдан кейін біреулер оқып «Е-е, Хасен деген де батыр жігіт болған екен ғой!» деп, еске алар,– депті. Сонда Хасен:
– Жоқ, 100 жылға жетпейді!– дейді.
– Рас айтамын, мұндай «саяси іс» архивте мәңгі сақталады,–депті тергеуші, Хасеннің «Жоқ, 100 жылдан ерте КСРО құлап, халқымыз тәуелсіздігін алып, бұл томдар оқылады» деген мағынада айтқанын түсінбей.

Нағыз өсетін жігіт!

Алматыдағы жоғары оқу орындарына өзі жазған «Оян, қазақ! Оян, елім!» үнпарағын, «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырсуы», «Одақ па, әлде отар ма?», т.б мақалаларын тарату кезінде 1977 жылы сәуірде тұтқындалған Хасен Қожа-Ахметке «КСРО-ның мемлекеттік құрылысына, КОКП-ның ұлт саясатына жала жапты» деген айып тағылып, 8 ай тергеу барысында оны білетін 56 адамнан түсінік алыныпты. Бұлардың көпшілігі Хасекеңнің жақсы жағын айтса, ал онымен консерваторияның композиторлық бөлімінде бірге оқитын Төлеген Мұхаметжанов, тіпті, тергеушінің сұрамағанын да айтып: «Бірде, аялдамада тұрғанымызда, қазақ қызының орыс жігітпен шүйіркелескенін көрген Хасен әлгілердің қасына барып: «Неге орыспен жүресің?!» деп, пышақ көрсеткен. Хасеннің жаман адам екенін сонда білген едім»,– деп, ағынан жарылыпты. Тергеу аяқталған соң «Қылмыстық ісімен» танысқан Хасен, оның әлгі жазғандарын оқып: «Төлегенді дос санап жүрсем, Бекежан болып шықты ғой! Мұндай қабілетімен, мынадай заманда нағыз өсетін жігіт осы болады әлі,–деген екен.

Ұлтшыл еместігін дәлелдемек!

1990 жылдың жазында Хасен Қожа-Ахметке Мұхтар Шаханов телефон шалып, Жоғарғы Кеңес үйіндегі «Желтоқсан оқиғасын тексеретін комиссияға» шақырды. (Ол кезде Хасекең «Желтоқсан» партиясының төрағасы болатын). Арада екі сағаттай өткенде штабымызға оралған ол Жоғары Кеңесте болған әңгімені айтып берді: «Барсам, Мұхтар Шаханов бөлмесінде Әбіш Кекілбаев екеуі отыр екен. «Хасен, сендер ғой үкіметке «Түрмедегі төрт желтоқсандық босатылсын, барлық желтоқсандық ақталсын, 1986 жылғы оқиғаға саяси баға берілсін!»– деп, бекерге шулап жүрсіңдер. Оданша Желтоқсан оқиғасын «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалаған Кремльдің қаулысының күшін жоюды талап етсеңдерші. Сол қаулы жойылса – бар мәселе шешіледі», – деп, екеуі мені жарыса үгіттегені. «Ау, ұлтшыл дегеніне қиналып жүрген біз жоқ, Мәскеу қаулысын өзгертпесе қойсын. Бізге керегі – түрмедегі азаматтардың тез арада босатылуы!» – деген едім, «Қазақ ұлтшыл атанудан қорқады» деген түсінік саналарына мықтап сіңіп қалған-ау деймін, Шаханов пен Кекілбаев өз құлақтарына сенбегендей: «А, солай ма, солай ма?!»–дей берді. Меніңше, оларды мазалап жүрген мәселе желтоқсандықтардың қамаудан босатылып, ақталуы емес, КСРО билігінің қазақ халқын «ұлтшыл» деп атаған қаулысын түзеттіру, сол арқылы қазақтың «ұлтшыл емес, интернационалист» екендігін тағы да дәлелдеу сияқты!»–деген еді.

Заң қайда қалып едi?

1990 жылы 16 мамырда «Желтоқсан» ұйымы мүшелерi қазақ тарихында тұңғыш рет саяси аштық жариялап, түрмеде қалған төрт желтоқсандықты босатуды үкіметтен талап етедi. Аштықтың төртiншi күнi Үкiмет үйiн қоршап алған халықтан сескенген билiк депутаттардан топ құрып, желтоқсандықтармен келiссөз жүргiзедi. Екі тарап бiр сағаттан аса айтысқаннан соң топ басшысы Заманбек Нұрқадiлов: – Жiгiттер, қоғамда заң бар емес пе, «Түрмеден тез арада босатып берiңдер!» деген талаптарың заңға қайшы ғой?! Істерін қайта қарап, шешiм шығару үшiн Жоғарғы сотқа 40 күн мұрсат берiңдер, – дейді. Әлгінде талап, дәлелдерiн айтып болған желтоқсандықтар мен оларды қолдаушылар бұған келіскендей үнсiз қалады. Кенет Хасен Қожа-Ахмет: – Бiздi 1986 жылы жедел түрде топырлатып соттағанда Заң қайда қалып едi? Желтоқсандықтарды қалай заңды бұза отырып жылдам соттаған болсаңдар, дәл солайша – заңды бұзып жылдам босатуға тиiссiздер! – дейді нық дауыспен. «Сөзге тапқанға қолқа жоқ» деген ғой. Комиссия басшысы: – Жарайды, мен талаптарыңызды жеткiзейiн,–деп, жүрiп жатқан Жоғарғы Кеңес жиынына мәлiмдеуге кетедi. Ертесiнде-ақ түрмедегi екi жiгiттi жедел босату, қалған екеуiнiң жаза мерзiмдерiн азайту туралы шешім желтоқсандықтардың қолына берiлдi.
( Р. Спанованың “Бiз бiлетiн Желтоқсан” кiтабынан)

Істен гөрі сөзге шеберміз-ау!

1992 жылдың ақпан айында орыс-армян әскерилерінің Таулы Қарабақтағы Қожалы аулында әзірбайжандарды қырып салғанын естіген Хасен Қожа-Ахмет, бір топ қазақ жігттерін жинап, түбі бір түркі ағайындарға жәрдемдеспекке Әзібайжанға сапар шегеді. Соғыс аймағында болып, «Халық майданының» төрағасы Әбілфаз Елшібеймен сөйлесуге Бакуге қайта келген Хасен штаб үйі алдындағы күнде болып жататын митингінің мәнісін сұрайды. Сөйтсе митингілеушілер мекендерінен армяндар қуған босқындар екен. Оларды біршама тыңдағаннан соң Хасен:– Әй, қардаштар! Біз дұшпандарыңызбен соғысуға сонау Қазақстаннан келіп отырмыз. Ал сіздер өз ауылдарыңызды құтқару үшін соғысу орнына, Бакуде жиналып алып, жауды қарғағаннан өзге әрекеттерің көрінбейді. Қазақтар ғана ма десем, бүкіл түркі халықтары істен гөрі сөйлеуге шебер екен-ау!» – деген екен.

Бүркіт ақынның аманаты

«Елін сүйген ерлер партиясын» (ЕСЕП) құрмақ әрекеті үшін 1950 жылдарда сотталған ақын Бүркіт Ысқақов, 1991 жылдың күзіндегі Қазақстан президенттігіне сайлау кезінде өз өмірбаянын теледидардан, газеттерде жариялаған Хасен Қожа-Ахметті көріп: – Мына азаматтың тағдыры менікімен ұқсас екен, дастарханға шақырып, жуырда шыққан өлеңдерімнің жинағын сыйласам,– дейді отбасына. Бірақ көп ұзамай, кенеттен қайтыс болады. Хасенмен Қазақ радиосында қызметтес ақынның қызы Айгүл, оны әкесінің «қырықына» шақырады. Отаршылдыққа қарсы күрескен адамдарды аса ыстық көретін Хасекең ас кезінде ақынмен кездесе алмағанына өкініш айтып, оның өлеңдеріне реті келгенде ән шығаратынына сөз береді. Күрескер ақынның аманатын орындап шығарған Хасеннің түрме тақырыбындағы «Душар боп бейнет сорыма», «Алыстағы жарыма» әндері 1997 жылы Алматыдағы «Ғалымдар үйінде» өткен «Тозақта туған толғаулар» атты кешінде орындалған еді.

Олардың «сырын» біліп қойыпты

Қазақстандағы АҚШ елшісі Вильям Кортни Хасен Қожа-Ахметті шақырып, елдегі саяси жағдай туралы пікірін сұрап тұратын. 1992 жылы жазда шақырғанында Хасен оған Кәрішал Асановтың тұтқындалғанын хабарлап, оны босатуға көмектесуді сұрайды. Арада ай өткенде кездесіп, тағы осы мәселені айтады. Бірақ нәтиже болмайды. Тағы біраз уақыттан соң елшілікке шақырылған Хасен АҚШ ешісіне:– Асанов әлі түрмеде. Елдегі жағдайды сұрап қайтесіздер, егер еш көмектерің болмаса. Меніңше, сіздер «демократиялық елміз» дей тұра, экономиқалық пайда үшін кез келген диктаторлармен, фашистермен де ауыз жаласуға дайын сияқтысыздар!– депті. Көп өтпей К.Асанов қамаудан босатылады. Бірақ Кортниден кейін келген АҚШ елшілері, олардың «сырын» біліп қойғаны үшін, Хасекеңді елшілікке шайға шақыруды тоқтатты.

Сатқаны үшін кешірім сұрауға тиіс!

Қырғызстан астанасы Бішкекте 1992 жылы АҚШ-тың демократиялық партиясы ұйымдас-тыруымен Қазақстан және Орта Азия елдерінің қоғамдық ұйым басшыларының жиналысы болады. Жиналыстан кейінгі қонақасы кезінде қазақтар мен қырғыздар «бір туғанбыз» деп дастарханға жекеленіп отырады. Әңгімелері қыза келе Кенесары хан жайы айтылып, қазақ жігіттері «Кенесары қазасы үшін қырғыз халқы қазақтан кешірім сұрауға тиіс!» дейді. Қырғыздар жағы бұған келіспей, Кенесары әскерінің бейбіт халықты аямағанын, басқа да айыптаулар айтып, екі жақ керілдесіп, отырыстың берекесі кете бастайды. Сол кезде Хасен Қожа-Ахмет: – Ау, қырғыз бауырлар! Кенесарының әскері бейбіт халықты шауыпты дегенді қай тарихшысы дәлелдеп жазыпты? Ал, тіпті, солай болған күнде де, кек қайтарып өлтіргеннен соң, «баяғыда қырық пышақ болған түркілердің басын қосқан ұлы Шыңғыс ханның ұрпағы ғой, мұсылман ғой» деп, денесін я өздерің жерлеп, болмаса қазақтарға қайтармадыңдар ма? Қырғыз халқы кек алғаны үшін емес, Кенесарыға қарсы Ресей үкіметінің тапсырысымен соғысқаны, оның басын орыстарға сатқаны үшін кешірім сұрауға тиіс!–депті. Сөзден тосылған қырғыздар: Ауа, ауа, иә,иә, Хасен бай, тура айтасыз!– деп, қазақ жігіттерімен қайта құшақтасқан екен.

Бізді біріктіруші – бойымыздағы Түрік бабаның қаны

1992 жылдың қараша айында Хасен Қожа-Ахмет Баку қаласына «Тұран» халықтық-демократиялық партиясының құрылтайына шақырылады. Бір бірімен «қардаш, біртуған» деп құшақтасып, өбісіп табысқан әр елден келген түркішіл азаматтар, құрылтайдың екінші күні көтерілген «Ортақ түркі тілі» мәселесіне келгенде, әрқайсысы өз тілін ұсынып, дауласып қалады. Сонда Хасен Қожа-Ахмет дауысын көтеріп:– Ау, бауырлар! Мұндай мәселе дауласып емес, мұқият зерттеумен шешіледі. Және де, «түркі халықтарын тек тіл жақындастырады» дегенге келіспеймін. Егер адамдарды «Ортақ тіл» жақындатар болса, осы құрылтайда жанымызда бірінші кезекте бұрынғы КСРО көлеміндегі орыс тілін білетін неше түрлі ұлттар отырған болар еді ғой! Мысалы, осында сонау Саха, Чубаштан келген туыстың тілін әзірбайжан я түркиялық туысқандар түсініп отырған жоқ. Ендеше, біздерге бас қостырып отырған «тіл ортақтығы» емес, баршамыздың тамырларымызда ағып тұрған Түрік бабамыздың қаны деп білемін!– депті. Хасекеңнің сөзіне ду қол шапалақтаған әр тараптан келген түркішілдер, бір-біріне қайтадан мейіріммен қарап, құрылтай жалғасқан екен.

Тұңғыш рет атап өту

1992 жылы күзде Хасен мен Қайырғазы деген тарихшы жігіт Қазақ Ұлттық академиясының Тарих институтының директоры Манаш Қозыбаевқа барып, «тәуелсіздігін енді алып отырған қазақ халқының рухын көтеру үшін Кенесары ханның туғанына 190 жыл болуын атап өту қажеттігін, болмаса бұл шараны қоғамдық ұйымдар өзі атқаруға кірісетінін айтады. «Қырғыздар қалай қарар екен?» деген Қозыбаевқа, Хасен: – Ол жағын уайымдамаңыз! Қажет болса, сол конференцияға қырғыздарды әкеліп, кешірім де сұратамыз! –дейді. Осыдан кейін тарих институты Кенесары конференциясын ұйымдастыруға кірісіп, сол жылғы желтоқсанда өткізген еді.

Ойымызға да келмептi-ау!

Ақтөбе облысында сотталған үш желтоқсандық жiгiттiң ақтау туралы арыздарын Хасен 1993 жылы Конституциялық Сотқа әкелiп тапсырады. Бiрнеше күннен кейiн нәтижесін бiлмекке келген Хасенге судьялар: – Хасеке, ақтөбелiк жiгiттердiң «Қылмыстық iстерiн» алдыртып, танысқан едiк, сөйтсек олар Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде үй қабырғаларына бояумен «Бейте, русских!» – деп жазғандары үшiн сотталған екен. Оларды ақтау туралы мәселе көтерсек, бiздегi орыс судьялар қарсы болары анық. Не iстеймiз? – дейдi. Сонда Хасен: – Оған несiне қиналасыздар? Желтоқсан көтерiлiсiне қатысты репрессияланғандарға байланысты Қазақстан Президентiнiң 12.12.1991 жылғы Жарлығында: «Милиция қызметкерлерiнiң, сондай-ақ жасақшылардың өмiрiне қастандық жасаған азаматтардан өзгесi түгелдей ақталсын» делiнген ғой! Бәлен-түген сөздер жазғандар ақталмасын деп Жарлықта айтылмаған. Сондықтан: «Әлгiндей қызметкерлердiң өмiрiне қастандық жасамағандықтан, Президент Жарлығына сәйкес ақталсын», дей салмайсыздар ма?! – дегенде, сот жiгiттер: –Ту-у, бұл тiптi де ойымызға келмептi-ау! – деп, әлгi үш ақтөбелiк желтоқсандықтарды толық ақтау туралы Жоғарғы сотқа тиiстi құжаттарды жіберіпті.
( Қ.Ақордаұлының. «Бірінші» атты зерттеу-мақаласынан).

 

Кешір, айналайын!

1993 жылдың көктемінде Нидерландиядағы түркішіл ұйымдардың шақыруымен Хасен сол елдің 11 қаласында кездесулер өткізеді. Хасеннің келгенін естіп, сол жылдары Ресейдің елшісі қызметіндегі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов оны Люксембугке қонаққа шақырады. Дастар-хан үстінде Айтматов Хасенге:–Кеңес үкіметі кезіндегі отаршылдыққа қарсы күресіңді дұрыс делік. Ал қазіргі Қазақстан билігіне оппозицияда болуыңды түсінбедім. Назарбаевты сынағанда, одан өзге елбасы бола аларлық кім бар? – дейді. Сонда Хасекең оған: –Аға, сіз тура 1986 жылғы Мәскеудің пікірін қайталап тұрсыз. Қонаевты қызметінен босатқан Мәскеу де «Қазақта елбасы болар адам жоқ» деп Колбинді жіберген еді. Сол сияқты, он миллион қазақтың ішінен Назарбаевтан өзгенің анасы ел тізгінін ұстар ұл тумапты деу – қазақ халқының намысына тиер сөз ғой! – депті. Ыңғайсызданып қалған Айтматов Хасекеңе:– Ой, айналайын, кешір!.. Дұрыс айтасың! Шынымен де, халық болған соң не бір азаматтар шығады ғой, – деген екен.

Жөні басқалар

1993 жылы 31 мамырда бұрынғы КГБ алдындағы шағын бақтағы белгітас басында саяси репрессия құрбандарын еске алу жиынын өткізіп тұрғанбыз. Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпан мен Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайлар келіп, Хасен Қожа-Ахметпен амандасып, бетінен сүйді. Өздерімен бірге келіп, үнсіз тұрған егде әйелді таныстырып: «Бұл апайларың Құлымбетовтың қызы»,–деді. (Естуімше, 1930 жылдарда Құлымбетов Қазақ КСР-нің бас прокуроры болған, елді репрессиялауға қатысып, артынша өзі де жазаланған). Сонда Хасекең:– Е-е, өздері қазған орға түскендердің жөні басқа ғой!..–дейді. Шолпан мен Гүлнәр апайлар жымиып, «Әрине, әрине!»–деп, бастарын изеген еді.

Мақтанар жайымыз жоқ.

1994 жылдың қыс айы. Елде кризис асқынған уақыт еді. «Демократия үйіндегі» жарығы көмескі суық бөлмеде оппозиция белсенділері жиналыс өткізіп отыр. Заманбек Нұрқаділов тақырыптан алшақтап, өзінің жуырдағы митингіде сөйлегенін, халықтың оған риза болғанын айта бастаған еді, Ғазиз Алдамжаров оның сөзін бөліп, екеуі дауласып қалады. Сонда Хасен Қожа-Ахмет: –Меніңше қай-қайсымыздың да халықпен жұмыс істеп тындырдық деп мақтанар жайымыз жоқ. Оған дәлел – мынадай суық, тар бөлмеде отырғанымыз,–дегенде, Мұрат Әуезов: –Хасен дұрыс айтады!– дейді. Дау сап тыйылады.

Алматыда қалған екен

Хасекең жиындарда қоғамдық мәселелерге қатысты болмаса, ел алдында сөйлеуге аса зауқы жоқ адам. «Шіркін, қаладан көшіп, тыныш бір ауылдың шетіндегі үйде тұрып, табиғатта таза ауа жұтып жүрсе ғой!» – деп жиі айтады.
Ақселеу Тарақты (Сейдімбек) 50 жасқа толуын Жаңа арқа өңірінде атап өтіп, жолда Сәкен Сейфуллиннің қыстауының жұртына тоқтапты. Мезгіл күз болса да, сарғайған шөп пен қамыстарға, сылдыраған бұлаққа сүйсіне қараған Хасекең: – Ақселеу аға, осы жерден үй салып тұрсам қайтеді?–депті.
– Хасен-ау, өзің де атың бар азаматсың. Арқада бұдан да табиғаты жақсы жерлер бар. Келемін десең, жергілікті әкімге айтайын, үй салуға көмектеседі»,– дейді Ақселеу. Бірақ, ұзамай елде жағдай қиындап, үй мәселесі шешілмей, Хасекең Алматыда қалған еді.

Өздері өлтіріп, өздері жоқтайды!

Бұрынғы КГБ мекемесі алдындағы бақ ішіндегі 1930 жылдардағы аштық және саяси репрессия құрбандарына қойылған тас белгі жанында Хасен Қожа-Ахмет бастап, 1994 жылдың 31 мамыры күні жиын өткізіп тұрған едік, қасына екі-үш шенеунік ілестірген депутат Алтыншаш Жағанова келе қалды. Сонда оларға Хасен: – Осы коммунистерде ұят жоқ. Өздері қырғын жасайды да, өздері жоқтау айтады!–деп салғанда, Жағанова басын шайқап, жымиып: – Ай, Хасен-ай.., Әрине, айтқаның жөн ғой, жөн!..– дей берді.

Бірінші – кеменің тесігін бекітелік!

«Азат» қозғалысында жиналған кездері: «Хасеке, 1970 жылдары, 22 жасыңызда аудандық музыка мектебіне директор болдыңыз, композитор ретінде де атыңыз шыға бастады. Замандаста-рыңыз мұндай өмірге риза болар еді. Ал сіз үкімет саясатына қарсы шығып 1977 жылы соттал-дыңыз. 1980 жылдары да музыкалық шығармаларыңыз орындалып, күйтабағыңыз шықты, әдебиет саласында да көріне бастадыңыз. Теледидарда редакторлық қызметте жүріп 1986 жылы Желтоқ-сан көтерілісіне қатысып тағы сотталдыңыз. Бір басыңызға қызмет те, атақ та жеткілікті бола тұра замандастарыңыз сияқты неге қауіпсіз өмір сүрмедіңіз?– деп сұрағанбыз. Сонда Хасекең: – Замандастарымның өмірі маған «суға батып бара жатқан кеменің тесігін бітеу орнына, әрқайсысы тек өз каюталарын әшекейлеумен айналысушы жолаушылардай» көрінетін. Ал мен, «жеке бастың бақыты баянсыз, қоғамды тұтастай түзетсек – жеке адамның да жағдайы шешіледі» деген ұстанымда болдым, әлі де сол пікірдемін! – деген еді.

 

Тамақты мысық жеп кетті!

Тәуелсіздігін алған Орталық Азия мемлекеттеріндегі қоғамдық-саяси бірлестіктерді АҚШ елінің түрлі ұйымдары бірнеше жыл бойы еліміздегі мәселелерді қақ-соқсыз, эволюциялық жолдармен шешуге үгіттеп, қалай сайлау өткізу керектігін, нетүрлі халықаралық заңдарды үйретумен айналысқан еді. Сөйтіп жүргенімізде, КСРО үкіметі тағайындап кеткен коммунистік партия басшылары, енді тәуелсіз елдің басшылары боп нығайып алады. Сол себепті, АҚШ елшісіне бір кездескенде Хасен Қожа-Ахмет оған: – Сіздер бізді, – ас жегенде қай қолмен шанышқыны, қай қолмен пышақ ұстауға үйретіп жүргенде, асүйдегі тамақты мысық жеп кетті!–деген екен.

Асханаларыңның тамағы тым дәмді екен

Оппозициялық жұмыстармен айналысамын деп қызметсіз жүрген Хасен Қожа-Ахметті 1994 жылы үкімет үйіндегі жігіттер бір мәселе бойынша шақырып, әңгіме арасында өздеріне қызметке тұруға ұсыныс жасайды. Мезгіл түске таянып, Хасен аппарат қызметкерлерімен бірге төменгі қабаттағы асханадан түстенеді. Тамақтанып болғаннан кейін әлгі жігіттер: «Қалай, Хасеке, біздің ұсыныс жайлы не айтасыз?»– дейді. Сонда Хасекең:
– Ұсыныстарыңа рахмет! Асханаларыңның тамағы тым дәмді екен. Мұнда қызметке кіріп, мынадай тамақ ішетін болсам, сендер сияқты мен де халықтың жағдайын ұмытып кетемін бе деп қорқамын. Сондықтан мен халық ішінде жүре берейін де! –деген екен.

Енді кеш қалдыңдар!

«Азат» қозғалысының 1995 жылғы 3-құрылтайында біреулер: «Хасеннiң анасы қазақ емес, өзге ұлт, сондықтан Хасен ұлттық ұйым төрағасы болмауы керек!» – деп жазған «саяси мәлiмдеме-лерін» оқыпты. Сонда Хасен Қожа-Ахмет: – Мұны 30 жыл кеш еске алып отырсыңдар. 1969-70 жылдары әскерде ұлттық намысыма тиiп, төбелес ұйымдастырған сержант, офицерлерге: «Әй, оған «калбит» демеңдер, ол шалақазақ!» –деп, неге менi әскери трибуналдан арашалап алмадың-дар? 1977, 1986 жылдарда менi үкiмет «ұлтшыл» деп соттап жатқан кезде: «Өй, Хасен ұлтшыл емес, ол шалақазақ, оны соттамаңдар! Нағыз таза қазақ – мына бiздер, бiздi соттаңдар!» – деулерің керек еді ғой. Енді кеш қалдыңдар! – деп, әлгiлердi әжуасымен түйреп, жиыннан сүмiрейтiп шығарған еді.

«Культличность» не грозит

Қазақстанның тәуелсіздігі мерекесі және Желтоқсан көтерілісіне арналған митингілерде кейбір елді мекендерде халық Хасен Қожа-Ахметтің суретін көтеріп шығыпты. «Азат» қозғалысының бір жиынында Хасенге: – Халық сіздің портреттеріңізді ұстап көшеге шығып жүр, бұл Сталин, Мао кезіндегідей, сіздің «культличностіңізге», жекебасқа табынушылыққа соқтырмай ма? – деген сұрақ қойылады. Сонда Хасен: – Сталин, Маолардың қолында бүкіл мемлекет билігі тұрған соң, халық олардан қорыққаннан суреттерін көтерген шығар. Ал ешқашан биліктің табалдырығын аттамаған, «Еңбек биржасында» жұмыссыздар тізімінде тұрған Хасеннен ешкімге де «культлич-ность не грозит». Мүмкін, суретімді халық жемір әкімдерді қорқыту үшін көшеге алып шыққан болар?– деп күлген еді.

Зейнеткер емес, күрескер керек!

АҚШ-тың «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін басқарған Хасан Оралтай 1989 жылы Хасен Қожа-Ахмет түрмеден босаған соң Мюнхеннен телефондап, жиі сөйлесіп тұрады. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, елге көшпек ойы болды ма, Алматыға келген кездерінде Хасеннен шеттеп, Назарбаевты жақтаушы Советқазы Ақатаев, т.б. бірге жүреді. 1994 жылы Алматыдағы бір жиында Оралтаймен кездесіп қалған Хасен одан әңгімелесуге қашан уақыты болатынын сұрайды. «Ой-бо-ой, уақыт бәленінші жылы, пенсияға шыққанымда болады ғой», – дейді, жан-жағына имене көз тастаған Оралтай. Оппозициядағы адаммен сөйлескенін біреу көріп қала ма деп Орал-тайдың именіп тұрғанын байқаған Хасен Қожа-Ахмет оған: «Бізге зейнеткер емес, күрескер адам керек!» деп салады. Тыңдап тұрған Қазақ радиосының директоры Қуаныш Орманов Хасеннің батыл сөзіне қарқылдап күліп жібереді. Хасан Оралтай үндей алмай, төмен қарап қалыпты.

Тірілерден бас иерім…

Еліміздің оңтүстік өлкесіне білімді, өнегелі, әділетті педагог ретінде танымал Шымкент қаласында тұратын Шажат Оспанов қария жасы ұлғайғанына қарамастан үкіметтен сескенбей, үнемі қоғамдық-саяси ұйымдардың жұмысына белсене қатысып келеді. Ол өзінің 1995 жылы шыққан кітабында: «Халықпен пікір алысу кездерінде мен, кәрия ретінде, өмірден өтіп кеткен қазақтардың ішінде бірінші кезекте қарт басымды Ұлы Абайға исем, тірі қазақтардың ішінде бірінші кезекте басымды асыл азаматымыз Хасен Қожа-Ахметке иетінімді мәлімдеп жүрмін»…– деп жазған екен.

«Қысқан» қалпымызша жатайық та!

1996 жылы-ау деймін, Алматыдағы Демократия үйі алдында «Азат» қозғалысының төрт-бес мүшелері әңгімелесіп тұрғанбыз. Белгілі публицист Сейілбек Қышқашұлы қасымыздан өте бере, бізді танып тоқтады. Аман-саулық сұрасқаннан кейін ол:– Лидерлеріңіз Хасен Қожа-Ахметтің жағдайы қалай?..Мен анау ақадемиядағы Манаш Қозыбаев бастаған тарихшыларға үнемі айтамын: «Әй, кешегі Кеңес үкіметі кезінде Хасеннен басқамыз орыстан қорқып, тарихтың шындығын айтпай «артымызды қысып» жаттық емес пе? Ендеше мынау, жау кеткен заманда, кешегі өткен отаршылықты бүгін сынап батырсынбай, сол «қысқан» қалпымызша жатайық та!» – деймін оларға мен, – деген еді Сейілбек ағамыз.

Біле тұра, несіне таң қаласыз?!

Хасен Қожа-Ахметпен 1991 жылғы күзде көше ереуілдері кезінде танысып, Таулы Қарабаққа сапар, тотлитарлық ескерткіштерді құлату, т.б. көптеген іс-әрекеттерде бірге жүрген Батыр Құдайберген бір шаруалармен Мюнхенде Хасан Оралтайдың қонағы болады. Әңгіме барысында Оралтай: – Осы, Қазақстандағы ең мықты саясаткер кім?– деп сұрайды. Батыр көп ойланбастан: «Ол – Хасен Қожа-Ахмет!»– дейді. Батырдың қазіргі басшысы Батырхан Дәрімбетті немесе оның Әбілов, Тұяқбай секілді жақтастарын атамай, «күрестен шеттеген» деп есептелініп жүрген Хасенді атағанына таңқалған Оралтай: –Қалайша?! Ал Ақатаев ше, Дәрімбет ше?!. –деп, тағы бірнеше адамның атын тізіп шығады. Сонда Батыр: – Олардың саясаттағы ой-пікірлері, Хасен Қожа-Ахметтікімен салыстырғанда үй арасындағы ұсақ әңгіме деңгейінде ғой. Сіз Хасеннің 1970-1980 жылдарда үш рет саяси тұтқында болып, Орталық Азия бойынша Хельсинкидегі «саяси тұтқындардың дүниежүзілік тізіміне» аты жазылған бірден–бір адам екенін біле тұра, бұған несіне таңқаласыз?!–дегенде, Оралтай: «Ә-ә, ия, солай екен-ау!» – деп басын шұлғыпты.

«Колбин келіп оятыпты» демесін!

Желтоқсан көтерілісінің 10 жылдығына Қазақстан үкіметі ғылыми-теориялық конференция өткізбек болады. Бірақ осы көтеріліске қатысып сотталып қайтқан, көтеріліс мәселесін зерттеп көптеген еңбек жазған, «Желтоқсан» партиясының төрағасы Хасен Қожа-Ахметті «оппозициялық пікір айтады» деп сескеніп, баяндамашылар тізіміне қоспапты. Мұны көрген сенатор Сабыр Қасымов, конференцияға жауапты вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовке барып: – Хасен Қожа-Ахмет міндетті түрде өзінің 1970-ші жылдардағы отаршылдыққа қарсы күресі туралы баяндама жасауға тиіс. Болмаса, бәріміз тек Желтоқсан көтерілісі жайлы айтсақ, конференцияға қатысатын шетелдік қонақтар «Е-е, қазақтарды Колбин келіп оятқан екен ғой!» деуі анық,– депті. Қасымовтың сөзін орынды санаған Тасмағамбетов Хасекеңді де баяндамашылар тізіміне қосқызған екен.

Керегі ұлт па, әлде қаржы ма?

Теледидар хабарларында ыдыс-аяқ сындыртып «саяси рейтингін жасап», Президенттік сайлауға қатыстырған Ғани Қасымов, кейіннен партия құратынын мәлімдеген еді. Мұны естіген, бұрындары қазақ тілі, т.б. ұлттық мүдделердің жанашырымыз деп жүрген «Азат» қозғалысындағы бірнеше адам Қасымов партиясына мүшелікке өтпек болады. Оларға Хасекең: –Ау, сендер «ұлтшылмыз» деуші едіңдер ғой!? Орыстілді Қасымов сендерге қазақтың ұлттық мәселелерін партиясында айтқыза ма?!–десе де, әлгілер:– Ой-бой, ол кісі Кеден комитетінің басшысы болған, Назарбаевпен де аралары жақсы. Партия құруға оның қаржысы жетерлік. Саяси ұйым құру үшін бұл заманда қаржы керек қой!–дейді. Сонда Хасен оларға: – Егер оппозицияшыл ұйым емес, қаржылы ұйым керек болса, бірден президент Назарбаевтың партиясына кірсеңдерші! – деген еді.

Көрсетпесеңдер қалай көрінейін!?

Бұрын теледидарда қызметтес болған әріптестері: «Соңғы кездері көрінбейтін болдыңыз ғой?–дегенде, Хасекең:–Биліктен сескеніп, мені теледидардан елге көрсетпей жүрген өздерің емес пе?! Көрсетпесеңдер, мен қалай көрінейін, көшеге шығып санымды шапалақтайын ба?!-депті.

Өзі біреудің ақылымен жүрсе…

Газет беттерінде әріптестеріне жала жапқыш біреу жайында: «Ол өзі тәуір-ақ саясатшы, әттең, әйелінің үгітімен әлгіндей келеңсіздіктерге барып жүр»,– дегендерге, Хасекең: – Ау, өзі біреудің ақылымен жүрсе, елге қалай ақыл айтпақ?! – деген екен.

Отбасы және саясат

Отбасы мәселесінің саясатшыға әсері туралы теледидар тілшісінің сұрағына Хасекең:– «Отбасы, ошақ қасын жақсы басқаратындардан ғана мықты елбасшысы шығады» деген бекер сөз. Мысалы, Наполеон Бонапарт бірнеше рет үйленген, әрі өзі үнемі жорықта жүрген. Ал Гитлер – бойдақ болған. Сталин де, екінші әйелі атылып өлгеннен соң, 20 жыл бойдақ өткен. Бірақ, отбасылық өмірде береке таппаса да, Ресейді соқа ұстаған елден, атом бомбасын иеленген мықты мемлекет жасады емес пе?!–деген екен.

Бөрібасар мен қандендер

«Соңғы уақыттарда саясатта аса көрінбей жүрсіз ғой?» дей бергендерге Хасекең:–Малды ауылға қасқыр тигенде Алыпсоқ, Бөрібасарлар қарсы шығып қуып тастап, одан соң үнсіз жатады емес пе. Ал қасқырдан қорқып, қора түбіне тығылып дірдек қаққан қандендер осы сәтте далаға шығып, қасқырды өздері қуып тастағандай шәуілдеп, жұртқа ұйқы бермейтін… Қазір дәл сондай кезең. Қандендерге қосылып Бөрібасардың шәуілдегенін көріп пе едің? Тіпті, ол үргенімен де, әлгі көп шәуілден даусы естіле қоймас,.. – деген екен.

Қайда бара жатырмыз?

1997 жылы 31 мамырда әдеттегідей КГБ алдындағы белгітас жанында жиын өткізіп тұрғанбыз. Кенет Хасен Қожа-Ахмет «Жүріңіздер!» деп, барлығымызды КГБ үйінің артқы жағындағы «Ішкі түрме» тұсына бастап барды да: «Мына түрменің қоршауы, 1977 жылы мен осында қамауда болған «тоталитаризм кезеңімен» салыстырғанда, қазір, «демократия орнаттық» деп жүрген 1997 жылы бір жарым метрге биіктетіліпті! Осыдан-ақ біздің бағытымыз демократия еместігін түсіне беріңдер!»–деген еді.

«Біріншінің» нақ өзі!

1997 жылы Алматыдағы бұрынғы Парламент үйінде сенатор Сабыр Қасымов Хасекеңмен «Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы» заңға өзгертулер жасау мәселесі бойынша пікірлесіп отырады. Осы жұмыс бойынша шақырылған жазушы Қалтай Мұхаметжанов кіріп, Сабырмен сәлемдеседі де, бөлменің төр жағында отырған Хасенді иегімен нұсқап: –Мына жігіт «Анаудың!» өзі ме? – деп, сұқ саусағын жоғары шошайтып, көзін шаңыраққа төңкеріпті. Қалекеңнің: «Мына жігіт КСРО үкіметіне, отаршылдыққа қарсы күресті бірінші болып бастаған әйгілінің өзі ме?» дегенін түсінген Сабыр Қасымов: –Иә, аға, сол жігіттің өзі!–деп жымияды. Сонда Қалтай Мұхаметжанов: “Ой, айналайын!” – деп, Хасен Қожа-Ахметпен қос қолын созып амандасқан екен. (Қ.Түменбайдың «Бірінші» атты мақаласынан.)

Сөзбен «мат!» қою

Хасен Қожа-Ахметтің елдегі коррупциямен күресу жолдарын ұсынуына орай президент Нұрсұлтан Назарбаев онымен 1998 жылы сәуірде кездеседі. Екі сағатқа созылған әңгіме соңында елбасы: «Өзіңнің қандай бұйымтайың бар?» – деп қайталап сұрағанында, Хасен сәл ойланып алып: – Айтпақшы, «тәуелсіз елміз!» деп алақайлап жүргенімізге 7 жыл болыпты, ал менің қазақты тәуелсіздік күресіне шақырып 1970 жылдарда жазып, КГБ кәмпескелеген мақалаларымды кітап етіп шығаруға бірде бір баспаның жүрегі дауаламай отыр. Тәуелсіздігіміздің сыйқы осы ма?» – деген екен. Сонда президент Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбевқа: «Шығаршы кітабын. Бірақ кейінгі жазғандарын емес, тек 1970-ші жылдары – диссидент кезінде жазғандарын ғана шығар!» –депті.

Тарихта қалайық!

1998 жылы Астана қаласындағы бір мерекеге қазақ зиялы қауымының тобымен Хасен Қожа-Ахмет те шақырылады. Концерттен шыққан соң Конгресс-холл алдында әркім таныстарымен әңгімелесіп кідіреді. Осы сәтте қонақтарды фотоға түсіріп жүрген жігітке Қалтай Мұхаметжанов: – Ау, айналайын, мені мына батырмен бірге суретке түсірші, тарихта қалайын! – деп дауыстап, Хасенді бір қолымен құшақтай тұра қалады. Қалекеңнің дауысына селт еткен бірқатар елге танымал адамдар сонда: «Ия, ия, біз де түсіп қалайық батырмен», – деп, Хасенмен суретке түсе бастапты. (С.Оспановтың «Қалтайдың қалжыңдары» кітабынан.)

Бастаған ісіңді тастама

1998 жылдың күзінде Қырғызстанға іссапармен барған Хасен Қожа-Ахметті Қазақстан елшісі қызметінде жүрген Мұхтар Шаханов қонақ етіпті. Араларындағы түсініспеушілік себебін ашып алмақ болған Хасен:–Мұха, мен сіздің ақындығыңызға, тіпті композиторлығыңызға да тәнті адаммын. Кейде өзімдікін емес, сіздің әндеріңізді ыңылдап айтып кетемін. Бірақ халықтық, саяси мәселелерге келгенде бастаған ісіңізді аяқсыз қалдырып, сенім артқан жұртшылықтың тауын шағатын әдетіңіз бар. Кезінде: «Арал! Арал!» – деп теңіз жағдайын, «Балқаш!» – деп көл экологиясы мәселесін қозғадыңыз да, қойдыңыз. Желтоқсан көтерілісі жайы да солай болды… Бұл менің ғана емес, «Бастайды да тастайды» деген көпшіліктің сіз туралы пікірі. Сізге бұдан өзге жеке ренішім жоқ» – депті.
Сонда Шаханов: – Сен сияқты інілерім аяқтайды деп сенгендіктен сөйтемін де!– деп, әзілге айналдырған екен. («Түркі әлемі» газеті, № 8-9, 2009 ж.)

Хлорды жаққан билік қой!

1999 жылдың күзінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті «Халыққа жолдауын» тыңдауға Астанадағы Парламент залына шақырылған саясаткерлер тобында Хасен Қожа-Ахмет те болады. Үзіліс кезінде Назарбаев Хасенді көріп қалып, өзін қоршай әңгімелесіп тұрған «мықтылырдың» шеңберінен шығып келіп қол алысады. Мұны көріп, әлгінде ғана оппозицияшыға жақындауға сескеніп тұрған бірнеше шенеунік те Хасенмен амандаса бастайды. Орталарындағы Заманбек Нұрқаділов қалжыңдап: – Сақал-шашың соншама ағарып кетіпті ғой, немене, хлорка жағып алғансың ба? – деп әзілдейді. Сонда Хасен: – Е-е, айтқан ұсыныстарымызды қабылдамай, шаршату арқылы үкіметтің тоңмойын шенеуніктері ғой маған «хлор жағып берген!» – дейді.
– Әй, сен де қоймайды екенсің!– деп, Нұрқаділов жұдырығымен Хасеннің ішінен түрткілеп күле беріпті.

Халық айтса, қате айтпайды

1992 жылы «Алматы ақшамы» газетінің бірнеше санындағы жұрттың «Хасен Қожа-Ахметке «Халық батыры» атағын беру керек» деген пікірлеріне орай, ұйым атынан үкіметке ұсыныс жасамақ болған едік. Сонда Хасекең:– Қазақтың дәстүрінде «батыр» деген атақты хан, үкімет емес, бұқара халық берген. Мысалы, Қара Оспанды батыр атаған қытай да, орыс үкіметі де емес, –халық. Қаулыға қол қойған Президенттің қаламындағы сиясынан ешкім де батыр бола қалмайды, егер қанында болмаса. Маған үкіметтің парсы тіліндегі «қаһарман» атағынан, халқымның түркіше «батыр» деген ниеті де жеткілікті!, – деген еді.

«Тыныш жүргенді» қаһармандыққа ұсынып неміз бар!?

Әйтсе де, Хасен Қожа-Ахметтің жасы 50-ге толуы қарсаңында оны Оңтүстік Қазақстан облысынан Рахманқұл Бердібаев, Мекемтас Мырзахмет, Әселхан Қалыбекова бастаған бір топ зиялы азаматтар «Халық қаһарманы» атағына ұсынып, Қазақстан Президентіне хат жолдайды. Бұл ұсынысты Батыс Қазақстан облысы азаматтары да қолдап, Президентке Ашық хат жазады. Әдетте, билікте болмаған азаматтарын тек о дүниелік болғанда ғана мақтауды бастайтын қазақтың мынадай, көзі тірісінде еңбегін мойындауы Алматыдағы зиялы қауымға ой салып, Қадыр Мырза-әли, Бибігүл Төлегенова, Герольд Бельгер, Нұрғали Нүсіпжанов, т.б. танымал азаматтар да мұны қолдайды. Хатқа өнер қайраткерлерінен өзге де адамдардың қолын қойғызбаққа «Азат» қозғалысы белсенділері Хасенмен Мекке-Мәдинаға қажылыққа бірге барып қайтқан КСРО-ның батыры Талғат Бигелдиновке телефон шалған екен, ол «Хасенді танымаймын!» деп азар да, безер болыпты. Екінші батырымыз Қасым Қайсеновке хабарласса, ол кісі қол қоюдан ешкімнің көңлін қайтармайтын әдетімен «Келе қалыңдар!» депті. Хатқа қолын қоюға ыңғайланған Қайсеновке жігіттердің бірі: «Аға, Қазақстан тәуелсіздігі үшін үш рет сотталған – мына адам» деп, түлен түртіп, Хасекеңнің суретін көрсеткені сол, ақсақал: «Өй, мынау Назарбаевқа оппозициядағы адам ғой. Мынаған қол қойсам, ертең Елбасына не бетіммен барамын!» – деп, қалшылдап кетіпті. Қарт адам, бірдеме боп қалып пәлесіне қаламыз ба деген жігіттер: «Жарайды, аға, қол қоймай-ақ қойыңыз»,–деп есікке беттесе, Қайсенов: «Жоқ, тоқтап, тыңдаңдар мені. Бұл жігіт түрмеге қамалмай жүргеніне рахмет айтсын. Әй, президентте несі бар-ей, тыныш жүрмей ме!»..– деп, айқайлай беріпті…
Осы әңгімені ақын Әселхан естігенде: – Тыныш жүрген адам болса Хасенді «Қаһарман» атағына ұсынып неміз бар?!– деген екен.

Жасырынып жүрген «зорлар» кім екен?!

«Батыр атағын биліктің бергені сізге қажет болмаса да, «Азат» ұйымының беделін көтеру үшін керек» деп, әріптестері тоқтамай, қол жинап Хасекеңнің аты белгілі бір туысына барған екен, ол: – Ой-бо-ой, «Халық қаһарманы» атағын Хасеннен зорлар да ала алмай жүр емес пе?!.– деп, қол қоюдан тартыныпты. Жігіттер Хасенге келіп:– Өзгелер қол қойғанда, өз ағаңыз қоймай, осылай деді. Қазір қазақтың бәрі «ата-бабаларымыз армандап қол жеткізген тәуелсіздігімізден қымбат еш нәрсе жоқ» деп тақылдайды. Ендеше, осы тәуелсіздік үшін күресіп үш рет отаршылдардың жазалауына ұшыраған сізден де «еңбегі зорлар» деп ағаңыз кімдерді айтқанын түсінбедік,– дейді. Сонда Хасен: –Ерліктерін халықтан жасырып жүрген «зорларды» мен қайдан білейін. Айтқан адамның өзінен сұрарасаңдаршы!» – деген екен.
«Анау!» ғана шешер мәселе

Хасен Қожа-Ахметті Қазақстанның бірнеше облысының зиялы қауымы, саяси-қоғамдық ұйымдар ондаған рет «Халық қаһарманы» атағына ұсынса да, үкімет тым-тырыс қалады. Биліктің бұл қылығына назаланған сенатор Сабыр Қасымов бірде мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевқа кездескенде:– Соншама халық неше жылдан бері Хасенді «лайық» деп ұсынып отырған «Халық қаһарманы» атағын неге бермейсіздер? Халқымыздың тәуелсіздігі үшін отаршылдармен күресіп, үш рет қуғын-сүргінге ұшыратылған Хасеннен басқа кіміміз бар?!– дейді. Сонда, мемлекеттік хатшы: –Дұрыс қой, дұрыс қой!..– деп басын изеп: – Бірақ ол мәселені тек «Анау» ғана шешеді ғой, –деп, саусағымен жоғарыны нұсқапты.

Орынды сөз!

Х.Қожа-Ахметтің 50 жасқа толуына үкімет тым-тырыс қалғанымен, оңтүстікқазақстандық «Азат» қозғалысы мүшелері, Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрының ұжымы өз күштерімен Республикалық айтыс өткізіп, ал Отырар ауданы «Құрметті азамат» атағын береді. Осы айтысқа Алматыдан арнайы шақырылып, қазылар алқасына төрағалық еткен ақын Қадыр Мырза-Әли кіріспе сөзінде айтысқа келген халыққа: –Әлгінде, пойыздан түскенімізде, бізді қарсы алған азаматтардың транспоранттарындағы «Хош келдіңіз, Хасен батыр!» деген жазуды көрдім. Өте орынды сөз. Егер бүгінгі айтыс Хасеннен өзге біреуге арналған болса мен бұл жерде болар ма едім, болмас па едім!– деген екен. («Айғақ» газеті, 11.08.1999 ж.)

Десе – дегендей екен!

Сапар аяқталып, Алматыға қайтар жолда серіктерінің бірі ел пікірі туралы: «Япыр-ай, үш күн бойы жұрт өлеңмен де, сөзбен де қошемет жасағанда Хасен Қожа-Ахмет еш жадырап, еркінсімеді-ау. Батыр десе – дегендей екен!» деді жұрт,–дейді. Сонда Хасен: «Халыққа рахмет. Бұл мінезім өзіме де түсініксіз. Меніңше, адам өмірінде азапты неғұрлым көп көрсе, көңілі мадаққа да селт етпейтін сияқты»,–деген екен.
Марапаттау арқылы да мазақтауға болады
Қазақстан билігі халықтың Хасен Қожа-Ахметті «лайық» деп ұсынған «Халық қаһарманы» атағының орнына 2000 жылы «Құрмет» орденін бергенде Хасекең оны алуға бармай қояды. Бұрын-соңды тарихта үкімет наградасынан бас тартқан қазақты естімеген жұрт оның бұл қылығына таңқалғанда Хасекең: – Халықтың мені «лайық» деп ұсынған марапаты бұл емес. Мұндай «Құрмет» орденін былтыр дисбаттың бір лейтенантына да берген. Адамды марапаттау арқылы да қорлауға болады!– деген екен.

Сыйлыққұмарды сыйлар ма едіңіз?

«Отаншылдар» партиясын құру жұмыстарына Хасен Қожа-Ахметке жәрдемдесіп жүрген Одабай деген отағасы «партияға қаражатпен көмектесер» деп, оны Алматыдағы «Көк базардың» бастығы Алтынбек деген жігітпен таныстырыпты. Дәл сол кезде президент сайлауы үшін штаб құрған Алтынбек Хасенді де сол жұмысқа тартпақ болады. Ол келіспей кеткеннен соң көп ұзамай Алтынбек: –Хасекең қашанғы «халық, қоғам» деп шаршай береді, өз жағдайын да ойлайтын кезі болды ғой. Сайлауға көмектессін де, мына су жаңа машинаны сыйға алсын, – деп, Одабайдан сәлем айтыпты. Сонда Хасен: – Одеке, дәл сондай дөңгелейтін бір темір сіздің үйдің алдында да тұр емес пе? Содан өзіңіз, я халқыңыз бақытты болып кетті ме?– деп сұрапты.
– Жоқ,– дейді Одабай.
– Егер мен биліктегілердің ұсынған сыйлықтарын алып, халықтың мүддесін айта алмайтын адам болсам,– деп сөзін жалғайды Хасен, – сіз ақсақалды басыңызбен алдыма қазіргідей келіп, бірге жүрер ме едіңіз?
– Жоқ, – депті Одабай тағы.
– Міне, сондықтан да мен әлгіндей сыйлықтарды алмаймын!–деген Хасенмен, Одабай да келіскен екен.

Екі жағдайда ғана жалған сөйлеппін.

– Өмірімде екі жағдайда ғана шынымды айтпаған кезім болыпты. Біріншісі, – 1977 жылы және 1986 жылы ұзақ мерзімге сотталып кетпеуім үшін КГБ тергеушілеріне астыртын жазған саяси шығармаларымның мезгілдерін бертіңгі жылдарға жылжытып, істеген әрекеттерім туралы да өзгеше айтуыма тура келген. Сөйтіп өзіме өзім көмектеспесем, ол кездері кім менің жазамды жеңілдетуге жәрдем ете алмақ?!
Екіншісі жағдай,– үйге кешігіп келген кездерімде, отбасы шырқы бұзылмасын деп, үйдегі «тергеушіме» (әйеліме) ептеп жалған айтуға мәжбүр сәттер де болған…
(«Жетісу» газеті 19.08 2000 ж.)

Күресуіме – отаршылдардың өзі себеп болған

«Ұлт-азаттығы үшін күресуге бел бууыңызға не себеп болды?» – дегенімізде, Хасен Қожа-Ахмет: «Мәселе – 1969 жылдың күзінде әскерге алғаннан басталды. Менің 11 кластық жалпы білімім бар, музыка училищесінің 3 курсында оқып жүргенмін. Соған қарамастан Ресейдің бір түкпірінен келген бастауыш мектеп бітірмегендер, тек орыс болғандықтан ғана өздерін менен жоғары санап: «калбит», «азиат», «турок», «чурка» деген ұлттық кемсітулер айтып, қол көтеруге де барды. Басшылар маған «неге төбелесесің?» дегенде, осы себебін айтсам, «Сен ұлттық мәселені қозғадың!» деп, өзімді қамады. 1970 жылдың ақпан айында Байқоңыр полигонынан қашып шығып, үш күнде Алматыға жеттім. Бауыржан Момышұлының мекен-жайын біліп алып, қараңғы түсе үйіне бардым. Алғашында ол кісі мені ұғыңқырамай «Сен, давай, орыс-морыс дегенді қой, я не националист!» деді. Түсінгеннен соң: «О-о, балам, жағдайың қиын! Мен пенсиядағы адаммын. Генерал-майор Байкеновке хат жазып берейін, сол көмектесер», –деді. Бірнеше күн ауыл жақтағы туыстарымды аралап қош айтысып, іздеу басталған соң Орта Азия әскери округінің комендатурасына бардым. Қамады. Қалтамдағы Бауыржан ағаның хаты менің мүлде әскерден қашайын демегеніме айғақ болды. Әскери прокуратураның Васильев деген жас та болса әділ тергеушісі жеті айға созылған тергеу барысында кінә менен басталмағанын анықтады. Және де үкімет «Кеңес әскерінде ұлттық дискриминация бар екен» деген сөзден қашты-ау деймін, мені «бейбіт кезеңде әскерге жарамсыз» деп босатты ғой. Бұрын жатақханада «ел қатарлы» орысша шүлдірлейтінбіз. Осы оқиғадан кейін «Қой, мыналар қазақты төмен сортты ұлт санайды екен, мұндай қорлықтан құтылудың жолы – орыстан тәуелсіз болу!» деген тұжырымға келіп, 1970 жылдан бастап Ресей отаршылдығына қарсы күресті бастадым. Үнпарақтар, мақалалар жазып, мәшеңкемен көбейтіп тараттым, «Жас қазақ» ұйымын құруға әрекеттер жасадым. Ақыры 1977 жылдың сәуір айында тұтқындалып, 2 жылға сотталдым ғой»–деген еді Хасекең.

 

Өзгелердей көнбіс құл болмадым

«Ұлттық намыс» деп қаншама рет сотталып, азап көргенде не таптыңыз?!» дегендерге, Хасекең: «Өзгелердей отаршылдардың айдағанына көнген құл болмадым, үн-түнсіз табанында жатпадым! Тапқаным осы!» –дейтін.
«Жолы ауыр» кітап
«Ереуіл атқа ер салмай»… кітабының шығу созылып, президент тапсырмасынан соң да екі жыл өтіп кетіпті. 2000 жылдың сәуір айында Хасенге министр Алтынбек Сәрсенбаев телефон шалып, жуырда елбасы Назарбаевтың Алматыға баратынын, Хасенмен кездесу жоспарында бар екенін айтады. Сөз барысында Хасен Алтынбекке: – Егер президент кітабым жайын сұрай қалса, жалған айта алмаймын, кітаптың әлі күнге шығарылмағанын жасырмаймын,– дейді. Осыдан кейін ғана министрлік жедел қозғалып, бір аптаның ішінде кітаптың алғашқы 10 данасын «президентке көрсету үшін» Астанадан Алматыға беріп жіберген екен…

Өзге демократ көріп тұрған жоқпын!

Бір жылдары өзі де үкіметті сынап мақалалар жазған журналист Ерік Нұршин 2000 жылдары пайда болған «бизнес-оппозициядан» көңілі қалып, «Доживем до понедельника» газетінің бас редакторы болғанында осы «жаңа оппозиция» туралы сын жаза беріпті. Бір кездескендерінде Хасен Қожа-Ахмет оған:–Ерік, сен анау демократтарға тиісе бермесеңші,– дейді. Сонда Нұршин: – Хасеке, қайдағы демократтарды айтып тұрсың?! Мен Қазақстанда сенен өзге демократ көріп тұрған жоқпын!–деген екен.

Қазаққа ұқсайтын мінезі

Журналист қыз Хасекеңнің саяси өмірі туралы мақаласын аяқтағаннан соң: «Қазақ жігіттері жасқаншақ, жігерсіз, ұлт намысы, азаттығы үшін бас тігіп күреске бара алмайды»,.. дегендей пікір айтады. Қазақтың ондай еместігін өз өмірінің мысалымен дәлелдемек болған Хасеннің «Ау, мен ше?!» дегеніне де әлгі қыз: «Сіз таза қазақ болмағандықтан ғана ондай жанкештіліктерге барғансыз. Шындығында, сіздің іс-әрекеттеріңіз қазаққа ұқсамайды»,–деп, тағы жауап тауыпты. Сәл ойланып, Хасекең сонда: –Дегенмен, қазаққа ұқсайтын бір мінезім барын анық білемін. Ол – емделуге ерінетіндігім,– деген екен.

Жазығы – әлі тірі жүргендігіңде екен

Хасен Қожа-Ахметтің 1970 жылдары жазып, таратқанда КГБ кәмпескелеген мақалалары тек 2000 жылы кітап болып шығады. ҚазҰУ-дың деректану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Қамбар Атабаев осы «Ереуіл атқа ер салмай» кітабын оқып шыққаннан соң, Хасенге телефон шалып: – А-ай, Хасеке-ай, құрметтелмей жүргендегі бар жазығың – әлі тірі жүргендігіңде екен ғой! – деген екен.

Ұялмайсыңдар ма?!

Хасен Қожа-Ахметтің 1970 жылдардағы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресін зерттеген тарихшы Қамбар Атабаев «Азаттық» радиосына берген сұқбатында; –Мен, «Халық қаһарманы» орденін тағып жүргендерге: «Әй, Хасен Қожа-Ахметке берілмеген орденді сендер тағып жүргенге ұялмайсыңдар ма?!» деп айтқым келеді –депті.

Әркім өз пиғылымен өлшейді

Ресейдің Шешенстанға қарсы басқыншылық соғысына наразылық митингісін өткізуіне Алматы қаласы әкімдігі рұқсат бермесе де, Хасен Қожа-Ахмет үш-төрт серігімен Желтоқсан алаңына барып, қаптаған полицияның ортасында тұрып БАҚ өкілдеріне сұқбат бере бастайды. Сол кезде алаңнан өтіп бара жатқан «Азат» қозғалысының бұрынғы мүшесі, ақын Кеңес деген отағасы Хасенмен сәлемдесіп:
– Өзің Музыка аспаптары мұражайына директор болғаннан соң саясатпен айналысуды қойдың-ау деймін, ә?-дейді. Сонда Хасен:
– Иә, ағасы. Саясатты қойғандықтан ғой осы алаңға келіп милициялармен, әкімшілікпен арпалысып тұрғаным!– деген екен оған.
Осындайлар «Хасеннен есеп алардай, өзім не тындырып жүрмін қоғам үшін?» деп бір сәт ойланса ғой!

Естелік жазған жендеттей

1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде Алматы алаңында халықты сойылдағаны үшін үкіметтен марапат алған Төлеген Әлжанов деген милиция қызметкері, кейіннен «Желтоқсан жаңғырығы» деген ұйым ашып, өзін «желтоқсандықтардың құқықтарын қорғаушы» деп жариялап БАҚ беттерінен түспей сайрап, қазіргі биліктен «желтоқсандық» ретінде тағы медаль алыпты. Бет терісі қалың әлгіні үкімет әкімшілігі де жиындарға желтоқсандықтармен қатар шақырып, құтырта беріпті. «Әлжановтың бұл қылығын моральдық тұрғыдан қалай бағалар едіңіз?» деген газет тілшісіне, Хасен Қожа-Ахмет: – Оны көргенімде – қан сіңген дөңбек ағашқа отырып, балтасын жанына сүйеп қойып, қолына қалам алып, өзі бұрын бастарын шапқан адамдар туралы «Тамаша адамдардың өмірі» атты естелік кітап жазып отырған жендет көз алдыма келеді, – деген екен. («Ана тілі» газеті, 22.04.2004 ж.)

Желтоқсан көтерілісі болмай қала жаздапты-ау!

Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына байланысты Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған жиында «Аллажар» фильмін түсірген Қалдыбай Әбенов, Мұхтар Шахановқа, оның 1989 жылы жазда Мәскеудегі сиезде Желтоқсан оқиғасы туралы баяндап ерен ерлік жасағанына рахмет айтып, толқи сөйлепті. Сонда Хасен Қожа-Ахмет қасында отырғандарға естірте: –Япыр-ай, егер Шаханов Мәскеуде 1989 жылы жазда сөйлемегенде, 1986 жылы Алматыда Желтоқсан көтерілісі болмай қалады екен-ау, ә?! – деген екен.

Мұхтар Шаханов пен Салман Рушди

М.Шахановтың Шыңғысхан туралы жағымсыз пікір жазып жүргенін әңгіме еткенімізде Хасекең:– Өркениеттіміз дейтін батыс елдері, мыңдаған адамдарды қырғанына қарамастан Македонскийді, Цезарьді, Наполеонды «ұлы жиһангерлер» деп отырғанда, Шаханов неғып «Шыңғысханды әшкерелегіш» бола қалды?! Арал теңізін суға «толтырып», Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын «ашып» Қазақстандағы шапандарды киіп болып, енді «азиат, жауыз Шыңғысханды әшкерелеп» батыстағы христиан халықтардан мадақ алмақшы ма? Меніңше, Шахановқа енді, Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізу арқылы христиандарға ұнаған Салман Рушдидің «даңқы» маза бермей жүрген сияқты!– деген еді.

«Образ жизни»

Ұлттық саяси ұйымдардың басшылары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаменті басшылығы бір даулы мәселеге байланысты кездесіпті. Әңгіме кезінде Хасен Қожа-Ахмет департамент бастығы генералға: «Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі: адамдарды пара бергені және пара алғаны үшін жауапқа тартатын екі бапты мүлде алып тастау керек! – дейді. «Неге?!» – деп таңырқаған генералға, Хасен:
– Өйткені қазір біздің қоғамда пара беру, пара алу деген күнделікті өмір салтына (образ жизни) айналды емес пе!? – деген екен. Шыны солай екендігін мойындаған болар, – ҰҚК генералы күліп жіберіпті.

Рахмадиевтің әзілі

Мәдениет министрлігінің бір жиынына бұрын соңды қызмет атқарған министрлер де шақыры-лған екен. Бұрынғы министрлер – композитор Рахмадиев, Еркінбеков, Ахметова және сол кездегі министр Дүйсен Қасейінов әңгімелесіп тұрғанда, Хасен Қожа-Ахмет сәлемдесіп өте береді. Сол сәтте Еркеғали Рахмадиев: –Матай деген стансадан екі ұлы адам шыққан. Кімдер екенін білесіңдер ме? – дейді. «Жоқ, білмедік»,– деген қасындағыларға, Рахмадиев: –Біріншісі, автомат жасаушы Калашников, ал екінші ұлы адам – Хасен Қожа-Ахмет! – деген екен.

Демократияшыл емесі анық!

1990 жылдарда жұмыс жүргізген оппозициялық ұйымдар туралы «ұмытып», өздерін «Ең тұңғыш, нағыз демократияшыл оппозициямыз!» деуші, 2000 жылдарда пайда болған ұйымдар туралы Хасен Қожа-Ахмет: – Бұлар билікке оппозицияда болуы мүмкін, бірақ демократияшыл оппозиция емес екені анық, – деген екен.

Жау табу жолы

«Азаттың» Батыс Қазақстан облыстық бөлімінің төрағасы Аманжол Зинуллин бірде:–Қазіргі саясатшысымақтар жиі жиналып, ұзақ сөз сапырып көсемсуден жалығар емес. «Әй, бұл айтқан «жаңа идеяларыңды» Хасен Қожа-Ахмет сонау, 1970-ші жылдары айтып, жазып қойған! Оданша Хасеннің сол идеяларын бірігіп іске асыралық деп неге айтпайсыңдар!?» деймін әлгілерге, – дегенде, Хасекең:
– Ойбай, Әбеке, олай десең, маған көп жау тауып бересің!– деп күліп,одан соң: –1970 жылдары
отаршылдармен күрескен жалғыз қазақ болғаным мақтаныш емес, халқымыздың трагедиясы деп
білемін. Мұндай пассивтіліктің залалын алдағы уақытта да тартамыз-ау! –деген еді.
Бірақ қазіргі «саясатшымын, саясаттанушымын» деп жүргендердің жазғандарын оқысақ,
Аманжолдың сөзі рас-ау! Тек, Хасекең бір-екі сөйлеммен-ақ жазатын мәселелерді қазіргілер
газеттің бір-екі бетін толтыра созады екен.

Командировкадағы оппозиция

«Хасеке, кейінгі кезде оппозиция қатарынан көрінбейсіз ғой. Жаңадан небір мықтылар пайда болыпты. Соларға неге қосылмайсыз?!»–деушілерге, Хасекең:– Олардың бірі – бұрын біздің газетімізді жаптырған, бірі – митингімізді милициямен таратқан, бірталайы 1992 жылы билікті жақтап, ұлттық «Желтоқсан», «Азат» ұйымдарын бөлшектеген жандар. Ал, олардан кейінгі «су жаңа оппозицияның» оппозицияшылдығы рас болса, біздердей «ескі оппозицияны» қосылуға шақырар еді. Күшейгісі келмейтіндігіне қарағанда, бұлар биліктің арнайы, біздерден халықты бөлу үшін ғана, «командировкаға жіберген оппозициясы» сияқты, – деген екен Хасекең.

Суырып салған шумақтар

Баспасөз бетінде жала жауып, тиісуін қоймаған саясаттағы бұрынғы әріптесіне Хасен:
Не дейін саған, Батырхан,
Қаламын зәрге матырған.
Пұл табу, әлде қызғаныш,
Жүрегіңді қатырған?
Соқтықпа елге жатыр-ған!
– десе, ал Хасеннен саяси ілік таппай, ол басқаратын мұражай туралы әлгі «досының» тапсырысымен жалған мақалалар жазған бір тілші туралы:
Мырза ма десем Мырзан,
Түсініксіз бір… Тарзан!
Ақша көрсе – ыржаң.
Барып тұрған… арзан! – деген екен.

Оппозицияны аяған Елбасы

Хасен Қожа-Ахметтің қызмет орнына бас сұққан адамдар оған: «Қазақ халқының азаттығы үшін атқарған еңбектеріңізге лайықты қызмет бермей, Сізді шағын мұражайға отырғызып қоюы – президент Назарбаевтың оппозициядағы адамдарды жаратпайтынын көрсетеді», – дей беріпті. Сонда Хасен:
– Жоқ, Назарбаев оппозицияны жаратпайды деу қате. Керісінше, оны аялап, қорғайды. Мысалы, мені осы мұражайға директор еткенінің өзіне оппозицияшыл «достарым» газет беттерінде қаншама шу көтерді емес пе?! Алда-жалда мені бұдан жоғары қызметке тағайындаса «оппозицияшылмыз» деп жүргендердің талайының жүрек талмасы ұстап, қан қысымы қағынып өліп кетері анық. Соларды аяғандықтан ғой Назарбаевтың маған лайық жоғарырақ қызмет бермей, 12 жыл бойына айлығы екі жүз доллар жалақымен, 30 қатынға бастық етіп қойып отырғаны!– деген екен.

«Түстен кейін маңырағандар» не үшін соқтығады

«Осы сізге қоғамдық-саяси ұйымдардың мүшелері, БАҚ өкілдері неге соқтыға береді?!»– деген сұрақтарға Хасен Қожа-Ахмет: «Өздерінің азаттығы үшін күреске олардан ерте шығып қойып бірнеше рет сотталғанымды «еш кешіргілері келмейтін» сияқты. Әлде менің түрмелеткен өмірбаяным естеріне түсіп, өздерінің «түстен кейін маңыраған», қауіпсіз заманның күрескерлері екеніне қолайсызданғандықтан «Қысылған тек тұрмастың» кері болар? Дәл бір оларды отаршылдыққа қарсы күрестірмей, әйелдерінің етегіне мен байлап қойғандай, маған неге соқтығатындарын өздерінен сұрамасаңдар, өзге себебін мен біле алмадым!»– деген екен Хасекең.

Журналистің жүрекжарды сөзі

«Қазақ әдебиеті» газетінде көп жыл қызмет істеген журналист Қуанбек Боқаев: – «Оппозицияшылмыз!» деген адамдардан бірнеше жылдан бері сұқбат алып, араласып жүргенде көзім жеткені – бұлардың алысқан дұшпандары үкімет те, шовинистер де емес – Хасен Қожа-Ахмет екен! – деген еді.

Қазақтар арасындағы № 1 патриот

Белгілі журналист Жұматай Сабыржанұлы күйеуіме жақын туыс еді. Бір келгенінде менен Хасен Қожа-Ахметтің «Ереуіл атқа ер салмай»… деген кітабын көріп, оқуға алған. Қайтарғанында, өзінің «Өкпелесең өзің біл» деп аталатын кітабын қоса әкеліп, Хасекеңе беруімді өтінді. Әдетте қаламынан кілең уытты сын төгілетін қайным кітабының алғы бетіне: «Хасен, сен менің көңілімдегі Халық қаһарманысың!» деп қолтаңбасын жазыпты. Екеуі бірін-бірі сырттай ғана білетін. Сол кездері науқасы асқынған Жұматай, Хасекеңен жүзбе-жүз кездесе алмай кетті. Әйтсе де, Хасеннің күрескерлігіне өз бағасын Жұматай соңғы кітабында: «Хасен Қожа-Ахмет – қазіргі жер басып жүрген қазақтар арасындағы № 1 патриот. № 1 патриот болатын себебі, Компартия күркіреп тұрғанда Қазақстанның бодан болмауын талап етем деп екі рет сотталған жалғыз қазақ! Советтік орыс империясы құлаған соң, бәріміз де айтқыш, бәріміз де батыр болып алдық қой. Ал сонау жетпісінші жылдары Хасен жасаған ерлікті, қаһармандықты кім жасады? Айта қойыңызшы, машина мінгізейін…» – деп жазған екен. Айтқаны жүз пайыз шындық. Өйткені «мен айтамын!» деп, машина мінген ешкім болмады.

Бірінің ойы – тамда,..

«Елбасымен кездесуге барған «зиялы қауым өкілі» делінетіндер оны үнемі мадақтуға кірісетінін көріп жүрміз. Ал сіз неге өйтпейсіз?» деп сұрағандарға, Хасен: – Мен Президентпен кездескенде тек қазақтың тәуелсіздігін нығайтуға қатысты мәселелерді айтамын. Ал әлгілердің бірі өзіне лауреаттық, енді бірі балалары мен немерелеріне пәтер, кредит, т.б. бірдемелер сұрап барған соң жағымпазданады-дағы. Болмаса, қазіргі заманда «елбасыны мадақтамадың» деп ешкімді де атып тастамайды ғой!– деген екен..

«Мықтап қателесу»

«Шынның жүзі» теле-бағдарламасын жүргізуші Қасым Аманжолдың: «Өмірде көп қателестіңіз бе?»–деген сұрағына, Хасен Қожа-Ахмет: – Ойлап қарасам, бір рет қателескен сияқтымын. 1970 жылдары күллі қазақ азаматтары «Ресейге қазақ өз еркімен қосылған, орыс халқымен тереземіз тең одақтаспыз!» – деп алақайлап жүргенін көріп: «Халқым өзінің одақ емес, отар екенін білмей жүр-ау. Егер шындықты түсіндірсем қазақ жаппай ұлт-азаттық күресіне көтеріледі»,– деп ойлап мақалалар, үнпарақтар жазып, таратып сотталған едім. Енді, қазір, тәуелсіздігіміз жарияланғаннан соң сөздерін тыңдасам, күллі қазақ өмір бойы: біреулері асүйде отырып, біреулері төсекте жатып та тәуелсіздікті армандаған екен. Ендеше, өзі де ояу халықты «Оян,қазақ! Оян, елім!» деп, тәуелсіздік күресіне шақырып сотталып, мен мықтап қателескен екенмін!– деген екен. («Айқын» газеті, 29.09.2005 ж.)

Аурудан құтылу амалы.

Алматы қаласы әкімшілігі түрме көрген желтоқсандықтарға бір-екі рет денсаулықтарын Диагностика орталығында тегін тексертуге рұқсат берген екен. Шығармашылдығымен қағазбасты боп жүретін, әрі емделуге қазақи еріншектігі күшті Хасекең қозғала қоймайды. Тізім жасаушы желтоқсандық: –Мұныңыз не, Хасен аға, біз бір рет қамалсақ, сіз үш рет қамалдыңыз ғой, денсаулығыңызды тексертсеңізші!,–дейді телефондап. «Ой, мендегі аурудың қайсы-бірін қаратайын!? Енді бір-аз жылда барлық кеселдерімнен емсіз-ақ құтыламын», – дейді Хасен. Мықты дәрігер, я дәрі тапты ма деп қалған әлгі желтоқсандыққа, ол: – Өлгенімде денеммен қоса аурулар да топыраққа кетеді емес пе? – деген екен.

«Жұлдызды» ауру

Хасекеңен жастары бір мүшел үлкен екі әріптесі «Азат» қозғалысының мөріне таласып, оған жала жауып газетке мақала жазыпты. Қарымта мақала жазуды ұсынып келген журналист сұқбатта Хасекеңнің: «Олар ауру адамдар ғой, айта береді», деген сөзін де қосып жіберіпті. Осы сөзді жариялағаны үшін әлгі екеуі сотқа берген газеттің бас редакторы Хасеннен сотқа қатысып, көмектесуін сұрайды. Сотқа келген Хасекең: «Ия, айтқаным рас. Бірақ мен бұл екеуін өзге емес, «жұлдызды ауруға ұшыраған» дегенмін (Я имел ввиду «звездную» болезнь). Ондай аурудан сау екенін дәлелдесінші, қане?» -дегенде, сот та, арызданушы екеу де күліп жіберіпті. Сөйтіп «іс» жабылған еді.

Жеріңді қайтарып ала бер…

Қазақстан мен Қытай мемлекеттері шекарасын белгілеп жатқан 1998 жылы Хасен Қожа-Ахмет үкіметке шекара мәселесін Ертіс, Іле өзені сулары мәселесімен біріктіре қарауға, Шығыс Түркістандағы кезінде Оспан батыр, т.б. көтерілісшілер азаттық талап еткен жерлерді Қазақстанға беруге ұсыныс жасап баспасөз конференциясын өткізеді. Қолдауға келген Юсупбек Мухлиси бастаған үш ұйғыр азаматы Құмыл деген аудан ұйғыр жері екенін айтып, Хасенді «шовинист» деп айыптап, шу шығарып, сыртқа беттейді. Сонда Хасекең: «Ау, ағайын, өздеріңіз сияқты арғы беттен келген адамның мәліметі еді, қате айтқан шығар. Сонша неге шулайсыздар? Құмыл ұйғыр жері болса, барып қытайдан ала қойыңыздар!», деген екен.

Қап, мұнысын маған 1973 жылы айтқанда ғой!..

Мұрат Әуезовтің «Алтын Орда» газетіндегі ( 9 мамыр 2003 ж.): «Мен Қазақстанның тәуелсіздігі орнасын деген тілекті сонау 1972 жылы Индияға барғанда тілеген едім» деген сөзін оқыған Хасен Қожа-Ахмет: –Япырай, ә! Мен 1973 жылдың қаңтарында Мұратты арнайы іздеп барып «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күресетін ұйым құрайық» дегенімде, ол: «Сонау жылдары, Мәскеудегі бір отырыста ұлт мәселесі сөз болғанда, бір әзірбайжан ақыны: «Жайын жұтып қойған бір топ майшабақ, асқазанда жатып: «мына жайынды қалай өлтіреміз?» деп кеңес құрыпты» деген анекдот айтқан еді. Мұрат сол 1973 жылы анекдот айтқанша: «Хасен, сен бекер басыңды қатерге тікпе, мен Қазақстанның тәуелсіз болуын Индияға былтыр барғанымда тілеп қойғанмын» дегенде ғой, мен тәуелсіздік үшін күресіп 1977-ші, 1986-шы жылдары сотталмай-ақ, Мұрекеңнің тілегінің орындалуын күтіп, бала-шағамның қасында жатқан болар едім! – деп, бізді күлдірген еді.

Мені қасқыр жемейді!

Хасекеңнің ең ұнататыны – ен дала, табиғатта жалғыз жүріп ойлану. Жасы елуден асқан шағы, Сарқан қаласы тұсындағы Қаратаудың бір сайына еніп, ымырт жабыла бірақ оралады. Туысқандары: – Аға-ау! Қазір мұнда қасқыр көп, кеше ғана екі жылқымызды жеп кетті. Абайласаңызшы? – дейді. Сонда Хасекең: – Е, жоқ, маған қасқыр тиіспейді! Өйткені біздің «Азат» қозғалысының туында оның суреті бар ғой!– деген екен.

Мұсылман кім?!

Хасен Қожа-Ахмет Алматыдағы Иран мемлекетінің елшілігіне қонаққа шақырылады. Шай үстіндегі әңгіме кезінде елшінің орынбасары Хасенге «сіздердің президенттеріңіз анадай, мынадай адам ғой!» деп, Назарбаевты мақтай жөнеледі. Сонда Хасекең оған: – Ау, сіз Назарбаевты дәл бір мұнай мен газға мұқтаж Европа мемлекеттерінің адамынша мақтадыңыз ғой! Өздеріңіз шариғат бойынша өмір сүретін ислам мемлекетіміз дей тұра, жылда 31 желтоқсанда, түнгі сағат он екіде теледидердан, 80 пайызы мұсылман Қазақстан халқына, қолына шарап ұстап тұрып құттықтау айтатын президентті мақтағаныңыз қалай?!– дегенде, елшілік қызметкері ләм деп жауап қайыра алмай қалған екен.

Абракадабра

2004 жылдың жазында «Азат» қозғалысына бірнеше адам келіп, ҚР Парламентінде күзде талқыланбақ Жерді жекеменшікке сату туралы заң жобасына қарсы аштық жариялайтындықтарын мәлімдеді. Хасен Қожа-Ахмет оларға: «Жер – адамға нәрін, барын беретіндіктен Жер-ана аталады. Мәселе – қазақ халқына Жерді қандай жолмен ему тиімді болатынында. Парламенттегі заң жобасымен келіспеген ұйымдар бірлесіп –топырақ құнары, ауа-райы Қазақстанға ұқсас елдерде жерді қалай пайдаланатындығы туралы мәлімет жинап, балама заң жобасын жасап, парламентке ұсынайық. халыққа насихаттайық. Егер жобамызды үкімет қараудан бас тартса, аштық жариялауға болады. Әйтпесе билік: «Балама пікірлері жоқ, тек шулайды!» деп, өз жобаларын қабылдап жібереді! – деген еді. Әлгілер: «Зиялылардың көп сөзі бізге қажет емес, аштық жариялаймыз!» деп кеткен. Күзде жерді сатуға рұқсат беретін заң қабылданып тынды. Ал артынша, газет беттерінде «Нағыз Ақжол» партиясының мүшесі Жасарал Қуананышәлі: «Ұлтшылмыз деуші ұйымдар жер мәселесінде өз пікірлерін айтпай, бұғып қалды. Ал Хасен Қожа-Ахмет, тіпті: «Бойжеткен қызды да байға береді емес пе? Дәл сол сияқты жерді де сату қажет!»– деп айтты» деп қазақша, орысша бұрқырата жазды. Оларын оқыған біздер: –Хасеке-ау, сіздің олай демегеніңізге біз куәміз ғой. Жасаралдың мұнысы несі?!– деп, газетті көрсеткен едік, Хасекең:
– Жазда келіп кеткендер сөзімді жұртқа өз түсініктерінше жеткізген ғой. Бірақ, Жасарал, мамандығы филолог бола тұра, мынадай сөз болмайтынын білмеуі қалай? Бұл сөзі Гашектің романындағы Швейктің жындыхана дәрігерлеріне: «Төрт қабатты үй тұр екен, әр қабатында сегіз терезеден бар, төбесінде екі мұржа бар, әр қабатта екі пәтерші тұрады екен. Ал енді, мырзалар, есік күзетушінің әжесі қай жылы өліп еді?» – деген абдакадабрасы сияқты екен! – деп, бәрімізді күлдірген.

Қолы шықты, енді…

Президент Н.Назарбаевтың алақанының суреті салынған «жаңа теңге» шығуына наразылықтарын бірі-біріне айтып шуылдасқан қоғамдық ұйымдардың мүшелеріне Хасен Қожа-Ахмет: – Бас қосып демократия үшін күресе алмайтын халықпыз ғой! Бас бармағы шығарылған жұдырығының суреті салынбағанына тәуба деңдер… Қолы шықты, енді көп кешікпей теңге бетіне өзге дене мүшелері де шығатынын күте беріңдер! –деген екен.

Екі дипломды жұмыссыз

«Елiмiздегi өзге қоғамдық ұйым лидерлерi “Джип” мiнiп жүрсе, ал Хасен үкiметке сын айтқаны үшiн өзi аңсаған тәуелсiз Қазақстанда еш мекеме қызметке қабылдамай, екi дипломы бола тұра жетi жыл бойы жұмыссыз да қалған. Оның Қазақстандағы саяси ұйымдар лидерлері iшiнен “Еңбек биржасына” тiркелген “Бiрден-бiр” адам болғанын да тақырыбымызға сай айта кетелiк… Хасеннiң сол жылдардағы күйi туралы мен «Заман-Қазақстан» газетінің 12.07.1996 жылғы санында жарияланған «Көзбояуы жоқ көріністер» деген еңбегімде: “1986 жылы Бутыркада бiрер ай отырған Тер-Петросян неше жылдан берi Президент боп Армения мемлекетін басқарып отыр. Ал 1977 жылы Хельсинкидегi саяси тұтқындар тiзiмiне iлiнген бiздiң Хасен Қожа-Ахмет сөзiн халқына жеткiзе алмай жүр” деп жазған едiм»,– депті жазушы Қуандық Түменбай «Бірінші!» атты зерттеуінде.

Сiлтеме жасаса тілдері күрмеле ме?!

Х.Қожа-Ахметтiң 1970 жылдардағы саяси шығармаларына 2000 жылы деректанулық талдау жасаған тарих ғылымдарының докторы Қамбар Атабаев: «Бiр ғана Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына арналып ондаған кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Талайлар ғылыми атақ-дәрежеге ие болды…Бiрақ, уақыт шындықты тарихшы “ғалымдардың” емес, Хасен Қожа-Ахметтiң жазғандығын толығымен дәлелдеп бердi. Тек Хасен ғылыми емес, “аса қауiптi мемлекеттiк қылмыскер” деген атақ алып түрмеге түстi. Ендi, бүгiнгi күнi кәсiпқой тарихшылардың бәрi дерлiк Қазақстанның Ресейге өз еркiмен қосылмағанын айтып, дәлелдер келтiруде. Тек, сол шындықты бұдан 30 жыл бұрын, яғни коммунистiк партияның қылышынан қан тамып тұрған кезiнде Хасеннiң айтқанын естен шығарып жүр. Оның еңбектерiне сiлтеме жасауға да бiр күш жiбермейтiндей”, – деп жазыпты “Қазақстан тарихының деректанулық негiздерi” кiтабында (280-281 беттер).

Тағы кiмдi айта аласыздар?!

«Дода» хабарында парламент депутаты Серiк Әбдiрахмановқа студиядағы жиналғандар ұлттық мәселелерге байланысты жөнсіз, қисықтау сауалдар қойып соқтыға беріпті. Сонда, Серік: – Осы бiр алпыс-жетпiс жасқа келгенде “Қазақпын! Қазақпын!” деп айқайлап, кеуде соғатындарды түсiнбеймiн. Кеше қайда жүрдiңдер? Хасен Қожа-Ахметтi бiлемiн. Ұлт намысын қорғап, тiлiн қорғаймын деп түрмеге отырып шықты. Тағы кiмдi айта аласыздар?!– дегенде, сол жердегi жиналған саясатшылардың ешбiрi ләм дей алмай, тым-тырыс болыпты.

Есекдәмелілер

Билікте, бизнесте болғандар 2001 жылы құрған «жаңа оппозицияны» күллі БАҚ құрақша жапырылып насихаттап у-ду болғанда, Хасекең:– Е-е, «Бермесе де бай жақсы!» деген емес пе. БАҚ қызметкерлері әлгілердің жалған оппозиция екенін жақсы біледі. Сөйте тұра оларды насихаттау себебі – осы қалталы адамдарға алда-жалда күні түсіп, бір пайдасын көріп қаламыз ба деген есекдәме ғой,–деген екен.

Бақытжан Мұқышев дәл айтқан еді

«Мегаполис» газетінің бас редакторы болған журналист, марқұм Бақытжан Мұқышев осы газетте (21.02.2001 ж.): “Из шинелей литовского “Саюдиса” и украинского “Руха”, азербайджанского “народного фронта” и “Звиадистского движения” в Грузии выросли партии, чьи лидеры и активисты сегодня восседают в креслах министров и парламентариев, определяя политику своих государств или оказывая на нее существенное влияние. В этом смысле самый большой успех казахских “националов” – занимаемый их видным представителем пост директора Музея музыкальных инструментов”
“Знаменами национальных “протопартий” конца 80-х начала 90-х годов стали известные диссиденты, уцелевшие “узники совести”, люди образа и подобия В.Черновила, Л.Морозова, З.Гамсахурдии или А.Эльчибея. В разные годы и в советском Казахстане доставало людей в той или иной степени недовольных решением национального вопроса в жестких рамках программы КПСС и поэтому также подвергавшихся репрессиям. Самой знаменитой фигурой в этом ряду является Хасен Қожа-Ахмет, дважды отбывавший тюремный срок за свои убеждения в начале 70-х и после событий декабря 1986-го. Но сами казахи ничего о нем не знали почти до распада империи. Прижизненная интронизация его как мученика веры в национальную независимость состоялась уже в начале 90-х. Другого запальщика декабрьского взрыва Кайрата Рыскулбекова в сознании многих ярким символом непокоренного народного духа сделала его таинственная смерть в лагерном заключении. Пожалуй, эти два человека могли бы стать центральными фигурами в процессе формирования зарождавшегося тогда национального движения. Хотя, известно, что история не терпит сослагательного наклонения. Но других людей просто не было.
И в отсутствии иных личностей, обладающих должным моральным правом и харизматическими качествами вожака, господину Кожа-Ахмету досталась всегда драматическая в человеческой истории роль объединителя и собирателя в нечто целое подвижников национальной идеи. Самой приметной чертой в этой его ипостаси явилась борьба за пост президента Казахстана на первых прямых и всенародных выборах в декабре 1991 года. Уже с той поры и по сей день большей доли народного внимания и поддержки тем же самым народом своих воззрений “казахским” партиям и нацдвижениям добиться уже никогда не удавалось. Пытавшимся двигаться дальше Кожа-Ахмету и его небольшому отряду некоторые соратники и появившиеся немного позже неофиты национальной идеи (заметим, в условиях абсолютной безопасности!) навязали затяжные арьергардные бои, в которых Хасен Кожа-Ахмет растерял большую часть и обоза, и боевого снаряжения. “Пришли иные времена, взошли иные имена!” Невосполнимость этих утрат ощущается ими и по сей день»–деп жазған екен.

Қазақ – қыз мінезді халық!

«Азат» штабында жиналып, қазақ халқының биліктің сөзіне сенгіштігін, ақшалы саясатшыларға алданғыштығын, ал қоғамдағы жағдайдың шындығын айтатын оппозицияшыл біздерге жоламайтынын сөз еткенбіз. Тыңдап отырған Хасен Қожа-Ахмет, әңгімеге араласып:
– Өйткені біздің халық «қыз мінезді» ғой!–деді. Бұл сөзінің мәнісін сұрағанымызда, ол: –Үйленер кезде жігіттер қыздарға үйіп-төгіп неше түрлі уәде береді емес пе. Соған қыз сенбесе де, сенген сыңай танытып, жігіттің айтқанына көнеді. Ал, «Жағдайым мәз емес»,– деп, шынын айтқан жігітке қыз көнер ме ?!
Сол сияқты, халық биліктің алдаусыратқан сөзіне «Сенбеймін!» десе, не үшін сенбейтінін, дұрысы қалай болатынын өзі дәлелдеуі, сол істі атқаруға өзі кірісуі керек болды. Ал, бұл – көп еңбекті, кейде басты қатерге де тігуді қажет етеді. Сондықтан, «шындықты біле тұра, оны орнатуға күресуден қорықты» деген сөзге қалмау үшін, оданша биліктің сөзіне сенген сыңай танытып, тыныш жүрген дұрыс деп санайды бұл жұрт. Шаруасы қирап жатуының себебі туралы ащы ақиқатты естігенше, тәтті ертегіні тыңдағанды ұнатқыш біздің халықты қалайша «қыз мінезді» демессің?!– деген Хасекең.

Кенесары рухы

2001 жылдың жазында Кенесарының ұрпағы ғалым Нафиза Кенесарина апай Хасеннің мұражайдағы қызметіне келіп, өзінің «О деятельности Кенесары хана по царьским документам» деген кітабын сыйға беріп:– Теледидардан сіздің сөйлегеніңізді көргенде бабамыз Кенесарының рухы тірілгендей сезімде боламыз!– деген екен. (Қ.Ақордаұлы. «Бірінші» атты мақаласынан.)

Тарихи факт сенің пікіріңді қажет етпейді!

«Азат» қозғалысының белсендісі болған Сейсенбай Ахмет деген «Егемен Қазақстан» газетіне «Сандалмамен өткен сегіз жылым» деп мақала жазып, онда қоғамдық ұйымдардан көңілі қалғанын, бұрын оппозицияда болғаны үшін Назарбаевтан кешірім сұрайтынын айтыпты. Бұған қоса БАҚ арқылы да, жүрген жерінде де: «Мен Хасен Қожа-Ахметтің батыр екендігін мойындамаймын!»–деп қоқиланыпты. Мұнысын етіген Отырар мұражайының басшысы ғалым Мұхтар Қожаев оған: –Хасен Қожа-Ахметтің халқымыздың тәуелсіздігі үшін күресіп, батырлық істер жасағаны тарихи факт. Ал тарихта болып өткен іс сенің мойындауыңды я мойындамауыңды қажет етпейді. Өйткені, тарих доңғалағын ешкім де артқа айналдыра алмайды!–деген екен.

Назарбаевтың терісі кеңдеу ме деймін!

«Жаңа оппозиция» делінетіндер газеттерінде өзіне жала жапқанын оқыған Хасен Қожа-Ахмет бірде: – Менің түрмелетіп өткізген өз өмірбаянымды өзімнен қызғанатын мына, «оппозициямыз» деушілерге не айтарсың?! Алда-жалда билікке келе қалса, осылардың азаттығы үшін олардан ертерек күресіп қойғанымды «еш кешіргісі келмейтін» бұлар бірінші кезекте мені тарс еткізіп ата салар-ау! Мына «демократтармен» салыстырғанда, қаншама сынасам да шыдап жүрген президент Назарбаевтың терісі кеңдеу ме деймін! Мүмкін, мені жазалауға халықтан, я тарихтан қорқатын шығар. Бірақ, оны сынағандағы айтарым тек елдің жағдайы ғана ғой! – деген еді.

Кенесарының өзі тіріліп келсе

2002 жылы Қазақстан билігі Кенесары Қасымұлының туғанына 200 жыл толуына Көкшетауда той өткізбек болады. Алматыда ҚҰ академиясының Тарих және этнография институты да осы тақырыпта ғылыми конференция ұйымдастырады. Конференциядан кейінгі әңгіме кезінде осы институттың директоры тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді Көкшетауға Хасен Қожа-Ахметтің шақырылмағанын біліп: «Бұлары қалай?! Кенесарының ұлт-азаттығы күресін 20-ғасырдың екінші жартысында жаңғыртқан сізді шақырмағандары несі!? Кенесарының аруағынан ұят болды-ау! Мен бармасам да, сіз баруға тиіссіз!–дейді. «Алла разы болсын, керек емес» деген Хасекеңнің сөзіне қарамастан, Мәмбет Қойгелді Көкшетаудағы облыс әкімдігіне телефон шалып, өзінің орнына Хасен Қожа-Ахмет деген адамның баратынын ескертеді. Арғы жақтан орысшалаған әйелдің: «Ничего не знаю! Коньчайте заниматься самодеятельностью! Шақыру кімге жазылса – сол келуге тиіс!»– деген шәңк-шәңк дауысы естіледі. «Қап, мыналарды-ай! Енді не істесем екен?!»– деп ренжіген Мәмбет Қойгелдіге, Хасекең: – Ниетіңізге рахмет, Мәке! Дәл қазір Кенекеңнің өзі тіріліп келсе де, бұлар: «Шақырылған жоқсың!» деп, оны да тойға қатыстырмас еді. Бұл той – кеше Кенесарының атын атауға қорыққандардың тойы болғандықтан, менің ол ортада болмағаным да дұрыс шығар! – деген екен.

Алтын ескерткіш артық болмайды!

2000 жылдары пайда болған саясатшылар Хасен туралы алып-қашпа сөздер таратып, газеттерге бірдемелер жазып жүргенін көргенде, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім газет тілшісіне: «Жұрт өз сөзіне өзі жауап бере жатар. Ал Хасен Қожа-Ахметтің ұлтымыз үшін бұрынғы істеген еңбектері үшін-ақ оған алтыннан ескерткіш орнатасақ та артық болмайды!»– деген екен.
Саясаттан сәл шегініс:

 

«Настырный» қазақ

1974 жылы Есік қаласына көшіп келіп, бір жазда-ақ 5 бөлмелі үйді салып бітірген Хасенді көрген орыс, неміс көршілері: «Мұндай жанкешті қазақты ешқашан көрген емеспіз! Біз 3-4 жылда салып бітіре алмайтын үйді, бұл бір жазда-ақ бітірді!- деп таңқалған екен.
(Әрі сол жаз Хасекең Алматы консерваториясының композиторлық бөліміне түсу емтиханын да тапсырыпты.)
Бетховен «бледно выглядит!»
1980 жылы бір отырыста композитор Жолан Дәстенов Хасеннің қою, бұйра шашына көз тастап: – Шіркін, Хасеннің шашын-ай!–депті.
– Дәл Бетховендікіндей! – дейді дастархандас келіншек. Сонда Жолан:
–Жо, жоқ, Бетховеннің шашы Хасендікімен салыстырғанда «бледно выглядит!»– деген екен.

Бұлбұл мен буль-буль

Хасен Қожа-Ахмет композитор досы Тілес Қажығалиевпен «Алматы» ресторанынан шыға бере, оларға киімі көнетоз бір адам сәлемдеседі. Тілес сәл кідіріп, әлгіге біраз ақша береді.
– Бұл жігіт бір кездері жақсы әнші еді. «Халқымыздың бұлбұлы» деген мақтауларды көтере алмады ма, қайдам, ішкілікке салынып кетті, бейшара»,– дейді Тілес.
– Е-е, бір кездері «бұлбұл» болды, енді бөтелкеге жабысып «буль-буль» болды десейші!–деп, Хасекең кеңірдегін екі шертіпті.

Үш есе бай Хасекең

1981 жылы Есік қаласында тұратын Хасеннің үйіне студент кезіндегі досы Қуаныш Оразғалиев, белгілі дирижер Төлепберген Әбдірашевті ертіп қонаққа келіпті. Хасеннің әлемдік классикадан, қазақтың халық музыкасынан тұратын мыңдаған күйтабақтарын көрген Төлепберген: «Менің Мәскеудегі ұстазым Геннадий Рожденственскийдің фонотекасы бай ма деп жүрсем, Сенің фонотекаң одан үш есе үлкен екен, Хасеке!»– деп таңқалған екен.

Хасен, молчи!

Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищедегі ұстазымыз Эрнст Гербертович Феллер әлемдік классикалық музыканы жақсы білгендігі үшін Хасенді сыйлайтын. Сабақ кезінде Феллер кенет фортепианода классикалық бір шығармадан үзінді орындап: «Хасен, молчи!», деп алады да, өзге студенттерге: «Қане, бұл қай композитордың, қандай шығармасы?»– дейді. Әдетте, бәріміз үнсіз қаламыз. Сол кезде ұстазымыз бізді «Оболтусы, бездельники!» деп ұрсып алады да, Хасекеңе қолымен белгі беріп, оған әлгі шығарма туралы айтуға рұқсат ететін. Содан Хасекеңді студенттер қалжыңдап «Хасен, молчи!» деп атап кеткен еді, – дейді, көп жыл Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрының директоры қызметіндегі Қуаныш Оразғалиев.

Человек және люди

–Бір күні сабақта ұстазымыз Феллер әдетінше, фортепианомен бір классикалық шығарма орындады да: «Қане, бұл қандай шығарма?» – деп сұрады. Сол күні Хасен сабақта жоқ еді. Әлгі музыканы біріміз де білмей, үнсіз қалдық. Сонда Феллер : «Ой, бездельники, оболтусы!» – деп ұрсып алды да: «Вот, Хасен – человек! А остальные вы, все – люди!» деген еді, – деп еске алған Қуаныш.

Қабырғаға нота жазатын композитор

– Жатақханада Хасенмен бір бөлмеде тұрдым. Түнде, ойына музыка келе қалғанда ол, шам жағып біздерді оятпау үшін төсегінің тұсындағы қабырғаға цифрлы нотамен шығармасын жазып тастайтын. Сол үшін жатақхана комендантынан талай ұрыс естіген. Ал көшеде, қағаз табылмаса, көйлегінің жеңінің ішіне жазатын, – деді, Хасекеңнің студенттік досы, К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің директоры Ақан Абдоллаев, 2004 жылы Хасеннің аспаптық шығармаларынан болған концерттегі сөзінде.

Күнде кешкісін операда

– Музыкалық училищеде бастапқы курстарда стипендия алған күні вино ішіп қоятын кез болатын. Көзге түсіп қалған Хасенді халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі Петренко, директорымыз Батыр Амангелиевке алып барып, оқудан шығартпақ боолады. Сонда, жиналыс басында Хасенге ұрсып отырған директор (өзі және опера театры оркестрінде тромбонда ойнайтын) Амангелдиев: «Жо, жоқ, қоя тұрыңыздар! Өйтіп қатты кетпейік. Мен оны күнде кешкісін опера театрынан кездестіремін. Мұндай студентті қалайша оқудан шығармақпын?!» – деп, Хасенге кешірім жасаған еді,– дейді, Ақан Абдоллаев.

Тірі энциклопедия

– Әлемдік классикалық музыканы аса жетік білгендігінен біз Хасекеңді «тірі энциклопедия» деп атайтынбыз. Бірақ ол өзге ғылым салалары бойынша да тың пікірлерімен таңқалдыратын. Бірде, үйге келген Хасен, орыс тілінің маманы, аспирант балдызыма: «Орыс тілінде де жүйесіз нәрселер жетіп-артылады. Мысалы, Джамбул, Джандосов т.с.с. сөздерде «Ж» әрпінің алдына «Д» әрпін қояды да, ал Жаров, Жуков, Жубанов, Жароков дегенде қоймайды! Меніңше, мұнда заңдылық жоқ, хаос!»–деді. Бастапқыда Хасекеңмен дауласқан балдызым, ақыры оның сөзін мойындаған еді,– деген Ахан Абдоллаұлы, сол концерттегі естелігінде.

Жұмбақ шешкіш

– Бетховеннің 200 жылдығына орай ұстаз Феллер «Музыкалық жұмбақтар» жасап, тақтаға іліп тұрып: «Міне, Бетховеннің он шығармасынан үзінді жаздым. Қай шығармаларынан екенін студенттер түгіл, ұстаздарымыздың да бірде-біреуі таба алмайды!»–деді де, сәл ойланып қалып: «Тапса– бірнешеуін тек Хасен Қожахметов табар», деген еді,–деп еске алды, 2004 жылы Музыка училищесінде өткен Хасен Қожа-Ахметтің аспаптық шығармаларынан концерт кешінде осы училищенің ұстазы Сүйінген Сейітханов.

Бізге генийлер керек емес!

–Хасекеңмен 1974 жылы Алматыдағы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның композиторлық бөліміне түсуге келгенде таныстық. Біздер сияқты ән, әуенмен емес, ол симфониялық оркестрге «Балқадиша» атты ірі вариация, ұлт аспаптары оркестріне «Кенесары» поэмасын, көптеген вокалдық, аспаптық шығармалар жазып әкелген екен. Кафедра меңгеруші Құддыс Қожамияров: «Мыналарың 4-ші курсты аяқтарда талап етілетін шығармалар ғой?! Бізге дайын композитор емес, шәкіртіміз болатын адамдар керек, сенің жасың да ересек»,..– деп, Хасеннен кірпідей жиырылды. Ғазиза Жұбанованың қолдауымен оқуға қабылданған Хасекеңе, деканымыз Кетигенова да: «Бізге генийлер емес, әдепті, тіл алғыш оқушылар керек!» деп тиісе берді. Бір күні Хасекең: – Мақтаулы консерваторияның үйретері – жүйке ауруына ұшыратар абстракционистік қыж-быж «музыка» екен. Барымызды жоғалтып, ән де жаза алмас күйге жеткізетін сияқты! Саясаттың түрі мынау. Ертеңдері қазақ ұлт ретінде жойылар болса, біздің шығармашылдығымыз неге қажет!–деп, консерваториядан өз өтінішімен кетіп, ұлт-азаттық күресін жандандырмақ болды. Ақыры, бір жылдан соң сотталып кетті ғой,– деген еді, композитор Жұматай Тезекбаев.

Осындайың бар екен ғой!

1985 жылы Қазақстан композиторлары одағының кезекті пленумынан кейін композиторлар Теміржан Базарбаев (әйгілі «Ауылым» әнінің авторы), Жолан Дәстенов және Тілес Қажығалиев кешкісін Хасен Қожа-Ахметтің үйінде қонақ болады. Әңгіме кезінде Жолан ұстазына: –Теміржан аға! Мына шкафтардағы тұрған мыңдаған күйтабақтардағы симфониялар мен опералардың кез келгенінен қалаған әуеніңізді, арияны Хасен жатқа орындап бере алады,– дейді. Теміржан, Хасенді біраз сынақтан өткізгеннен кейін: –Ым-м, сені Жолан мен Тілес неге сонша жақсы көреді десем, осындайың бар екен ғой!– деген екен.

Түзу шеге алсайшы!

1983 жылы «Жалын» баспасына тапсырған кітабынан бірнеше әңгімесі «Қисық шеге» жинағына енгенін естіп, шығуын күтіп жүрген Хасеннен 1986 жылы қызметтесі Тоқсын сүйінші сұрапты.
Кешкі ас кезінде інісі Құрманғалиға:– Ертең дүкенге барып «Қисық шегенің» бірнешеуін сатып алармын,..– деген Хасеннің әңгімесін құлағы шалып қалған анасы, оның бетіне таңырқай қарап: – Балам-ау, саған не көрінген?! Адам дүкеннен қисық шеге сатып ала ма екен?! Алған соң, түзу шеге алсайшы!– депті. Інісімен екеуі шайға шашала рахаттана күлгеннен соң, Хасен анасына «шегенің» мәнісін түсіндіріп беріпті.

Оңашаланып тыңдайтын музыка

Қуан Ақордаұлы «Қанаты күйген қызғыш құс» атты 1992 жылы шыққан деректі повесінде Хасен Қожа-Ахметтің музыкалық шығармашылдығы туралы: «Әдетте саяси мәселелерде сөзі мен ісінен, жазған мақалаларынан бағыттан таймас бірбеткейлік, қайсар мінезі ғана көрінетін Хасеннің шын мәнінде ішкі жандүниесінің нәзік сезімдерге аса бай екендігін оның музыкалық шығармалары толық «әшкерелеп» тұр. Әндері мен аспаптық шығармаларының аттарынан-ақ бұл туындылардың салмақты, терең философиялық толғаулар екндігін байқауға болады. Жеңіл-желпі шетелдік әуендерде «тәрбиеленген» бүгінгі ортада Хасен әндерінің аса тарала қоймау себебі де оны түсініп, қабылдай алар кең, сезімтал жүректерді қажет етуінде болар?! Өз әндері туралы Хасен: «Менің әндерім концертте емес, адамның оңаша отырып тыңдауына арналған» дейді» – деп жазған екен.

Бермеймін де алмаймын

Баласын жоғары оқу орнына түсірмекке Алматыға келген ескі танысы Хасенге жолығып:–Институт басшылары, ұстаздары өзіңді таниды ғой, сұрайтын парасын берейін, тек олармен сөйлесіп берші, – деп мазасын алғанда, Хасен: –Танитындар менің параны бере де, ала да алмайтын адам екенімді біледі. Мен барып сөйлесті дегенше – балаң оқуға түспеді дей бер. Бұл заман батырлар мен дарындарды емес, ақша қуған алыпсатарларды «қадірлейтін» заман екенін көрмей жүрмісің?! –деген екен.

Қолтаңба – ниеттер:
– маған қайын болып келетін Жұматай Сабыржанұлы бірде кездескенімізде «Мына кітабымды Хасенге берші» деп, өзінің «Өкпелесең, өзің біл» кітабына «Хасен, Сен менің көңілімдегі Халық қаһарманысың!» деп қолтаңба жазған еді;
– өзінің «Түрік әлемі» атты кітабында қазақ халқы өкілдерінен Мұстафа Шоқай мен Хасен Қожа-Ахмет туралы ғана баян еткен Сейдін Бизақов: «Халқымыздың мақтан тұтар ұлы, намысшыл абзал азаматы Хасен Қожа-Ахметке зор ілтифатпен ұсынамын! Сейдін, 05.01.1999 ж.»- деп қолтаңба жазған екен;
Сөйтсем, бұрыннан да Хасекеңді батыр деп танитын азаматтарымыз баршылық екен:
– тарих ғылымдарының кандидаты Қайсар Құсайынұлы өзінің «Есіл жазығы: отаршылдық дәуірінде» кітабындағы қолтаңбасында: «Қадірлі Хасенге! Қазақ елі таныған, мойындайтын азаматқа ізгі жақсы тілектермен ұсынамын» депті, 1994 жылдың 5 маусымында;
– әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің деректану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы Қамбар Атабаев «Қазақстан тархының деректану негіздері кітабына «Бүткіл саналы өмірін ұлтының тәуелсіздігі үшін күреске арнаған, халқымыздың қаһарман ұлы Хасенге автордан, 23.04.2003 ж.» деп, қолаңбасын жазған екен;
– жазушы Сәбит Досанов 15.01.2002 ж. Хасенге үш кітабын сыйлағап, Алыстағы аяулым» кітабына:
«Желтоқсанда ықпаған,
Ерлік туын жықпаған,
Хасен –Досым ол менің
Қаһарман һәм мықты адам!»–
деп, ал «Тензор степного кургана» кітабына «Ақын, Азамат, тәуелсіздік жолындағы табанды күрескер, халық ұғымындағы қаһарман, дос Хасен Қожа-Ахметке! Азаматтығын ардақ тұтатын, амандығы мен абыройына тілекші Сәбит бауырынан» деген қолтаңба жазыпты;
– ақын Серік Тұрғынбек «Сәкен–сұңқар» поэмасын ұсынып:
«Ардақты дос Хасенім!
Жас та болсаң бас едің.
Мені де ертіп кетеді,
Саясатта – әсерің» – депті.(29.04.2005 ж.) ;
– «Қазақтың желтоқсаны» деген кітабындағы қолтаңбасында Қайым-Мұнар Табеев «Құрметті Хасен дос! Еліміздің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күресте қол бастаған батылдығыңды, сөз бастаған шешендігіңді ұрпаққа үлгі тұта отырып, осы кітаптың бір кейіпкері ретінде оқырманға ұсндым» (01.12.2006 ж) –депті;
– кезінде Қытай түрмесінде 20 жыл қамалған жазушы Жақсылық Самитұлы Хасеннің қызмет орнына іздеп келіп, өзінің Оспан батыр көтерілісі туралы жазған төрт томдық «Сергелдең» романын ұсынып, біріне: «Қадірлі Хасен мырза! Ұлтшылдар ұлт байлығы. Сізге амандық тілеймін!» деп, екінші томына: «Хасен мырза! Қазақ бар жерде сіз мәңгі барсыз!» (09.12.2004 ж.) деп, ал соңғы томына «Хасеке! Аллатағала ұлтын сүйген, бірақ қадірі болмай жүрген Қазақ ұлдарына да Күн туғызар деп сенейік», – деген тілектер жазған екен;
– «ЕСЕП» деген партия құруға әрекеттенгендері үшін 1950-ші жылдардың басында ақын Бүркіт Ысқақовпен бірге сотталған Махмет Темірұлы ақсақал «Арман мен Азап» деген кітабын Хасенге сыйлай отырып «Құрметті Хасен Қожа-Ахмет! Өзіңді азаттық үшін алысқан алаштың саналы қайсар азаматы деп осы кітабымды беріп отырмын» (25.12.2004 ж.) – депті;
– бұрыннан Хасеннің саясаттағы күрескерлігіне тәнті болып жүрген, ал оның 2007 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің қатарынан 16 санына шыққан «Қазақ әні қалай космополиттенді», «Білгенге маржан, білмеске арзан парасатты музыка» деген екі мақаласын аса жоғары бағалаған Ақселеу Сейдімбек, өзінің 2008 жылы шыққан «Қазақтың ауызша тарихы» кітабына «Тәңірім ерекше жаратқан ардақты бауырым Хасенге ағалық тілеуқорлықпен ұсынамын! – С.Ақселеу. 20.12.2008 ж.» деп жазыпты;
– бұрынырақ, 1999 жылы Шымкент қаласындағы Халықаралық қазақ-араб университетінің ұжымы Хасен Қожа-Ахметтің 50 жылдығына арналған республикалық айтыс соңында оған «Негізгі діни мағлұматтар» кітабын сыйлап мынадай құттықтау сөз жазған екен:
«Елімді тозақтан,
Ерімді азаптан,
Қоғамды құрылған тордан,
Жасымды бұзылған жолдан,
Тілімді бұрмалағандардан,
Дінімді бұзғандардан,
Салтымды сатқандардан,
Тасадан оқ атқандардан
Қазақтың елін сақтауда көш басшы болған, Халықтың «қағазсыз қаһарманы» – Ердің жасы елуіңіз құтты болсын. Өміріңіз шаттыққа толы болсын Алланың нұры жаусын!»– депті;
– ал, «Жалын» баспасынан 1993 жылы шыққан «Хан Кене» жинағының редакторы, ақын Есенбай Дүйсенбай осы кітапты Хасенге сыйлап: «Ұлы бабасы Кенекеңнің алаулаған арманымен аласұрып, халық азаттығы жолында қан жұтып, қасірет шегіп, қаршадайынан ат жалын тартып мінген Хасен Қожа-Ахметтей азаматтар қатары қаулай бергей деп, Есенбай 1993 ж.20 қыркүйек» деп жазған екен;
Әрине, қоғам болған соң, пікірлер де әртүрлі болады ғой. Биліктегілер үшін Хасен Қожа-Ахмет – «экстримист», орыс шовинистері үшін – «ұлтшыл», ал «түйені де көрместердің» ол туралы сүйікті сөзі – «әй, соны қойшы!»
Заңгер Сабыр Қасымов Хасенді «Қазақтың Че Геваросы» десе, ал Қазақ энциклопедиясының директоры тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған Хасекеңді «Қазіргі заманның Ахмет Байтұрсыновы» дейді. Қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеуші полковник Әлихан Бектасов, Хасекеңнің өзге ұйым басшыларындай кабинеттен бұйрық бермей, топтың алдында өзі бастап жүретінін меңзеп: «Сендердің төрағаларың саясатшы ғана емес,–боевик!» – дейтін. Хасекеңнің түрмеде өзгелерімізден көп отырғаны үшін оны Оңтүстік Африкалықтар көсемі Манделлаға да теңеушілер болды. Ал Саду Әбілқайырұлы өзінің «Айдаһарлар» деген кітабында Хасен туралы «Зиялылардың зиялысы екен» деп жазыпты.

Ну и что, Брежнев өлсе?!

Бірде Хасен Қожа-Ахмет бізге мынадай әңгіме айтты: «Қазір ғой жұрттың Леонид Брежнев туралы түрлі анекдоттар айтып жүргені. Ал ол КСРО басшысы болған кезде алып империяның шалғайдағы бір аулында да, кез-келген мекеменің мерекелік жиыналысында, міндетті түрде бір адам орнынан тұрып, «жиналыстың президиумына бірінші кезекте қымбатты Леонид Ильич Брежневті ұсынатынын» айтып, ал жұрт ду қол шапалақтап «жоқ» Брежневті президиумға «сайлайтын». Сталин заманында адамдарды жаламен «халық жауы» жасаса, ал Брежнев кезінде керсінше, «КСРО-да саяси тұтқындар жоқ, КСРО саясатына тек есі ауысқандар қарсы шығады» деген ұстаным болды. Сондықтан үкіметке сын айтқандарды психиатриалық түрме-емханаға өмір бойына қамап «емдеп», тек ілеуде бірін ғана бөгде ойлы «диссидент» деп соттайтын.
1977 жылы «диссидент» ретінде сотталып оралған соң, қайтадан композиторлықпен айналысқанмын. Бір күні таңертеңгісін Қазақ радиосына шығармаларымды жаздыртуға келсем, кіреберісте қаптаған милиция, кіруге рұқсат бермейді.
– Бұл қалай? Мен сонау Есік қаласынан арнайы келдім,–десем, еден жуып жүрген орыс әйел: – Сіз немене, білмейсіз бе? Брежнев өлді ғой!– дейді, дауысын көтеріп. Шығармаларымды жаздыруға алған уақытым күйіп кете ме деп мазасызданып тұрған едім:
– Е, өлсе не қыл дейсің!? (Ну и что, если умер!?) – деп саладым. Мұны естіген әлгі әйел:
– Жолдастар, естідіңіздер ме?! Мына азамат «Ну и что, Брежнев өлсе?!» деді ғой!– деп бажылдай жөнелгені. Жуырда ғана саяси сотталып келген мені әлгіндей сөзім үшін қайта түрмеге жөнелту тіптен оңай кез еді. Бірақ, құдай сақтап, милициялар да, КГБ қызметкерлеріне ұқсаған қазақ жігіттер де әлгі әйелдің айқайын естімегендей сыңай танытып, өзара әңгімелесіп тұра берді. Сірә, 18 жыл ел басында мызғымай отырып алған Брежнев оларды да жалықтырған болса керек,– деп, Хасекең 1982 жылы да «саяси тұтқын» бола жаздағанын әңгімелеп берген еді.

Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің

«Қаршадайыңыздан қазақтың ұлттық намысы, азаттығы үшін күресіп қаншама жылдарды түрмеде өткіздіңіз. Әр қазақ ұлт үшін сіздей-ақ қызмет қылсын. Рахметі жоқ қоғамдық жұмыстарды қойып, құдайдың берген дарынын тұншықтырмай, композиторлық, жазушылық жұмыстарыңызбен айналыссаңыз да сізге ешкім ренжи алмайды»,–дегенбіз, Хасекең бір науқастанып қалғанда.
– Мен ұлт-азаттығы күресіне біреулерден рахмет алармын деп емес, өзімнің, ата-бабаларымның намысы үшін шыққанмын!– деді де, Хасекең, сәл үнсіздіктен кейін: – Құранда мынадай бір хикая бар: Жүніс пайғамбар руластарына бұдқа табынуды қойып, бір Аллаға сенуге үгіттегенімен оның сөзіне ешкім құлақ аспапты. Қапаланған Жүніс кемеге мініп, елінен кетіп қалады. Кеме жағадан ұзағанда қатты дауыл басталыпты. Кемедегілер аман қалу үшін құрбандық жасамақ болып, жеребе тартқанда ол Жүніске түседі. Қайталап және бірнеше рет тартса да Жүніске түскен соң, ол мұның Алланың әмірімен болып отырған іс екенін, өзінің Алланың рұқсатынсыз елін тастап кеткен қателігін түсінеді. Сөйтіп ол өзін теңізге тастайды. Сол сәтте бір кит Жүністі жұтып, оны қайтадан еліне әкеліп тастайды. Өйткені, ол әлі Жаратушының артқан міндетін орындап болмаған екен.
Сол сияқты, қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерді көре тұра тыныш, шет қала алмайтынды-ғыма қарағанда мен де Тәңірінің өзіме жүктегенін әлі атқарып болмаған сияқтымын ба? «Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» деген сөз рас-ау!– деген Хасекең сонда.
Хасекең айтқандай, ендеше саясат тақырыбына қайта оралайық:
Кеңес үкіметінің «жақсы жағы»
Бірде Хасен Қожа-Ахмет: «Шынында да Кеңес үкіметі кезіндегі өмір дұрыс болған екен, үкімет адамға әрдайым көңіл бөлетін еді-ау!»–депті. 20 жасынан Кеңес үкіметімен күресіп, түрмесінің табалдырығын үш рет аттаған Хасеннен мұндай сөзді бұрын естімеген таныстарының таңқалысына ол: «Иә. Ол кезде билікті, қоғамды сынағаның үшін үкімет әп сәтте «көңіл бөліп» соттап, түрмеге қамаушы еді. Ал қазір, не айтсаң да халық та селт етпейді, мұны көрген үкімет те: «Е, жалғыз өзі оттай берсін»– деп, көңіл бөліп, түрмеге де қамамайды», – деген екен.

Тағы да үш рет сотталайын ба?!

Хасен Қожа-Ахметті бірнеше дүркін «Халық қаһарманы» атағына ұсынған азаматтар оған, егер президент Назарбаевпен кездесер болса, міндетті түрде өздерінің жазған сол ұсыныстарына оның жауабын білуді сұрапты. Бірақ, президентпен кездескенде тек халық мұқтаж мәселелерді ғана айтатын Хасекең, атақ туралы сөз қозғай қоймайды. Арада он жыл өте Назарбаевпен тағы бір кездескенінде, әңгіме орайына қарай, Хасен оған халықтың сәлемін айтады. «Ой, әлі жассың ғой, әлі аласың ғой атақты!»– дейді Президент. «Батыр атағы жасқа қарай емес, істеген іске қарап беріледі емес пе!?. Және де, ол атақты мен сұрап тұрған жоқпын, «лайық» деп халық ұсынып, жауап күтуде. Ал сіз өзіңіз, мені «Халық қаһарманы» атағына лайық деген халық пікірімен келісесіз бе?»– дейді оған Хасен. Назарбаев «Әлі еңбек ету керек қой»…– деп күмілжігенде, Хасен: – Отаршыл КСРО үкіметімен шайқасып үш рет саяси сотталған еңбегімді аз десеңіз, онда тағы да үш рет сотталайын ба?!– депті. Үндей алмай, орнында тұрып қалған Назарбаевтың жауабын күтпестен, Хасекең қабылдау бөлмесінен шығып кетіпті.

Заңбұзарлар сиезіне қатыспаймын!

«Азат» қозғалысының газет шығаруға қаржысы болмай, ал «жаңа оппозиция» өз газеттерінде тек өздерін мадақтап, бұрынғы ұлшыл оппозицияны халық жадынан өшіруге күш салып жүрген кез еді. Хасекең бізге: – Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев маған телефон шалып, орынбасары болуға ұсыныс жасады. Не қыламыз?–деді. Басқармада кеңесе келе, «ең болмаса ол партияның газетін пайдаланып, халыққа қазіргі саяси ахуалдан хабар берелік» деген оймен Хасекеңнің «Әділет» партиясына уақытша барғаны жөн деп шешкенбіз. Бірақ Хасекең онда көп болмады. Бір жылға жуықтағанда Хасекеңе Нәрікбаев хабарласып, партияның төтенше сиезіне Астанаға шақырыпты. Күн тәртібін сұраған Хасенге ол жуырда болмақ ҚР президентіне сайлауға Н.Назарбаевтың кандидатурасын партия атынан ұсыну мәселесі екенін айтады. Сонда Хасекең:
–Ау, өзіміз: «Әділет» – заңгерлер партиясы!» – дей тұра, өзіміз бастап заң бұзамыз ба?! Конституциямызда «Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды» деп анық жазылған ғой! Әлде Назарбаевтың президенттікке неше мәрте «сайланғанының» санынан баршаңыз жаңылып қалдыңыздар ма? Мұндай заңбұзарлық сиезіңізге қатыса алмаймын. Мені партиядан шықты деп есептеңідер!–деген екен.
Кедейлігіме мақтанамын!
«Әділет» партиясындағы бір әңгіме кезінде жігіттер біреулердің байлығы жайын айтып тамсана беріпті. Сонда Хасен Қожа-Ахмет: – Қоғамды жұтатып байығандар туралы естігенде, өзімнің кедей екендігімді айтым мақтанғым келеді!–деген екен

Қарғалар саңғып кеткендей күйде жүремін

«Хасеке, Совет империясы кезінде отаршыл билікке қарсы шыққаныңыз үшін үш рет түрмеге қамалсаңыз, қазіргі билікке де сын айтуда алдыда келесіз. Жазаланудан қорықпайсыз ба?» десек, Хасекең: – Әрине, түрмеде ұры-қарының ортасында болу қай бір жақсы дейсіңдер. Менің де жаным екеу емес. Бірақ үкіметтің халыққа зиянды істерін байқай тұра үндемей қалу, халықтың: «Е-е, Хасекең де айтуға қорыққан екен!» – дейтін сөзі маған түрмеден де, өлімнен де ауыр. Егер мен биліктің теріс ісін байқай тұра халыққа айтпасам, бейне үсті-басыма қарғалар саңғып тастағандай күйде болып, көшеде жүргенде төменшіктеп қаламын. Тек ойымдағыны митингіде я БАҚ арқылы көпшілікке айтып салған соң ғана жуынып, тазарғандай еңсем көтеріліп, елдің бетіне тура қарай аламын,– деген еді.

«Алтын адам» болса да, артық сайлануға құқысы жоқ!

Нұрсұлтан Назарбаев президенттікке, Хасекең айтқандай «бәленшесінші рет сайланып, енді түгеншесінші рет сайланбақ» болса да халық тым-тырыс қалып, ал «оппозициямыз» деушілер заңсыздықты әшкерелеу орнына, Хасекеңнің «бойкот жасаңдар!» дегенін тыңдамай, өз кандидатураларын ұсынып, заңсыз сайлауды «заңды» етуге атсалысып кетеді. Әлгі «сайлау» туралы өз пікірін БАҚ арқылы білдірер мүмкіндігі болмай, ал жұршылық: «Е-е, пікірін айтуға, өзгелер сияқты Хасен де қорыққан ғой» деп ойлады ма» деген ой мазалап жүрген Хасекеңді, құдай айдап «31» теле-арна шақыра қалды. Сонда ол тікелей эфирді пайдаланып: – Мүмкін Назарбаевтың сөзі, көзі біреулерге ұнайтын шығар. Бірақ ол «Алтын адам» болса да, Конституциямыз бойынша екі реттен артық сайлануға құқығы жоқ!»– деген еді.
Ленин емес, Радищев десеңізші!

Парламентке сайлауда қолдауымызды қалады ма, депутат Ерасыл Әбілқасымов «Ұлт тағдыры» қозғалысына келіп отырған. Бөлмеге кірген Хасен Қожа-Ахметті көріп ол:– О-о, қазақтың Лениніне сәлем бердік! – деген еді, Хасекең көңілсіз мырс етіп: –Ленині емес, Радищеві дегеніңіз дұрысырақ болар, – деп, қоғамы у ішуге мәжбүр еткен 18 ғасырдағы орыс демократын есіне алды. Себебі, сол жылдары пайда болған «демократпыз, ұлтшылмыз» дейтіндер газеттері арқылы Хасекеңе «биліктің адамы» дегендей жала жабуды жиілетіп, соқтығып жүрген еді.
Тағы бірде: «Хасеке, халіңіз қалай?» деушілерге, Хасекең: «Убить дракона» фильміндегі Ланцелоттай! – дегенін естіген едік. Ол сөзінің мәнісін кейін, әлгі фильмді көргенде түсіндім.
Атақ не хан өлгенде, не мен өлгенде беріледі
Хасен Қожа-Ахмет 1970 жылдары жазған мақалаларында Ресейдің тек қазақ халқын ғана емес, Сібірді, Орта Азияны, Кавказ, Украинаны да отарлауының шынайы тарихын жазған болатын. Кенесарымен қатар Укрина гетеманы Мазепаны да «ақтаған». Сөйтіп, күллі орыс отарындағы халықтарды тәуелсіздік күресіне шақырған еді. Сондықтан, Қазақстан басшылығынан күдер үзген біздер ақылдасып, Хасекеңе «Халық батыры» атағын беруді сұрап Өзбекстан, Украина, Грузия елбасыларына хат жолдамақ болдық. Бұл ойымызды Хасекеңе айтқан едік, ол күліп: – Қойыңдар, өзге елден сұрау – елдігімізге сын болар. Ол атақтың маған Қазақстанда-ақ, не хан өлгенде, не мен өлгенде бәрібір берілетініне сеніңдер! – деген еді.

Ұйықтау үшін бірлесеміз бе!?

2006 жылдың жазында Жазушылар одағындағы қазақ тілі мәселесіне арналған тағы бір жиынға барғанбыз. Бір сағаттай кешігіп, үкімет шенеуніктерін ерте Мұхтар Шаханов жетті. Бөлмеге: «Аһ, уһ, жүрегім-ай!»– дей кірген ол столды жұдырығымен ұрғылап, бірдемелер айтып сондағы жұрттың апшысын қуырып барады. Адамдар үнсіз сырғып бөлмеден шығып, залға қарай кетті. Бір адаммен сөйлесіп бөгелген Хасен Қожа-Ахмет те шыға берген еді, Шаханов:– Әй, Хасен! Бізге керегі – тіл. Тіл болмаса партия-мартияң бәрі бекершілік,– деп даурыға жөнелді. Оны шыдаммен тыңдаған Хасекең сонда, Шахановқа: – Осы сөзді «тіл, ұлт» деп 40 жыл бұрын үш рет сотталып келген маған түсіндіріп тұрсыз ба?!– дегенде, Мұхтар әп-сәтте сабасына түсіп:– А, иә, білемін ғой еңбегіңді. Осы мәселеде бірлесіп күресейік дегенім ғой,– депті. Бірақ сол жиында Хасеннің: «Тоталитарлық санада қалған билік сес көрсете білсек қана халық талабын орындайды. Сондық-тан тіл мәселесін де халықтық шеру жасау арқылы жүзеге асыру қажет!– дегенін Шаханов қолдамай: «Президентке тағы да хат жазып көрелік»,– деп жұртты тыныштыққа шақырды.
– Күреспей, тек тыныш жату, ұйықтау үшін бірлесудің қажеті қанша?–деп, Хасекең әлгі жиынан шығып кетеді.
Сарышаған стансасын білмеуші ме едіңдер?
Штабқа келген желтоқсандық Мырзағұл: – Мына Шакаловтың аузын қалай жабамыз, а? Шаханов Мұхтарды айтамын. Көтеріліске қатыспай-ақ № 1 желтоқсандық болып жүрген атағын азсынып, енді ол шын желтоқсандықтарға жала жауып: «1986 жылы Алматы алаңында әскерлерге тас лақтырғандар КГБ-ның қызметкерлері болған!» деген лақап таратып жүрген көрінеді! – деп, әкеден бір сыбады.
– Сонда, тас лақтырған сәтім суретке түсіп қалып, 5 жылға сотталған мен КГБ болып, ал көтерілістен үш жыл өткенде үш ауыз сөз сөйлеген Мұхтар Шаханов «Халық қаһарманы» ма?–деді тағы бір желтоқсандық жігіт, – Түрмелетіп жүрген біздер «КГБ тыңшылары» болып, ал өмір бойы компартияда, депутат, елші қызметтерінде биліктің майлы жілігін сорып жүрген Мұхтар «патриот» па?! Мұны әшкерелеп, тоқтатпасақ өзіне көше атын беруді, ескерткіш қойдыртуды да сұрауға бар!..– деді ашуланып.
Оларды тыңдап отырған Хасен Қожа-Ахмет: – Жігіттер, кеш қалыңдар. Көше түгіл, оның есімі әлдеқашан қалаға да беріліп қойылған, – деді. Желтоқсандықтар: «Қалайша, қашан?»..– деп, бір-біріне қарасты, – Ол қала қай жақта?– деді, әлгі қаланы қазір-ақ талқан етердей.
– Астанаға барар теміржолдағы Сарышаған стансасын білмеуші ме едіңдер?–деді Хасекең.
Барлығымыз күліп жібердік.
– Ту-у, Хасеке, қалжыңыңызды қоймайсыз-ау?– десек, ол:
– Е, бұл жұртқа қашанғы ашулана береміз. Тым болмаса, өзімізді өзіміз әзілмен көңілдендірейік те! – деген еді.

Хатынь орманын ұмытқан екен!

«Еліміздегі қоғамдық-саяси ұйымдардың бір-бірімен, билікпен айтыс-тартысы бос әуре. Өйткені іргеміздегі Ресей империясы әрі қарай бөлшектенбейінше, шын тәуелсіз болмақ түгіл, ана тіліміздің мәселесі де шешілмейді»,– деген пікірін Хасен Қожа-Ахмет 2005 жылы жиі қайталайтын. Бір күні ол Алматыдағы Польша елшілігіне барып, АҚШ-пен Батыс Европа елдері мұнай мен газ саудалап жүріп Ресейді қайтадан күшейтіп ала ма деген қаупін айтады. Бірақ елшілік қызметкері Польша мен Ресей қазір өзара тиімді саясат ұстанатындығын мәлімдеп, әңгімені доғаруға асығады. Сонда Хасекең оған:–Хатынь орманында 21 мың офицерлеріңді орыстың қырғанын ұмытқан екенсіңдер! Ал қазақ халқында «Орыспен жолдас болсаң, қолыңда айбалтаң болсын» деген дана сөз бар, – деп, есікті тарс жауып, шығып кетіпті.
Біздерге осы кездесу туралы: – Әрине, елшілікте отырғандар саяси стратегтер емес, әшейін, күнделікті 8 сағаттық жұмысын ғана білетін жандар ғой. Оларды бекер шошытқан шығармын,–деген еді Хасекең.
Арада үш жыл өткенде Ресей әскерінің Грузияға басып кіруіне байланысты Польша үкіметі Ресейге наразылық білдіріпті.

Қазақты мазақ етушілерге – бойкот!

«Дода» хабарын түсірген кезде студияда ала сөмке сүйреткен бір мүгедек адамды әрі-бері жүргізіп қоятын. «Бұларың немене, қазақ халқының бейнесін берген сыңайларың ба?!»– деп сұрағанымызда, теледидар қызметкерлері әрқашан үндемей құтылатын. Тағы бір шақырғанда-рында, Хасекең оларға:– Егер келесі жолы мына мүгедекті тағы осылай жүргізіп қояр болсаңдар, бәріміз студиядан шығып кетеміз!– дейді. Өзге ұлтшылдар да оны мақұлдаған. «Доданың» келесі хабарына барғанда, әлгі адам тағы да дорбасын сүйреп шығыпты. Сонда Хасекең:– Ау, азаматтар, ұлтымызды мазақ етуші мына телеарнаға бойкот жасауға өткенде келістік қой!– деп, студия есігін тарс жауып шығып кетеді. Ал студия толы «ұлтшылдар» отырған орындарынан қозғалмай, тым-тырыс қала берді.
Өзім де журналист болған соң…

«31» телеарна Хасен Қожа-Ахметті Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына арналған «Дода» хабарына шақырыпты. Астанадан Сабыр Қасымовтың: «Хасеке, сізді «Халық қаһарманы» атағына ұсынғанымыз газетке жарияланды. Соған орай сізді арандату әрекеті болып жүрмесін»,– дегеніне Хасен: «Ештеме етпес, көтеріліске қатысты халыққа естіртер маңызды хабарым бар еді»,– деп теледидарға барады. Студияға шынымен-ақ кілең Мұхтар Шаханов басқаратын «Жалын» журналының қызметкерлері, т.б. бейпілауыз жандар шақырылып қойыпты. Олар 1986 жылы халықты сабап үкіметтен сый алған Т.Әлжанов деген бұрынғы милициямен қосылып, ортаға шыққан Хасекеңе қисық сөздар айтып, у-шу болады.
Мұны теледидардан көрген біздер: «Хасеке-ау, арандату үшін ұйымдастырылғанын көре тұра неге кетіп қалмадыңыз?»– десек, Хасекең:– Өзім де бұрын тележурналист болып істегендіктен, ескі түсінігіммен, студияға тапсырыс берген қызметкерлердің еңбегін аяған едім. Сөйтсем, әлгілерге көтерілістің 20 жылдығы керек емес екен. Менің: «Біз, қазақтар Желтоқсан көтерілісін ас беру, шапан кигізулер арқылы «зерттеп, шешіп» жүргенімізде, ЮНЕСКО-ның 25 жылда бір шығаратын «Әлемдік тарих» атты анықтамасына «Тоталитарлық КСРО билігіне қарсы алғашқы бас көтеру Тбилисиде, Вильнюсте болған» деп жазылып кетіпті»,– деген сөзімді де «қиып» тастапты. Шынымен де Сабекең сөзі рас болды. «Додаға» бекер барыппын,– деген Хасекең, сол арандатудан кейін бір ай жүрек дәрісін ішіп жүрген еді.

Метеоризмге қалай жауап жазарсың?!

«Азат» қозғалысының атын ұрлаған Болат Әбілов «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керімен, бір-екі жыл бұрын өзін әшкерелеп мәлімдеме жасаған Ерсайын дегенді тауып алып, оған газетінен екі бет орын беріп Хасен Қожа-Ахметке, Дос Көшімге, Жасарал Қуанышәліге, т.б. ұлт мүддесі жолында жүрген азаматтарға қарсы аузына келгенін айтқызыпты. Мұны оқыған жұрт әлгіге қарсы «теріске шығару» мақаласын жазыңыз дегенде, Хасекең: «Ерсайындікі пікір емес, екі бет тола метеоризм ғой. Метеоризмге адам қалай жауап жазар!?. Мұндайда, мұрынды басып, аулақ кеткен дұрыс», – деп, ізінше өлеңдетіп:
«Әй, Ерсайын, Ерсайын,
Сатыласың әр кімге,
Сағат сайын, күн сайын.
Саясат сенің не теңің?
Сайын көшесіне бар да тұр, Ерсайын» – деген еді.
Бір дарыным кемшін боп тұр
Теледидар тілшісі Хасен Қожа-Ахметтің сегіз қырлы дарындылығы жайын сөз етіп, үкіметтің оған 60 жасына дейін ешқандай атақ бермей отырғанына таңданысын білдіріпті. Сонда Хасекең: – Маған атақ берер еді, бірақ бойымда үкіметке аса қажет бір дарын кемшін боп тұрған сияқты. Ол «кемшілігім» – «билікке жағымпаздана білмеу» деп аталады, – деген екен.
Тәуелсіздігімізді асыра бағалау
«Қазақ адамның еңбегін тірісінде бағаламайды» дейміз-ау, бірақ дәл Хасен Қожа-Ахметті ұсынғандай қазақ халқы «Халық қаһарманы» атағына ешкімді дүркін-дүркін бәлен жыл бойы ұсынбаған шығар. 1992 жылдан бері көптеген басылым беттерінде халық Хасенді осы атаққа лайық деп жазып, президент Н.Назарбаевқа жүздеген хаттар жолдап келеді. 60 жасқа толуына орай Хасекеңді тағы да атаққа ұсынбақшы болған едік. Сонда ол: – Халқыма рахмет! Бірақ отаршылдар таққа отырғызғып кеткен, әлі де отаршыл Ресеймен «интеграцияланамыз» деп шапқылап жүрген мына билік маған, Ресейге қарсы әрекеті үшін үш рет сотталған адамға, қайдан ондай атақ бере қойсын! Бұл – біздің азаматтардың тәуелсіздігіміздің деңгейін тым асыра бағалап адасуынан. Сондықтан, ендігәрі мені ешқандайда атаққа ұсынып мына билікке хат жолдамаңыздар! –деген еді.

Абайдың «Масғұтындағыдай» дәрі қажет

Бұрын Қазақ радиосында бірге істеген танысы Хасенннің қызмет орнына келіп қытай, әлде тибет дәрілерін ұсына бастайды. «Міне, мынау дәрі ми жұмысын жақсартады», деп тықпалаған әлгі танысына Хасен: –Мидың арқасында елден ерек «Тәуелсіздік!» деп ұрандап, КСРО кезінде үш сотталсам, алғашқы оппозицияны құрып қазіргі билікке де жексұрын болдым емес пе!? Оданша маған, Абайдың «Масғұтындағыдай», мидың жұмысын тежейтін дәрі тауып беріңіз. Мынадай қоғамда адамға сондай дәрі қажет»,–деген екен.

Парламент «ұмытып кеткен» заң

«Азат» қозғалысына бірнеше адам жиналып, Парламенттің Конституцияға жиі өзгерістер енгізетіндігі жайында сөз етіп отырғанбыз. Бір кезде Хасекең: – Бұл парламент Назарбаевтың өмір бойы тақтан түспей, мемлекетті жеке-дара билеп-төстеуіне қажетті заңдардың барлығын қабылдап болды. Әйтсе де, тағы бір заңды қабылдауды ұмытып кеткен сияқты,– деді. Ол қандай заң екенін сұраған бізерге, Хасекең:– Ол, «Нұрсұлтан Назарбаев ешқашанда өлмесін!» деген заң,– деген еді.

Кім найза ұстап облыстан келіпті?

Бәле іздеген бір газет тілшісі Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны күмәнді бір адамға Хасен Қожа-Ахмет туралы қитұрқы сұрақ қойса, әлгі: «Ол кісі көтеріліске қатыспадым деп өзі айтты, Қызметтен шығып алаңға келгенде ұсталып қалыпты»,– депті. Әлгі кісіні Хасекең кездестіргенде: – Газеттегі сұқбатыңды оқыдым. Немене, менен өзге көтеріліске қатысушылардың барлығы алаңға қызметтерінен, оқуларынан шығып бармағанда, атқа отырып, найза ұстап Көкшетау, Атырау, Шымкенттен арнайы келді деп пе едің?!– деп күліп, бас шайқаған еді.

Қисық ағаштан түзу көлеңке түсуші ме?!

«Азаттағы» бір отырысымызда саясатшы жігіттер қазақтың қазіргі ахуалын әңгіме етіп, халқымыздың өзіне заңмен тиесілі нәпақасын биліктен талап етуге енжарлығын, әлдіге жарамсақтану арқылы табыс таппақ бүгінгі сыйқын айтып: «Тоталитарлық жүйеде өскен біздің ұрпақ құлдық мінезінен арыла алмайды. Үміт тек келесі ұрпақта, олардың түсінігі басқа болады»,– деген тұжырым жасаған. Сонда оларды тыңдап отырған Хасекең:
– Ау, «Қисық ағаштан түзу көлеңке түсуші ме еді?!» Біз түзелмесек, бізге қарап өскен ұрпақ қалайша «басқа» болмақ?! Мынадай қате пікірден арылу үшін, түзелуді өзімізден және тап қазір бастауымыз керек!–деген еді.

Тірілерді атамаудың тәсілі ғой!

2006 жылы жазда университет аспирантының «Азат» қозғалысы тақырыбына диссертация қорғауына шақырылған Хасен Қожа-Ахметпен бірге біз де барғанбыз. Комиссия тарапынан диссертация қорғаушыға «1990 жылдардағы «Желтоқсан», «Азат» сияқты ұлттық ұйымдардың пайда болуына 20-ғасыр басындағы «Алашорда» мүшелерінің, Мұстафа Шоқай идеяларының ықпалы жайлы айту ескерілмеген» деген сын айтылды. Сөз алған Хасекең:–Ау, азаматтар! КГБ архивіндегі алашордашылардың, шетелдегі Мұстафа Шоқайдың еңбектерімен біздің халық тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана танысты емес пе!? Әрине, өз заманында ол азаматтардың атқарған еңбектері зор. Бірақ, олардың есімдерін 1986-1991 жылдардағы тәуелсіздік күресіне қатыстырып, баса айту – тарихты көпе-көрнеу бұрмалау! Мұның себебі – «Желтоқсан», «Азат» ұйымдарын құрған, бүгінде бар, кейбірі оппозицияда жүрген азаматтарды атауды қаламайтын қазіргі биліктің, тек өмірден өткендерді айту арқылы, жұрт назарын тірілерден бұру мақсатында жатыр,– дейді. Сонда, комиссияда отырған ығай-сығай профессор-ғалымдар: «Иә, иә, дұрыс айтасыз!»– деп, бастарын шұлғыған еді.

Ұлтшыл жүректер кім деп соғады екен, ә?!

Ұлт мәселемен айналысушылар деп саналған жүзге тарта адамның өмірбаяны жарияланған «Ұлтым деп соққан жүректер» деген жинақты парақтап отырған Хасекең: «Япыр-ай, ә! Біздің қазақ ұлтшылдарының жүректері әлі де Ленин, Конфуций, Джеферсон, Каддафи деп соғады екен. Ал қазақтан тек өмірден өтіп кеткендердің аттарын айтуға тілдері келіпті. Қараңдаршы, «Үлгі тұтар тұлғалары?» деген сұраққа бір де біреуі Желтоқсан көтерілісі қаһармандарын да атамапты! Қазақ аспанын қара бұлт басқан сол көтеріліс күндері өздерінің қандай күй кешкендерін тым жылдам естен шығарған-ау, сірә?!–деген еді.
Әйтсе де, бір азамат– «Аллажар-қолдау» қорының басшысы Болат Бөтеев қана «Үлгі тұтар тұлғаларым – Шәкәрім, Махамбет және КСРО-ға қарсы шығып, саналы түрде күрес жүргізген батыр Хасен Қожа-Ахмет» деп жазған екен.

Қазақты қарызынан құтқарды

2008 жылы көктемде Хасен Қожа-Ахмет Қытай үкіметінің Тибет халқына зобалаң салуына байланысты әлем елбасылары мен спортшыларын «2008-Пекин» олимпиадасына бойкот жасауға шақырып мәлімдеме жасамақ болды. Алматыдағы «Қаламгер» баспасөз клубына күні-бұрын ақшасын төлеп қойғанына қарамастан, клуб қызметкерлері 2 сәуір күні мәслихатын өткіздірмей, Хасекеңе күш көрсетеді. Тәуелсіздікке үгіттегені үшін өз қазағы 1977 жылы өзін ұрып-соғып КГБ-ға тапсырған қылықтың 2008 жылы қайталанғанына қапаланған Хасен елден уақытша кетпекке бел буады. Бірақ оның хаттарына тек Үндістанда эмиграцияда жүрген Далай-ламадан ғана алғыс хат келіп, ал Қазақстанның қазба байлығына құныққан батыс мемлекеттері үнсіз қалады. Ең болмаса «Қаламгердегі» бұзақыларды жауапқа тартайық деген біздерге, Хасекең: «Қажет емес, әкімшіліктің тапсырмасын орындаушы бейшаралармен соттасып не ұтамыз?!– деді де, ойланып:– Баяғыда Ғұн мемлекетін құрған біздің ата-бабаларымызды қытайлар қынадай қырғанда Тибет елінің көсемі Иау И-жун батыр баласы Иау Сиәнді қалың әскермен ғұндарды қорғауға жіберген екен. Ол қытайларды жеңгенімен, Ғұн ханының отбасын қыруға бас кінәлі Жән Миң құтылып кетеді. Мұны естігенде Тибет көсемі ызадан жылап жіберіп, жеңіспен оралғанына қарамастан батыр ұлын дүрелеткен екен.
Тибеттіктерге араша түсемін деп таяқ жегенім – екі мың жыл бұрын Тибет ханының ата-бабаларымызға араша түскен жақсылығына қайтарған қарымтам болсын,– деген еді.

Ердің құны емес!
Арада екі-үш ай өткенде біз Хасекеңнен шет мемлекеттерден шақыру хабары бар-жоғын сұраған едік, ол: «Мен ешқайда да бармаймын!»– деді. Таңырқаған біздерге: – Кеше базардан көкөніс алған едім, 20 теңгем жетпей қалды. Сатушы қазақ әйел: «Кейін әкелерсіз»,– десе де, қарыздануды жаратпайтын мінезіммен:– Жоқ, ұмытып кетсем, ұят болар,– деп, алғанымды азайтпақ едім, әлгі әйел: «Е, ештеңе етпес. 20 теңге – ердің құны емес қой!»– дегені. Мынадай, дүниежүзі тиын сауып, ақшаның құлына айналған заманда, мұндай сөзді қазақтан өзге қай елден ести алармын!–деген еді Хасекең.
Әлде… 150 миллиардердің шоу-спектаклі ме?!
2008 жылы Ресей әсекері Грузияға басып кірген түннің ертесіне-ақ Хасен Қожа-Ахмет басқыншыларды айыптап, Грузияны қолдап президенті Саакашвилиге жеделхат жібереді. Астанадағы Грузия елшісіне телефон шалып, өзінің 1970 жылдан отаршылдықпен күрескен тәжірибесімен көмектесу үшін Саакашвилиге барып жолыққысы келетінін хабарлауды сұрайды.
«О, аға! Біз сізді жақсы білеміз, сіз батыр адамсыз!»–деп, мадақтай жөнелген елшінің сөзін Хасекең бөліп, өтінішін тағы қайталайды. Бірақ елші, егер Хасекеңнің айтқанын орындаса, бұл елден шығарылатынын айтып азар да безер болады…
Дәл сол кездері, Украинаны НАТО-ға мүшелікке өткізбек болғаны үшін, президент Ющенко еліндегі ресейшіл күштердің қарсылығына ұшырап жүрген. Хасекең Ющенкоға хат жолдап, Украинада «Антиколониалистер конгресін» өткізу арқылы украин ұлтшылдарын күшейту туралы ұсыныс жасайды, мұны Астанадағы Украина елшісіне де хабарлайды.
Бірақ, арада жыл өткенімен екі мемлекеттен де еш хабар болмайды. Сонда Хасекең: – Меніңше, осы екі мемлекеттің де Ресеймен қақтығысы, шын мәнісінде, Швейцарияда отырып әлемдегі президенттерді қуыршақша билетуші 350 миллиардердің әлем жұртшылығына көрсетіп отырған шоу-спектаклі ма деймін. Болмаса, шын күресер жан кеңестен, көмектен қашар ма?!– деген еді.

Ешкім білмейтін ОБСЕ
2009 жылы көктемдегі өткен баспасөз мәслихатында еліміздегі сот жүйесіндегі әділетсіздік сөз болған. Журналистер тарапынан «Келер 2010 жылы Қазақстан ОБСЕ-ге төраға болуына байланысты елде демократиялық өзгерістер болуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойылады. Сонда Хасен Қожа-Ахмет: «Меніңше, ОБСЕ-ге төраға болатындығымызды аса зор жетістік ретінде жарнамалау – Қазақстан билігіне өзінің шетелдерде беделінің жоғары екендігіне, мықтылығына халықты сендіру үшін қажет. Болмаса, осы ұйымға сіздер былтыр немесе алдыңғы жылы қай мемлекет төрағалық еткенін білесіздер ме? Жоқ, білмейсіздер де. Осы ұйым көп жылдан бері Қазақстандағы сайлаулардың барлығына «әділетсіз өтті» деген баға беріп келеді. Егер Қазақстан билігі ОБСЕ ұйымын соншама беделді санаса, неге оның берген бағаларын елеп, қайта сайлау өткізбей келді? Сол сияқты, осы ұйымның өзге де сөзіне біздің билік бұл жолы да құлақ аспай, тек елге шақырып бешбармақ жегізіп риза қылумен бәрі де тамамдалмақ. ОБСЕ-ге төраға болғанда табарымыз – өз халқымыздың аузынан жырып, өзгелерді тойғызу, әлгілердің билікті мақтаған жалған сөзіне өзімізді алдаттыру ғана!»– деген еді.

Ай, ағалар-ай!
2009 жылы Әдебиетшілер үйінде 1930 жылдардағы аштық жайында болған жиналыста сөйлеген кейбір тарихшылар мен саясатшылар «қазақ халқына жасалған геноцидке кінәлі – большевизм!» деген пікір айтады. Сөз алған Хасен Қожа-Ахмет сонда: – Немене, большевиктерге дейін Ресей патшалары қазақты қырмап па еді? Барлық қасіреттерге кінәлі – орыс отаршылдығы екенін ашық айтайық та. «Ресейге қосты» деп неше ғасыр Әбілқайыр ханды қарғап едік. Ал қазір, көз алдымызда Назарбаев «Кедендік одақ» сылтауымен қазақты қайтадан Ресейге «өз еркімен» отар етіп жатқанын көре тұра, зиялы қауым, неге үнсіз жатырсыздар?!–депті. Жиналған көпшілік үндемеген қалпы тарқай бастағанда, академик Салық Зиманов Хасеннің қолын алып: «Айтқаныңыз дұрыс! Батыр адамсыз ғой, батыр адамсыз!»– дейді. Сонда оған Хасекең: – Ай, ағалар-ай! Осылай деп мені 1990 жылдардың басында қолдағандарыңызда ғой, қазір елдегі жағдайды айтып күнде зарланбаған болар едіңіздер!–деген екен.
Әкімдіктің анекдотқа бергісіз жауабы
Хасен Қожа-Ахметтің 60 жысқа толуына байланысты елімізге танымал бір топ ғылым, өнер мен әдебиет қайраткелері президент Н.Назарбаевқа, Алматы әкімі А.Есімовке: «Халқымыздың тәуелсіздігі үшін де, өнерде де көп жұмыс атқарған, Алла қаласа әлі де атқарары мол Хасен Қожа-Ахметтей адамның кітапханасы да, фортепианосы да, компьютермен жұмыс жасар орны да, ұйықтар төсегі де, БАҚ тілшілерін, шетелдік, т.б. қонақтарды қабылдайтын орны да – бәрі бір бөлмелік пәтерінде екен. Мерейтойына орай оның пәтерін кеңейту мәселесі шешілуін сұраймыз!» деген хат жолдайды. Кешікпей Алматы тұрғын үй басқармасынан: «Қазақстанның егемендігіне қосқан ерен еңбегін ескере отырып Х.Қожа-Ахметке бір бөлмелі пәтер берілген. Сондықтан өтініштеріңізді қанағаттандыруға негіз жоқ», – деген жауап келіпті. Оны оқыған азаматтар:–Мынау өзі анекдотқа бергісіз «жауап» екен! Сонда, «Қазақсанның тәуелсіздігіне ерен еңбек сіңірген» адамға бір бөлмелі пәтер жеткілікті екен де, ал еңбек сіңірмегендер 10 бөлмелі коттедждерде тұруы керек екен ғой, ә!?–деп бас шайқасыпты.

Билік ұмытса да, Амантай қажы ұмытпайды!
Хасен Қожа-Ахметтің 60 жысқа толуына орай Мәдениет министрлігі Алматы театрларының бірінде оның авторлық кешін өткіземіз, кітаптарын шығарамыз дей тұра, ақырында түрлі сылтаумен уәдесін орындамайды. Мұны естіген Амантай қажы: – Хасендей ұлт-азаттығы үшін зор жанкештілік жасаған батырдың мерейтойын елемеуі арқылы мына билік бүкіл қазақ халқын тарихта жаман атқа қалдырғалы отыр. Мүмкін мұны биліктің түсінуге миы жетпес, бірақ мен ел атынан осы парыздан құтылуым керек! – деп, Алматыдағы «Зағиптар қоғамында» ас ұйымдастырып, Хасенді шақырып шапан кигізеді. Сонда Хасекең асқа келгендерге:–Доллардан өзгені ойлауға қолдары тимейтін үкіметіміздің ұлт күрескерлерін «ұмытып кететін» кемшіліктерін түзетер Амантай қажыдай адам бүкіл Орта Азияда жоқ. Менен басқа да, билік «ұмытып кетер» қайраткерлерге өз батаңызды беруіңіз үшін бар болыңыз, Қажы-еке! Алла сізге ұзақ өмір берсін!–деген екен.

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Октябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Сен    
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика