
Қайта жасақтаудың жүгі бес батпан
Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы (10.12.1994ж.) «Байқоңыр» кешенiн жалға алу шартында: “Комплекс «Байконур» передается в аренду на 20 лет. Срок аренды будет продлен на последующие 10 лет, если ни одна из Сторон не заявит путем письменного уведомления о своем намерении расторгнуть настоящий Договор не позднее чем за 6 месяцев до истечения срока его действия” деп жазылған. Яғни, екі жақты қол қойылған құжат бойынша жалдық мерзім биылғы жылдың соңында тәмамдалуы тиіс. Алайда, Ресейдің ғарыш мамандары өткен ғасырдың сонау елуінші жылдары салынған ескі үлгідегі сынақ-ұшыру құрылымдарын жаңа заман талабына сай қайта жарақтандырып, оның экономикалық табысын көру үшін кемінде жарты ғасыр уақыт қажеттігін ашып айтты. Осы бағыттағы ғылыми-техникалық негіздемелерді алдын-ала сараптамадан өткізген ресейліктер еліміздің жоғарғы атқарушы билігі тарапынан келісім уақытын мерзімінен бұрын қайта қарауды сұраған сынды. Бұл бастаманы отандық ғалымдарымыз да толығымен құптап, екі жақты бәтуа мемлекет басшыларының “Байқоңыр кешенін тиімді пайдалану бағытындағы Қазақстан Респуб-
ликасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі” Келісімге (09.01.2004ж) қол қоюымен тиянақталғанын білеміз. Бұрынғы уағдаластықтарды жаңаша рәсімдеудің нәтижесінде ғарышжайды бірлесе пайдалану уақыты 2050 жылға дейін ұзартылды.
Бірақ біздің ел аса улы сұйықтарды отын түрінде тұтынатын бүгінгі “Протонның” орнына жанармаймен (кислород пен керосин) қоректенетін жаңа үлгідегі «Ангара» зымыран тасымалдағышының жобасын Байқоңырға бейімдеп жасау талабын қойды. Міне осылайша, қазiргi заманғы ғарыш технологиясын әзiрлеу бағытындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы Келісім” (22.12.2004ж) бекіп, ортақ мүдде тұрғысында Қазақстан мен Ресей арасындағы “Бәйтерек” бірлескен кәсіпорны ұйымдастырылған еді.
Қалжасы қалың құжаттың үшінші бабын қарасақ: «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру және оны одан әрi пайдалану мақсатында «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бiрлескен кәсiпорны» акционерлiк қоғамын тепе-теңдiк қағидаттарында құрады. Қазақстан тарабынан құрылтайшы болып – Қаржы Министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, ал Ресей тарабынан құрылтайшы ретінде — «М.В.Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми-өндiрiстiк орталығы» — мемлекеттiк бiртұтас кәсіпорны әрекет етедi. «Құрылтайшылар бiрлескен кәсiпорынның жарғылық капиталына әрқайсысы 200 мың AҚШ доллары мөлшерiнде ақшалай қаражат енгiзедi» деп жазылса, келесі тармағында: «Қазақстан бiрлескен кәсiпорынға негiзгi борышты өтеу үшін 0,5 сыйақы ставкасы бойынша 4 жылдық жеңiлдiктi кезеңмен 19 жылға 223 миллион АҚШ долларына баламалы сомада бюджеттiк кредит беретіні және жобаға қызмет көрсету жөнiндегi агент міндетін орындау «Қазақстан Даму Банкi» акционерлiк қоғамына тапсырылатындығы» мақұлданған.
Бірлескен акционерлік қоғамының негізгі міндеті адам өмірі мен қоршаған ортаға тигізетін экологиялық зияны басым амил мен гептил сынды аса улы химиялық отын түрлерін тұтынатын ескі зымыранды алмастыратын заманауи құрылым қалыптастыру болатын. Өйткені, ғаламшар аралық кеңістіктің кез-келген нүктесіне түрлі бағыттағы жер серіктері мен басқа да ауыр жүктерді жеткізуге арналған зымыранның бұл түрін ресейліктер коммерциялық негізде жиі пайдаланып жүр.
Бірақ, апатқа ұшыраған соң бүтіндей бүлінуіне байланысты іске жарамсыз күйінде қаңырап қалған алып кешен мен 70 нысанға қоса басқа да қосымша 12 техникалық жүйені ресейліктердің есебінен шығарып алып, жасалынған жобаға сай қайта қалпына келтіруге қазына қорынан қыруар қаржы қарастырылуы қажеттілігі және жаңаша жасақтаудың жүгі бес батпан болатындығын байқоңырлық басшылар бұрыннан білгені белгілі. Алайда, олар жайсыз жағдайларды шенді шекпенділерге дер кезінде жеткізе алмай тілін тістесе керек, уақыт өте келе ішіндегі мұңын ақтаруға кірісті. Бірақ бұл кезде бәрі кеш еді. Себебі осы мұғдар аралығында қаншама қаражат жұмсалып, біраз шаруалар атқарылған-ды. Президенттердің батасымен мақұлданған аса ауқымды мега жобаны кемшіліктеріне байланысты дереу тоқтатып тастауға басқалардың құзіреті жүрмейтіні даусыз. Десе де тараптардың қытығына тиетін қолайсыз әңгімені бірінші бастаған осы ғарыштық саланың жетекшілігіне (2007ж.) аталмыш акционерлік қоғамның бас директорлығы (2005ж.) қызметінен ауысып келген қос жұлдызды ғарышкер Талғат Мұсабаев.
«Те, кто готовил с нашей стороны данное соглашение, конечно, мало понимали вообще в ракетно-технической технике и тем более в создании таких мегакрупных проектов, как Байтерек. Были допущены серьезные ошибки, которые привели к тому что, например, в соглашении о Байтереке не заложены никакие меры ответственности со стороны Российской Федерации. Россия фактически не имеет никаких рисков в создании данного комплекса, не финансирует, не представляет никаких гарантий. Было очень сырое соглашение со стороны Казахстана, тех специалистов, которые готовили данное соглашение». «Конечно, сегодня эти все противоречия и недоработки вылезли наружу. Мы имеем ряд огромных проблем при создании этого ракетного комплекса. В частности одной из самых больших трудностей является то, что финансирование, согласно соглашению, осуществляется только с казахстанской стороны и (…) только за счет бюджетного кредитования. Сегодня немножко смешно и, конечно, печально выглядит то, что совместное предприятие Байтерек оно уже должно банку какие-то проценты и тому подобное. Еще не построили, а уже должны. Нужны гарантии от России того, что этот комплекс будет построен и не будет забыт в степи, как памятник бесхозяйственности», - деді (тұп нұсқаны тәржімаламастан таратқанда) ол осыдан екі жыл бұрын агенттіктің жылдық қорытындысына байланысты ұйымдас-
тырылған басқосу барысында.
Үш жақты ынтымақтастық қажет деді
Ұзақ жыл түрлі салалық ведомстволардың құрамына жиі ауысып, кейіннен Білім және ғылым министрлігінің еншісіне берілген аэроғарыштық комитетінің бұрынғы басшылығының қателіктерін шұқып көрсеткен жаңа жетекшінің дәлелдері күн өткен сайын расталып, ақыр соңында екі жақ жобаның қайта қаралуын кұптады. Нәтижесінде тараптар «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін «Зенит» зымыран тасығышы негізінде құрылымдаудың жоспарын зерделеп, жалдық құрамға алынған тиісті нысандарды мүлік иесіне кері қайтару және пайдалануға қажет нормативті құқықтық, техникалық, әкімгерлік құжаттардың топтамасы нақтыланған.
- Алайда бұл жобаны тиімді жүзеге асыру үшін Қазақстан, Ресей және Украина елдерінің үшжақты ынтымақтастығы қажет, — деді биылғы мамыр айында орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Аманкелдіұлы. — Осыған байланысты мүдделі мемлекеттің ғарыштық сала басшыларының кездесуін ұйымдастыру жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстан мен Ресей мемлекеттері мақұлдаған бұл бастаманың да баянды боларына күдік келтірушілер көп. Себебі, бұл зымыран тасығыштық кешеннің тізгіні украиналықтардың қолында. Славян тектес екі мемлекеттің қалыпты қарым қатынасы кезінде белгілі бір бағыттар белгіленіп, басымдықтар бекітілген. Келісімнің қадамдарын еуропалық одақты қолдаушыларға қарсылық көрсетудің дау-дамайын қиян-кескі ұрысқа айналдырған солақай саясаттың соғыстық сипаты тұсап тұр. Шабуылды шайқастар түбінде тоқтағанымен ашу мен ызаның қашан тарқайтындығы жаратқан иеге аян. Дербес экономикалық ұстанымы бар тәуелсіз жұрттың халықаралық деңгейде мойындалған шекарасына нақақтан шабуыл жасап, бір бөлігін еріксіз оқшаулау арқылы құрамына қосқанын халықаралық қауымдастықтың айыптағанын білеміз. Орыс тілділердің саны көп қалаларға басбұзарларын жіберу арқылы қарапайым халықты арандатқан ресейлік басшылардың әділетсіз әрекетіне кіжінген кекілділер ғарыш саласындағы ынтымақтастыққа мүлде нүкте қойса оңбай ұтыларымыз айдан анық. Себебі кешеннің ғылыми-техникалық әлеуетін мемлекеттің мақсат-мүддеге сай тиімді пайдаланудың болжамды сәті екінші мәрте уысымыздан сусып түспек.
“Бәйтеректің” басталуы Байқоңырдағы ресейлік әскери құрамалардың уақытша қызмет атқарған азғана бөлігі толықтай таратылуымен тұспа-тұс келгенін қайтерсің?! Отандарына көшпей қалған жұмыссыз жандардың сынақ және құрастыру алаңдарынан жинақтаған тәжірибелерін жастарға үйрету қажеттілігіне орай біраз адамды сол кездің өзінде 100 және одан да жоғары жалақы төленетін қызметтерге қабылдағанына қандастарымыз қапаланған күйінде қызғанышпен қараған. Жауапты жұмыстарды жүйелі жүргізуі тиіс таңдаулылардың кабинеттерінен шықпай мемлекеттің қыруар ақшасын қалтасына басқан тоңмойындығына ашуланған азаматтарымыз кейіннен “мемлекет басшылары бекіткен тұғыр тастың маңайы тым-тырыс, құрылыс қашан басталады?” – деп мазасыздана бастағаны бар. Себебі ғарышжайдың жарты ғасырлық мерей тойына (02.06.2005ж) арнайы келген ел басшыларының сапарында осы тұсқа “Бұл жерде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Федерациясы Президенті В.В.Путин “Бәйтерек” ғарыш зымыран ұшыру кешенінің алғашқы тасын қалады” – деп жазылған ескерткіш тақта орнатылған-ды.
Алайда, тынымсыз тірлікпен түрленуі тиіс бұл маңайдың қазіргі кезде қаңырап қалғанын көресің. Бірнеше мыңдаған шақырымға созылған құла дүздің бір пұшпағындағы украиналық зымыран кешенін қазақтардың қабылдауы қиын. Себебі, жұт жеті ағайынды дегендей, алдыңғы аптаның соңында ресейлік ресми құрылымдардың дерегіне сүйенген отандық бұқаралық ақпарат құралдары жұлдызды шаһар мен ғарыш айлағындағы маңызды нысандарды күтіп ұстау шығындары мен қызметкерлерге төленетін ақы үшін 2016 жылғы федералдық бюджет жобасында жоспарланғаннан әлдеқайда аз қаржы қарастырылуына байланысты жалдық сипаттағы өңірдің болашағы бұлыңғырланатындығын жарыса жазды.
Расында орманды алқаптың арасында жаңа заманға ла-йықталған ғарышжай құрылысын бастаған көршілеріміз ақшаны бізге емес өздеріне бөлетіндігі нақтыланса, зымыран кешенін қайта қалпына келтірмек түгілі жүз мыңға жуық тұрғыны бар құлыптаулы қала мен іргелес екі елді мекендегі жиырма мыңнан астам қазақстандықтардың тағдыр талайы қыл үстінде қалатындай. Демек, әл-әзірге бағымыз болар “Бәйтеректің” болашағын ауыз толтыра айтпағанда “Байқоңырдың” ертеңі ертегі елесіндей.
Нұрлан МЕРАЛЫ, Астана қаласы















Жауап беру