Сіз мындасыз:

Ресей ізгілік көмегімен беделін құтқармақ…
Ресей ізгілік көмегімен беделін құтқармақ…

Украина Ресейдің гуманитарлық көмегін қабылдай бастады. Мұны жақсылықтың нышаны десек те, ондай шешімге келу Украина үшін оңай болған жоқ. Себебі,  осыған дейін Украина БҰҰ-на елдің шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында құрылған «халықтық республикалардың» заңсыз екендігін айтып, ондағы Украина мемлекетінің тұтастығына қауіп төндіруші қарулы топтарды «террористер» деп жариялауды өтінген болатын.

Сонымен қатар, Украина Ресеймен арадағы ақпараттық майданда өздерін «Новороссия» деп жариялаған «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасы» халық жасақтарын («ополченецтерді») Ресейдің қаруландырылып отырғанын дәлелдеп келді. Ал Ресей оны үнемі терістеумен болды. Алайда, бұл жағдай өзінің шиеленісті шегіне 17 шілдеде жетті: бұл күні Донецк облысы аумағында Амстердамнан Малайзияға ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағы атып түсірілді. Онда 295 адам қаза тапты. Олардың арасында Нидерланды, Малайзия және басқа да бірнеше елдің азаматтары болды.

Міне, сол күннен бастап «Ресейдің украиндық сепаратистерді қаруландыру» мәселесі халықаралық мәселеге айналды: Украина жағы бұл апаттың орын алуына әлдеқашан террорлық әрекетке көшкен сепаратистік күштердің тікелей қатысы бар екеніне  назар аударып, бірнеше нақты дәлелдер келтірсе,  Ресей оған қарсылық танытты. Бірақ онысы сенімсіздеу болды. Сондықтан  Батыс негізінен Украинаны қолдап, Ресейге санкцияны шұғыл қатайтты. Бұл ұшақтың құлауы Ресейдің ішкі жағдайына да өзгеріс енгізді. Мысалы, РБК daily газетінің зерттеуі бойынша, бұған дейін  Донбассқа әскер кіргізуді ресейліктердің 40% қолдап келсе, ұшақ апатынан кейін олардың саны 26%-ға төмендеген. Ал «Украинаға әскер кіргізуге қарсылардың» саны, керісінше, 45%-дан 58%-ға артқан.  Яғни, апаттан кейін миллиондаған ресейліктер соғыс тажалының қатерін айқын сезініп, бұрынғы «ұлы орыстық» райынан қайта бастаған сыңайлы. Сондықтан, бұл газеттің зерттеуінде көрсетілген «Орыс тілділерге қолдау көрсету мақсатында басқа елге әскер кіргізуге Ресейдің құқы бар» деушілердің саны наурыздағы 58%-дан, шілде айында 43%-ға дейін түскенін − оңды құбылыс деп бағалау қажет. Яғни, ресейліктердің көпшілігі «орыстілділерді қолдау» деген желеумен соғысуға қарсы екендігі белгілі болды.

Сөйтіп, украиндық сепаратизмді қолдай отырып, «оларды астыртын қаруландырушы» деген атақты мойнына іліп алған Ресей жағы «өз әуенін» өзгерте бастады. Олар алғаш рет Украинадағы соғыс жүріп жатқан аймақтың тұрғындарына өз тарапынан «гуманитарлық көмек» қолын созуға шешім  қабылдады. Оның бір себебі деп, Украинадан Ресейге ауа көшкен босқындардың саны тым тез көбейіп, ол онсыз да қиын жағдайға ұшырай бастаған Ресей экономикасына салмақ сала бастағанын айтсақ болады. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан, жұмысқа бәсекелестік жоғары орталық өңірдің тұрғындары белсенді наразылық таныта бастаған соң, Ресей босқындар легін алыс Сібір жеріне қарай бұруға әрекеттенуде. Сөйтіп, Ресей «гуманитарлық көмек» арқылы өзі үшін маңызды бірқатар мәселелерді шешпекке әрекеттенуде, ол:

 

1) Босқындар легін тоқтату;

2) Алғашында,  Ресей Қырым түбегін алғанда дәл сондай сценарийдің Шығыс Украинада да қайталануы мүмкін екеніне қатты сеніп қалған, сөйтіп, «ондайға бармаңдар!», «референдум өткізбеңдер!» деген Путиннің ескертуіне қарамастан соғысты бастап кеткен, аты бар, заты жоқ «новороссиялық» қандастардың алдында айыбын өтеу – «Ресей сіздерді ұмытқан жоқ» дегенді білдіру;

3)  Әлемдік қауымдастық алдында Ресейдің биылғы жыл бойына жүргізген қатаң неоимпериалистік саясатына біршама жылымық енгізу. Сөйтіп, болашақта болуы мүмкін бұдан да үлкен санкциялардың алдын алу;

4) Осыған дейін мойындалмай келген Украина билігіне «үнсіз мойындауды» сездіру, енді олармен келіссөзден сырт қала алмайтынын ұққандарын ұқтыру;

5) Күннен күнге құлдырай бастаған Ресей билігінің беделін құтқару;

6) Украинаға ашық  конфронтацияға барудан бас тартқан «одақтастарының»  (Белоруссия, Қазақстан) ыңғайына тым қарсы келмеу, құрдымға кетуден сақтану;

7) Мұздай қаруланып алған соң, көздеріне қан толып, жасаған қылмыстары асқынып, кез келген келіссөздің заңдық шеңберінен шығып кеткен «ополченецтердің» ендігі әрекеті ешкімге абырой әпермейтінін, ал Украина өз заңдары бойынша «қылмыскер» болғандармен ешқашан келісімге келмейтіні анықталғаны және т.с.с. көптеген басқа себептерді атауға болады.

Бұл жерде Украинадағы жағдайға еш қатысы жоқ бір оқиғаны атап кетуге тура келіп тұр. Ол − сол екі арада Белоруссия мен Қазақстан Президенттерінің Ресей мен Украинаны бітімгершілікке шақыруға әзір екендіктерін білдіруі. Ол туралы Александар Лукашенко «Украинаны келіссөзге шақырдық, енді күтеміз» деп мәлімдеді. Бұл мысалдан бұл елдердің президенттері Украинаны әлі де бұрынғы − Кеңес одағы кезіндегідей «дос» санайтындары білініп тұр.  Бірақ Украина үшін ол «достықтың» келмеске кеткені көп ұзамай анықталды. Себебі, Еуроазиялық экономикалық одақ құрған бұл елдің басшылары Украинадағы азаматтық соғыстың басталуына «Украинаның ондай достықтан бас тартып, Еуропаға ұмтылысынан» туындағанын ұмытпағандары жөн еді. Сондықтан болар, Украина ол кездесуге келмеді, үнсіз қалды.

Бастапқыда Украина Ресейдің гуманитарлық көмегінен үзілді-кесілді бас тартты. Ол туралы ақпарат құралдары жеткілікті дәрежеде жазды.  Біздің ойымызша, Украина билігін «сескендірген» мынадай факторлар болса керек:

 

 

1) Шығыс Украинадағы соғыс қимылдарын жүргізіп жатқан «ополченецтердің» әскери қуаты елдің Қарулы Күшіне төтеп бере алғандығы! Ал, ол, Украина билігінің ойынша «Ресейдің әскери мамандарды жіберуімен» және «оларды қаруландыруымен» тығыз байланысты. Сондықтан олар бұл көмекті «ополченецтерді қолдау» әрекеті деп бағалады. Шынында да, егер, Ресейде жасақталған 280 «КамАЗ» жүк машиналарының әрқайсысында екі жүргізуші болса, тым болмағанда, олардың біреуі диверсиялық, соғыс жүргізу дайындығынан өткен «жүрек жұтқан» болса, онда ол Украина әскеріне оңай тимес еді, қаншама жауынгердің ажалына септігін тигізген болар еді…  Онсыз да қазірдің өзінде Украина әскерінің шығыны 2000 жауынгерге жуықтап қалғанда – бұл сақтық шаралары үшін Украинаны жазғырудың өзі артық.

2)  Украина бұны «кезекті арандату» деп қауіптенді. Шынында да, украиналықтарда «гуманитарлық көмек» колоннасына содырлар шабуыл ұйымдастырып, оны «Украина әскерінің әрекеті» деп, соңынан оны желеу етіп, Ресей Украинаға соғыс жариялауы мүмкін» деген қауіптің болғаны рас.

3) Бұл ақпараттық майданда Ресейдің Украинаны ұта алмағанын көрсетті. Себебі, Ресейдің гуманитарлық шарасына бүкіл әлем сенімсіздік танытты. Сөйтіп, бұл шара жер шарының барлық түкпірінде бейтарап әрекет ететін Халықаралық Қызыл крест пен Жарты ай Комитеті араласқан соң ғана іске асты. Тек содан кейін ғана Украина автоколонналарды қабылдап, оларды қатаң бақылаудан өткізіп,  бейбіт тұрғындарға үлестіре бастады.

 

Қорыта келе айтарымыз, Украинадағы жағдай әлі де шиеленісіп тұр. Украинада «терроршылар» деген атқа ие болған «ополчение» Украина әскерімен соғыста жанкештілік танытып жатыр. Дегенмен, Ресей осы гуманитарлық қадамы арқылы Украина тұтастығын мойындайтынын білдірді. Оның дәлелі ретінде Берлинде Германия мен Францияның араласуымен Украина мен Ресейдің Үкімет басшыларының арасындағы келіссөзді айтуға болады.

Иә, бүгін ол келіссөздер нәтижесіз аяқталуы да мүмкін. Бірақ, ең маңыздысы – келіссөздің басталғаны! Және де, осы «көмектен» кейін «ополчение» де ойлана бастары анық −  оның қатарына не өз еркімен, не қарудың күшімен кірген кездейсоқ азаматтар бұл жерде «Қырым сценарийінің қайталануы мүмкін еместігін» ұғып, одан қорытынды шығарар. Мүмкін, олар «Ресейдің ұмытқанына» көздерін жеткізер. Бұл сөздің жаны бар сияқты, себебі қазір ақпараттардан «ополчение» мүшелерінің Украинадан сытылып кету әрекеттері туралы жиі айтыла бастады…  Сол дұрыс, бұл да болса «аман қалған бір өмір», «бейбітшілікке бір қадам»!

Әбдірашит Бәкірұлы, Алматы

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Қажымұқан ҒАБДОЛЛА - 8 701 111 61 05 8,

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Октябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Сен    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  

Жоғарыға