Сіз мындасыз:

Сарыағаш сабағы — қандай болуы тиіс?
Сарыағаш сабағы — қандай болуы тиіс?

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында жас қазақ жігітін тәжіктердің көп жерінен пышақ ұрып өлтіргеніне  бір аптаға жақын уақыт өтсе де, әлі түгел анық бола қойған ешнәрсе жоқ. Сондықтан, ешқандай артық-ауыс сөз қоспай, көрген мен естігенді қысқаша ғана айтсақ.

 

3-ақпан күні түнгі сағат 12-лерде Сарыағаш аудандық салық инспекторы, жалғыз ғана қызы бар жас жігіт Бақытжан Артықов әйеліне «келе жатырмын, қақпаны ашып қой» деп қоңырау шалады. Артынша «кейінірек хабарласамын» депті.

…Сағат 12-ден асқанда ауылдағы тәжіктердің ел ағасының бірі саналатын Қаһар Нуриевтің үйінің қақпасын біреу қатты қағады. Қ.Нуриевтің айтуы бойынша, есікті ашып қараса тұла-бойы қан-қан бір жігіт әлсіреп, зорға тұр екен. Артынан  пышағы бар Науканың (Наумеддиннің) келе жатқанын көріп, қорыққанынан есікті жауып алыпты. Сол жерде тұрып баласын шақырады. Баласы келем дегенше, тағы бір рет қараса, Наумеддиннің әлгі жігітті «Нексияны» (Наумеддиннің көлігі) айналдыра қуып жүргенін көреді де,  «Наука, қойсайшы» деп айқайлайды. Кейін баласымен шыққанда, әлгінің өлген жігіттің «джип» машинасына мініп, қатты кетіп бара жатқанын көреді. Қаһар өзінің құдасы, Бақытжанның көршісі Рүстем деген жігітке «осындай жағдай, хабарла» деп телефон соғады. Бірақ, Рүстем «барып, есігін ұрдым, бірақ, ешкім ашпады» деген  көрінеді. Сағат 4-терде ауыл әкімдігіндегілер қаралы хабарды Бақытжанның әйеліне естіртеді…

Әділжан Хасеновтың  үйінен басқа бір дүкен, тағы бір-екі үй өртелген. Және өртелген үйлерге ешкім баса-көктеп кіріп, талқандап, бұзақылық жасамаған, көшеден өтіп бара жатып тас лақтырып, терезесін сындырып, сол жерден от лақтырғанға ұқсайды. Ал, тәжіктер Наумеддиннің ең жақын деген туысқан үш отбасын «көшіріп жібердік» дейтін көрінеді.

Осыдан басқа «Ынтымақ» аулында қирап, бүлініп жатқан ешнәрсе байқалмайды. Бүліне де қоймас. Ендігі мәселе,  алдағы күн қандай болмақ?

«Ынтымақтықтар» қазаға көңіл айта келген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовке 9 баптан тұратын талап қойыпты.  Пана іздеп келген Бақытжан Артықовқа  «бірінші көмек көрсетпеген, терезеден тамашалап қарап тұрған Қаһар Нуриев пен баласы Саит жауапқа тартылсын», «хабар бермегені үшін Қаһар Нуриевтың туған құдасы, Бақытжанның жан көршісі Рүстем бүгін кешке дейін көшіп кетсін» деген секілді орындала қоюы қиындау болғанымен нақты талаптармен қатар  «құнарлы жерлер тәжіктерге берілген, субсидия тәжікке берілген, сау тәжіктер мүгедектік алып алған», «еркектері шетінен наркоман, үйлерінде қару-жарақ ұстайды, огородтарында, теплицаларында героин, наркотик егеді, соны тексеріп қудаласын», бұндай зорлық-зомбылық бірінші рет еместігін, қазақтың қыз-келіншектерін зорлаған оқиғалар бұрын да болғандығын хабарлаған, «ақшамен жабылған  істер қайта қаралсын», «ауылдағы аты шулы, бай-қуатты, үйінде қару-жарақ ұстап, героин, наркотик сатып отырған  50 тәжік отбасы шет елге көшірілсін» деген, бір қарағанға жалпылама, бірақ, тереңірек үңілсек болашақ үшін маңызы аса зор талаптар да бар.

Олардың маңызы неге зор болмақ? Себебі, бұндай қанды оқиға бір күнгі өмірдің нәтижесі емес. Бұл – аталған ауылда, аймақта ішкі ахуал бірте-бірте шиеленісе бергендігін, билік тарапынан оны шынайы түрде, ашық та жария ете отырып шешуге деген шын талпыныс болмағандығының анық та айқын белгісі. Бұл — қазақ деген шыдамы шексіз, пейілі дархан, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап тұратын текті халықтың кейбір қасиеті өзіне таяқ болып тие бастағандығының белгісі. Құнанбай қажы айтты делінетін: «Қай нәрсе адамның бағы болса, сол нәрсе адамның соры да» деген даналық сөздің дұрыстығына тағы бір дәлел.

Біздің бүгінгі заман – «жабайы нарық» заманы. «Джунгли заңдары» салтанат құрған заман. «Өтпелі кезеңіміз» өтіп кетпеді, ол бітемін дегенше бір дағдарыстан екіншісіне тап болудан көз ашпай келеміз. Осындай кезде ұлттың ішкі тұтастығын, бірлігін сүттей ұйытып отыратын қимыл мемлекет тарапынан ең бірінші кезекте қолға алынуы тиіс еді. Бізде  оның орнына берісі істі ниетпен алмастырғанды, арысы көз бояушылдықпен айналысқанды дұрыс көреді. Әйпесе, сол ауылдардағы жаңағы талапта жазылған жайтты  тәжіктердің наркотикалық өсімдіктер егумен, оны сатумен айналысатынын жергілікті билік білмеуі мүмкін емес қой. Ең алдымен түбегейлі тексерілуі тиіс шаруа – осы. Одан ары  жер бөлісіндегі әділдік. Үшінші мәселе – қару-жарақ. Қазақтың оған үйір еместігі бесенеден белгілі.

Егер ең болмаса, осы үш бап бойынша қойылған сұрақтар өзінің адал да шынайы жауабын табар болса, елдің іші сауығатынына үміт бар. Бәрі  биліктің қолында…

 

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ

 

 

 

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Февраль 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Янв    
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728  

Жоғарыға