
Мойындауымыз керек, қандастарымыздың көбі ислам іліміне сүйенетін сан-алуан дiни ағымдардың дұрысы мен бұрысын ажырата алмайтыны анық. Баласы мешiтке барып, намаз оқыса ол арақ ішіп, бұзықтық жасамайтын түзу жолға түскендей қуанады. Бiрақ, кейбір кертартпалар жастарға жайнамазға жығылудан бұрын мұсылмандыққа жат қылықтарды үйретіп, азғындыққа жетелейді. Қарапайым қазақтың қалтасын қақшитын қитұрқы құрылымдар қаншама? Атап айтқанда, киелі кітапқа сүйенбестен, айла шарғымен жұмыс жүргізетін тоталитарлық бағыттағы сайентология басқа дәстүрлі діндердің пайғамбарларын мойындамайды. Тағылымды тарихы жоқ алдамшы ағымның әдістемесі тұтастай прагматикалық тәсілге құрылған. Бизнестік жоба негізінде коммерциялық қызмет көрсететін сенімсіз секта идеяларын ақшаға сатады. Алғашқы курсына қатысу үшін ең азы 800 доллар төлейсіз. Сегіз сабақтан тұратын екінші курс-қа барудың құны – 3 мың. Сатылай өсетін ең жоғарғы кезеңнің құны 20.000 $. Қысқасы бұл жүйе тұтастай мінез-құлқымызды түзеп, басқа түскен қайғыға қоса психологиялық ауыртпалықтардан арылуды ойлаған қалталы адамдарды арбауға негізделген. Осы бағытты насихаттаушы жат жұрттықтардың басты ұстанымы қордағы капиталды көбейту. Әлемді шарлаған кітаптарының 273-бетінде төмендегі жолдарды оқуға болады: “Мүмкіндігінше, ақша тап. Қол астыңдағыларды да қаражат жинауға көндір”. Алматы қаласының тұрғындары мен келуші қонақтарының есебінен алты айдың арасында 26 миллион теңге тегін пайда көрген алдамшы топтардың жиналатын шіркеулері еліміздің өңірлерінде әлі де заңсыз үгіттерін тоқтатпағаны жиі жазылуда.
Рас, теріс пиғылы бар діни ағымдар мен сенімсіз секталар кең қанат керіп, жұмыстарын жасырын жүргізуде. Олардың негізгі мақсаты тағдырына налыған жаны жаралыларды жандарына жинап, санасын сәмсірету.
Атырау қаласында осыдан үш жыл бұрын сырт көзге ислам қағидаттарын насихаттаушы танылғанымен түпкі ниеті лаңкестік топтарды қаржыландыруға бағытталған заңсыз (“Иттиһад әл-Мүслимин”, “Ондық” және “Ли тобы”) ұйымының әрекеттері әшкереленіп, қылмыстық істері сот барысында нақты деректермен дәйекті дәлелденді. Тергеу барысында олардың жергілікті мүшелері аз уақыт аралығында қалың қауымнан пәтер жалдау, қару, оқ-дәрі сатып алу және қолдан жасалатын жарылғыш қондырғылар керек-жарақтарын, тамақ, киім және құрылыс материалдары үшін 21 миллион 412 мың теңге жинап, біраз бөлігін шекара асырғаны айғақталды.
Жуырда оңтүстіктегі танымал бір басылым ниеті түзу адал ұлының әзәзілдерге алданғанын айтып, араша сұраған ақ жаулықты ананың жанұшырған хатын жариялады.
- Үйге қайта оралған ұлымды танымай қалдым, — дейді Гүлжан Сүлейменқызы. (“Замана” газеті. 10 ақпан, 2014 жыл). — Шашын тақыр қылып алдыртып, сақалын да қырып тастапты. Ең сорақысы, ұлымның басында қып-қызыл, мөр сияқты екі-үш таңба басылғанын көрдім. Өзі біреуден таяқ жеген адамдай бет-аузы да қып-қызыл боп кетіпті. Мән-жайды сұрасаң, жауап қатпайды. Содан бұл туралы оның таныстарынан сұрастыра бастадым. Сөйтсем, бір танысымнан: «Басындағы қызыл мөр діннен шықтың деген белгі, оны діни секта сақалын алдыртқаны үшін басады. Енді олар ұлыңыздың қыр соңынан қалмайды. Не қайта дінге кіргізеді, не барын тартып алып, қаңғыртып жібереді», – деген жауапты естідім. Содан бері, міне, ұйқы жоқ, ұлым үйде жалғыз қалса өз-өзіне қол жұмсап қоя ма деп, көшеге шықса әлгі діни топтың адамдары ұстап әкете ме деп қорқумен жүрмін. Кімнен көмек сұраймын?
Перзентінің алдағы болашағы үшін шырылдаған ананың айтуынша, ұлы жұмыс істеп, ақша тапқан соң артылғанын жинау арқылы автокөлік сатып алған. Сауда саттық жасайтын жеке иеліктегі дүкен ашу мақсатында біраз қор жинақтағанын да жасырмапты. Ең ақырында жанында жүргендердің көзқарасымен келіспегенін білдірген бойда барынан айырылған. Бұл миллион-
ның арасындағы бір мысал.
Демек, діннің атын жамылған қорқаулар да қарапайым көпшіліктің қыруар қаражатын қымыруда. Қазіргі кезде көптеген қорғансыздар қаптаған қорқау қасқырлардың құрсау қыспағында қалғандай бұйығыланып барады. Жамағаттың жанайқайына құлақ түретін халық қалаулылары мен темірдей тәртіп пен тегеурінді тосқауыл орнатуы тиіс құқықтық құрылымдары қауқарсыз. Мешіт имамдары халқымыз ондаған ғасыр бойы амал қолданып, шариғат ұстанған мәзһабының (Имам Ағзам Әбу-Ханифа) бірлігімізді нығайтып, ынтымақты арттырған өзіндік ерекшелігін терең түсіндіруге талпынғанымен, нәтижесі күнде көретініміздей мардымсыз.
Дінімізді дендеген дертті сауықтыратын күн алыстаған сайын, сыздауықтың жарылар сәттің жақындай түсетіндігі баршаға белгілі.
Шырақ САБЫРБАЙ, Астана



















Жауап беру