Сіз мындасыз:

Нұрпейіс хазіреттің ауылы Қарабұтақтың 150 жылдығы тойланды
Нұрпейіс хазіреттің ауылы Қарабұтақтың 150 жылдығы тойланды

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, ғұлама  ғалым – Нұрпейіс хазіреттің ауылы Қарабұтақта 30 үй мекен етеді.

Қарабұтақ ауылында істі жаңа бастаған қарапайым мұғалім, «Шежіре» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі, хазірет Нұрпейістің ұрпағы Меңзада Тоқтарованың бастауымен елге құрмет, аруақтарға ізет ретінде Қарабұтақ ауылының 150 жылдық мерекесі тойланып өтті.

Іс-шараға қатысқандар ат төбеліндей ауылдың тірлігі мен бірлігіне таңдай қағысып, іс басында жүрген Меңзадаға рахмет айтып, қазақ қызы осындай болса деген ризашылықтарын білдіріп отырды.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, өткен бейсенбіде Қарабұтақ ауылына 100-ден аса адам жиылып, Нұрпейіс қажы елді жиған ауыл іргесіндегі биік төбеде ауылдың 150 жылдық белесіне қысқаша шолу жасап, естелік әңгіме айтып, құран бағышталып, зираттар басына тағзым етті.

Алғаш өткен мерекелік құрметтің бастауына аудан әкімі Рахат Сыдықов, осы ауылға танымал, облысқа  белгілі «Степной» ЖШС-нің директоры Аманғос Төлеуовтар қатысты. Бақилық болғандарға ас беріліп, құран бағышталды.

Жұма күні де мерекенің жалғасы ауылдағы қасиетті деп саналатын «Нұрпейіс», «Айтжан», «Мөлдір» бұлақтардың басына барып, көпшілік суынан дәм татып, тілек айтып, ауылдың жасап жатқан тірлігіне риза болысып, ауыл тарихын білетіндер өткенді сөз етіп, мәре-сәре болысты. Көпшілік Сапаұлы Зайлахи хазіреттің мұражайының ашылуында болып, естеліктермен танысты, ауыл бейнесін бейнелеген бейнекөріністі көрді.

Айта кету керек, киелі Қарабұтақ ауылының 150 жылдығын мерекелеуге аудандық газеттің директор-бас редакторы Камшат Байханова сөз алып, құттықтау хатты тапсыра тұра, мақсатына жетпей тынбайтын қазақтың қарапайым қызы, Нұрпейіс хазіреттің тікелей ұрпағы Меңзаданың Қарабұтақ ауылы үшін сіңірген еңбегін ерлікке балап, тұрғындар алдында мерейін көтеріп тастады.

Ауыл тұрғындары ыссылы суығына бірдей көніп, үш күндік тойды ойдағыдай өткізді деуге де болады.

Үшінші күні Жосалы орта мектебінің оқушылары кешті әнмен әрлесе, Қарабұтақ ауылының жоғарғы оқу орнында оқып көзге түсіп жүрген ұл-қыздары өлең сөзбен шашу шашып, өнерге мән берді. Кең даланы әнге тербеген өнер соңы спорттық ойын-сауыққа жалғасты.

1992 жылдан бері ат тұяғының дүбірін, көпшіліктің қиқуын сағынған сайын дала да бір сілкінгендей болып,  өткенді еске салды. Жеті ат бәйгеге қосылып, бәйгенің жеңімпазы Бахтиярға түкті кілем бұйырса, екінші орынға көрші ауылдан келген «Аруан» жеке қожалығынан қатысқан шабандоз Денис шаңсорғышты иеленіп, үшінші орынға ие болған жерлестері Сағындыққа тұрмыстық ыдыс-аяқ алды, аты аталған жүлделі үш орынға жеткендерге аттың тері деген ниетте 5 мың теңгеден қосымша сый-сияпат жасалды. Өзге де қатысушыларға 2 мыңнан ынталандыру сыйлығы берілді. Көптен ұмытылған қиқулы ат шабыс көпшілікті бір желпінтіп тастады.

Ат шабыстан кейін қыз қуу, арқан тартыспақ ойындары өтіп, арасында сусындар мен қауын-қарбыз таратылды. Ойын-сауықтан кейін ақ шағаладай қос киіз үйде де, басқа да үйлерде той дастархандары жайылып, тілек пен ақ батаға жалғасты. Келген қонақтар да құр қол келмесе, той өткізушілер де сый-сияпаттан кенде еткен жоқ.

Мерекенің жабылуына облыстық мәслихат депутаты Әділхан Бахонов, аудандық мәслихат хатшысы Хандулла Жылқыбеков, ауыл ақсақалы, кезінде ауылды өркендетуге ұзақ жылдар үлес қосқан зейнеткер Иван Юрьевич Демишев, Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Сапарбек Аманжоловтар қатысты. Игі жақсылықты көзбен көре, тілектерін көпке жеткізе, шағын ауылдың тірлігін елге айта жүрерліктей іс атқарды деп риза болысты. Қалай десек те, ат төбеліндей ауыл әлі де орынында ел бар екенін елге танытты.

Бақыт Имашев, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Өмірзақ Ақжігіт

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Жоғарыға