
Біздің қазақ соғым деген сөзді естісе құлағы елең ете қалады. Неге екені айтпаса да түсінікті. Не дегенмен қуырдақты, асқан етті жақсы көрмейтін қандай қазақ бар?
Соғым сою маусымы қысқа жақын, күз айларында басталады. Қырдан қыс қылтиғанда қысылмас үшін осындай үрдіс қалыптасқан қазақта. Ағайыны барлар ауыл жаққа жалтаңдайды, жоқтарына қалалық базарда сауда қыза түседі. Әлдері келетіндер бір жылқыны иемденеді, келмейтіндері бір қашардың қамымен жүреді.
Соғым деген сөзді қайдам, біздің қуырдақ біраз жерге танымал болып үлгерді. Шет елден қонақ келсе, алдына алғаш осы қуырдағымызды тосамыз. Алайда мына нарық қысып, жағадан алғанда соғымның тәуірін сойып, қазы-қарта жеп отыруды әркімнің қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне соғымның уақыты келгенде қаладағы мал бағасы шарықтап шыға келеді. Уақыты келгенде артығымен қалтасына басып қалғысы келетін делдалдар да көбейіп кетті.
Мысалы, жақында құрбан айт мейрамы қарсаңында мал бағасы әдеттегісінен 5-10 мың теңгеге қымбаттап кеткен. Тура сол секілді соғым сою маусымы жақындағанда баға тым аспандап кетеді. Алайда, биыл қалада мал бағасы былтырғыға қарағанда едәуір арзандау көрінді. Былтыр қала тұрғындары ірі – қараны 150-180 мың теңге арасында сатып алған болса, биыл 100-120 мың теңге көлемінде табуға болады.
«Соғым» деген сөзді әйтеуір бір жерден құлағы шалып қалған, алайда малды соймақ түгілі көрмеген қазағымыз қаншама. Әсіресе қалалық жастар жағы… Өзіміздің қазақи салт-дәстүріміз көбінесе ауылдық жерлерде сақталып қалған. Ауылда өскен біз үшін соғым сойылған күн — қазақтың көп тойының бірі. Бұл күні ас та төк дастархан жайылып, қуырдақ әзірлеп, бір мәре-сәре болып қаламыз.
Мағжан Әбілқайыр















1 пікір
27.11.2014 - 16:00
Өте керемет жазылған! Қазағымыздың өзекті мəселелері туралы мақалаларыңыз көбейе берсін!