
31-наурыз күні «Егемен Қазақстан» газетінің сайты мынадай бір жаңалық жариялапты: «Донецк Халық Республикасының басшысы Александр Захарченко күштік құрылымдардың мүшесі болып табылмайтын тұлғалардың бәрінің 4-сәуірге дейін қару-жарақтарын тапсыруларын міндеттейтін жарлық шығарды. Бұл туралы «Аргументы и факты» хабарлады. Жарлыққа сәйкес, белгіленген мерзімге дейін қаруларын тапсырмағандар қарақшылық ұйымдардың мүшелері болып саналады. Бұйрыққа бағынбағандар қылмыстық жауапқа тартылады. Мұндай шараның тәртіпті ұстап тұру үшін қабылданып жатқаны атап өтілген. Қарулар әскери комендатурада қабылданады». (Авторы — Мұрат Айтқожа).
Мұны еліміздегі жоғары биліктің жаршысы міндетін атқаратын «Егеменнің» жіберген өрескел қателігі деп бағаласа болады. Себебі, әлемнің бір де бір елі мойындамаған ДНР мен ЛНР туралы олай айту, газеттің әр сөзін ресми тұрғыда қабылдауға үйренген мыңдаған оқырманның санасында «ДХР-сы мойындалды» деген жаңсақ пікір қалыптастыруы мүмкін. Бізде ол туралы Елбасының өзі де айтып көрген емес. Сондықтан, ресми газеттің бұлай деуі Қазақстан мен Украина арасына сына қағуға және сепаратистерді мойындаудан бас тартып отырған Европаға Қазақстанды жаманатты етуге себеп болуы ғажап емес. Осындай жағдайды болдырмас үшін, Елбасы бүгінге дейін «екі оттың» арасында әупіріммен нәзік саясатты жүргізіп, сол тепе-теңдікті небір қиыншылықпен сақтап отырғанда — «Егеменнің» Елбасын бұлайша «аяқтан шалуын» қалай түсінуге болады? Әрине, хабарда «Бұл туралы «Аргументы и факты» хабарлады» деген ескерту бар.
Бірақ, «Егеменде» хабарламаның «ДХР-ның басшысы…» деп басталатын бөлігі тырнақшаға алынбағандықтан, ол «Егемен Қазақстанның» өз сөзі болып шыққан. Сондықтан газет хабарды «Ешбір елде (әлем, халықаралық қауымдастық, БҰҰ және т.б.) мойындалмаған «Донецк Халық Республикасының» басшысы Александар Захарченко…» деп бастағанда, ешқандай да қателік болмас еді. Ал «АиФ» болса — Ресей басылымы. Оның олай жазуға толық құқы бар. Себебі, әлемде ДХР мен ЛХР-ды ресми түрде болмаса да, іс жүзінде «мойындаған» жалғыз ел Ресейдің өзі болып отыр. Оларды қару-жарақпен, «гуманитарлық көмекпен», әскермен қолдап отырғаны жасырын емес. Бірақ, Ресей басылымы солай деді екен деп, «Егеменнің» де оны қолдай кеткені, тәуелсіз елдің тәуелсіз басылымы үшін ұят нәрсе.
Жалпы, Қазақстанда таралымы жағынан «Егемен Қазақстаннан» асып түсер газет жоқ. Бір екі данасын жаздырған жағдайлар кездеседі деп естиміз… Ендеше, «Егемен» халықтың санасы мен сауаттылығына мейлінше ықпал етуші басылым саналады. Сондықтан «Егеменнің» өзінің әр сөзіне, тіпті, үтір-тырнақшасына абай болғаны жөн дер едік!
Ә.Бәкірұлы





















3 пікір
14.04.2015 - 07:28
Бұны басып шығарып отырған Серік Пірназар деген «интернет-журналистиканың жарық жұлдызы».
14.04.2015 - 11:54
Жарық жұлдыз дегеніңіз ойға қонымды екен. Қайтеміз енді, Егемен сияқты Ата басылым интернет-журналистикаға жарымай тұрса. Оларға бәрібір ғой, айттың не, айтпадың не! Қолды бірақ сілтей салайықшы
14.04.2015 - 14:47
Жұлдыз-пұлдызыңда шатағым жоқ. Бірақ енді иісі мұрнына бармайтын саясатты жазбай-ақ қойсын. Осы бір Егеменнен саяси щолушы көрмеппін. Білім жоқ, іздену жоқ, эрудиция мен кругозор атымен жоқ. Саясатты жазғысы келеді еще.